Бақытжан ӘБДІРАЙЫМОВ, заң ғылымының докторы, профессор: «Халыққа соттың әділ болғаны керек»

Үлкен өмірімнің бастауында сөзінде тұратын адамға кездестім...

Мен уәделескен уақытта Бәкеңнің офисіне келдім. Кабинетін тауып алып, есігін қақтым. Іштен «кіріңіз» деген дауыс естілді. Кірсем, ол кісі біреумен телефонмен сөйлесіп отыр екен, орнынан тұрып, қол алып сәлемдесті, маған «мұнда отырыңыз» деп, өзі қарсы жағыма келіп отырды. Мен келгенге дейін басталып кеткен телефондағы әңгімені бірден үзуге ыңғайсызданған болса керек, тағы бес-алты минуттай сөйлесіп, «жақсы, Әбеке» деп қоштасты.

– Генерал Абай Тасболатов қой, қазір мәжілісмен, – деді. (Мені Абай Тасболатовтың кім екенін біледі деп айтып тұр ғой. Әрине, араласпасам да кім екенін, Қорғаныс министрінің орынбасары, «Ұланның» қолбасшысы болғанын сырттай білемін ғой). Сосын, есіне бір жайт түссе керек, сәл жымиып алды да сөзін жалғады:

– Мен Еуразия Ұлттық университетінде ректор кезімде Әбекең бізді өздерінің қаланың сыртындағы полигонына апарып, бүгінгі қару-жарақтың қандай екенін, оларды әскери жаттығуда қалай қолданатындарын көрсетті. Содан екеуміз өзара әңгімелесіп отырғанда мен айттым:

– Сіздерде бойдақ жас офицерлер көп, бізде қыздар көп, соларды бір-бірімен таныстырсақ қайтеді?

Ұсынысым ұнады.

– Мынау бір әдемі идея екен. Келіңіз, онда әскери бал ұйымдастырайық!

– Келістік!

Біздің алдағы бал жайлы жарнамамыздан кейін қыздарымыз екі апта дайындалумен болды-ау... Содан жүзге тарта жас офицерлері мен сарбаздарын ертіп Әбекең келді, біз жақтан оқытушы қыздар, лаборант, ректорат қызметкерлері, басқалар... Бал керемет өтті! Нәтижесі не болды дейсіз ғой? Екі ай өткенде бал себепкер болған алғашқы жұп той жасады. Ең қызығы – әскери жігіт біздің қызға емес, біздің қызметкеріміз әскери қызға үйленді! Кейін жұрт күткен қалыпқа келді ғой – екі офицер біздің екі қызымызға қосылды. Содан келер жылы екі шілдеханаға бардық: жас отбасылардың біреуі ұлының атын Абай қойыпты, екіншісі Бақытжан қойыпты! Жаңа сөйлескенде Әбекең соны еске салып, сұрап жатыр, рахмет айтып жатыр...

Мен сіздің сұрақтарыңызды көрдім... Жауап бере берейін.

– Кешіріңіз, сізге мен жібердім бе? Қане, телефоныңызды бере тұрыңызшы, көрейін... Бәке, басқа адам жіберген екен. Менің сұрақтарым өзіммен бірге.

– А, солай ма екен? Онда қоя беріңіз.

– Сіздің Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейінгі қызмет жолыңыз таң қалдырады. 1992 жылы университетті бітірдіңіз, 1993 жылы Жоғарғы арбитраждық соттың мүшесісіз, ал, 1995 жылы Жоғарғы соттың судьясы болдыңыз. Бұл – әрбір судьяның, заңгердің өмірімнің соңына дейін бір жетсем деп армандап өтетін мансабы ғой... Ал, біздің сұхбатты оқып отырған кез келген оқырманның көкейінде «ойпырмай, соған қолы қалай жетті екен, ненің арқасында жетті екен?» деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Өзгерістер дәуірінде біреулер аз уақытта аспандап көтеріліп, енді біреулер заңғар биіктен құлап жататыны белгілі, дегенмен де...

– Иә, дұрыс айтасыз, бір емес, екі-үш салада менің қолым жеткен биік көп адамның мансаптық тұрғыдан арман етер шыңы болары рас...

Сіздің сұрағыңызға бүгінгі күннің тұрғысынан қарайтын болсақ, әрине, бұл түсініксіз, «қалайша кеше ғана университет бітірген, аспирантурада әлі оқып жүрген баланы, ол кезде судьяларды Жоғарғы Кеңес бекітетін еді, Жоғарғы арбитраждық сотқа, содан кейін Жоғарғы сотқа судья етіп алады?»

Бұны түсіну үшін біз сол уақытқа оралуымыз керек. Бір сөзбен айтсақ, ол тәуелсіздікті енді алған кезіміз. Біздің салада мамандар өте аз болған. Сосын арбитражда өзге ұлттың өкілдері көп еді... Ал, мен университетті бітірерде, 5-курста, Любовь Алексеевна Моисеева және Олимпия Алексеевна Грибанова есімді екі судьядан практикадан өткен болатынмын. Міне, осы екі әйел Мемлекеттік арбитраждық соттың төрағасы Тетеркин Иван Алексеевичке барып, «мына жігітті өзімізде қалдырайық, ынтасы бар, білімі жақсы екен, бізге осындай жастар керек» деп мақтапты. Мен оны білген жоқпын. Практика бітіп жатқанда ол кісі мені шақырды: «Осылай да осылай... Бірақ, дәл қазір бос орын жоқ. Босаса шақырамын». Мен «рахмет» дедім де, кете бардым.

Оқу бітіп, мен аспирантураға түстім, өзім таңдаған тақырыпты зерттеп жүрмін. Бір жарым жылдан кейін кафедраға арбитраждық соттан «Әбдірайымов бізге келіп кетсін» деген қоңырау шалыныпты. Мен төрағамен болған әңгімені ұмытып та кеткенмін, кейін есіме түсті. Бардым. Кадр бөлімінің маманы «сізді жұма күнгі сағат 16-ға жазып қоямын» деді. Айтылған сағатта төрағаға кірдім. «Мен сізге берген уәдемді ұмытқан жоқпын. Маған кеңесші болып келіңіз, орын босады» деді ол кісі. Мен сасып қалдым. «Сізге ризамын. Мен үшін бұл үлкен құрмет! Бірақ, дайын емеспін, аспирантурада оқып жүр едім. Отбасыммен ақылдасайын». «Жақсы. Бүгін – жұма. Дүйсенбіге келсеңіз – жұмысқа кірісесіз, келмесеңіз – ғылымда қалғаныңыз, мен ренжімеймін».

Қаратау қаласында тұратын ата-анама телефон соқтым. Әкем – шахта инженері, барғанымды дұрыс көрді. Жазушы ағам марқұм Сәбит Әбдірайымовқа хабарластым, ол да «шақырды ма – бар, диссертацияны жұмыс істеп жүріп-ақ жазасың» деді. Дүйсенбіде жұмысқа шықтым ғой.

– Сіздің сол кезде келіскеніңізге мен қуанып отырмын... Себебі, байқасаңыз, менің бір израильдік танысым айтқандай, өзін кемі мың жыл өмір сүретіндей көретін бейқам қазақ осындай күніге жасалмайтын ұсынысқа мән бере бермейді, ал, басқалар ондайды мүлт жібермейді. Алланың адамға сол адамның қолымен беретін несібесін, әсіресе, алғашқысын қабыл ала білген жанға Алла да берген үстіне бере түседі екен, биікке жастай шыққан тұлғалар сонысымен ерекшеленеді екен. Сіздің жағдай дәл соның жарқын көрінісі болып тұр...

– Менің ол кезде мемлекеттік қызметті қуу ойыма да келген жоқ еді. Тек маған ондай адамның ұсынысы, сенімі мәртебе болды ғой.

– Айып болмаса, ол кісінің ұлты орыс па еді?

– Орыс. Павлодар облысында туып-өскен жан болатын. Сонымен, жұмысқа кірісіп кеттім. Бір жақсы мақала жазып бердім. Үш ай өтпей шақырды. «Қарап отырмын, жазу стилің, сауатың жақсы екен, заңдарды да меңгергенің көрініп тұр. Мен сені мемлекеттік арбитр, бұл – Жоғарғы соттың мүшесіне пара-пар қызмет, соған ұсынамын» деді. Мен «біразырақ істейін, тәжірибе жинайын да» деп едім, «қызметте пісесің!» деді. Өзінің бұйрық беріп тағайындай алатын құзыры бар, сол жерде бекітті. Сөйтіп, жұмысқа наурызда кірген едім, маусым айында мемлекеттік арбитр болдым...

Заңды тұлғаларға қатысты мәселелерді қарай бастадым. Біраздан соң Мемлекеттік арбитраж Жоғары төрелік сотқа айналды, заң қабылданды, бізді Парламентте, Жоғарғы Кеңесте бекітті. Мемлекеттік арбитраж енді мемлекеттік емес, төрелік сотқа айналғаннан кейін сот жүйесіне жасалған реформа бойынша бізді Жоғарғы сотпен біріктірді, үлкен комиссия құрылды. Комиссия бәрімізден заңды қаншалықты білетіндігіміз бойынша емтихан қабылдады. Мен кеше ғана университет бітіргенмін, бәрі басымда сайрап тұр, сонда да жақсылап дайындалдым. Мен емтиханды комиссия мүшесі Игорь Иванович Рогов деген профессорға тапсырдым. «Мына заң былай қолданылуы, мына заң былай қолданылуы керек» деп сұрақтың бәріне сартылдап жауап бердім. Сол кезде Рогов «мен бұл жігітті студент кезінен білемін. Ярославльде оқып жүрген жерінен Қазақстанға келіп, бізде өткен ғылыми конференцияға қатысты, баяндама жасады, онысы өте жоғары баға алды» деп жұрт алдында мақтап, өте жақсы мінездеме берді. Емтихан қорытындысы бойынша Жоғарғы сот мүшелерінің тең жартысы төменгі соттарға кетуге, тең жартысы қайта қабылдануға тиіс еді. Рогов мені мақтаған соң комиссия мүшелері, оның ішінде Жоғарғы соттың төрағасы, марқұм Мақсұт Нәрікбаев та отырған, мені қолдап, Жоғарғы соттың мүшелігіне өттім...

Жоғарғы сотта азаматтық алқа мен шаруашылық істер алқасында қызмет еттім, ҚР Судьялар одағының төрағасы болдым, Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі болдым, қысқасы, 1992 жыл мен 2002 жылдар арасында он жыл судья болып жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, әуелі Алла Тағала қолдады мені, сосын үлкен өмірге қадам жасағанымда Тетеркин секілді сөзінде тұратын, әрі адамдарға өзін көрсетуге мүмкіндік беретін асыл жанға кездестім...

 

Батыста кеше пайда болған медиация, қазақта баяғыдан бар...

– Сол кезде сот жүйесіне реформа жасалып жатты: күн тәртібінде ағылшын-саксон жүйесіне өтеміз бе, жоқ әлде континенталдық жүйеде қаламыз ба деген сұрақ тұрды...

– Ол мәселеге тереңдемей-ақ қояйын, себебі, халыққа – сізге, маған, оған – керегі бір-ақ нәрсе, соттың әділ болғаны керек! Міне, осы сұраққа сот жүйесі жауап беруі тиіс. Сол жүйедегі әрбір жеке адамға халықтың сенімі зор болуы керек. Ол үшін әлгі адам халықтың ортасында жүруі керек, ыстық-суықтың бәрін халықпен бірге көруі, соған халықпен бірге төзуі керек. Кеңес заманында «халықтық судья» дейтін, себебі, оны халық сайлайтын. Сайлағандықтан «бұл – біздің судья» дейтін. Судья халық алдында жауап беретіндіктен жүзі жарқын болуға тырысатын. Біз соттың тәуелсіздігін күшейтеміз деп оларды тікелей Президент өкімімен тағайындап, олардың халықпен екі арадағы байланысын және оларға деген халық сенімін жоғалтып алдық, жақсы дәстүрімізден айрылып қалдық...

– Ежелгі римдіктердің «әлем күйресе күйресін, бірақ әділет салтанат құратын болсын» деген ұстанымы маған қатты ұнайды, сіздің пікіріңіз де сол қағидамен қабысып тұр.

– Адам баласы суыққа, аш-жалаңаштыққа, тағы басқа да құқайларға шыдайды бірақ әділетсіздікке шыдай алмайды, өйткені, қалғанының бәрін қорғап тұратын қалқан осы әділеттілік. Біздің судьялар әрдайым осыны есте ұстағандары жөн.

– Мен өз басым іс түпкілікті шешілуі үшін төменнен жоғары қарай, вертикалдық жазықтықта жүретін қазіргі әлемдік сот жүйесі емес, бір биге барумен бітетін, бітпесе горизонталдық жүйемен мүлдем басқа биге барумен бітетін қазақтың билер сотынан артық әділетті жүйе жоқ деп білемін. Біз 2003 жылғы сот реформасы кезінде оны ішінара болса да жаңғыртуға әрекет жасамадық. Ал, сіздің билер сотын өмірге енгізуге көзқарасыңыз қалай?

– Билер соты деген не? Билер соты – әр ауылда, әр өңірде халықтың сеніміне ие болған, білімі мен тәжірибесі сай келген адамның дауды шешуі. Мемлекеттік судья деген ол кезде жоқ. Біз Ресейге бодан болған кезден бастап сот жүйесі де мемлекеттік жүйеге айналды. Әлемнің барлық елінде сот жүйесі мемлекеттік жүйе болып саналады. Сондықтан біз әзір оны өзгерте алмаймыз.

– Өзгерту емес, билер сотының жақсы жағын біртіндеп сот жүйесіне енгізуге бола ма деген сұрақ.

– Әрине, болады! Бітімгершілік, медиация – билер сотының бір түрі. Батыста медиация бүгін пайда болды, біздің қазақта ол ХІІІ-ХІV ғасырдан бері бар, оның пайда болған отаны – қазақ даласы. Қазақ қандай дау болса да бітімгершілікпен шешкен. Біз бітімгершілікті енгізіп жатырмыз, бірақ, бізге оның Еуропадан немесе Америкадан келмегенін айтуымыз керек. Оның жақсы жағы көп, мысалы, даудың бітімгершілікпен бітетіні, айқай-шусыз шешілетіні, түрме-абақтымен емес, құн төлеумен шешілетіні, кепілдікпен шешілетіні, т.т. Соның ішінен тек бітімгершілікті ғана енгізіп отырмыз. Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов бұл мәселеге көп көңіл бөлуде. Жалпы қазақта сотқа жиі жүгіну жақсы нәрсе емес, жұрт ондайларды бәлеқор деп атаған. Сотта сіз бір қадам артқа шегінсеңіз, қарсыласыңыз да бір қадам артқа шегінуі тиіс, бұны «мәміле» дейді. Жақып Асанов соттарға «даудың бәрін мүмкіндігінше мәмілемен шешіңдер, екі жақ бір-бірімен бітіспес жауға айналып кетпесін» деп жатыр.

– Сіз соттағы, парламенттегі қызметтен қандай ой түйдіңіз?

– Бізде мансапты былай түсінеді – бүгін бөлім басқарсам, бір жылдан кейін басқарма басқарсам, 3 жылдан кейін төрағаның орынбасары, ал, 5 жылдан кейін соттың төрағасы болып отырсам дейді. Бұл өте қате көзқарас. Менің ойымша әр адам өзінің алдына қойған мақсатына жетуі, мысалы, әкім немесе министр немесе сот төрағасы болу үшін «менің бойымда қандай қасиет, қандай машық, қаншалықты білім қандай деңгейде болуы тиіс, мен қайтсем сол биік мансапқа лайық боламын, солай болу үшін не істеуім керек?» деген сұрақ қоюы тиіс. Ол осы сұрақтарға жауап бере алатын жағдайға жетсе, қосымша шет тілдерін үйренсе, ой-парасатының көкжиегін кеңейтсе, өзінің саласымен шектесетін тағы бір-екі саланы меңгерсе, әне, сол кезде мансап адамның алдына өзі келеді. Сонда жоғары жақта «бұл азаматтың кәсіби деңгейі өте жоғары, ұжымының алдында да абырой-беделі биік, оны көтерсек жаңылыспаймыз» деген пікір қалыптасады. Мысалы, мен бірде бір қызметті өзім барып сұраған жоқпын, «мені ректор қойыңдаршы» деген емеспін. Содан кейін де шығар, менің қызметте жолым болғаны... Мен әр туған күнімде өзіме есеп беремін: «Бақытжан, өткен жылда не істедің, қандай жаңа нәрсе үйрендің, қандай жаңа дағды, қабілет пайда болды сенде?» деп сұраймын. Күніге жатарда міндетті түрде 40-50 минут кітап оқимын... Мысалы, мен қазір америкалық компаниялардың семинарына қатысып жүрмін. Бұл – заманның ағымы. Мен сол инновациялық ағымға сай болуым керек. Семинар тақырыбы: «Жобалау менеджменті» деп аталады. Кез келген жобаны қалай дайындау, қалай қадағалау, қалай іске асырудың қағидалары, заңдылықтары бар, соны үйретеді. Мен осы оқығанымды өзімнің тәжірибеммен салыстырып көремін...

 

Математиктердің мәселе шешу әдісі ешкімге ұқсамайды

– Сіз сот билігі мен өкілеттік биліктегі қызметтен кейін ректор болдыңыз. Алдыңғы екі билік бір-біріне ұқсауы мүмкін, ал, университет мүлдем басқа дүние ғой, мұнда басқарушылықтан басқа ғылым мен ағартушылық бар. Ректор болу қаншалықты қиын немесе оңай болды?

– Мен оған дейін кандидаттық және докторлық диссертациямды қорғадым, яғни ғылымнан қол үзген жоқпын. Жоғары оқу орындарында көп жыл дәріс оқыдым, мен қазір де сабақ беремін, магистранттарды, докторанттарды дайындаймын, яғни ұстаздық машықтан да айырылып қалған емеспін. Еуразия университеті ашылған кезде ректор Мырзатай Жолдасбеков ағамыз мені заң факультетіне сабақ беруге шақырған болатын. Мен университетте істеген кезде Ақселеу Сейдімбеков, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтарбай Өтелбаев, Жабайхан Әбділдин секілді қазақтың мақтан тұтар ұлдарымен қызметтес, дастарқандас болдым, бұл мен үшін үлкен бақыт еді. Олардың маған тигізген әсері, ықпалы зор болды, олар маған дүниеге басқаша, кеңірек қарауға үйретті, бұл менің баға жетпес байлығым болды.

Солардың ішінде мен математиктерге өте үлкен көңіл бөлдім, себебі, математик болу көп адамның қолынан келе бермейді. Мен математиктерді бір қуыста отырған жерінен ректордың қасына алып келдім, ең жақсы аудиторияларды бөлдім, барынша жағдайын жасадым. Жұрт «біздің ректор математик емес пе өзі?» деп таңғалады екен. Неге сөйттім? Себебі, елдің атын шығаратын, оны алға сүйрейтін ғылым – осы математика. Әлемде ең жоғары жалақы алатындар – бағдарламашылар, ал, олар қайдан шығады – математиктерден шығады. Математиктердің мәселе шешу әдісі ешкімге ұқсамайды, себебі, олар мәселені ең қысқа жолмен шешеді.

– Сізді жұрт Еуразия университетінде ғылымды дамытуды жолға қойған басшы деп біледі. Сіз оны қалай дамыта алдыңыз?

– Мен ғалымдарға былай дедім: «Біз дамуымыз үшін сіздер үш талапқа сай болуларыңыз керек.

Бірінші, дамыған елдердегі ғылыми журналдарға мақалаларыңыз көптеп шығуы тиіс.

Екінші, мемлекеттік ғылыми-зерттеуге бағытталған гранттарды немесе шетелдік гранттарды көбірек жеңіп алу.

Үшінші, кафедра қанша оқулық немесе монография жазды?

Осы 3 индикатормен жұмыстарыңызды бағалаймын.

Ең жоғары санатта мақала жазсаңыз, мен сізге 300 мың теңге, екінші санатта жазсаңыз 200 мың теңге, үшінші санатта болса 100 мың тенге төлеймін. Егер орыс тілінде монография немесе оқулық жазсаңыз, мен оны қазақша тегін аудартып беремін» дедім.

Міне, осы кезден бастап кімнің кім екені анық көріне бастады... Біз бір жылда қазақ тілінде 28 оқулық, келесі жылы 43 оқулық шығардық. Әйгілі математик, Гарвард университетін бітірген түрік ғалымы Әлемдар Хасаноғлы менің кеңесшім болды.

– Сол жылдары мемлекет университетке қаншалықты көмек көрсетті?

– Мемлекет қаржы берді-бермеді деп қарап отырмау керек, университет өзінің қаржысын ең маңызды бағыттарға жұмсап отырса болғаны.

– Университетке қандай көздерден ақша түсіп тұрды?

– Мемлекет бөлген қаржы және ғылыми-зерттеу жұмысымызға өзгелер төлеген ақша.

– Ал коммерциялык бөлімнен ше?

– Біз ақылы оқуды шектегенбіз. Мен бірінші болып елде сырттай оқу бөлімін жауып тастадым. Онда білім жоқ, бұл – менің ұстанымым. Бізге ол жылдары «Алтын белгімен» бітірген 2000 бала оқуға түсетін, бұл жағынан біз бәрінен жоғары тұрдық. Олар – шетінен тұлпарлар, сәйгүліктер, бірінен-бірі озып оқуға тырысады. Ақылы оқуды шектеу үшін мен оқуға түсу балын жоғары етіп қойдым.

– Сіздің осы істеріңізге жоғары жақтан кедергі болған жок па?

– Мен заңгер болғандықтан оның бәрін заң аясында істедім. Және менің көздегенім мемлекет мүддесі екенін бәрі көріп тұрды.

– 1991 жылдан бері жалпы ішкі өнімнің жыл сайын ғылымға бөлінер үлесі бір де бір рет 0,3 пайызға да жетпегеніне қалай қарайсыз?

– Мен бұл жерде ғылыми орта талап қоюы тиіс деп ойлаймын. «Жыламаған балаға емшек жоқ». Бұл мәселені қазір Білім және ғылым министрі қолға алып жатыр.

– Үш жылда ойлаған іс-жоспарыңыздың бәрін іске асыра алдыңыз ба?

– Ең басты мәселе біздің жастардың өзіне деген сенімін күшейту және біздің ғалымдарымызға деген елдің сенімін күшейту болды. Мен шетелдегі озық университеттерде оқып жүрген қазақ студенттерді алып келіп, біздің студенттер мен олардың арасында білім сайысын өткіздім, сонда біздің студенттер жеңіске жетті. Сосын мен олардан «не үшін шетелде оқып жүрсіңдер?..» деп сұрадым. Еліміздегі жоғары оқу орындарының арасынан әлемдік рейтингке алғашқы болып кірген біздің университет болды. Біздің ғалымдар да шетелдік ғалымдардан кем емес.

Жалпы, мен өз ойымның шамамен сексен пайызын іске асырдым. Біз сол кезде өзгелерден 10-15 жыл алда жүрдік деп ойлаймын. «Хирш индексі», «скопус» дегенді біз сол кезде-ақ бастағанбыз.

– Гарвард, Кембридж, Оксфорд, Йелль, Стэнфорд, т.б. әлемдік озық университеттермен иық теңестіру үшін бізге не керек?

– Мен осы сұрақты кеңесшіме қойдым. Ол маған 3 нәрсе керек деді: жақсы студент, жақсы мұғалім, жақсы қаражат. «Жақсы студент бар ма? Бар». «Жақсы мұғалім бар ма? Бар». «Жақсы қаражат бар ма? Жоқ...»

Жоқ болса да қолдағы бардың өзімен жаман жұмыс істемеген сияқтымыз...

– Уәлбай Өмірбаев секілді атақты ғалымдарымызды елімізге қайтып әкелуге бола ма?

– Уәлбайға мен келе салып пәтер бердім, «сен біздің мақтанышымызсың» дедім. Ол Америкаға кеткісі келді. «Жарайды. Бірақ, мен сенің жалақыңды сақтап, саған аударып тұрайын, ал, сен біздің жас ғалымдарды өз университетіңде тағлымдама өтуге шақырт, байланысты жоғалтпа». Талай баламыз сол жаққа барып оқып, тағлымдамадан өтіп келді.

– Оның өзі елге келгісі келмей ме, жоқ әлде біз шақырмай жүрміз бе?

– Ондай адамдарға өзінің деңгейіне сай, ой-пікірімен бөлісе алатын ғылыми орта керек. Сонда ғана ғылым дамиды, сонда ғана ғылымда жаңалықтар ашылады.

– Философтар «сан сапаға ауыспай тұрмайды» дейді ғой, аманшылық болса біздің талантты жас ғалымдарымыз да жетіліп, сондай орта бізде де пайда болар деген оптимистік нотада сұхбатымызды аяқтайық. Көп рахмет сізге, ісіңіз алға баса берсін!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз