«Тұңғыш Президент» саябағы

Түлкібас ауданының орталығындағы «Жанкент» шағынауданында көпшілік демалатын, мәдени іс-шаралар өткізетін үлкен саябақ бар. Бұл саябақ ауданның 90 жылдығына орай күрделі жөндеуден өткізіліп, 2018 жылдан бастап, «Тұңғыш Президент» саябағы болып аталды.
Аталмыш демалыс орны 2009 жылы сол кездегі аудан әкімі Е.Сармановтың ұйытқы болуымен ашылған болатын. Қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Александр Иванович Терещенко өзінің жекеменшігіндегі жерін көпшіліктің игілігіне қайтарымсыз беріп, саябақтың негізі қаланған болатын. Сол кезден бері саябақ аудандық Мәдениет үйі МКҚ-ның меншігінде. Жалпы алаңы 73440,0 шаршы метрді құрайтын аумақта Алаш ардақтысы Т.Рысқұловтың ескерткіші, 2 барыстың мүсіні, 1 алма мүсіні, 3 субұрқақ бар, 900 түп гүл көшеті, 400 шырша егілген. Сондай-ақ, 3000 метр тас жол төселіп, 8 балалар алаңшасы салынған. Көпшілік демалатын орындықтардың жанында қоқыс жәшіктері орналастырылған. Темір қоршаулармен қоршалған көрнекті саябақ бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Үйленген жастар да той салтанатында осында аялдап, отбасылық өмірлерінің ескерткіші ретінде суретке түсіп жатады.
Кейінгі жылдары саябақ ішінде «Мен Түлкібасты сүйемін!» атты жүрекше бейнеленген тақтайша орнатылды. Елін сүйген, еңбегі ерен Елбасының құрметіне ашылған «Тұңғыш Президент» саябағында талай ұлттық мерекелер, аудандық, облыстық, республикалық іс-шаралар өткізіліп келеді. Алыстан келген сыйлы қонақтар да алдымен осында ат басын тіреп, тағлымды әңгімелерін айтады. Халықаралық «Таупістелі тағлымы» басқосуына келген игі жақсылар осындай тамаша саябақтың ауданда бой көтергеніне ризашылықтарын білдіріп, оң бағаларын берді. «Жақсыдан шарапат» болсын дейтін жақсы ырымға орай белгілі азаматтарымызға саябаққа тал ектіру үрдісі де ұмытылмаған. Коронавирус басталмай тұрғанда, ауданның 90 жылдық мерейтойы, Наурыз мерекесі осы саябақта дүркіреп өткен еді. «Тұңғыш Президент» саябағындағы жасыл желектерді күтіп-баптау, егу, қалпына келтіру, әсемдеп безендіру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу аудандық Мәдениет үйі қызметкерлеріне жүктелген.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Сәтбай Қасымбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Тұңғыш Президент саябағы, аудан тұрғындарының отбасыларымен, достарымен мәнді демалыс өткізетін орны. Жастарымыз Елбасының ел тәуелсіздігі жолында атқарған жұмыстарын, еліміздің даму тарихын ұғынып, бүгінгі жетістіктерімізге тәубе етулері керек. Біз, үлкендер, мұны айтып отыруға тиіспіз.
Жансұлу Рүстембекқызы, мұғалім:
– Мен ауданымызда осындай саябақтың барына қуаныштымын. Басқа өңірлерде тұратын достарым қыдырып келгенде бұрын бізде апаратын дұрыс мәдени орындар да жоқ деп қынжылатынмын. «Тұңғыш Президент» саябағы ашылғанда бүкіл отбасымыз болып қуандық. Дос-жарандарым, туыстарым келсе табиғат аясындағы демалыстан соң апаратын жерім осы саябақ. Әңгіме-дүкен құрып, жасыл желекке, әсем гүлдерге малынған атына заты сай саялы бақтың саф ауасымен тыныстап, уақытымызды мәнді өткізіп қайтамыз.
Арайлым Елубайқызы, студент:
– О-о, бұл саябақ біздің сүйікті мекеніміз. Жылы күндері достарымызбен осы жерден табылып, сырласамыз, ән саламыз, билейміз. Суретке түсіп, тик-ток түсіріп жүргенімізде уақыттың қалай зырғып өткенін де білмей қаламыз. Туған жеріміздің көркейіп келе жатқанына қуаныштымын.
Иә, түлкібастықтар осылай дейді. Саябақтың іші ғана емес, сырты да сәнді. Былтыр саябақ сыртында «Ана мен бала» монументі бой көтерген еді. Монументті кәсіпкер Ж.Пірәлиев орнатты.
Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.