Тұран тарихының көкжиегі

Мұстафа Кемал Ататүрік кезінде Жерорта теңізінен бастап, Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі Ұлы Тұран  мұраттарын таразылап, көпшілікке ұсынған еді («Загадки истории» журналы, №46, 2020 жыл). Расында да, осындай ауқымды тарихи жобаның болғаны рас па? Ататүріктің мұндай жоба-жоспары шынымен болса, ол жүзеге асты ма?

Біздіңше, Ататүріктің ол идеялары жүзеге асты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында әлем картасында жаңа тәуелсіз бес түркі мемлекеті, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Әзірбайжан мемлекеттері пайда болды. Содан бері қанша рет су ағып, күн батып, таң атты дерсіз! Аталған елдер өзіндік саяси дамудың арнасын дәл тауып, өркендей түсті. Әлем жұртшылығы түркі халықтарының қайта түлеуінің куәсі болды.

Адамзат өркениетінің тарихы қай кезде болсын күрделі және соқтықпалы-соқпақты жолдардан өту арқылы жүзеге асатыны белгілі. Барлық халықтың шарықтау және құлдырау кезеңдері болады. Мұндай жағдайдан түркі халықтары да шет қалған жоқ. Мысалы, ежелгі және ортағасырларда оларға өркениеттік дамудың ең жоғарғы ұстанымын табуға мүмкіндік туды. Азияда оларға қуатты Хун империясын құру бақыты бұйырды. Сондай-ақ, Үйсін және Кангюй мемлекеттері де осы кезеңдер аралығында пайда болды. Баламер мен Еділ патша бүкіл Еуропаны бағындырып, қуатты империя құрды. Олардың ұрпақтары да Еуропада  бірқатар мемлекетті құруға қол жеткізді. Атап айтқанда, Кубратханның Ұлы Болгариясы, Хазар және Авар қағанаттары, Шамбаттың Дулобасы, Аспарухтың Дунайдағы Болгариясы, Арпадтың Мадьяр мемлекеті, Лашиновичтердің Киев қағанаты мен Еділдегі Булгария, тағы басқа да мемлекеттер осындай-осындай ой-ниет пен табанды күрестің арқасында құрылған еді.

Орталық Азияда да саяси процестер белсенді түрде дамыды. Мұнда Түрік, Батыс Түрік, Шығыс Түрік, Түргеш, Қарлық қағанаттары мен мемлекеттері құрылды. Қарахан мемлекеті үлкен табыстарға қол жеткізді. Сол кездерде қимақтар, қыпшақтар, жалайырлар, ұйғырлар, қырғыздар, наймандар, керейлер мен өзге де халықтар құрған мемлекеттер өзіндік ерекшелігімен танылды.

Селжук және Осман империяларының саяси іс-қимылы көптеген ғасырлар бойы бүкіл әлемді таңдандырды. Олар Еуропаның, Азия мен Африка халықтарының өмірі мен тұрмыстарында ерекше із қалдырды.

Жаңа уақыттар кезеңінде еуропалық елдер дамудың өркениетті жолына түсіп, алғы шепке шықты. Ал, түркі халықтары керісінше, құлдырай бастады.

«Түрік» этнонимі көптеген халықтардың өмірі мен тарих ғылымында өзіндік берік позицияға ие болды. Расын айтқанда, әлемде 48 түркі мемлекеті бар. Әлем халықтарының бұған қызғанышпен қарауы заңды құбылыс. Халықаралық тарихи сахнаға түркі халықтары екі атаумен, яғни тұрандықтар және түркілер болып шыққаны белгілі. Олардың алғашқысы ежелде пайда болған еді. Енді бізге ежелгі Тұранның аумағын ашық көрсетуге тура келеді. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ондай 3 үлкен аймақ  бар. Олар Волга-Орал, Сібір және Орта Азия аймақтары.

Біздіңше, Тұран атауы Волга-Орал өңірінде пайда болды. Бірқатар ғалымдар ол еуропалықтардың бастапқы отаны болғандығын айтады. Олар мұнда Мұз және Мұз дәуірінен кейінгі кезеңдерде өмір сүрген. Ресейлік белгілі ғалым С.В.Трусов генетиктер үндіеуропалықтардың  екі туыстық белгісі болғаны анықталғандығын хабарлайды. Өйткені, R1a және  R1b гаплотоптарын жеткізушілер екені көрінеді. Бұл бұдан 10-15 мың жыл бұрын болған секілді. Біріншісі, скифтердің, сарматтардың, галлдардың, үнділердің, ирандықтардың, гректер мен славяндардың генетикалық негізін құрды. Екіншісі, герман тайпалары мен массагеттердің, британдықтар мен иберлердің және түріктердің арғы аталарының гаплотоптарын құрды. Волга-Орал аймағында ежелгі тұрандықтардың өмір сүргендігі туралы деректер жеткілікті. Біріншіден, генетиктер мен археологтар бұдан бұрынырақ тұрандықтардың (түркілердің) алғашында үндіеуропалықтар болғандығын дәлелдеп шықты. Монғолоидтықтармен қан араласу кейінірек болған.

