Ай астынан қайттым мен талай ұлып...

Нұрғали Ибрайым 1955 жылы Шардара ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет атқарған. Ақынның өлеңдеріне Ә.Тәжібаев, Ш.Айтматов, Е.Бөкетов, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ж.Боранбаев, Ф.Оңғарсынова секілді сөз саңлақтары жылы лебізін білдірген. Бала күнінде атақты Асқар Тоқмағанбетовтің батасын алған. «Періште пейіл» атты өлеңдер жинағының авторы.

Мағжан сөмкесі

Көрсеткісі келгендерден желкесін,

Асқақ ұстап өтіпті Ақын өр төсін.

Қараңызшы, қандай көркем, келісті,

Мағжан аға ұстап өткен сөмкесін!

Реңі де, жарасымды пішім де,

Қанша жырлар сақталды екен ішінде?

Қаншама ару көзін сатып сыртынан,

Қанша сұлу көрген екен түсінде?!

Арғымақ жыр дүбірлетіп жер төсін,

Ақын жаны болатұғын ерке шын.

Қанша бауыры құштар болды ұстауға,

Ақын аға қолы тиген сөмкесін?!

Жүрегімен жазған хаттар жаралы,

Тебірентіп жатыр қазір даланы,

Айғағындай қанша ұйқысыз түндердің,

Көзге ыстық, мына сөмке бағалы,

Алашымның таң боп атты батқаны,

Армандардың таралуда тәтті әні.

Асылдардың жарқыратты мұрасын,

Азаттықтың арайлаған ақ таңы!

 

Жүр, қалқам, Ақсу жаққа апарайын

Жүр, қалқам, Ақсу жаққа апарайын,

Қарсы алады еркелеп бота қайың.

Қарсы алады ақ таң да алау атып,

Бізді қимай ақырын батады Айым.

Жүр, қалқам, Ақсу жаққа апарайын,

«Асыра жырлайсың» деп қапа ағайын.

Әуеніне елітіп бұлақтардың,

Сыр ақтарғың келеді, жыр ақтарғың.

Ақсу жақта күй тартпау мүмкін емес,

Домбыраңның құлағын бұрап барғын.

Сыйласына сәлемі сияқты екен,

Құлпырып иілгені құрақтардың.

Шипа дейді суының балдыры да,

Шалынасың гүліне, шалғынына.

Ескі жол, ескен самал, қашқан сағым,

Бұрыннан танысыңдай барлығы да.

Ауылға қайтқың келмей қиналасың,

Қынжылып уақыттың тарлығына.

Көрік болған ауылы-аймағына,

Рахман суындай қайнары да.

Күбі піскен әдемі қыз-желеңнің,

Күлкісі мен ынтықпын қаймағына.

Қызығасың қонағын төрге оздырып,

Дастарқанын көңілді жайғанына.

Сен мұнда қыр асасың, жар асасың,

Қарт шыңдармен әп-сәтте жарасасың.

Қалың бұлт иығыңа төңкерілсе,

Уысыңа алам деп таласасың.

Жай ойнап, омырауыңды жауын шайып,

Түрленеді түрің мен қара шашың.

Алма басқан көшені, ауланы да,

Аузыңды ашасың бау-бағына.

Атанжілік жігіттер бие байлап,

Таңдайыңды қағасың сауғанына.

Қымызына қызынып, бетің жанып,

Мейірімің қанады саумалына.

Ақсу жақта болмайды пәс дегенің,

(Айтқанымда жалған жоқ, әсте, менің).

Қаратаумен қауышқан Алатауым,

Ақ желкені сияқты бас кеменің.

Ақсу жайлы абыздар аңыз айтып,

Алып қайтып жатады жас керегін.

Айтайын ба?

тағы қаз-үйректерін,

Ысқырса мың үйірілген үй кептерін,

Ақсуға апарайын жүр, қарағым,

Өз қолыңмен жинап-тер жидектерін.

Бұратын да тұратын осы жаққа,

Бұйрығын бере алады бүйрекке кім?!

...Жүр, қалқам, Ақсу жаққа апарайын!

 

Адасып қалды-ау талай еңселі өлең

Алысып жүргенімде кеңсеменен,

Адасып қалды-ау талай еңселі өлең.

Қонса деп ем көліме аққу-қаздар,

Шөліме гәкку-наздар келсе деп ем,

Адасып қалды-ау талай еңселі өлең!

Өткенді келмесе де қайталағым,

Жарамды айтпай қалайша жай табамын?!

Айтар әнім тұншығып уысымда,

Ернімді қыршып ап.

Байқамадым.

Жарамды айтпай қалайша жай табамын?!

Жан шуағын сұрадым жаратқаннан,

Азулыға тап болдым қарап, қарғам!

Қанатты арман қатайды уызында,

Жылулық көрмеген соң қабақтардан,

Тістінің қулығы мен құрған торы,

Қауіпті улы қару-жарақтардан,

Азулыға тап болдым қарап, қарғам!

Байқасаң түгелі де түр-тұлғалы,

Жалған бауыр тартады ұлтын бәрі.

Ұмтылғаны өтірік сүйегенсіп,

Ызамды келтіреді күлкімді әрі,

Жалған бауыр тартады ұлтын бәрі.

Дауысым жағаны ұрып, жал айырып,

Ай астынан қайттым мен талай ұлып.

Жабайылық тақтыдан қалмайды екен,

Шамаң жетсе талайды ал айырып,

Ай астынан қайттым мен талай ұлып!

Алысып жүргенімде кеңсеменен,

Адасып қалды-ау талай еңселі өлең.

...Ерсе деп ем соңыма жас керуен,

Қалың орман сөзіме сенсе деп ем,

Адасып қалды-ау талай еңселі өлең?!.

 

Алғашқы қар

Алғаш рет тұрмын биыл қар ұстап,

Тамылжиды қар астында таныс бақ.

Көк теңіз де қол ұстасып мұнармен,

Көшемізден кетіпті, әне, алыстап!

Боз аспаннан ән тербеттім, жыр құрап,

Бұйрат құмдар бұрым шашты бұлдырап.

Қалың қарға тайып түстім, бір құлап,

Ұят болды-ау, анау бала күлді, қап!

Кешегі шу қалған сынды,тіпті,ұмыт,

Түгел аймақ қандай әсем,тұп-тұнық!

Білсең айтшы,қайда екен аппақ қыз,

Қарлы кеште қоятұғын күттіріп!

Арқамнан да,жанымнан да,алдан да,

Аялдамай қар жауып тұр бар маңға.

...Қарашада түскен жұмсақ,кірсіз қар,

Ұқсайды екен мендегі аппақ арманға!

 

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым!

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым,

Бұла өскен бір төлісің бұл даланың.

Сарқылмас сағынышымды тарқата алмай,

Мұңсыз күнде осы мен мұңданамын.

Айта алмай алқынамын, білесің бе,

Ащы менен тұшының кімге мәнін?

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым,

Қызғалдақ қаптағанда қырда қалың.

Құс екеш құсыңыз да қайтарында,

Қанатымен айтады бір хабарын.

Сызылтып құстар салған сырлы әуенді,

Сызылып қандай әсем тыңдағаның!.

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым,

Суды кеш, сұлу кеште нұрға малын.

Аударылған бұлттардың көрмейсің бе,

Орамалын өзіңе бұлғағанын?!.

Туған жердің жұлдызы биік, қарғам,

Тұнығына қанықшы түнгі ауаның.

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым,

Түрленуі-ай, сен келсең бұл даланың!

Еркелеп ерген самал айтады ма,

Ұйқымды тәтті елесің ұрлағанын?

Күрек тісің көрініп күліп тұршы,

Бұлғақтап бұрымың мен сырғаларың!

Сүйріктей сүйсінбейді тұлғаңа кім,

Өлеңіммен кеудеңе гүл қададым.

Бір күні кемсең қағып іргеде әнім…

Ақырғы рет атыңды қайталармын,

Ауылға келіп-кетіп тұр, қарағым!.

 

Аязды түн немесе әже құшағы

Жауатын құмда қалың қар,

Салатын әлек асығып.

Кереге жалдар, адырлар,

Алатын бетін жасырып.

Қарғаның үні қарлығып,

Қанатын бәсең қағатын.

Шағылдың қарын шар қылып,

Аң ғана ізін салатын.

Есімде, бәрі есімде,

Киіз үй тұрған ықтағы.

Аязды түннің кешінде,

Түңліктен түтін шыққаны.

Суықтан сулар қататын,

Қызыл шұнағың қысады.

... Жылытып мені жататын,

Әжемнің ыстық құшағы!

 

Жырға жүрмін қана алмай...

Ағартатын шашымды,

Жат тірлікке бармадым.

Адал ішіп асымды,

Анық жолды таңдадым.

Адамзаттың түгелін,

Алаламай тең көрдім.

Шаншығанда жүрегім,

Күлісімен емделдім.

Алыс пенен жақынның,

Айырмадым арасын.

Айтуымен ақылдың,

Түзелді көз қарасым.

Бөлген жоқпын ұйқымды,

Түн жарымда күдікпен.

Түстер көріп сүйкімді,

Жолға шықтым үмітпен.

Қатарыма – кішіге,

Жақты жұмсақ әзілім.

Тас лақтырған кісіге,

Қайта атпадым – жазығым.

Сұлулықтан ар-иба ап,

Қаламымды ұштадым.

Жан серігім – табиғат,

Туған жерім – құштарым!

Шуақ түсіп әр тұстан,

Күн күлімдеп, таранды Ай.

Ассам да асқар Алпыстан,

Жырға жүрмін қана алмай!

 

 

Қара жауын

Етегінен тартып түннің тұңғиық,

Қараңғыда қара жаңбыр тұр құйып.

Астында біз тұрушы едік жауынның,

Есіңде ме, бір суынып, бір күйіп!

Көз алдымда түгелі де түріңнің,

Мүсініндей сұлу едің құлынның.

Өзім емес, сені іздеп жүрегім,

Терезеден сыртқа қарай үңілдім.

Ақ тамшылар салып жатыр сыбырға,

Білесің ғой салатұғын бұрын да.

Қараңғыда қанаты əлсіз торғайлар,

Паналайды бұталардың ығында.

Талайларды ойландырған, жылатқан,

«Жаңбыр төөктү»

Келіп жатыр құлаққа əн.

Ақ тамшыдан мөлдір едің, əнім-ау,

Таза едің таудан аққан бұлақтан.

Əлі ұйқым келер емес түк менің,

Таң алдында соғатындай күткенім.

Самайыңа ақ түссе де сағынтқан,

О, сұлулық, не деген сен, мықты едің?!

 

Теңіздің жасы

Қамығып қабағы,

Жабығып жанары,

Ақ айдын арнадан,

Алыстап барады.

Асығып, алқынып,

Табысқан шарқ ұрып,

Су қашып барады,

Табаны тартылып.

Бұлттан күн шығып,

Көз салды күрсініп.

Жағалау жасиды,

Жасырын тұншығып.

Кім сұлық...

Кім керең?!

Түршігіп тұр денем.

Жағамды ұстадым,

Жағада кірлеген.

Қураған құрағы,

Құлазып тұр әні.

Жасына теңіздің,

Айтшы кім кінәлі?!

Нұрғали ИБРАЙЫМ.

 

 

Пікір қалдырыңыз