Игі бастамаларымыз баянды болсын!

Құрметті түркістандықтар, облыс қонақтары! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Мереке қарсаңында біз өткен кезеңнің қорытындысын жасап, келер жылға жоспар құрып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз.

Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл баршамыз үшін оңайға соққан жоқ, алайда, біз оны бірлік пен ынтымақтың, еселі еңбектің арқасында лайықты аяқтап жатырмыз.

Өткен жылы біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды болды. Кәсіпорындарымыз 481,3 млрд. теңге сомасында өнеркәсіп өнімін өндірді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 688 млрд. теңгені құрап, облыс елімізде жетекші орынға ие болды.

Сонымен қатар, облысқа тартылған инвестиция көлемі 66,7 пайызға өсті, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында. Облыс экономикасын дамытуға 11 айда 551,8 млрд. теңге инвестиция бағытталды.

Облыс «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыруда да жетекші орынға ие. Мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 287 жобаға жетті.

Бұдан басқа, республика бойынша халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең жоғары көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі. Биыл біз 548,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Осылайша, жоспардан тыс тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары орындалып, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен іске асырылды.

Бүгінгі таңда облыста оңтүстік аудандардың дамуына оң серпін беретін 67 жоба іске асырылып жатқанын ерекше атап өткіміз келеді. Бұл жобалар ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылым құруға бағытталған. Ауылдық жерлерде мектептер мен ауруханалар салуды, жолдар салуды және газ құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, өңірде бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, жаңбырлатып суару технологиясы енгізілуде. Осы жобалардың ішінде – Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін құру, бір алқаптан 2-3 рет өнім алу, сондай-ақ Түркістандағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған су арналарын реконструкциялау жобасы бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде Түркістан қаласы күннен-күнге дамып, жаңаруда. Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттері қасиетті қаланың дамуына жаңа серпін береді.

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні Түркістан қаласының «Hazret Sultan Airport» халықаралық әуежайына Нұр-Сұлтан қаласынан алғашқы әуе рейсі келіп қонды. Жақында еліміздің рухани астанасында «Hampton by Hilton Turkistan» халықаралық деңгейдегі қонақүйі ашылды. Алдағы уақытта облыс орталығында тағы да бірқатар жаңа нысандарды пайдалануға береміз. Осылайша, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы – Түркістанымыз халықаралық деңгейдегі қалаға айналады.

Құрметті жерлестер!

Біздің алдымызда үлкен және жауапты міндеттер тұр. Оның ішінде, әрине, Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру – негізгі міндет. Сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын, рухани-мәдени саланы көтеру мақсаты тұр. Сіздер өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көріп отырсыздар.

Туған өлкеміздің игілігі үшін еңбек етіп, күнделікті еңбегімен ортақ іске үлес қосып жүргендердің барлығына алғысымызды білдіргіміз келеді.

Келе жатқан жылда ә рбір игі істеріңіз бен бастамаларыңызға сəттілік серік болып, жағымды жаңалықтары мен телегей табыстары мол жыл болсын!

Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке тілейміз!

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі.

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз