«Парасат жолы» — жаңа жоба

Екі айдан астам уақыт бұрын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасы қолға алынған еді. Жоба аясында өңіріміздегі 392 кітапхананың 188-інде «Парасат жолы» орталықтары ашылып, әдеби-

мәдени, құқықтық сауаттылық бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осыған орай Түркістан облысына арнайы іссапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Жазира Жақсылыққызы, Түркістан өңіріне жасаған бұл сапардың мақсаты не?

– Ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер және әкімшілік құқықбұзушылық кодексіндегі күні кеше күшіне енген 15 бап бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Облыс, аудан әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларының жұмысына қатысу. Сондай-ақ, басты мақсат – жақында ашылған «Парасат жолы» орталықтарымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындармен кездесу, оларды жемқорлыққа байланысты толғандырып жүрген мәселелерді тыңдап, шешілуіне мүмкіндігінше жәрдем беру.

– Кітапханалардан «Парасат жолы» орталықтарын ашу арқылы қандай нәтижеге қол жеткізе аламыз?

– Бұл – агенттіктің Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе қолға алған жобасы. Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі – қоғам қайраткері Сәдібек Түгел. Негізінде мұндай жұмыстар кітапханаларда бұрыннан атқарылып келеді. Біраз уақыт бойы зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылардың ұлттық кітапханадағы адалдыққа баулитын іс-шараларына қатысып жүрмін. Сонда «неге кітапханаларға көптеп оқырман тартып, зиялы қауым арқылы парасаттылық идеологиясын ілгерілетпеске?!» деген ой келді де, «Парасат жолы» орталықтарын ашып, барлық жұмысты бір жүйеге келтіруді қолға алдық. Бізде әр саланың өкілдері жемқорлыққа қарсы іс-шараларға атсалысып жатады. Солардың арасында ақын-жазушылар мен ғалымдардың алатын орны ерекше. Өйткені, олардың әрқайсысының артында үлкен аудитория бар. «Парасат жолы» бұрыштарын кітапханалардан ашудың негізгі себебі де осы.

– Аталған жоба аясындағы жұмыстар қай уақытқа дейін жалғасады және алдағы уақытта шамамен тағы қанша орталық ашылмақ?

– Елімізде 12 мыңнан астам кітапхана бар. Бұған дейін тоғыз өңірді араладық және ол жерлердегі көптеген кітапханаларда парасатқа жетелейтін орталықтар ашылып жатқанына куә болдық. Тіпті, музейлерде ашылған орталықтармен де таныстық. Жоспар бойынша барлық өңірге барамыз. Демек, Қазақстанның барлық жерінде осындай орталықтар болады деген сөз. Оның көптігінен пайда болмаса, зиян жоқ. «Парасат жолы» жобасының эмблемасында отбасы, кітап пен жол бейнеленген. Яғни жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттап, кітап арқылы, әдебиет арқылы келешек ұрпаққа парасатты жол көрсету.

Біз өңірлердегі кітапханалармен қатар көптеген оқу орындарына барып, жастармен кездесу өткізіп жатырмыз. Сол арқылы елімізде өнегелі жастар мол екеніне көз жеткізіп келеміз. Ендігі кезекте сол ұрпаққа қолдау білдіріп, осындай жобалар арқылы дұрыс бағыт көрсету қажет. Сонда ғана келешегіміз кемел болмақ. Өзара түсіністік, құрмет пен сенім – «Парасат жолы» жобасының негізгі идеясы.

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

Пікір қалдырыңыз