Зауал

(әңгіме)

Ол күндегіден ерте оянды. Құлағы толассыз шулап, денесі ауыр тартып тұр. Кеше азын-аулақ ақшасы болған. Жан қалтасына қол салып еді, бір шөлмекке жетер-жетпес қағаз ақша ілікті. Кеше не болғанын, кіммен кездескенін есіне түсіруге тырысты. Ой, тоба, есіне ешнәрсе түсер емес. Үйдегі адамдар да өз шаруаларымен кеткен сияқты. Ешкім жоқ. Ол мең-зең күйге түсті. Ендігі ойы алдын-ала дайындап қойған оқшантайын беліне тағып, ұңғысын қолдан кескен қосауыз шолақ мылтығын алып, ешкімнің көзіне түспей тұрғанда ауылдан ұзап кету. Анасы көрсе жібермей қоюы мүмкін. «Балам, барлық аңның киесі бар, тым құныға берме» деп талай айтқан. Тіпті, ұрсып, мұның тойымсыздығына налып, жылап алған кездері де болған. Ол көп ойланбады. Өзі ғана тілін білетін мотоциклін оталдырып, қалтасында қалған азын-аулақ тиын-тебеніне таныс дүңгіршектен бір жарты алды да, шетсіз шегі жоқ, сусыз бетпақ даланы бетке алды. Жаздай Сарыарқаның шұрайлы жерін жайлайтын құралай көз, май мұрын ақбөкендер Бетпақдаланы бір қар жауғанша мекендейді. Қыста шөбі шүйгін әрі жылы Мойынқұмның бұйрат құмдарында қалың өскен сексеуілді паналап шығады. Мұның бар ойы ақбөкен текесін атып, мүйізін тірідей кесіп алу. Осы тірлікті кәсіп еткеніне де екі-үш жыл болыпты. Өзі білетін «Көкшетау» деп аталып кеткен биік төбе басына шығып тоқтады да, жан-жағын барлай қарады. Қалтасындағы шөлмекті ашып, су ішкендей барынша құмарлана жұтты да, аузын қолының сыртымен сүртіп, масаттана жан-жағына көз жүгіртіп өтті. Бойы жеңілдеп, көңіліне бір желік пайда болғандай әсерленіп, мотоциклін оталдырып жүріп кетті. Түске дейін алдынан кездескен екі-үш табын ақбөкеннің дәу текелерін жекелеп қуып жүріп, атып құлатты. Әлі жаны шықпаған жануарды бауыздамай-ақ, қол арамен мүйізін кесіп алды. Енді он шақты текенің мүйізін кесіп алса, біршама қаражат болар еді. Ақбөкеннің мүйізі ауылдың өзінде де күйіп тұр. Қалаға жеткізе алса, қомақты ақша болары анық. Мол ақша обал, сауапты, қанағатты ұмыттырып жібергелі қашан. Бір байқағаны, оқ тиіп құлаған ақбөкеннің мүйізін арамен кесіп жатқанда, оның тұяқ серпіп бұлқынбайтын төзіміне таң қалатын.

 

***

Қасқабас текенің үйірі біраздан бері осы ойпаңды мекендейтін. Үйірін сыртқы жаудан аман сақтап жүрген қасқабас теке таңертеңнен бері мазасыз. Асыр салып ойнаған лақтарының да қимылын жақтырмай, дел-сал күйде жүрді де қойды. Шүйгін шөптен де бір тістеп алған жоқ. Қалай дегенде де таңертеңнен бері көңілі күпті. Денесі біртүрлі ауыр тартқандай. Күтпеген жерден гүрілдеген жағымсыз дыбыс таяп қалды. Қасқабас теке үйіріне қаштық дегендей белгі берді де шаба жөнелді. Бірте-бірте жылдамдығын арттырып келеді. Қанша жер қашқаны белгісіз, ентігіп қалды. Артына қараса үйірі гүрілдеген беймәлім құбыжықтың тырнағына ілінуге аз-ақ қалыпты. Гүрілдеген тажал жақындап қалды. Қасқабас теке кенет жалт бұрылды. Соңында еріп келе жатқан сүйікті мама киік оның жалт бұрылғанына түсіне алмай, соңындағыларын ертіп алға тарта берді. Ал, қасқабас теке әлгі құбыжықтың алдына түсіп, бар күшімен шауып келеді. Кенет, бірнәрсе тарс еткендей болды да, құлағы шыңылдап бітеліп қалды. Мына гүрілдеген екі аяқты бәледен шамалы жер қашсам құтылып кетемін-ау деп ойлағаны сол еді, тағы да құлақ тұндырар ащы дауыс гүрс етті. Осы мезет әлі құрып бара жатқандай сезінді ол. Талай пәледен құтқарған төрт аяғы өзіне бағынбайтын секілді. Әлгі соңынан қалмаған екі аяқты құбыжық үстіне құлады ма білмейді. Әйтеуір еркін игеріп жүрген денесі енді ауыр тартып, төңірек түгел қараңғыланып кетті. Қанша уақыт өткенін кім білсін, жайлап көзін ашты. Әлгі өзін қуған екі аяқты құбыжық қасында жатыр. Тағы бір екі аяқты адам ба, ыңырситын сияқты. Қасқабас теке денесі қанша ауырсынып қақсаса да ақбөкенге тән қайсарлықпен сыр бермеуге тырысты. Бірақ, өзін қуған екі аяқтының жантүршігерлік аянышты үніне шыдай алмай, қанша қиын болса да отты көзін қадап, бақшиып қалды. Ал, ол ыңыранып жатыр. Оны аяп кетті. Тіпті, орнынан тұрғызып жібергісі келді қасқабас текенің. Маңайды қараңғылық басты. Әлгі құбыжық ыңыранудан басқа түк білмейді. Айқайлаған ащы дауыс жақындап келеді де, қайта ұзап кетеді. Кенет ащы бір жағымсыз дауыс айналаны жаңғыртып гүрс ете қалды. Түнімен ыңырсып жатқан екі аяқты құбыжық аяқ-қолын созып, пәйіз тапқан-ау шамасы. Қимыл, қозғалыссыз жатыр. Дыбыс жоқ. Қасқабас теке де басқа тұңғиық иірімге батып бара жатты.

 

***

Табылды қатты қиналды. Қозғалайын десе өз денесі өзіне бағынбайды. Мейлі бәрін қойшы, мүйізін тірідей кесіп аламын деген мына бір қасқабас текенің өзіне қадалған мөлдір қара көзі өңменінен өтіп барады. Неге мен осындай тұнық көздердің тұнығын лайладым екен деп ойлады. Осы сияқты кейбір қаракөз қарындастарды да қан қақсаттым-ау деді іштей. Ойлағаны болмаса тіптен ерні де жыбырлаған жоқ. Осыдан аман-есен қалсам ешкімнің де көңіліне қаяу түсірмеспін. Қайран дүние-ай. Мына қаракөз киіктің көзі неткен өткір еді. Денесі қозғалтпайды. Ойы мың-сан. Қорланып жатыр. Қимылдауға шамасы жоқ. Ерні кеберсіп, қатты шөлдегенін сезді. Қанша уақыт өткенін болжай алмады. Бір ай, тіпті, бір жыл өткендей болды. Ағайындары мен ауылдастарының іздемегені несі деп ойлады. Енді мені ешкім іздеп келмейді. Жақын төңіректе қыбыр еткен жан баласы жоқ. Айдала, елсіз мекенде жаны қиналып жалғыз жатыр. Бүйтіп қор болып, тірідей ит-құсқа жем болғанша өлгенім артық. Миына мықтап бекіген осы ой айналып шықпай қойды. Табылды қасында жатқан мылтығын әзер дегенде қолына алды. Қорлық өмірден осы артық деді де, ұңғысын басына тақап тұрып шүріппесін басып қалды. Сол сәтте-ақ тұңғиық, беймәлім, бұрын көрмеген, түсініксіз қараңғылыққа сіңіп бара жатты. Бойынан жан кеткен қасқа теке әлдеқашан беймәлім иірімге сүңгіп кеткен.

 

***

Арада бір жарым жыл өткенде әлдебір малшы жоқ іздеп жүріп, айдалада жатқан мотоциклдің үстінен түсті. Соның хабарлауымен ауыл адамдары іріп-шіріп кеткен адам қаңқасын әкеліп ауыл зиратына қойған деседі. Өткен көнекөз қариялардың «әрнәрсенің бір зауалы бар» дегені осы да.

Пернебай Өтжанұлы, зейнеткер.

 

 

Пікір қалдырыңыз