«Тұран» атауын Еділдегі Булгарияның тарихшылары кеңінен пайдаланады. Мәселен, Бахши Иманның «Джагфар тарихы»  (Орынбор, 1997) кітабында төмендегідей мәлімет келтіріледі: «Осыдан 15 мың жыл бұрын Идель-булгарлар Волга-Оралда өздерінің Идель мемлекетін құрып, сонымен қатар оны Тұран деп атаған». Бұл атау өте ежелгі матриархат кезеңдері билік құрып тұрған шақтарға жатады. Сол кезде махаббат құдайы есебінде Тұранды төбеге көтеріп, әспеттеген. Айтқандай, ғұндардың ұлы билеушісі Баламердің зайыбының есімі осылай аталған. Ол Тұрандот ертегісіндегі кейіпкердің қызметін атқарғандай әсер қалдырады.

Еділдегі Булгарияның орта ғасырдағы тарихшысы Ғази-Барадж өзінің «Ғази-Барадж тарихы» атты еңбегінде Тұран туралы жан-жақты мәліметтер қалдырған. Ол былай деп жазады: «Баламер ханның батысқа қарай сапар жасауы азық-түліктің жетіспеуінен болды. Ол өзінің Идельдегі немесе Ескі Тұрандағы мемлекеттерінің ставкасын тастап, сол жаққа баруына тура келді...».

Сонымен, сол кезеңдердің ықпалымен «Ескі Тұран» атауы тілдік қолданысқа енді (istclub.ru/topic/640-гази-барадж-гази-барадж-тарихы-летопись-гази-ба/).

Ғази-Барадж Самар өзені мен Самар тауларында Тұранның орныққанын атап өтеді. Ол сондай-ақ, тұрандықтардың тілі туралы да әңгімелейді. Булгарлық тарихшы былай деп жазады: «Қамандықтар оны булгарлық түркілер десе, ал, түркімендер «тұран-теле» (сол кітапта) деп атаған.

Киев қаласында өмір сүрген булгарлық ақын Микаэль Башту ибн-Шамс-Тебир де (882 жыл)  «Шаң қызы дастаны» атты кітабында қызықты тарихи мәліметтер қалдырған. Ол Тұран мемлекеті мен оның даңқты билеушісі Аламир туралы хабарлайды. Автор тұрандықтар жөнінде жылы лебіз білдірген.

Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда Еділ-Орал аймағынан тұрандықтар Оңтүстік Сібірге қарай қоныс аударса, сол жақтан Месопатамияға қарай көш түзеген. Бұл деректерді ортағасырлық булгарлық тарихшылар және қазіргі заманғы ғалымдар жан-жақты келтіріп отыр.

Сібірде өздерін хондар, хундар, сюндар, үйсіндер деп атап тұрған кезде олар  жергілікті тұрғындармен некелескен. Осында еуропалық тұрандықтарға моңғолдық мінез-құлықтар мен дәстүрлерді біртіңдеп сіңіре бастады. Ал, Оңтүстік Сібірде тұрандықтар өздерінің бұрынғы тілін, діни сенімін, әдет-ғұрып және дәстүрлерін сақтап қалды. Рас, бұған жергілікті халықтардың мәдениеті айтарлықтай ықпал етті. Соның нәтижесінде өзіндік тамаша мәдениет қалыптасып, тұрандық рухани орта жаңа арнаға түскенін жасырудың реті жоқ. Ендігі кезекте тұрандықтардың тілін үйсін-ғұндық деп анағұрлым нақты атаудың сәті келді. Бұл – түркі тілінің ең ежелгісі.

Тұрандықтар өздерінің ежелгі отанындағы атауларды көздерінің қарашығындай сақтады. Жақсыбай Әмірсейітұлы өзінің жазған шежіресінде осындай тоқтамға келген. Оның айтуынша, «Тұран елі – түркі халқы. Б.Ж.С.Д. 3000 ж. қауымдаса өмір сүрген» (Ә.Дәуітбеков. Дулаттар. Шымкент, 2016 жыл, 308-бет). Біздіңше, бұл автор Сібірдегі Тұран туралы мәлімет берген секілді. Осындай ойға келуімізге Жақсыбай Әмірсейітұлы өз шежіресінде ежелгі Абакан мемлекеті жөніндегі мәліметті жазады.

Тұран атауы Сібірдегі топонимдер мен гидронимдерде берік позицияға ие. Атап айтқанда, Краснояр өлкесіндегі Краснотуранск ауданының Краснотуранск қаласы, Тувадағы Пий-Хемск ауданындағы Турань қаласы, Тувадағы Тұран-Уюк котловинасы, Бурятиядағы Тункинск ауданының Тұран селосы сөзімізге жарқын дәлел. Бұл аумақтардың барлығы да Сібірге қарайды. Рас, тұрандықтардың өмір сүрген аумағы ұлан-ғайыр. Сібір мен Моңғолияны екінші Тұран немесе сібірлік Тұран деп атауға әбден болады. Қазіргі таңда ежелгі тұрандықтардың ұрпақтары хакастар, тувалықтар, алтайлықтар, шорлар, тофалар, якуттар, сібірлік татарлар, тағы басқалар болып табылады. Енисей өзенінің бассейнінде Тұран атты ру өмір сүреді. Олар туралы және өзге де түркі рулары мен тайпалары жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің  «Түркілердің, қырғыздардың, қазақтардың хандық әулеттердің шежіресі» атты  кітабында «Енисейлік түркілер» бөлімінде мәліметтер келтіреді (Алматы, 1990 жыл, 114-115-беттер).

Тұрандықтардың көші-қоны Орта Азияға да жылжыды. Олар 1-Тұран (Еділ-Орал), 2-Тұран (сібірлік Тұран) отырықшылары болатын. Соның арқасында мұнда (Орта Азиялық Тұран) 3-Тұран құрылды. Оның аумағы Каспий теңізінен Жоңғар Алатауына, Дешті Қыпшақтан Тәжікстанның шекарасына дейін созылып жатты.

«Авестада» және ортағасырлық әдебиеттерде «тур» сөзі алғаш рет жазылды. Олар Орта Азия аймақтарының тарихи өңірлеріне қоныс тепті. Ал, парсылық автор Фирдоуси өзінің өлмес туындысы, яғни «Шахнаме» поэмасында ол жерлерді түркілердің өмір сүрген аймағы деп жазып қалдырды.

Орта Азияда тұрандықтардың географиялық атаулары берік орын алды. Мысалы, Бахши Иман «Джагфар» кітабында былай деп хабарлайды: «Провинцияның батыс жағында Уруг-төбе ерекше орын алған. Ол батыс пен солтүстікте Жайықпен (Оралмен) шекаралас, Шығыста – Уруғтау (Моғолжар), ал, оңтүстікте – Джурджанмен (Хорезммен, Туран (Арал) теңізбен және Мәнқышлақпен)» (Орынбор, ІІІ том, 1997 жыл). Сонымен, географиялық жағынан ауқымды Арал теңізі де тұрандық болып аталған. Сондықтан да, ауқымды  көршілес аумақтың «Тұрандық жазық» деп аталуы бекер емес. Бұл заңды сәйкестік десек те жарасады.

Микаэль Башту Ибн-Шамс Тебир өзінің «Шаң қызы дастаны» шығармасында: «Құдай сүйген Тұран облысының Жетісу деген жеріне бір кездері ат басын бұрдым» деп жазады. Демек, Жетісу Түркі қағанатының аумағы болғаны рас.

«Джагфар тарихы» кітабында кездесетін «Ортағасырлық булгарлардың гео­графиялық қысқаша сөздігіндегі атаулар мен терминдер» жөнінде төмендегідей мәлімет келтіріледі: «Тұран мемлекеті (Тұран жұрты) – түркі қағанатының VІ-VІІІ ғасырлардағы булгарлық атауы». Қаһарлы әмірші Темірлан өзін Қарсақбай жазуында: «Тұранның сұлтаны» десе, ал, маңғыт әулетінен шыққан бұқаралық әмірлер өздерін «Түркістандық Тұран заманының падишахтарымыз» деп санаған. (http://ru.encyclopedia. kz/index.php).

Біз көрсеткен атаулардан өзге тарихтың ежелгі тұстары да бар. Олар Волга-Орал Тұраннан, Сібір Тұраннан, Орта Азиялық Тұраннан тысқары жерлерде орын алған. Мысалы, Олжас Сүлейменов өзінің «Хат тілі» («Язык письма») атты кітабында ежелгі этрускілер түркілермен этникалық байланыста болғандығын баяндайды. Мұндай мәлімет те шындыққа саяды. Оларда Тұран деген махаббат құдайы болған. Оны Идель-Тұранның тұрғындары тұрмыстарына енгізген. Кейінірек ежелгі римдіктер «тур» атауын жиірек пайдаланды.  Бәлкім, бұл сөзді олар этрускілерден қабылдаған секілді. Айтпақшы, ежелгі римдіктердің сөздік қорында, сондай-ақ, ежелгі гректердің де сөз қолданыстарында түркілік леп (лебіз) кездесетіні жасырын емес (Кеңестік энциклопедиялық сөздік. М., 1982 жыл). Түркілік сөздер сонымен бірге Шумердің сөздік қорында да орын алған. Бұлардың қатарына аспан құдайы Дингирді (Тәңірі), су құдайы Наммуды (түркілік тіл бойынша - ылғал), егістік құдайы Ашынан (түркіше астық), тағы басқаларды тізбелесек те жарасады. Бұл сөздерді Еділ-Идельден Месопотамияға тұрандық тормэндер енгізгені айдан анық.

Қорытындылай келгенде, «Тұран» атауы және Тұранның халқы – сан мыңжылдық тарихтың шынайы дәлелі, көрінісі дер едік. Тұрандықтардың болашағы жарқын да кемел екендігі даусыз.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, Чувашия Ғалымдар Академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз