Үрей сейілді, үміт мол

2020 жыл – бір есеңгіретіп барып, ес жиғызды. Тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп жыл болды. Бірақ, осы бір сын сағаттары қазақтың бір-бірін өкпеге қиса да, өлімге қимайтынын, өте бауырмал екенін байқатты. Індет жылы өнер адамдарының есінде несімен қалды? Өздерінен естиік.

Әлібек ШЕГЕБАЙ, ақын:

– Өтіп бара жатқан жыл оңай болмады. Қаншама жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздан айырылып қалдық. Бұл жыл адамға адамның қадірін арттырған, тәубеге келтірген жыл болды. Індеттің екпіні күшейген мазасыз мезгілде қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Шүкір, қазір тәуірміз. Бірақ, солай екен деп босаңсуға, еркінсуге әлі ерте.

Биыл Оңтүстіктің ақын-жазушылары жазған дүниелердің бәрін бірдей білемін деп айта алмаспын. Әйтсе де белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мархабат Байғұт ағамыздың «Түркілер төрі Түркістан» атты тарихи-танымдық деректі дүниесі әдебиетіміз үшін үлкен байлық болды. Ханбибі Есенқарақызы апамыздың ұзақ жылдарғы ізденісінің нәтижесінде қалың оқырманға жол тартқан, Алаш қайраткерлерінің аманатындай болған «Ақ жол» газетінің 25 томдық жинағын да осы жылдың олжасы деуге болады. Сонымен қатар, талантты жазушы Бақтыгүл Ауданованың «Ай толғатып жатқанда», жас жазушы Абылайхан Есімбайдың «Кедей қызы», сарыағаштық белгілі ақын Мұрат Бекейдің «Қыңырақ», ақын қыздарымыз Гүлнәр Өмірбектің «Жанымның жапырағы», Фатима Забурақызының «Жарық ғалам» атты кітаптары да өз оқырмандарымен қауышты. Бұл аз олжа емес.

 

Марат ОРАЗМЕТОВ, опера әншісі:

– Кімнен сұрасаң да бұл жыл жайлы әңгіме «Ковидсіз» басталмайтын шығар. Еңсемізді бір зілмауыр басып тұрғандай болды. Өз шығармашылығым туралы айтсам, биыл Түркістан облыстық опера және балет театрында «Құшағымда бар ғалам» атты шығармашылық кешімді өткіздім. Репертуарым біраз жаңа әндермен толықты. Енді келесі жылы ел іші тынышталса, туған жерім Кентау қаласында, іргелес жатқан Түркістанда концерт өткізуге ниет етіп отырмын. 10 сериялы «Әл-Фараби» кинофильмінде Фарабидің әкесінің рөлін сомдадым. Одан бөлек, қысқаметражды фильмдерден төбе көрсеттім. «Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымы» директорының орынбасары қызметіне ауыстым. Өмірімізде осындай азды-көпті жаңалықтар болды. Ал, келесі жылы 2020 жылда кеткен есемізді қайтарып, екі есе еңбектеніп, елге жақындай түсеміз деген үміттемін.

 

Руслан НҰРМАН, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі:

– Ескі жылда өнерде жүрген игі жақсылардың біразынан көз жазып қалдық. Қазақтың қапияда жер қойнына тапсырған адамы аз болмады. Өнер де жұтамағанмен, жүдеді. Мәдениет ошақтарының бәрі бір күнде қаңырап қалды. Әншейінде де «біз халықсыз ешкім емеспіз» деуші едік, шынында да, көрерменсіз жүніміз жығылып қалатынын өн бойымызбен сезіндік. Емен-жарқын күлуден, емін-еркін жүруден қалдық. Сондықтан әуелі алдағы жылы елдің тыныштығын, бәз-баяғыдай мамыражай күн кешуін Алладан сұраймыз.

Биыл театр да пандемияның салдарынан 5-6 ай қашықтан жұмыс істеді. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» спектаклінде әскери комиссардың рөлін, Шахмет Құсайыновтың «Әл-Фараби» спектаклінде Борахан ханның рөлін сомдадым. Бұл жыл театрдан жарқырап көрінуге мүмкіндік бермеді. Есесіне, осы карантиннің кесірінен екінің бірі блогер болып кетті. Смартфонның тілін түсінетіндер көбіне жастар болған соң әлеуметтік желіде сөкет сөз, орынсыз әзіл, анайы роликтер көбейді. Сондықтан соған кереғар, тәлім-тәрбиеге бағыттайтын, ой салатын қысқа, 5-10 минуттық роликтер түсіруді жоспарлап отырмын.

 

Жанат ҚАЛМЕТОВА, цирк әртісі:

– Көктемде әжептеуір ауырдым. Қалалар арасында блокбекеттер қойылып, қоғамдық көліктер тоқтап, ел іші азан-қазан болып жатқан шақта дене қызуым көтеріліп, тұмауратып, әбігерге түстім. Бірақ, өз жауапкершілігімдегі аңдардың қараусыз қалғаны, оларға кез келген адамның жақындай алмайтыны ойыма түскенде төсектен қалай атып тұрғанымды білмеймін! Мендегі пневмония осылай басталып, осылай бітті-ау деймін.

Манежге жиі алып шықпасақ та жыртқыштың аты жыртқыш. Жұмыс істеп тұрмасаң үйреткеніңді ұмытып қалады. Сондықтан жыл он екі ай елдер қашықтан жұмыс істегенімен, өзім жұмысқа келген 30 пайыз әртістің ішінде жүрдім. Қысқасы, биыл сахнаға жиі шықпағанымызбен, жұмыстан қол үзген жоқпыз. Еңбектендік, енді осы еңбегіммен жаңа жылда фестивальдарға қатысып, өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Ескі жылға ешқандай өкпеміз жоқ, келер жылдан үмітіміз мол!

Сауалнаманы жүргізген Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз