Рагад Саддам Хусейн: «Бәрі де мүмкін...»

Саддам Хусейн ел президенті болған 1979–2003 жылдары Ирактың өмір сүру деңгейін Таяу Шығыстағы мемлекеттердің алдыңғы қатарына шығарды. Хусейн елдің мұнай байлығын мемлекет меншігіне алып, оны сатудан түскен мол қаражатты халық игілігіне жұмсады. Соның арқасында Ирак елі өзгелерге тәуелділіктен құтылды. Дегенмен, Иранмен арадағы ұзаққа созылған соғыста химиялық қару қолданды деп айыпталғаны да дүйім жұртқа мәлім. 2003 жылдың сәуір айында АҚШ пен Ұлыбритания басшылық еткен көпұлтты коалиция әскері Иракқа басып кіріп, Хусейн орнынан тайдырылды және Ирак жоғарғы сотының шешімімен ол өлім жазасына кесілді.

Жуырда Саддам Хусейннің қызы Рагад Саддам Хусейн саудтық «Аль-Арабия» арнасына эксклюзивті сұхбат берді. 15 жылдан бері көзге түспеген Рагадтың кенеттен пайда бола кетуі сарапшылар арасында қызу талқыға түсті.

Журналистер Рагадтың ешқашан да саяси тұлға болмағанын, бірақ сирек те болса әртүрлі ақпараттық алаңға шыққанда ол елеулі саяси қарама-қайшылықтар тудыратынын атап өтті. Оған Рагадтың Ирак президентінің қызы және оның көп құпиясын білуі ғана емес, сонымен қатар, оның ел көшбасшысының жақтастары арасында танымалдығы да себеп болды.

Сауд Арабиясының арнасына берген сұхбатында ол әкесі, балалық шағы, Хусейн Камелмен некесі және оның қайтыс болуы туралы, Ирактың Кувейтке басып кіруі сияқты естеліктерімен бөлісті және ақырында елдің қазіргі жағдайы және Иранның Ирак аумағында қақтығыс тудырудағы рөлі туралы айтты.

 

Естеліктерге оралу

Саддам Хусейн жайында сан алуан пікірлердің болуы заңдылық. Ол болмыс-бітімі ешкімге ұқсамайтын жандардың санатынан. Оның өмірі қарама-қайшылықтарға толы болды. Былайша айтқанда, Батыс тіккен ноқтаға оның басы сыймады. Ол сонысымен де тарихта қалды. Оны қатыгез диктатор, жауыз адам ретінде көрсетіп, қаншама айыптаулар тағылды, бірақ бұл мәселедегі соңғы сөзді тарих әлі айтқан жоқ. АҚШ пен Ұлыбританияның Саддамға қарсы коалиция құрғанының өзі оны мықты қарсылас ретінде іштей мойындағандарының дәлелі іспетті емес пе?!

Саддам Хусейнді бүкіл әлемге диктатор ретінде көрсету АҚШ-қа тиімді болғаны анық. Хусейнді «түрмелердегі тұтқындарды электр тоғымен, қышқылмен қинап, дарға асады, жыныстық зорлық-зомбылықты қолданумен қорқытады, сондай-ақ, өзіне ұнамағандарды туыстарының азапталғанын көруге мәжбүр етті» деп те қаралады. Бұқаралық ақпарат құралдары Ирак президентін осылай қатал диктатор, деспот етіп көрсетуге тырысып бақты. Ал, шын мәнінде Саддам Хусейн билігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ туған мемлекетін гүлдендірудің сандаған жоспарларын құрып, Ирактан әлемдік деңгейдегі мемлекет жасағысы келді. Ирак аумағының табиғи ресурстарының (мұнай) арқасында түрлі елдермен шарттар жасасуға және одан әрі дамудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік туды. Дегенмен, Иранмен арадағы соғыстар Ирак экономикасын құлдыратып жіберді.

Сұхбат барысында президенттің қызы әкесінің билігін және одан кейінгі кезеңді еске алды. Бағдад құлағаннан кейін оның отбасы көптеген ауыр жағдайларды бастан кешіріп, Сирия мен Иордания арасында көшіп жүрген.

Негізінде Саддам Хусейннің саяси қызметіне түрлі баға беріледі. Бірі мақтайды, екіншісі даттайды. Ал, 24 жыл бойы ел тізгінін ешкімге бермей, 36 млн. халықты уысында ұстаған Саддам Хусейн билігіне Батыс елдері қырын қарады. Өзара мүдделес екі ел – Иран мен Ирактың бірігіп, өзіне қарсы шығуының алдын алу үшін АҚШ іріткі салу саясатына көшті. «Іздегенге сұраған» дегендей, қос ел басшыларының – Хусейн мен Хомейнидің жеке басының араздықтары да бар болып шығады. Қос басшының араздығы, идеологиялық қайшылық, жер дауы Иран–Ирак соғысының өртін тұтатты. Осы сегіз жылдық соғыс Ирак экономикасының құлдырауының басы еді.

