Абаттандыру жұмыстарына аудандар да атсалысуда

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанына байланысты өңір басшысы Ө.Шөкеев Арыс қаласындағы тәжірибеге сүй̆ене отырып, шаһарды 32 секторға бөлген болатын. Арыс қаласына бекітілген 12-секторда бірқатар жұмыстар атқарылып, оның игілігін ел көруде. Арыстықтар киелі шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру үшін қазірдің өзінде бекітілген секторда 1000 түп үйеңкі, 3500 түп қаратал көшетін отырғызып үлгерген. Олар аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жасыл желектер қаланың көркін ашады деп отыр.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданына 13 көше, Төлеби ауданына 11 көше және Түлкібас ауданына 9 көше бекітілген. 8 шақырымға созылған көшелерге ағаш, газон егу және тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарланған. Жоспарланған 12 мыңға жуық көшеттің 96,2%-ы отырғызылған. Қараша айының соңына дейін терек, үйеңкі, ірі жапырақты қарағаш, арша ағашы мен раушан гүлдері егіледі.

Түлкібастықтар өздеріне бекітілген секторда сенбілік өткізіп, 9 көшені тазалады. 7 мың түп жасыл желек пен газон егілді. Сондай-ақ, Дастанов көшесіне жаңадан суару жүйесі орнатылды.

Сайрам ауданына бекітілген 8,48 шақырымды құрайтын 9 көшеде 7655 көшет отырғызылды. Ауданға бекітілген 2-секторда тұрақты түрде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, жерді тегістеу, шұңқыр қазу, көшет егу жұмыстары жүргізілді. Қазылған ұяшықтарға топырақ салынып, көшет тамырын ылғалдандыратын гидрогель және топырақты қопсыту үшін биогумус себілуде. Сонымен қатар, көшеттерді суару жүйесі жүргізіліп, газон егіледі.

Шардара ауданына бекітілген аумақта да көшеттер отырғызылып, гүлдер егілген. Айнала күл-қоқыстан тазартылып, тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Түркістан қаласын көгалдандыруға Төлеби ауданы да лайықты атсалысуда. Аудан әкімінің бақылауымен 7354 ағаш көшетін егу, көшеттерді суару үшін 12 119 метр тамшылатып суару жүйесін жүргізу және 5 дана ұңғыма қазу жұмыстары атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып, қала аумағында 7 мыңнан астам арша, терек, қарағаш көшеттері отырғызылмақ.

 

 

Пікір қалдырыңыз