Тарихи Құнанбай мен кейіпкер Құнанбай жолы

Қилы заманның қыспағында қамалып, отарлаушы елдің боданына айналып, діңгегінен біржола мансұқ етіле жаздаған мехнатты дала дәуірінің танымы мол. Тарихи тілмен айтқанда, феодалдық кезеңде ғұмыр сүріп «қарадан шығып хан, айырдан шығып нар болған» ұлы даланың дара ділмары Құнанбайға берілген баға өз заманының қайраткері екендігін айқындады. Ол – зауалы запыранға айналған заманда цензураның оғына ұшырап, образы барынша бұрмаланған кейіпкер. Біз сөз еткелі отырған тұлға, көшпелілер дәуірінің һәм далалық өркениеттің ірі өкілдерінің бірі, биыл 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған хакім Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлы.

Көшпелі қазақ қоғамының тыныш өмірін бұзып, Абай туардан ілгерірек және қазақ сахарасында, елдің жағасын ұстатарлық бір тарихи трагедия болған-ды. «Абай жолы» кітабында бала Абайдың жүрегіне оқ боп тиген бұл оқиға, әкеге деген өшпенділік сезімін ұлғайтып, ащы кермектің дәмін жүрекпен татқаны романда былай баяндалған еді: «Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық өне бойымен өзіне қарай құлата тартқан бір өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биіктің басына шыққанда, бір сәт ойға қарай құлап кеткің келетін сияқты, өзіне тартқыш, ұғымсыз күш. Бала жүрегінде бұл шақта көп сезімінің алай-дүлей құйыны соққандай». Иә, автордың «мұндайды» дегені – «Қодар мен Қамқаның» жайы ғой. Осыншама теке-тіреске түскен тағдырлы құздың бір ұшында – Абай, бір ұшында – Құнанбай. Селдіреген, ескінің ғана жоғын жоқтайтын, жаңаға жау болған, тамыры солғындаған заманға бір қарап: «Неге өлмейсің тынышыңмен сен! Заман сенікі емес, менікі!.. Нең бар?» деп бет қаратпайтын дауылды толқынға ерік бермеймін деп таласады, тармасады. Дегенмен, көркем дүниеге осыларды ойқазық етіп тұрған уақиға ол әлбетте – келін мен ата арасындағы мәселе. Бұл жағдай кейіннен басқалай өрбіп, қалың оқырманға көркемдік шындық тұрғысында бұрмаланып («Абай жолы» романы арқылы) берілді. Ол – «Қамқа мен Қодар» оқиғасы. Ел аузы: «Қамқа мен Қодар» зинақорлыққа барған деседі. Бір ойландыратыны, Мұхтар Әуезов эпопеяда екі кейіпкерге жағылған қараны ақтамайды. «Тегі, жиын ішінде бүгін екі сөз ауыздан-ауызға көшкен тәрізді. Екеуі де Қодар сөзі деп айтылған. Біреуі бұрып алған сөз де, біреуі дәл өз сөзі. Соның алғашқысы Қодарды кінәлаушы сөз. Бүгінгі қатал жазаның дәлелі, тірегі. Ол: «Құдай маған қылса, мен Құдайға қылам!» депті деп, өлтірушілердің қайта-қайта айтатын сөзі». Романдағы күрмеулі ойды Шәкерімнің «Қодардың өлімі» дастаны да қуаттайды:

Арғы атамыз Олжайдан үш болар,

Айдос, Қайдос, Жігітек – міне осылар.

Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.

Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.

Жесір қалған келінін Қодар алып,

Қылмайтын істі қылған Құдай құлы.

Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –

Құдайға ерегісіп қылды мұны.

«Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

Қане, ата ғой деп қылдым» – дейді осыны, – деген жолдар келтірілген.

Аталмыш кейіпкерлерді эпопея бойынша кеңестік кезең саясаты бейшара, әділетсіздіктің бейкүнә құрбандары етіп бейнелеп беріп отыр. Ал, Құнанбайды қатыгез, шариғат үкімдерін жамылып алып, жазықсыз жандардың жанын қиған зұлым ретінде көрсеткен. Ал, романда бұл оқиғаға Абай қаладан Шыңғысқа қайтып келген уақытта 13 жасар бала кейпінде куә болады. Түптеп келгенде бұл оқиға Абайдан ілгерірек заманда болған екен, шамамен 1834-1840 жылдары. Романды оқып отырсақ, бұл деректердің тарихи шындықпен жанаспайтындығын көреміз. Тағы бір айта кетерлігі, жазалау үстінде Қамқа елдің көзінше: «Қодарды бір сүйгіз» деген арсыздыққа барған деседі. Бұл тұрғыда Шаһкәрімнің де айтқаны да бар:

Анау жартасқа апарды елден таса,

Терең құз Хан өзенге құйған аша,

Қатын сонда Қиялға жалыныпты:

«Қодарды бір сүйгіз, – деп тым болмаса», –

деп ақын Қамқаның арсыздығын осы арада анық беріп отыр. Оқиғаның негізгі идеяларын Мұқаң кейіпкерлерге бөліп береді. 1 томның 33-бетінде «Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйіп отырып: – Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. Кәпір өтсем де енді кәрінен аянарым жоқ. Құдай маған қылса, менің Құдайға қыларым сол... – деген. Иә, оқырман астағфиралла деп жұмбақ ситуациядан жаға ұстауы мүмкін. Мұның жауабын Жексен шалдың ойы арқылы Мұқаң былай береді: «Осыны Жексен өз бетімен топшылап, «бұл Құдайға не қылады?» деп жүріп-жүріп кеп, ақыры: «Мұнысы келіні болды!» деп байлаған-ды». Қош, арсыздық майданында азғырушы сайтан жеңіске жетті делік. Десек те сүйекке таңба, ұрпақтың бетіне салық болмасын деп, Құнанбай шариғат шешімімен жаза кесіп, ежелден қаны таза қазақты жамандық пен жиіркеніштен аман алып қалғаны әмбеге аян ғой. Сондай-ақ, романдағы «Әмір мен Үмітей» атты екі жастың махаббаты да назарға ілікпей қалмайды. Эпопеядағы бұл оқиғаның түбіне үңіліп қарар болсақ, жүрек жарасының қанын судай сорғалатар көргенсіз махаббат бұл. Біржан сал Абай ауылында қонақ болған тұста осы екі кейіпкер бір-біріне ынтық болып, жүректеріне махаббат ұшқынын ұялатқан сезім саңылауы «Әмір мен Үмітей» арасында пайда болады. Осы жағдайды естіген Құнанбайды романда қалай бейнелеген? Ызаның ырқына жіпсіз байланған буындарын ашу байлап, қатыгездіктің апанына еніп барып, қос қолын құбылаға бұрып теріс батасын береді. «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бәдбәхіт нәсілдерім мынау екеуі. Жаратқан ием, я кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім, ақ тілегім со болсын. Ал, мынау, екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда жой көздерін, жоғалғырлардың!» деген жолдардан қажының бұлқынысқа түскенін анық білуге болады. Осынау сөздердің астарына үңілсеңіз, Құнанбай сөзінің дұрыстығына бір қадам жақындай түсесіз. Мәселен, «Бәдбәхіт нәсілдерім» деген ұғым бұл өзімнен шыққан «қаным», «жақыным» деген ұғымдарға саяды. Қысқасы, Әмір – Құдайбердінің баласы, Ал, Үмітей – Ысқақтың қызы, екеуі де Құнанбайдың нәсілдері, немерелері. Бұл уақиға туралы Әуезовтің қолжазбасы не деп сыр шашар екен?! Құнанбай Меккеден келген соң дүние әрекетінен бойын аулақ салып, жөніне жатқан сияқтанады. Бірақ, ол қарап жатпайды. Ілгері басқанды өрмекшідей шырмап, керек кезінде алыс-жұлысқа қайта шығады. Енді ол мораль сақтағансып, Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады. Абай оның бұл әрекетіне ызамен күйіп келіп, «дәуірің өтті, тек жат» дегендей қатал байлауын ескертеді. Бұл арадағы әке мен бала тартысы – ірі қоғамдық сипаттағы әлеуметтік тарихи күрес. Әрине, көркем әдебиеттің де өз заңдылықтары бар. Оның үстіне пысықтап кетерлігі, Әуезов бұл жерде тарихи тұлға «Құнанбай» емес, әдеби кейіпкер «Құнанбай» туралы сөз қозғап отыр. Ал, тарихи Құнанбай ол өзінше бір әлем, даналыққа толы кеңістік іспетті.

Айналып келгенде, қажының ілімге құштарлығы, дінге беріктігі жөнінде де қолымыздағы ақпарларды өздеріңізге білдіргенді жөн көріп отырмыз. Абайдың екінші анасы Айғыздан туған Халиолла оқуда жүргенде Абай оған хал-жағдайын сұрап хат жазады. Сол хатында Құнанбай жөнінде де біршама мағлұматтар берілген. Хаттың мәтіні мынадай: «Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиолла мырзаға, бізден – ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық.

Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәләматпыз.

Сізден бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.

Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары Алла Тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды.

Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім. Жаңа Семейге мағлұм еткен уақытыңызда Құдай Тағала қаласа ат тағайындармыз. Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан Құдай Тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді.

Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп осы хатты жаздық. Һардайым таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы – ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз.

Тағы да көп-көп сәлем.

1866 жыл, 8 наурыз».

Ақылмен аңдар болсаңыз, бұл хаттың өзі қаншама тарихи сырды ақтарып отыр. Абай Халиоллаға «Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан Құдай Тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді» деген жолдардың өзі әке Құнанбайды, тілекші Құнанбайды, қамқор Құнанбайды һәм ғылымға жанашыр тұлғаны көрсетіп отырғанын дәлелдейді. Ендеше, қажы қақында ой суыртпақтағанда көркемдік таразыға салып емес, Абай мен Шаһкәрімнің шығармаларына сүйеніп қорытынды шығарған дұрыс сықылды. Өйткені, Құнанбай қажы ұлы Абай айтқандай:

Мұсылманға қоймаған

Орынсыз жанжал шатақты,

Ерегіскен жауларын

Кісен салып матапты.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Ескендір, Темір, Шыңғыстай

Мұсылманда атақты, –

деген бағаға лайық тұлға болатын.

Әзімхан ИСАБЕК, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

 

 

Пікір қалдырыңыз