Гидті алмастыра алатын такси жүргізушісі

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістандық Ерлан Ходжаев 7 жылдан бері көлік жүргізеді. 25 жасар жігіт әу баста әртүрлі жұмыстың басын шалып көрді, нәтиже болмады. Сосын «пятакқа» (клиент күтіп тұратын автокөліктер орны) барып, өз көлігімен адам тасымалдауға көшті. Қазір такси жүргізушілерінің қызметі де талапқа сай дамыған. Бұрынғыдай клиент күтіп тұрмайды, технология дамыған. Автокөлік жүргізушілері ұялы телефондарына «Indriver», «Яндекс», «Region», «Uber» қосымшалары арқылы байланыс жасап, сол арқылы күнделікті нәпақаларын тауып жүр. Шағын қаланы бес саусақтай білетін ол жолаушыны кез келген мекенжайына лезде жеткізіп салады. Мұндай такси жүргізушілеріне сұраныс та көп. Ерлан одан бөлек түрлі агенттіктермен тығыз байланыс орнатып, тауарлар тасумен де айналысады.
– Таңертеңгі сағат жеті мен онның арасында, кешкі сағат бестен түннің бір уағына дейін жұмыс қызады, – дейді Ерлан. – Орысша айтқанда – «час пик». Көшедегі адамдардың көптігі соншалықты, таксилер адамдарды тасымалдап үлгере алмайды.
– Көпшілікке қызмет көрсету оңай емес. Олардың арасында неше түрлі мінездер кездеседі. Қиын емес пе? – дедік біз.
– Әрине, әр жұмыстың өз ауыртпашылығы бар. Бірақ, біз еріккеннен көшеге шықпаймыз. Күнкөрістің қамы. Отбасымызды асырау керек. Тәуекелге бел буған сайын түрлі қиындықтар да кездесе береді, – дейді ол. Таңнан түнге дейін рөльде отырған адам қалжырайды. Әсіресе, көліктер көбейген кезде және түнгі уақытта жол жүру оңайға түспейді. Оның үстіне көлігіңе мінезі шәлкес немесе мас адамдар мінсе, мазаңды алып, жүйкеңе тиеді. Әдепсіз қылықтарынан жиреніп, түңіліп кетесің. Амал не, клиенттің аты – клиент. Оның қалауына көнесің. Дөрекілік танытуға болмайды. Барынша сыпайы болуға тиіссің. Барар жеріне жетіп алған соң келіскен жолақысын түгел төлемей қашып кететін, қайта өзіңді тілдеп, ұруға тайынбайтын адамдар да ұшырасады. Біреулер балағаттап кетеді.
Әсіресе, ауа райының қолайсыз күндерінде сапарға шығу қиынға соғады. Оның үстіне көлігі де көне. Жүрген сайын бұзылады. Жөндетуге де аз қаржы кетпейді. Үйінің коммуналдық төлемдерге берешегі және бар. Кейде шай пұлынан кішкене тиын-тебен артылса, оған да шүкіршілік қылуға тура келеді.
Оның айтуынша, Түркістан қаласы туристік орталық болғандықтан көктем, жаз айларында зиярат етушілердің қарасы көбейеді. Туристер көбейген кезде табысы да жаман болмайтын көрінеді. Осыған байланысты өз ұсынысын айтты. Туризмді дамыту үшін киелі жерлерге саяхат жасайтын арнайы бағыттарды қамтитын турагенттіктер көптеп ашылып жатса, нұр үстіне нұр! Себебі, көне шаһарға табан тіреген қонақтар ең алдымен сол жердің тарихына, қонақжайлылығына, мәдениеті мен тағам түрлеріне назар аударады. Барлық құндылықтарды көпшілік болып жан-жақты дәріптей білсек қана келушілер Түркістанды жаңа қырынан таниды. Бұл ретте такси жүргізушілері де жол көрсетіп, жөн сілтейтін гидтің рөлін атқара алатындай болуы керек. Түркістанда киелі мекендер мен туристерді қызықтырар орындар жетерлік. Ал, бұл мәселе бізде тиісті дәрежеде насихатталмай келеді.
Ерлан былтыр жазда басынан өткен бір жағдайды еске алды. Күндіз «Indriver» қосымшасына Алматы қаласынан келген қонақтардан Түркістаннан Шәуілдірге алып бару туралы ұсыныс түседі. Оны көрген Ерлан тапсырысты өзі қабылдап, көрсетілген нөмірге қоңырау шалады. Сөйлесе келе меймандарды Түркістанға жақын жерлерде орналасқан әулиелі орындарға апарып-әкелуге келіседі. Көлігіне отырған алматылықтардың арасындағы жас келіншек әсем қала туралы таңданысын жасыра алмады. Оның айтуынша, оңтүстік астанадан шаршап-шалдығып жеткен олар вокзалдан түсе сала такси жүргізушісіне қонақүйге жеткізіп салуды сұранған. Түркістанды жақсы білмейтін жүргізуші ме, бәлкім ерінді ме, бұларды: «қалада ешқандай қонақүй жоқ» деген сылтаумен орталық базардың манынан қалдырып кетіпті. Олардың басқа қаладан екенін біліп, көрсеткен қызметіне ұялмастан қымбат сұраған. Мұнан өткен масқара тірлік бола ма? Меймандар түркістандық таксилер туралы осындай жағымсыз пікірде қалады ғой. Алданғанын кейін түсінген қонақтар жібі түзу, жөн білетін адам жолығар деген оймен қайта такси шақырады. Қысылтаяң сәтте адал әрі шаһардың аумағын жақсы білетін Ерлан секілді азаматты жолықтырғандарында қуаныштарын жасыра алмады. Жағдайды түсінген жүргізуші қолжетімді қонақүй мен қалтаға қонымды мейрамхананы да ерінбей тауып берді.
Келіскен уәде бойынша олар Отырардағы «Арыстан баб», «Отырар төбе», Түркістандағы «ГауҺар ана», «Шахан ата», сондай-ақ, «Үкаша ата» әулиелердің басына зиярат етті. Қонақтардың арасындағы жасы үлкені, зейнеткер Әмина апайдың бұрын киелі өлкелер туралы көптеген тарихи кітаптарды оқығанымен, оларды аралауға мүмкіндігі болмапты. Осы кезге дейін алтын уақытын бекер өткізіп алғанына өкінеді. Енді ұрпағыма қажет болар деген ниетпен келіпті. Көрген-білгенін өзінің немерелеріне айтып бермек. Ал, өзінен кейінгі Қатираш жастайынан массаж жасаумен айналысады екен. Бүгінде науқасты уқалап емдеудің барлық қыр-сырын меңгерген маман келісімшарт бойынша әлемдік жарыстарға қатысатын спортшыларға арнайы массаж жасайды. Бойындағы ерекше қасиетін Алланың берген сыйы деп бағалайды. Сол қасиет киелі топыраққа жетелеген. Ал, Әсемнің өмірде жолы болмай жүр екен. Жан серігін жолықтырып, бағы ашылуын тілейді. Зияратқа сондай мақсатпен келген.
Олардың әңгімесін естіген Ерлан туған жері – Түркістанның керемет жерлерін көрсетіп, бар білген-естігендерін әңгімелеп берді. Қонақтардың алғысын алғанда үлкен іс тындырғандай қуанды. Түркістандық такси жүргізушілері туралы оң пікір қалыптастырғанына өзі де риза. Қоштасарда олар алған әсерлерімен бөлісіп, келешекте киелі өлкеге қайта келетіндерін айтты. Таяуда әлеуметтік желіде ұмытылмас сәттерден суреттерін салып, жылы пікірлер жазғанын оқығанда кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.
Шілде айында да Ақтау мен Атырау қалаларынан туристер арнайы ат басын бұрған еді. Батыстықтар да Түркістанның кешегісі мен бүгініне тәнті болды. Оларды екі күндей армансыз аралатты. Кітаптан оқыған бір басқа, көзбен көрген қандай ғанибет! Осылайша туризм саласында азды-көпті тәжірибе жинақтаған Ерлан Ходжаев зиярат етушілерді «Indriver» арқылы өзі қабылдап, қаланы туристік бағытта таныстырып шыққан еді.
Облыс орталығына айналған қаланың келешекте адам танымастай өзгеретініне, туристік бағыттардағы жолдардың жақсаратынына Ерлан бек сенімді. Ол – такси қызметінің күрделі әрі жауапты екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүрген азамат. Алдағы уақытта өз алдына кәсіп ашуды көздеп отыр. Әзірге онысы құпия. Біз өзін-өзі жұмыспен қамтып, бүгінгі таңда киелі шаһардың қонақтары мен тұрғындарына мінсіз қызмет етіп жүрген Ерлан Ходжаевтың тындырымды тірлігіне тәнті болдық.
Алматыдан,Марияш 18.06.2021-де барсақ
бізге де,Ерлан сияқты таксист керек еді