Сайлауалды бағдарлама халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған

Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында еліміздің әр өңірінде Жол картасы әзірленіп, биылғы ақпан айында барлық деңгейдегі мәслихаттардың фракция отырыстарында талқыланып, әрбір тармағына жауапты депутаттар бекітілді. Бұл құжат еліміздің әрбір облысы, әр ауданы мен ауылындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталғандықтан, алдағы міндеттерді ашық, сапалы әрі тиімді орындауға жол ашатын болады. Оның ішінде, әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа қадамдар жасалынады. Түркістан облысының әзірлеген Жол картасында кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән берілген. «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы бес жылда жыл сайын 300-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілетін болады.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 200-ге дейін микрокредит және 150-ден аса жобаға субсидия беру жоспарлануда. 2025 жылға дейін Түркістан қаласындағы индустриалды аймақтың аумағын 310 гектарға кеңейту мен инфрақұрылымды толығымен дайындау жоспарланған. Биыл оның 100 гектарына инфрақұрылым жүргізіледі. Жалпы, өңірлік өнімде шағын және орта бизнестің үлесін биыл 21,7 пайызға дейін арттыру көзделсе, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 24 пайызға дейін көтерілетін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде жаңа ұлттық жобаны дайындауды тапсырған болатын. Сонымен қатар, аталған іс-шараны жүзеге асыру үшін ел Президенті негізгі төрт міндетті белгілеп берді. Атап айтқанда:

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;

– миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;

– еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;

– агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру.

Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруды жауапты министрлікке тапсырды. Сонымен қатар, вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдалануға кеңес берді. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік беретінін, өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керектігін  атап өтті. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш біріктіруге мүмкіндік береді. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әр жауапты мемлекеттік органдар бірлесіп әзірлеу қажет. Осы іс-шаралар кезең-кезеңімен іске асырылса, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, бәсекеге қабілетті экономика құруға үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Отбасымызбен Қазығұрт ауданына қарасты Бағыс ауылында «Қарқын–2030» және «Нәрлен» ЖШС-де «Нәрлен» шұжық кәсіпорнын іске қостық. Кәсіпорында 400-ден астам аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде тәулігіне шұжықтың 60 түрінен 15 тонна  өнім алынып, еліміздің барлық өңірлеріне жіберіледі. Жылына 6 миллиард теңгенің өнімін шығаратын кәсіпорында жұмысшылар айына 100 мың теңге мен 200 мың теңгенің арасында еңбекақы алады. Алдағы уақытта өндірілген өнім көлемін 7 миллиард теңгеге дейін  ұлғайту жоспарлануда. Қазіргі жағдайда жұмыс орындарын және жұмысшылардың табысын арттыру – біздің басты мақсатымыз. Біз шығарып жатқан «Нәрлен» шұжық өнімдері көрші Өзбекстан мен Ресей мемлекеттеріне де экспортталып жатыр. Президент Жолдауында атап өтілгендей, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға, ал, жұмыспен қамтылғандардың санын 4 миллион адамға дейін көбейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету міндеті тұр. Біз өзіміздің бұл ісімізді Президент Жолдауына қолдау деп білеміз.

Жомарт ӘБДІБАЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

 

 

Пікір қалдырыңыз