Әңгіме барысында тележүргізуші Рагадтан Саддам Хуссейн құрған бұрынғы Ирактың қазіргі мемлекеттен айырмашылығын сұрады. Ол «біздің кезіміз халықтың мәртебесі жоғары және оны ешкім ренжіте алмайтын даңқты кезең болатын» деді. Шын мәнінде, қазір Ирак халқы Хусейн билеген кезден әлдеқайда нашар жағдайда өмір сүруде. Сондай-ақ, Иракты бөлшектеу әрекеті де жүріп жатыр. Саддам Хусейннің қызы қазіргі уақыттағы ең маңызды мәселе ретінде Ирактың бөлінуіне алаңдаушылық білдірді. «Ирандықтар заңды билік болмаған кезде Иракты басып алды және ел оңай олжаға айналды» деді.

«Адамдар балаларының өмірі үшін қауіптенбейтін, олар тек сеніммен өмір сүрді» деді Рагад. Сол кезде тележүргізуші Саддам Хусейннің билігі кезінде елде еркіндіктің жоқ болғанын еске салды, Рагад оған: «Бостандық дегеніміз не? Егер бұл диктатураны жою және демократия орнату ұранымен жаулап алу болса, онда ирактықтарға мұндай еркіндік қажет емес» деп жауап берді.

 

Демонизация және имиджді қалпына келтіру

NoonPost (Египет) басылымы Сауд Арабиясының телеарнасы Ирактың марқұм президентіне қатысты редакциялық саясатын неге өзгерткенін түсінбейді. Арна кезінде Саддам Хусейнге және оның режиміне қарсы тұрған. Бүгінде телеарна мүлдем басқа дискурсты ұстанып отыр, сондай-ақ сұхбат кезінде Рагад әкесінің имиджін қалпына келтіруге тырысты. Саддам Хусейннің айналасындағы адамдармен қарым-қатынастағы қатыгездігі туралы сөз болғанда, Рагад өзінің балалық шағын есіне алды: балалар әкесімен бірге балық аулауға, суға шомылуға және атпен серуендеуге баратын, ал, үйге келгенде ол балаларын құшақтап, сүйетін. Рагад сондай-ақ күйеуінің көз алдында өлтірілгенін рулық акт деп түсіндірді.

Басылымда мақала авторы «Прагматизм – Сауд телеарнасы стратегиясының негізі осы. Сұхбаттасу үшін Рагад Саддам Хусейн тәрізді кейіпкерді таңдау (ал, бұл елдің жоғарғы саяси басшылығының рұқсатынсыз мүмкін емес) кездейсоқ емес» деген пікір білдірді.

«Рагад Иранға қатысты өзінің қатал ұстанымымен танымал. Бізді осыған ұқсас кездесулер күтіп тұр. Бұл көптеген сарапшыларды Эр-Риядтың осы елдегі Иран ықпалына қарсы тұру мақсатында Иракқа арналған жаңа саяси жобаны әзірлеуі туралы ойлануға мәжбүр етеді. Саддам Хусейннің қызы – бұл өте күшті құрал» деп жазады NoonPost.

Жүргізуші оның болашақта елдің саяси өміріне қатысуға ниеті бар-жоғын сұрағанда, Рагад күлімсіреп, «бәрі де мүмкін» деп жауап берді. Рагад әкесінен танымалдылықты мұра етіп алды. Алайда, саяси сахнаға оралу үшін тек танымал болу, сондай-ақ, елдің қазіргі бөлінушілік күйін пайдалану жеткіліксіз. Халықтың бұрынғы күшті мемлекетке деген сағынышы Бағдадтағы президент сарайына апаратын жалғыз жол емес. Сириялық саясаттанушы Абдул Кадир Наана атап өткендей, Рагад Саддам Хусейн әкесіне ұқсамайды. Ол Рагадты интеллектуалдық тұрғыдан әлсіз деп айыптады.

Рагад Хусейн Иорданияда тұрады. Ол бұл елге 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіріп, әкесін президенттік тақтан тайдырғаннан кейін көшіп келген.

Саддамның ел басқару кезеңін әлемде әртүрлі бағаланады. Кейбіреулер оны өз халқының қауіпсіздігін бірінші орынға қойған ұлы билеуші деп мақтанышпен айтады, ал, ендігі бір топ қатыгездігі үшін сынайды, кейбірі оны жай ғана табынушы пұтқа айналдырады. 2006 жылы бұрынғы билеуші Ирак жоғарғы сотының үкімімен дарға асылды. Мұны оның жауыздық әрекеттерінің өтеуі деп қабылдағандар болды. Сарапшылардың пікірінше, 2003 жылы Иракқа басып кірген Америка мен оның одақтастары ойдан түрлі сылтаулар құрастырған. Хусейнге 1982 жылы Иракта шииттер тұратын Ад-Дуджейль ауылының адамдарын қырды деген айып тағылған. Бағдадта жаппай қырып-жою қаруы бар-мыс деген ақпарат таратқанымен, оны бәрібір дәлелдей алмады. Жаппай қырып-жоятын қарулар мен азаптау түрмелерінің ізі де табылма­ды. Бұл АҚШ-тың Иракқа басып кіру үшін тапқан сылтауы еді. Негізінде Хусейннің қолынан гөрі американдықтардың қолынан қаза тапқандар мен құрбан болғандар көп. Ал, Саддам Хусейннің есімі қайткен күнде де тарихта қалатыны сөзсіз.

Дайындаған Баян ДАРҒОЖИНА.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз