«Қызғыш құсың мен едім...»

Пендеге жетпейтін нәрсе көп, ал, әлем ешнәрсеге зәру емес. Әлемге бір жетпесе – адамдардың ақындық көзбен қарауы ғана жетпейді. Мына әлемге ақындардың көптік етпейтіні содан. Әр ақын ғаламзаттың сырын, сұлулығын әр қырынан көреді, әр қырынан жырлайды. Осылайша олардың дүниені жырлауы ғаламдық деңгейдегі симфонияға айналады. Сол симфониялық оркестрдегі әр музыкалық аспаптың үнін ажырату – ол енді басқа әңгіме.

Қазақ поэзиясына сексенінші жылдары келіп қосылған талантты шоғырдың ішінен ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Баян Бекетованың күміс шықтың үзіліп түскен сәтіндегідей діріл үнін тез-ақ ажыратып аласыз. Себебі, оның поэзиясындағы дыбыстардың өзі ерекше таза сыңғырымен, ойнақылығымен ерекшеленеді. Баян ақын қарапайым әлеуметтік тұрмысты жырлап отырып-ақ үлкен-үлкен ойлар айта алады.

Бір қолымда қаламым,

бір қолымда қазаным.

Тербетем де бөпемді,

өлеңімді жазамын.

 

Еркелетсе жан-жарым,

ашам үйдің ажарын.

Театрым үйімде

балбөбегім – базарым, – деген жыр жолдары бір қарағанда өте қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда, мына жырдың ар жағынан ақын тағдыры, ақын болғанда да әйел-ақын тағдыры қылаң береді.

Баян Бекетованың шығармашылық әлеміне қызығушылығымыз «Ұйықтамайды жұлдыздар» атты өлеңдер жинағы қолымызға түскенде басталды. Жинақтың алғысөзін қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әли жазған екен. Қадыр ақынның берген бағасы Баян Бекетова поэзиясына деген ықыласымызды одан сайын арттыра түсті. Баян Бекетованың әрбір өлеңі сонау сексенінші жылдары жастар мен студенттер аудиториясында жоғары бағаланып жатыпты. Ол кезде өлеңіңді студент-жастар мойындаса – ақынсың. Тоқсаныншы жылдары ақынның поэзиядағы жұлдызы тіптен асқақтап, жыр додаларында, мүшәйралар мен конкурстарда топ жарып, бірнеше дүркін халықаралық фестивальдердің лауреаты атаныпты.

Ақын шығармаларының тақырыбы әрқилы. Ол нені жырласа да жүрекпен жырлайды. Ал, жүрек ешқашан өтірік айтпайды. Бүгінгі поэзияға бір жетпесе, осы Баян поэзиясындағы шынайылық жетпей жүрген жоқ па екен?!

Ағылшын ақыны Томас Элиоттың «Поэзия – қанның сияға айналуы» деген керемет сөзі бар. Бұл пікірге қосылмасқа шара жоқ. Расымен де ақын жүрегі сүзгі іспетті. Көз айнасынан жаныңа не түсті, қаныңа не сіңді, сол туады.

Ақын өлеңдерін оқи отырып, қоғамдағы барлық әлеуметтік, азаматтық, ең бастысы, адами болмыс, жан тазалығы сияқты құбылыстарды кеңінен қамтитынын байқар едіңіз. Мәселен, «Базына» деген өлеңіндегі мына бір шумақтарға назар аударыңызшы.

Ақын болу бағым ба, азабым ба?

Көріп келем қиынын, ғажабын да.

Теңіз-ойдың тереңін кешіп жүріп,

Өлең өрдім өмірлік ғазалымда, – деген осы бір шумақтың өзінен Баян Бекетова ақындықтың ауыр жүгін оқырманына сезіндіргісі келеді. Сөз басында бірден «Ақын болу, бағым ба, азабым ба!?» деп өзіне риторикалық сұрақ қойып алады да, соңынан сол сұрақтың жауабын өзі іздейді. Өрімдей кезден өлең жазуға деген құштарлық, жаңа жыр жазар кезіндегі жан дүниесінің астан-кестең күйге түсуі, қонақ келіп қалған кездегі өлеңім аяқталмай қала ма деген үрей – бәрі-бәрінен ақынның сөзге деген, сөз өнеріне деген жауапкершілігін көресіз.

Жанарына тұтас жұмыр жердің өзін сыйдырып жіберетін ақын бірде-бір құбылысқа бей-жай қарай алмайды. Ол жырлағанда жансыз заттың өзіне жан бітіп кетеді. Жәй адамдардың түсіне адамдар ғана кіретін болса, Табыл ақынның түсіне сәйгүлік, Баян ақынның түсіне балбал тастар кіреді. Поэзияның құдіреті де осында!

 

Ғұмырды ұзарту үшін бе,

Алдайды шексіз бір армандар.

Неге осы кіріп жүр түсіме

Тас мүсін балбалдар?

 

Балбалдар, балбалдар,

Көненің көзі боп қалғандар,

Тарихтың куәсі болғандар

Тасқа айналып қалғандар, – деген шумақтардың әр жолынан лирикалық меннің тылсым әлемнің сырын ұғуға деген құлшынысын аңғаруға болады.

Уақыт, заман алдындағы жауапкершілікті терең сезіну ақынды қайраткер дәрежесіне көтеріп жіберетіндігіне тарихта мысал көп.

Баян Бекетова шығармашылығы жайлы ой толғанғанда, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың: «Баян Бекетованың өлеңдеріндегі шындықтың шыңғырған ащы айқайы өлең түсінетін, поэзияны іздеп оқитын адамды жалт қаратады» дегені еске түседі. Фариза Оңғарсынованың жас талантты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Жалғыздық» атты жыр жинағына алғысөз жаза отырып, қапысыз танығанына қайран қаласың.

Баян Бекетова Махамбетті өршіл рухта жырлап отырып та әйелдік нәзіктігінен танбайды.

Мен – бал-балауса қыз едім –

Судан таза, қардан аппақ жүрегім.

Мен мөп-мөлдір шық едім,

Сол жүректен күміс тамшы үземін, – деп-ақ Махамбеттің «Мен, мен, мен едім, Мен Нарында жүргенде, еңіреп жүрген ер едім» стихиясымен үндесіп кетеді. Махамбет өз толғауы арқылы Исатай батыр өлгеннен кейінгі көңіл-күйін білдірсе, Баян Бекетова «Сыртым міне, су жаңа, Ішім – ірің бүгінде» деп тебіренеді.

Сөзден маржан түземін.

Мұхит мұңға батам көп.

Сен – батыр да, мен – ақын,

Сөз рухы – Махамбет!

Осындай отты жырлары арқылы батыр рухына тағзым етеді. Махамбетті ақындықтың Хантәңіріне балайды. Өзін Махамбеттің қызғыш құсы ретінде көреді.

 

Ер Махамбет сен едің,

Қызғыш құсың мен едім.

Жеткізетін алашқа

Махамбеттің сәлемін.

 

Қауырсыны – қаламым,

Нұрға малып аламын,

Жырға малып аламын.

Аламын да жүрек боп,

Лаулап-лаулап жанамын.

Жалт-жұлт етіп жанарым.

Әр қазақтың жүрегін

намыс болып қаримын.

Жігер болып жанимын.

Қайрақ болып қайраймын.

Семсер болып суырылып,

О, Махамбет бабам, арызыңды

Ұрпағыңа аман-есен күйінде

Ғасырға алып барамын.

 

Сәлемің боп жетем де,

Отты осып, тас жарған

Тілің болып қаламын.

Сәулесіндей еркін Күн,

Нұрың болып қаламын.

Нұрдан тамған ақ тамшы

Жырың болып қаламын.

Айдыныңды айшықтар

Қуың болып қаламын.

Күйге бөлер көліңді

Дуың болып қаламын.

Ал, сен болсаң, ұлы рух -

Дүние тұрғанша тұратын

Қазағымның қайраты –

Нуым болып қаларың

Ғасырлардың арманы

Бостандықтың байрағы –

Туым болып қаларың,

Ақиқат қой, Махамбет бабам! – деп төгілтеді.

Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын алтын кілт – ақын жүрегі. Ал, ақын жүрегі – адам жанының бағбаны, адам көңілінің айнасы.

Самалға маңдай сүйдіріп,

Табанды құмға күйдіріп,

Дидары – дария дүние,

Мен Сені сүйем, сол күйі

Құйттай кеудеме сыйдырып, – деген жолдарды оқыған адамның өмірге ғашық болмауы мүмкін бе, өмірді сүймеуі мүмкін бе?!

Жуырда көрнекті ақын, алдаспан сыншы Аян Нысаналы Баян ақын туралы «Қазақ әдебиеті» (№41,20.11.2020ж.) газетінде «Сапфоның сіңлісі» атты мақала жариялады.

«Жүрегімде Жер шарының салмағы,

Кеңістігің болып кетті тар тағы.

Көрінеді, сезіледі жаныңа,

Жетіқат дүниенің ар жағы.

Жетіқат дүниенің ар жағы ...

Біз көрмеген азап, дозақ қалмады.

Ақын жұтқан ауа ащы, су – заһар,

Көрдім, көндім –

Тағдыр басқа салғаны!

(«Мен сені сағынғанда»)

Қалай-қалай құйқылжытады! Теңіздер тебіреніп, өзендер өрекпіп, таулар теңселгендей. Адамның төбе құйқасы шымырлап, сезімге шабады. «Жүрегімде Жер шарының салмағы». Бір сөзден бір сөз өтеді. Дәл осы жерде ол өзінің жеке басының қайғы-мұңын емес, бүкіл адамзаттың жүрегіндегі уақыт, заман салмағын ишаралайды, әрі-беріден соң осы ғасырдың бүгінгі сипатын ашып бергендей күй кештіреді. Сөйтіп, буынға құрт түсіреді... Қай кітаптан болса да осындай өмірлі өлеңдер жиі ұшырасады. Еңіске салсаң – төске шабады! Өлең өресі биіктеп, өрісі артып, көркемдік кеңісі кеңейіп барады. Өйткені, ақын шексіздікпен шектесетін шеберлік шыңына шығандап келе жатыр. Шығыс шапағына шомылған шайырдың қолтаңбасы әбден қалыптасыпты...» дейді Аян Нысаналы аталған мақаласында. Өлеңнің қуаты жайында бұдан асырып не айтарсың?!

Баян Бекетова бүгінде қазақ поэзиясындағы өзімен қатарлас тегеурінді толқынның алдыңғы легінде келеді. Талантты ақынның сырлы өлеңдері оқырмандарынан өз бағасын алып, шығармашылығы мен қызмет саласында атқарған еңбегіне лайық құрметке ие болып отырғаны да көңіл қуантады. Баян Бекетова 2008 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық ІІ Түркі поэзиясы мүшәйрасының, халықаралық «Сорос-Қазақстан» қорының «Қазақстандағы жаңа поэзия» бәйгесінің жеңімпазы, Алматы қалалық әкімдігінің «Абай оқулары», Қала күніне арналған қалалық ақындар мүшәйрасының, т.б. көптеген жыр додаларының жүлдегері атанды. Оның өлеңдеріне 30-дан аса ән жазылып, айтылып жүр, әсіресе, «Ақ маржан» әні хитке айналды. Ол – «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің, «Тіл ардагері» төсбелгісінің иегері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы. 2016 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды.

1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 2002 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы жанындағы поэзия кеңесінің мүшесі.

«Әлемді сұлулық құтқарады» дейтін тәмсілді біз айтқан жоқпыз. Расында да әлемді сұлулық құтқаратыны ендігі аксиомаға айналып кеткен ақиқат. Ал, сұлулықтың шыңы – поэзия! Демек, мына әрбір күні үрей мен үмітке толы әлемге поэзияның ауа секілді керек болғандығы ғой! Ендеше, сол поэзияны, сол өлеңді өмірге әкеліп жатқан Баян Бекетова секілді ақындарымызға неге алғыс айтпасқа, неге сүйсінбеске?!

Жазарыңыз таусылмасын, Баян ақын.

Алмас ӘБДІМАНАПҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің докторанты.

 

* * *

Түркістан қаласында ақын Баян Бекетованың «Аппақ гүлге орайды жыршы бағым» атты шығармашылық кеші өтті. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кездесуді Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен Пернебек Досыбаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ақынға партия ұйымы атынан «Алғыс хат» тапсырды. Ал, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың құттықтау хатын қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы табыстады. Сондай-ақ, қаламдас замандасы Әкім Ысқақтың атынан жолданған құттықтау жеделхаты мен сыйлығы ұсынылды.

Кеш барысында ақынның «Шолпы» деп аталатын жаңа кітабының тұсауы кесілді. Салтанатты шарада ақындар Тұрар Тілеуұлы мен Сайлаухан Жоланов Баян Бекетоваға арнаған жырларын оқыды. Бұл кеште Баян Бекетованың сөзіне жазылған «Ақмаржан», «Балапан бақыт» әндерімен қатар, әуесқой сазгер Гүлжан Сұлтанқызының «Аққу арман – Ақ Баян», талантты композитор Қаламқас Өтеуованың «Сезім мен сенім» және Құралай Сәтмұхамбетованың «Жағалауларым» атты жаңа әндерінің тұсауы кесілді.

Әлима Сунетіллақызы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз