Президент жер туралы жел сөзге нүкте қойды

Апта басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың арқауы – ұлы құндылығымыз Тәуелсіздік. Иә, биыл еліміздің егемендік алғанына отыз жыл толып отыр. Қазақ мұндай жасты нағыз күш-қуаты толысқан, жігері жалындаған жасқа теңейді. «Отызында орда бұзған» деген теңеу осыдан шыққан.

Айтса айтқандай, Тәуелсіз Қазақстан да төрт аяғын тең басқан, өзгелермен терезесі тең мемлекетке айналды. Сан ұлттар мен ұлыстар Қазақстан атты үлкен шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына басқа елдер қызыға да, қызғана қарайды. Әрине, мұндай мамыражай өмір өз-өзінен келе салған жоқ. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында жолда кездескен кедергілер мен қиындықтарға қарамастан талай асулардан астық. Қазіргі таңда еңсесі тіктелген, бәсекеге қабілетті ел болуымыз – бірінші кезекте Елбасы саясатының төңірегіне топтасып, бір мақсат, бір мүдде жолында ауызбіршілікпен еңбек етіп келе жатқанымыздың арқасы.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласындағы «Бағдар мен белес» атты кіріспесінде мемлекетіміздің қалыптасу жолына кеңінен шолу жасапты. Сонымен бірге алдағы атқаратын міндеттердің ауқымдылығына да баса назар аударған. «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ал, «Қоғам мен құндылық» деп аталатын бөлімде жер туралы былай дейді: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын». Міне, Президенттің осы сөзі кейбір арандату пиғылымен халықтың арасына іріткі салып жүргендерге түбегейлі нүкте қойды деп есептеймін. Яғни баға жетпес байлығымыз жер сатылмайды. Ендігі уақытта жер туралы жел сөзге ерік беріп жүрген азаматтарға баршамыз да тойтарыс беруіміз қажет.

Бәрімізге белгілі, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы беріліп, киелі мекен облыс орталығына айналды. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы секілді күннен-күнге кемелденіп, шырайланып келе жатқан Түркістан қаласы баршамыздың көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Түркістанды түлету жайлы мемлекет басшысы өзінің мақаласында атап өткені біздерді тағы да қуантып отыр. «Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздіктің тартуымен келген құнды дүниелерді бағалай білу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Біз, аға буын өкілдері, Президент мақаласын қолдай отырып, онда айтылған міндеттерді жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз.

Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз