Қырғызстан президенті отставкаға кетпек

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 15 қазан күні Қырғызстан азаматтарына үндеу арнады. Онда былай делінген:

«Құрметті отандастар! Еліміздің астанасы Бішкек қаласында қоғамдық-саяси жағдай күрделі болып отыр.

Кеше Жогорку Кенеш Үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы жарлығына қол қойдым. Бірақ, бұл шиеленіскен жағдайды қалпына келтірмеді. Өкінішке қарай, агрессия азаймаған. Менің тез арада отставкаға кетуімді талап етіп жатыр. Қазіргі жағдай екіжақты қақтығысқа жақын. Бір жағынан – наразылық білдірушілер, екінші жағынан – құқық қорғаушылар. Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Мұндай жағдайда қан төгілетіні сөзсіз. Мен екі тарапты да арандатушылыққа берілмеуге шақырамын. Құрметті менің отандастарым! Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, ел бүтіндігі, халқымыздың бірлігі мен қоғамдағы тыныштық бәрінен де жоғары. Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен асқан ештеңе жоқ. Мен билікке таласпаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ жаудырып, қан төккізген президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету жөнінде шешім қабылдадым. Жапаров пен басқа саясаткерлерден өз жақтастарын ел астанасынан алып кетіп, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтарып беруді сұраймын. Ешқандай билік еліміздің бүтіндігі мен қоғамдағы татулықтан артық емес. Барлығыңызды Тәңір қолдасын, туған жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын».

Қырғызстан Конституциясына сәйкес, президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда билік Жогорку Кенеш спикеріне өтеді.

Қанатбек Исаев 13 қазанда Жогорку Кенеш төрағасы болды. Егер Жогорку Кенеш төрағасы президент өкілетін орындай алмаса, премьер-министр немесе премьер-министрдің міндетін атқарушы адам орындайды.

Қырғызстанның жаңа премьер-министрі Садыр Жапаров болды.

Кезектен тыс президент сайлауы мемлекет басшысы өкілеті тоқтаған күннен бастап 3 ай ішінде өткізіледі.

Президент міндетін атқарушының Жогорку Кенешке мерзімінен бұрын сайлау өткізуге, үкіметті отставкаға жіберуге немесе мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауында президенттікке кандидат болуға құқы жоқ.

 

 

Пікір қалдырыңыз