Түркі өркениеті Түркістанды әлемге танытудан басталады

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, елордада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өтті. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды. Саммитке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

 

Дәстүрге айналған саммит

Түркі әлемі елдерінің тығыз ынтымақтастық қарым-қатынасына тілдік және конфессиялық туыстық, тарихи-мәдени мұраның ұқсастығы негіз болғанын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында жазған болатын.

1993 жылы Елбасының ұсынысымен түркі елдері ТҮРКСОЙ түркі мəдениетінің халықаралық ұйымын құрғаны мәлім. Жалпы, түркі елдерінің басшылары 1991 жылдан бастап жиі кездесіп тұратын. Кейінірек сол кездегі Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті. Осылайша, саммит өткізу дəстүрге айналды. Ал, 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев кездесулердің нақты нəтиже беруі үшін тұрақты хатшылық құруды ұсынды. Алайда, бұл бастаманы бірден жүзеге асырудың сәті түспеді.

2006 жылы Анталияда өткен түркітілдес мемлекеттер басшылары саммитінде Елбасы өз ойын тағы қайталап айтты. Сондай-ақ, кездесуде түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы бастама көтерілді. Кешікпей ол да жүзеге асып, жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сəуірінде Астанада өтті.

2009 жылдың қазанында Əзірбайжанның Нахичеван қаласында өткізілген түркі елдері басшыларының құрылтайында Түркі кеңесін құру тұралы ұсыныс жүзеге асты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті іргелі жиында өңірлік бірлестік ретінде –

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін жəне Түркі академиясын құруды ұсынды. Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі құрылды. Кейінірек 2010 жылғы 25 мамырда елордада Түркі академиясы ашылды.

2011 жылдың қазанында Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) I саммиті өтті. Содан бері Түркі кеңесі саммиті жыл сайын өткізіліп тұрады.

 

Орайы келген ортақ жобалар

Ал, кешегі күні өткен саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды. Сонымен қатар, осынау күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түскенін атап өткен Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергенін айта келіп, аталмыш агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. «Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын. Бұдан бөлек, су-энергетика саласы – қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені, су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану – елдеріміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда, өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Бұл қадам инновацияларды игеруге жəне бəсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді. Қазақстанда бұл сала басымдыққа ие болғандықтан тәжірибесімен бөлісуге әзір екендігін жеткізді.

– Үшіншіден, Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет. Бұл – біздің елдерімізге ортақ алғашқы қаржы институты. Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ. Төртіншіден, білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте, ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болар еді. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағлымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Біз бауырлас елдердің жастарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз (Ясауи атындағы стипендия). Бесіншіден, қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келеді. Іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһары археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Кеңестің мəртебесін арттырып, институттық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.

 

Елбасы бастамасы еңсе тіктеді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы облыс орталығы Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, сол уақыттан тұтас өлкенің жаңа тарихы басталғанына тоқталды. Бейресми саммит Түркі кеңесіне мүше бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан əрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Менің ұсынысым бойынша «Түркі əлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде əзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Елбасы.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті төрағасы экономика саласында өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтудың əлеуеті зор екеніне де тоқталды: «Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылықтарын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік дəлізі («Тұран» дəлізі) Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз əрі қысқа сауда жолына айналып келеді».

Сондай-ақ, Елбасы түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қазіргі күрделі халықаралық ахуалға орай Вашингтон, Мəскеу, Бейжің жəне Брюссель арасында ауқымды келіссөздер процесін бастау жөніндегі өзінің ұсынысын қолдауға шақырды.

 

Келесі саммит Ыстамбұлда өтеді

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған жиын барысында сөйлеген сөзінде, Түркі кеңесінің ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне жоғары баға берді. Түркия президенті Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анталия дипломатиялық форумына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне шақырды.

– Анталия дипломатиялық форумы маусым айының ішінде өтеді. Форум түрлі салада пікір алмасу алаңы ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, Түркі кеңесінің VIII саммитін 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстамбұлда өткіземіз деп үміттенемін, – деді Түркия басшысы.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев саммитті ұйымдастырғандарға алғыс айта отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Əзірбайжан президенті Таулы Қарабақтағы жанжалдың реттелуіне қатысты өз пікірін айтты.

– Қарашада Əзірбайжан, Ресей президенттері, Арменияның премьер-министрі тиісті мəлімдемеге қол қойды. Осылайша, Əзірбайжанның жері қайтарылды. Біз аталған аумақтағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатырмыз, – деді Ильхам Əлиев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркі кеңесі елдерінің Даму банкін құратын кез келгенін атап өтті. «Түркі кеңесі өзінің инвестициялық қорын жасақтап, Даму банкін ашатын уақыт келді. Осыған қатысты нақты жұмыстарды бастауға дайынбыз. Мұнан бөлек, көлік-транзит əлеуетімізді дамытудың маңызы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де, əлеуеті де бар. Яғни Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пəкістан сынды əлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал, Əзірбайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал, бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді» деді Өзбекстан президенті.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Түркістан қаласының тарихи мұрасы өте бай екенін жəне түркі əлемінің өте маңызды орны саналатынын атап өтті.

– Ежелгі Түркістан қаласы туралы əлем елдері жақсы біледі жəне шаһар түркітілдес елдердің тарихына алтын əріппен жазылған. Бұл қала түркітілдес əлем бірлігінің символы, сондай-ақ, түркі өркениетінің негізі деп айтуға болады. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі арқылы экономикалық, мəдени, гуманитарлық жəне əлеуметтік мəселелерді шешу үшін көп тарапты қатынастарымызды жалғастыруымыз керек, – деді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ, жиында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Əміреев сөз сөйледі. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

Басылым материалдары негізінде дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.

 


Пікір қалдырыңыз