Өрелі, өрісті өнеге

Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының майталманы, этнограф-ғалым, тарих ғылымының кандидаты Өзбекәлі Жәнібеков көзі тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толар еді. Ол 1931 жылы 28 тамызда Шымкент облысының Қызылқұм ауданындағы (қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданы) Сарықамыс ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын Түркістан облысының Келес ауданындағы орта мектепте қарапайым мұғалімдіктен бастаған. Бұл қызметінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін жоғарылап, комсомол қызметіне ауысады. Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Шымкент облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы секілді жоғары лауазымды жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.

Комсомол қызметінде өзін жақсы қырынан көрсете білген, тәжірибе жинақтап, әбден ысылған шағында Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне жіберіледі. Өзағаң сол жылдары жаңадан бой көтерген облыстың өсіп-өркендеуіне мол еңбек сіңірді. Сәбит Мұқанов «Қазақтың қасиетті жеріне» балаған өңірде «Торғайдың Өзағасына» айнала білді. Әдебиет, мәдениет, өнер саласында ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер тындырды. Қазақ тілінде шығатын, тіпті аудандық газеті жоқ өңірде аптасына бес рет жарық көретін облыстық газет ашты. Сол заманның саясатымен салыстырғанда ол кісінің бұл қадамы нағыз ерлік еді. Торғай облысының идеология саласына жаңадан келген қызметкер баспанамен бірінші кезекте қамтамасыз етілетін.

Арқалыққа КСРО және Қазақстанның халық әртісі, бұлбұл әнші Роза Бағланова бастаған, өзінің ұстазы Ілияс Омаров шаңырағын көтерген «Гүлдер» ансамблін, әншілер мен бишілер тобын жиі шақырып, халықтың рухани шабытын оятып отырды. Торғай өңірінен облыстық филармония, «Шертер» ансамблі құрылды, «Торғай әуендері» өнер фестивалінің негізін қалады. «Адырна», «Алтынай», тағы басқа фольклорлық ансамбльдерін ұйымдастырды. Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, тағы басқа руханият алыптарының ардақты есімдерінің халқына қайта оралуына, кітаптарының жарық көруіне белсене атсалысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Өзінің тікелей атсалысуымен театр ашып, оған Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесінде оқитын бір топ қазақ түлектерін қолдарынан жетектеп әкеліп, жаңа өнер ордасының төріне шығарды. Тарихи-өлкетану мұражайы мен Амангелді ауылындағы халық батырының мұражайы, сондай-ақ, А.Иманов кентіндегі мемориалдық кешен де сол жылдардың жемісі. Арқалықта ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институт та Өзағаңның бастамасымен құрылған. Одан бөлек қаншама училищелер мен техникумдарға, қазақ мектептеріне мол шапағатын тигізді.

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы секілді үлкен лауазымдарда жүріп, қазақ халқының ұлттық мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Тайқазанды Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) Эрмитаж музейінен алып елге қайтаруға атсалысты. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Қазақ даласында оның қолы тимеген киелі тасы жоқ. Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр» деуінде шындық жатыр. Бұл кісінің ықпалымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатында «Арқас» қоғамы құрылды. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ тарихын, салт-дәстүрді, байырғы ескерткіштерімізді, сәулет өнерін айтпағанда, мата мен бояудың жүзден астам түрін білген.

Өзбекәлі Жәнібеков қандай жоғары лауазымды қызмет атқармасын, өте қарапайым жан болған. Келес ауданының орталығы Абай ауылына келген бір сапарында орта мектептердің біріне барып, ұстаздармен кездеседі. Кездесу барысында мұғалімдердің мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы Шервашидзенің тілегі бойынша аудан басшыларымен келісіп, жас ұстаздарға тұрғын үй беру мәселесін шешіп кеткен. Сол нәтижелі келісімнің арқасында «Ұшқын» елді мекенінен аудан орталығына қатынап жұмыс істейтін бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Алданазар Маханбетов баспаналы болады. Бүгінде үшінші мегаполистегі №130 жалпы білім беретін мектепте шәкірт тәрбиелеумен айналысатын Алданазар Маханбетов Өзағасының жақсылығын айтудан жалыққан емес. Әрине, мұндай ізгілікке толы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Орта мектепті бітіріп Алматыға оқуға аттанған алғашқы сапарында Сырдың суы арнасына сыймай «ашуға булығып» жатқан екен. Сонда бір қарт кісі оны ағысы асау өзеннен атпен алып өтіпті. Жаратылысынан қайырымдылыққа құштар Жәнібеков кейінірек, өз қолы өз аузына жеткен соң сол қариядан жақсылығын аямаған.

Өзағаның өмірі, қызметі мен шығармашылық жолы қызыққа толы әрі күрделі. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевпен бірге Аустрия альпісінде болғаны ғажап хикая. Финляндияның астанасы – Хельсинкиге музыкант, оркестр әртісі, педагог, Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Юрий Степанович Клушкинмен бірге барған сапары, Алматыда Кеңес Одағының Батыры Василий Иванович Казаковпен кездескені, Мәскеудегі Жұлдызды қалашықта планетамыздың алғашқы ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Юрий Гагаринмен жолыққаны тағлымға толы оқиғалар десе болады. Вьентьянда Лаостың президенті Пхуми Вонгвичитпен жүздесуі, Шри-Ланка Коммунистік қозғалысының қайраткері Питер Кейнаманмен кездескені, Непалдың премьер-министрі К.К.Бхаттаранның қабылдауында болған сәттері, ондағы айтылған әңгімелер, ол әңгімелердің рухани салмағы деген мәселелер зерттеушісіне жолықса, жаһұтқа айналып шыға келер еді. Қазақстан Коммунистік Партиясының ең соңғы ХVІІ, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ең соңғы ХХVІІІ съездеріне делегат болып сайланды. Ақын Тұманбай Молдағалиевке, қазақ тілінде өлең жазатын, айтысқа түсетін орыс қызы Надежда Андреевна Лушниковаға, белгілі волейболшылар Жәнібек Сауранбаев пен Заңғар Жәркешовке Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын өз қолымен тапсырған да осы Өзағаң еді.

Ресейдің Новосибирск қаласында диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты атанған Өзбекәлі Жәнібеков қым-қиғаш тірліктің арасында жүріп-ақ келешек ұрпақтың қажетіне жарайтын бірнеше құнды еңбек жазып қалдырды. «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» секілді еңбектері бүгінде көптеген ізденушілердің рухани әжетін өтеп жүр. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақ киімі – Казахский костюм» альбомы күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта: көкейкесті тақырыпқа сұхбат», «Тағдыр тағлымы»: Есте қалғандар. Азаматтық парыз. Жаңа заман айшықтары» секілді кітаптары қалың жұртшылықтың көңілінен шыққан, қайта айналып оқуға шақырып тұратын, оқыған сайын жаңа қырынан танылатын жұп-жұмыр дүниелер. Қазақтың төл мерекесі Наурыз мейрамының қайта оралып, кең көлемде тойлануына белсене атсалысқан да Өзбекәлі Жәнібеков болатын.

Өзбекәлі Жәнібеков үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған Өзағаның өрелі, өрісті өнегесі, асқақ рухы осылайша мәңгі жасай бермек. Бүгінгі қазақ даласында Өзбекәлі Жәнібековтің қалдырған ізі сайрап жатыр. Сондықтан болар халық аяулы ұлының есімін құрметке бөлейді. Фариза Оңғарсынова жырлағандай:

«Әулиедей ұлын елейді ел,

Нұр төксін Алла-тағала.

Рухыңмен елді жебей гөр,

Қош деймін... қайтем, жан аға!»

Бүгінде қазақ халқының ұмытылмас перзенті тұрған Алматыдағы үйіне мемориалдық ескерткіш тақта орнатылған. Торғай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қайраткерге арналып мүйіс ашылған. Түркістан қаласындағы этно-педагогикалық колледжге, Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы мектеп-гимназияға есімі берілген.

Биыл Өзағаңның туғанына тоқсан жыл толуына орай оның мерейтойын кең көлемде атап өту шаралары қарастырылуда.

Әбдісаттар ӘЛІП, «Шымкентім, шырайлым!» республикалық әдеби-көркем альманағының бас директоры – бас редакторы.

 

 

Пікір қалдырыңыз