Мол өнім негізі бүгіннен қаланады

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Еліміздегі ең жылы жер, күннің көзі көбірек түсетін Жетісайда қыстың қақ ортасында да дала жұмыстары қайнап жатады. Басқа өңірлерде бұрқасын боран болып, қақаған қыстың ыңғайынан шыға алмай жатқанда біздің оңтүстікте, оның ішінде Мырзашөл өңірінде дала жұмыстары басталып кетеді. Осылайша көктемді күтпей-ақ кетпен, күректерін қолға алатын жетісайлықтар қаңтардың үшінші он күндігінде еккен көшеттерінен араға бірер ай салып өнім алып, биылғы жылдың балғын көкөністерінен дәм татып отырады.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл аудан бойынша 78500 гектар аумаққа егіс егу жоспарланып отыр. Соның ішінде мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат егілмек. Қазірдің өзінде ауа райының қолайлылығын пайдаланып, «Атамекен», «Ералиев» ауылдық округінің диқандары он гектардан астам жерге қырыққабат көшеттерін отырғызып үлгерді.

Біраз жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан «Ұлман ата» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Қорғанбаевтың айтуынша, күннің жылылығын тиімді пайдаланып қалу керек екен. «Желтоқсан айынан бастап жылыжайға көшеттерді өндіруді бастағанбыз. Дайын болған көшеттерді екі гектар жерге отырғыздық. Былтыр осы жерден 70 тонна өнім алсақ, биыл 100 тоннаны межелеп отырмыз. Сол үшін уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс істеп жатырмыз» дейді диқан.

Өткен жылы Жетісай ауданында 1007 гек­тарға қырыққабат егілсе, тиісінше одан 36 мың тонна өнім жиналып, алыс-жақын аймақтарға экспортталған. Ал, Ералиев ауылдық округінің диқаны Нұрбол Әметов қырыққабатты тамшылатып суару әдісімен егуді қолға алған. Оның айтуынша, былтыр осы әдіспен егілген жер екі есе артық өнім берген. Биыл аудан шаруалары екі айда толық пісетін «Заказ» және «Валикор» сорттарын егіп жатыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз