Тәуелсіздік және тарих тағлымы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласының мәні мен маңызы ерекше. Тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихына арналған, өткенді саралап, бүгінгіні баянды етіп, келешегімізге бағыт-бағдар көрсететін мақалада қамтылған мәселелер сан алуан. Мемлекет басшысы бұл еңбегін «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» деген тақырыпшаларға бөліп, туған халқымен ой бөліседі.
Біздің мақсат – Президент мақаласындағы «Таным мен тағлым» жайында айтылған ойларды хал-қадерімізше саралап, тәуелсіздік және тарих тағлымы жайында пікір сабақтау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бүгінде тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ, тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек» деп толғанады.
Тәуелсіздік дәуірі басталған отыз жылда дүниеге келген ұрпақты бақытты ұрпақ десек болады. Азаттық аренасына шыққан елімізде бір ұрпақ ауысып үлгерді, сол себепті де «егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс» болып келеді. Бұл шын мәнінде қуанарлық жағдай.
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үш жүз жылға жуық бодандық қамытын киді, отарлаушылардың айтқанына көніп, айдауында жүрді. Бостандық үшін күресті, азаттық үшін арпалысты, осы жолда сан рет қырғынға ұшырады. Осындай ауыр кезеңді басынан кешірген бүгінгі ұрпақ өткен тарих тағлымын, халық басынан өткен нәубеттерді ешқашан жадынан шығармауға тиіс.
Соңғы отыз жылда атқарылып жатқан игі істер, жақсы бастамалар аз емес, солардың бастауында, әрине, ұлт шежіресін түгендеуге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы тұр десек артық айтқандық болмас. Бұл бағдарлама бірнеше ғасыр бойы бодандық қамытын арқалаған арда халқымыздың тарихын түрлі бағыттар бойынша зерттеді, қаншама археологиялық қазыналар табылды. Том-том еңбектер жарыққа шықты, олар халық қазынасына айналды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға айрықша үлес қосты. Осы аралықта Мемлекет басшысының «Сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?» деген аса күрделі сұрағы бізді терең ойға жетелейді. Демек, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жасалған, жазылған, зерттелген, тарихи сананы рухани жағынан жаңғыртатын асыл мұраларымызды тек қана ғылыми орта деңгейінде, сала мамандарының игілігі ғана деп қалдырмай, «қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені, тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс». Бұдан түйетініміз, атқарылған ізгі істеріміздің жемісі қалың қазаққа, соның ішінде жас ұрпаққа қолжетімді болуы керек. Атқарылған істер аз емес, сол істерді одан әрі жалғастыру міндеті де күтіп тұр.
Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бұл – жаңа технологиялар заманы. Сан ғасырлық тарихымыздағы тәуелсіздік үшін күрескен, азаттық үшін арпалысқан бабаларымыздың ерлік шежіресін баяндайтын көркем фильмдер, тарихи шығармалар аз емес. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл дүниелер аса қымбат байлық. Дана халқымызда «өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» деген тәмсіл бар. Бодан күй кешкен, әсіресе, күні кешегі бар қазақты «бостандыққа» жеткіздік деп алдаусыратқан кеңестік қоғамда өткен тарихқа топырақ қана емес, күл шашып өмір сүрдік. Сананы жаңғыртуда, тарихи сананы қалпына келтіру жолында көркем фильмдердің атқаратын рөлі өте зор деп ойлаймыз. Осы бағытта түсірілген, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдерді Президент ерекше атап көрсете келе «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деп осынау игі істерді одан әрі жалғастыруға пәрмен берді.
Тәуелсіздік тарихы жайында айтқанда Алаш қайраткерлерін айрықша айту – біздің перзенттік парызымыз, ұлы тұлғалар алдындағы мәңгілік қарызымыз.
Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрдайым Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін жанын пида етіп күрескен батыр бабаларымызды, әсіресе, Алаш ардақтыларын ұдайы еске алып отырады. Мысалы, Елбасы бір кездесуде «Алашорданың мүшелері алғашқы Ақпан революциясына ілесе шыққан күрескерлер еді. Олар патша құлаған соң еркіндік бола ма деп сенді. Алайда, большевиктер саясаты бұл үмітті ақтамады» деп атап көрсеткен болатын. Иә, бір ғана Алашорда үкіметі ғана емес, бүкіл қазақ халқының үміті ақталмады, жалған саясат, қара күшпен, қантөгіспен келген өкімет «сендерге теңдік, бостандық әпердік» деп сендірді, шын мәнінде алдады. «Бостандық» деп өлең жазбаған ақын кемде-кем еді. Алаш ұранды әдебиеттің ірі өкілі Мағжан Жұмабаев та «Бостандық» атты өлең жазып,
Қыбырлаған қоңыздар,
Қорсылдаған доңыздар,
Тілегің болды – қуан, күл.
Бостандық – ізгі періште,
Кетпекке ұшып ғарышқа,
Ақ қанатын қомдап тұр, – деп күңіренді.
Елбасы аса бір ізгілікпен: «алашордалықтар алған бетінен қайтпай, еркіндік ұранын айта берді. Ақыры сол үшін құрбан болды. Біз ол кісілердің ойлаған ойы, аңсаған арманы үшін де құрметтеуіміз керек. Әрекет ойдан басталады, сөзден басталады. Тәуелсіздік ойын оятқан сол асыл ағаларымыз. Сол мұратқа қол жеткізу бақыты біздің ұрпақтың маңдайына бұйырды» дей отырып, баршамызды кешегі аяулы ағаларды құрметтеп, тағзым етіп отыруды естен шығармауға шақырады.
Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағлым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп тапсырма берді. Бұдан шығатын қорытынды, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың, елдің қазіргі Президенті Қ.К.Тоқаевтың бұл аманаттары Алаш қайраткерлерін танудың, танытудың жаңа кезеңін бастауға шақырады. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аясында бұл тапсырмалардың дені жүзеге асады деп сенеміз.
Ресей империясының бодандығында болған екі жарым ғасырдан астам уақыттың (1731-1991) ең бір азапты, қасіретті шағы кеңестік дәуір кезеңінде (1917-1991) өтті. Ашаршылық (1921-22, 1931-1933), байлардың мал-мүлкін тәркілеу (1928), Алаш қайраткерлерін қуғындау (1926-1937), «халық жауларын» әшкерелеу (1936-1938), Ұлы Отан соғысы (1941-1945) сынды зұлматтарды басымыздан кешірдік. Осы қасіреттердің ішінде, әсіресе, ашаршылықтың ерекше апат болып келгені ақиқат жайт. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деді аталған мақаласында Мемлекет басшысы. Бұл қасірет тарих өлшемімен алғанда күні кеше ғана орын алған оқиға. Дана халқымыз «өлі риза болмай, тірі байымайды» деп жайдан-жай айта салмаған. Аштық құрбандарын, жазықсыз жапа шегіп мерт болған құрбандарды, Алаш аманатын арқалап тәуелсіздік үшін мерт болған аға-апаларымызды еске алып, тағзым етіп, сол тарихтан тағлым алып отыру, қорытынды шығару, сол қасіреттердің қайталанбауы үшін күресуіміз керек.
Президентің «Таным мен тағлым» жайында айтқан ой толғауларының бір парасы әйгілі Желтоқсан көтерілісі жайында өрбіпті. «Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек».
Желтоқсан оқиғасын көзімен көрген Президент өрімдей жастарымыздың Кеңес Одағы сынды алып империяға қарсы қаймықпай алаңға шығуын ерлік деп бағалайды, азаттық үшін болған күрестің нәтижесі 1991 жылғы тәуелсіздікке ұласты деп ерекше атап көрсетеді, азаттықтың алғашқы қарлығаштары жасаған ерлік лайықты бағасын алатын кез келді деп санайды.
Президент өз мақаласында «Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек» деп түйін жасайды.
Біздің Президент мақаласына үн қосудағы мақсатымыз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» екенін жан жүрегімізбен түсініп, соның ішіндегі тарих тағлымынан алар ғибраттарды жас ұрпақпен бөлісу болды. Ұлы Даланың ұландары Мәңгілік ел болу мұратын алға қойып, тәуелсіздіктің Көк туын биік желбірете береріне сеніміміз кәміл.
Баршагүл ИСАБЕК, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.