Дуалы ауыздан шыққан сөз

(Жалғасы. Басы өткен санда).
Өске мен Тәті қыз
Талантты ақын қыздардың бірі – Тәті қыз той-жиындарда, айтыстарда ақындардың біразын жеңіп жүрген. Осы хабар қостанайлық Өске ақынның құлағына шалынады да бір кездерде қыздың ауылына келе қалады. Ақын қыз Өске түскен үйге шақыртпай-ақ кіріп келіп, жантайып жатқан Өске ақынның жас шамасын да байқап қалса керек, оны ығыстырмақ оймен өлеңін бастай жөнелген екен:
Менің атым Тәті қыз,
Басқалардың аты қыз.
Өске келді деген соң
Ынтық болып келіп едім,
Мыжырайған шал екенсіз,
Атыңыз ақын демесем,
Сөнгендей екен отыңыз,
Жатыңыз шал, жатыңыз, – деп шығып бара жатқан Тәті қызға Өске басын көтеріп алып:
Рас, сенің атың Тәті қыз,
Басқалардың аты қыз.
Жаныма келіп жатыңыз,
Қызыққа әбден батыңыз.
Жастарға жайдақтата бергенше
Шалдан да бір дәм татыңыз, – дегенде ақын қыз сөзден тосылып қалыпты. Дәстүр бойынша ақынға ат-шапан сыйлаған екен.
Бала би
Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты – Бименбет. Бала би – лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келер үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.
Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын-ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі:
«Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да – шүберек байлаған ақсақ аяқ» деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. Сонда Бименбет: «Ешкі бір аяғымен жүрмейді, үш аяғымен жүреді және ауру аяқпен жүрмейді, сау аяқпен жүреді. Ешкіні отқа айдаған да, отты қырманға әкелген де сау аяқтар. Сондықтан өрттің шығуына оның үш сау аяғы кінәлі» деп ақсақ аяқтың иесін айыптаудан арашалап қалады.
Жанқұттының жауабы
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Жанқұтты өзін жақсы-жайсаңмын дегендермен тең ұстай білген. Ол бірде қыпшақ дуанбасы Ыбырайдың үйіне келеді. Ыбырай именетін немесе ерекше сыйлайтын кісі болмаса, кез келген адамды өзі отыратын үйіне кіргізбей, қонақ үйіне түсіртеді екен. Дуанбасының қызметші жігіттерінің «қонақ үйге жүріңіз» дегеніне көнбей, Жанқұтты Ыбырайдың өз үйіне кіреді. Ыбырай үйінде Шорманның Мұсасымен сөйлесіп, қисайып жатыр екен, қонаққа қолын бермей, аса таяғының ұшын ұсынады. Жанқұтты таяқты ұстамай, Мұсамен сәлемдесіп, төрге шығып отырады.
Дуанбасы әлден уақытта жастықтан басын көтеріп:
– Мұсажан, мына басына бөстек киген шалың кім? – дейді.
– Мұсажан, басымызға елтірі бөрік кисек, бөстек дейді. Ел басқарсын деп пысық жігіттен ұлық қойсақ, естек дейді. «Халық аузына қақпақ қойып болмайды» деген осы да, – дейді Жанқұтты Мұсаның орнына өзі жауап беріп.
– Ыбеке, сіз сөзден ұтылдыңыз, шешенге ат-шапан айып төлеңіз. Бұл – Сарым руының Жанқұтты деген кісісі, – дейді Мұса.
Ыбырай ештеңе дей алмай, шешеннің тапқыр сөзіне қатты тосылып, үнсіз қалады.
Жинақтаған Амантұр МҰСАЕВ.
(Жалғасы бар).