Домалақ ана

Домалақ ана

Бөктері таудың көкорай,

Көз тұнады шалғыннан.

Жапырып шөпті қоғадай,

Еседі самал алдыңнан.

 

Белгісі күздің оянған,

Сарғыш тартқан жапырақ.

Жап-жасыл түске боялған,

Көнбейді оған атырап.

 

Мұндалап қою түтінмен,

Ошақтың оты өшпеген.

Отағасын күтумен,

Жалғыз үй отыр көшпеген.

 

Жолаушы жайын ұғады,

Отағасы келер деп,

Нұрила сыртқа шығады,

Жиі-жиі елеңдеп.

 

Шаң көрінсе аймақтан,

Жалғыз адам сақ тұрар.

Шыға берді сай жақтан,

Жүрісі суыт аттылар.

 

Жүргендей бір жын қуып,

Мезгіл еді екінді.

Жүрістері тым суыт,

Қарақшылар секілді.

 

Өрімдей жас келіншек

Бәрін барлап алыпты.

Киіп алып кимешек,

Кемпір бола қалыпты.

 

Қарақшыны кім күтті,

Нәпақа іздеп жүр еді.

Жалғыз үйден үмітті,

Ат басын соған тіреді.

 

Тіміскіп жүрді әрнені,

Аттарын байлап белдеуге.

«Әженің» жетті дәрмені,

«Қонағым бол, кел» деуге.

 

Түрлері бар сыр бүккен,

Босағадан аттаған:

Атынан ел дүрліккен,

Қара Хайдар атаман.

 

Қалғандары кейіннен

Төрге келіп жайғасты.

«Әже» дархан пейілмен,

Дастарқанға жайды асты.

 

Хайдар келген қаталап,

Айранға ауды аңсары.

Ұрттап, дәмін татып ап,

Қайран қалды, тамсанды.

 

Дәмі тілін үйірді,

«Әже» берген айраны.

Қара Хайдар сүйінді,

Еске түсті қайдағы.

 

«Қобалжитын сәт пе еді,

Бір түрлі күй кешемін.

Айран неткен тәтті еді,

Айранындай шешемнің».

 

Осыны айтып көзіне

Қара Хайдар жас алды.

Сезімі де, сөзі де

Емес еді жасанды.

 

Нанның дәмін көрді де,

Ұнады оған таба нан.

Сезімге ерік берді ме,

Көңілі болды тағы алаң.

 

Бүгін болды тосын жай,

Көптен дәмін татпаған,

Анасы да осындай

Пісіретін жаппа нан.

 

Сол толқыған күйінде,

Тұсай алмай сезімді,

Анасының үйінде

Отырғандай сезінді.

 

Құлқынын жоқ тежеген,

Салмақшы елге тағы ылаң.

Алғысын айтып «әжеге»,

Жарылды Хайдар ағынан.

 

«Білдік, әже, бағаңды,

Балаңыздай сендіңіз.

Сіздей асыл адамды

Ана дейміз енді біз.

 

Анамыздай түсініп,

Жортқанда кез келдіңіз.

Сіздей дархан кісіні

Ана дейміз енді біз».

 

Аттанарда манадан

Айта алмаған қарақшы,

Сұрағына анадан

Жауап күтіп қарапты.

 

«Бәйдібек байдың жылқысы –

Сұрапты одан, – қайда?» – деп.

Білмеймін демей бұл кісі,

Көрсетті сонау сайда – деп.

 

Аттанды олар ілезде,

Бетке ұстап сай жақты.

Қиқу шықты бір кезде,

Дүбірлеткен аймақты.

 

Қарақшыға бұйырды,

Мол байлыққа кенелді.

Жусап жатқан үйірді,

Қуып ала жөнелді.

 

Тасырлатқан тұяқты,

Көрсең қалың жылқыны,

Асау толқын сияқты,

Жарды соққан жұлқынып.

 

«Біздің олжа малымыз,

Не аяймыз анадан –

деді Хайдар, – алыңыз

Малыңызды қалаған».

 

Нұрила айтты: – «Қарағым,

Бұйырғаны тиеді.

Ілесе алмай барады,

Қалдыр ақсақ биені».

 

«Бұдан басқа жоқ талап,

Осы жарар азыққа» –

Деп биені ноқталап,

Байлаттырды қазыққа.

 

Жылқышы келді қызынып,

Құрығы түспей қарынан.

Бірінің мұрны бұзылып,

Бірінің басы жарылған.

 

«Соңына түссең құрыдың,

Алысқа біраз ұзасын.

Нұрила айтты: – ұрының

Келтірмеңдер ызасын».

 

«Жай емес алып қалғаным,

Ақсақ құла биені,

Біл сөзімнің салмағын,

Құла бие киелі.

 

Үйірдің тең жартысы

Құлындары құланның.

Азап көрсе әр кісі,

Шақырмай ма ұланын.

 

Салыңдар – деді, – қылбұрау»,

Жылқышы алды шылбырды.

Биенің көзі бұлдырап,

Жан ұшыра шыңғырды.

 

Есейгеннің ес біліп,

Сырқыратқан сүйегін,

Табынға жатты естіліп,

Жан дауысы биенің.

 

Кенет бір шаң бұрқырап,

Оған дүбір қосылды.

Қалың жылқы шұрқырап,

Кейін қарай жосылды.

 

Табын өжет боп алды,

Қырдан асып, ойды өрлей,

Мекеніне оралды,

Қуғыншыға бой бермей.

 

Ержетіп, пісіп, толса да,

Қиналғанда анасы,

Тым алыста болса да,

Жүгірмей ме баласы?!

 

Қылқұйрық қайтты мекенге,

Бұл аңыздың астары:

Нұрила дана екен деп,

Атағы шыға бастады.

 

Қайын жұрт пен екі елді,

Басқаруға бар ебі,

Нұрила ана беделді

Бәйдібек бидің жары еді.

 

Қиындықтар төне ме,

Ұлағатты анадан,

Көріп үлгі-өнеге,

Тәлім алған сан адам.

 

Тыңдап ақыл, кеңесін,

Сөз естіп тән данаға,

Өткен өмір белесін,

Әулие деп санаған.

 

Тапқандай бір жақынын,

Жүріпті жұрт жағалап.

Білімі мен ақылын,

Ел құрметін бағалап.

 

Дін ұстаған мамандар,

Домуллаһ деп кеткен ғой.

Сол сөз біздің заманға

Домалақ боп жеткен ғой.

 

Домаланған әлпетті

Қабылдаған санамыз.

Бірақ, сұңғақ, келбетті

Болған дейді анамыз.

 

Сол анадан тараған,

Ұлағатты ұрпақтар.

Талай сыйлы бар адам,

Өнеге тұтып жұрт мақтар.

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз