«Hyundai» Алматыдан шығады

Алматыда «Hyundai» маркалы автокөліктер шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты іске қосылды. Биылғы наурыз айында «Қазақстанның Даму Банкі» зауыт салу үшін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-ға кредиттік желі ашқан болатын. «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорынның құрылысына 28 млрд. теңгеден астам инвестиция салынса, соның 12,8 млрд. теңгесін ҚДБ 15 жыл мерзімге қарыз ретінде ұсынған.

Алматы қаласының индустриялық аймағында салынған зауыттың көлемі 34 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорынның даму бағыты екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жылына 30 мың көлік шығарылса, екінші кезеңде оның көлемін 45 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр. Зауыт Оңтүстік Кореяның озық технологиясымен «Hyundai» брендінің барлық моделін шығаруға қауқарлы. Конвейерден Аccent, Elantra сияқты бюджеттік автомобильдермен қатар бизнес-класқа жататын Sonata, Creta, Tucson, Santa Fe секілді жол талғамайтын көліктер де құрастырылмақ. Шағын торап әдісімен құрастырылған алғашқы көліктер 2021 жылдың басында нарыққа шығарылады. Зауыттың өнімдері алғашқыда ТМД елдеріне экспортталмақ. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін одан әрі дамытуға сеп болмақ. Айта кетейік, қазір зауытта 350 адам жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 700-ге жуық қазақстандық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек.

 

 

Пікір қалдырыңыз