«Кітап ақылына ақы сұрамайды»

Кітап оқу
адамның білім көкжиегін кеңейтіп, ішкі жан дүниесі мен есте сақтау қабілетін
арттырады. Оның адамның сөздік қорын молайтып, ойлау қабілетін арттыруға да
пайдасы орасан. Оған сөз жоқ, өз тәжірибеңнен көз жеткізуге болады. Мәселен,
жақсы бір туынды оқысаң, ой-өрісің кеңейіп, жан сарайың ашыла түседі.
Оқығаныңды үнемі іштей талдап үйренсең, адам психологиясын жете түсіне
бастайсың.
Көңіл-күйің
болмаса да кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтып, тіпті, уақытша болса да
уайымыңды басады. «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен
түркі жұртының ұлы ойшылы Әлішер Науаи. Сол айтпақшы, қаншама жаңа
технологиялар өмірге келгенімен, бұлардың бірде-бірі кітапты алмастыра алмасы
анық.
Ғалымдардың
айтуынша, кітап оқығанда, сол кітаптың нəрін сарқып алуға тырысу керек. Тіпті,
ең түсінікті жерінен бастау да сөкеттікке жатпайды. Кітап оқу барысында іштей
мынадай сұрақтарға жауап іздеген жөн: «Кітаптың атауына ішкі мазмұны сай ма?»,
«Автордың ізденісі, баяндау мəнері қандай?», «Қай тұстары ерекше көңілге
қонымды?», «Кітап қанша тарауға бөлінген?», «Жалпы, кітаптан не түйдім?». Бұл
қолға алған кітапқа толық көңіл бөліп, мазмұнын жақсы есте сақтауға
көмектеседі. Иə, қалай айтсақ та, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы».
Тарихта əлі
күнге есімі ел есінде келе жатқан тұлғалардың бəрі де жастайынан
ерінбей-жалықпай кітап оқыған. Айталық, «Артық ғылым кітапта, ерінбей
оқып-көруге» деген Абай атамыз жас кезінен қаладан ауылға қатынаған адамдардан
қоржын-қоржын кітаптар алып оқуды өзіне дағды қылған. Абай атамыз оқыған
кітаптар арасында Батыстың да, Шығыстың да ең озық əдебиеттері болғаны белгілі.
Бүкіл пəлсапалық еңбектері дүниетанымды кеңейтуге негізделгенін ескерсек, оның əлемдік
классикалық еңбектермен қатар рухани азық боларлық дүниелерге көбірек көңіл
бөлгенін аңғару қиын емес. Шəкəрім де кезінде Ыстамбұл кітапханаларына дейін
барып, сарыла кітап іздегенін білеміз. Артына 30 томдық мол мұра қалдырған Мəшһүр
Жүсіп бабамыз да жасынан зейінді, өте көп оқыған жан болған. «Ағаштың жемісі
бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта» деген тағы бар. Ал, кітап оқымау адамның
зейінін тұмшалап, зеректік қабілетін төмендетеді. Демек, кітап оқуды белгілі
бір кезеңмен шектемей, оны өмірлік дағдыға айналдыра білген адамның ұтары мол.
Гүлжан
ҚҰЛАХМЕДОВА, №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған
мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі. Шымкент қаласы.