Ең бастысы – елге қызмет ету

«Nur Otan» партиясы Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция құрамын жаңа көшбасшылармен толықтыруды көздеп отыр. Ол үшін әрбір үміткер партияішілік сайлаудан сүрінбей өтіп, көптің ішінен озып шығуы тиіс. Қазір праймериздің құжат тапсыру кезеңі аяқталып, үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Солардың қатарында академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға ҚУАТБЕКОВА да бар.

– Рабиға Әбдімұсақызы, депутаттыққа бұл жолы Арыс қаласынан түскелі отыр екенсіз. Мәнісі неде?

– Мен шырайлы Шымкент қаласында туып-өскеніммен, маған Арыстың тыныс-тіршілігі, кешегісі мен бүгінгісі жақсы таныс. Себебі, атам Қуатбек Арыс теміржолында қызмет істесе, әкем Арыстың тумасы ретінде осы өңірдің өсіп-өнуіне көп еңбек сіңірді. Қаланың құрметті азаматы атанды. Кішкентайымнан осы өңірдің шаңына аунап, әжемнің ертегісін тыңдап өстім. Содан болар, жоғары оқу орнын бітіргелі бері Арысты дамыту жолындағы көптеген жұмыстарға қатысып, әсіресе, жастарға білім беру, балалар үйінде тәрбиеленушілерге қамқорлық жасау сияқты ізгілікті істерге белсене араласып келемін. Әкем Әбдімұса мені жастайымнан ел ішіндегі істерге араластырып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп өсуге баулыды. Қай кезде де бірінші орынға елдің тағдырын қоятын. Мен де әке салған соқпақпен жүріп, сол кісіден ел үшін аянбай еңбек етуді үйрендім. Бұл бағыттағы еңбектерімді көпшілік біледі деп ойлаймын. Сондықтан ғалым әрі оқу орнының басшысы ретінде Арыс қаласынан депутаттыққа үміткер ретінде тіркелдім. Әрине, бүгінгідей қиын кезеңде сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығу кім-кімге де оңай соқпайтыны анық. Дегенмен, Түркістан облысы мен Арыс қаласының өсіп-өркендеу жолында аянбай тер төгіп, туған жерім мен еліме адал қызмет етуді борышым һәм міндетім деп білемін.

– Сіздің бұған дейін Шардара ауданынан депутат болғаныңызды білеміз. Шардаралықтарды көбіне қандай мәселелер алаңдатады?

– Өзім 2017 жылдың қазан айынан бері облыстық мәслихаттың депутатымын. Өзіме сенім артқан халықтың мұң-мұқтажын арқалап, шешімін табуға барлық күш-жігерімді жұмсап келемін. Атап айтар болсам, Арыс – Шардара бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізуге атсалыстым. Қазір мұндағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Шардара қаласы мен елді мекендерді газдандыру мәселесі де оң шешімін тапты. Бүгінде Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм ауылдары толықтай газбен қамтамасыз етілді деуге болады. Жалпы, Шардара ауданын жан-жақты дамытудың өзекті мәселелері облыстық мәслихаттың күн тәртібінен түскен емес. Сол сияқты Арыс қаласында да шешімін күткен мәселелер жетіп-артылады.

Жалпы, қай қызметте жүрсем де, келген кісілерді қабылдауға, айтқан өтініштерін шешуге тырысамын. Депутат болып сайланғаннан кейін де осы қалыптасқан дәстүр өзгерген жоқ. Қайта жауапкершілік артты. Себебі, тұрғындар депутатына ауданның өзекті деген мәселесін жеткізеді. Сондықтан көтерілген әрбір мәселе – тұрғындар үшін маңызды. Бұрын қабылдауға тұрғындар жеке басының жағдайын айтып жиі келетін. Қазіргі сайлаушылар көпті толғандыратын, ауылға ортақ мәселелерді көтереді. Бұл, әрине, көпшіліктің елдің қамына, оның болашағына бей-жай қарамайтынын білдіреді. Шардаралық сайлаушылар негізінен көшелерге тас төгу, асфальттау, ауыл-аймақты газдандыру, клуб, спортзал салу, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын несиелендіру секілді мәселелерді алға тартады.

– Сайлауалды бағдарламаңызда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спортқа көңіл бөлуді басты назарда ұстапсыз. Қазір аймақтағы іргелі оқу орнында басшылық қызметтесіз. Білім саласындағы басты мәселелерге тоқталсаңыз...

– Мен басшылық ететін оқу орны – академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті. Бұл – «Ақсукент көпсалалы колледжін», «Достық» колледжін, Түркістан қаласындағы «Керемет» бастауыш мектеп-балабақшасын біріктіретін республикадағы бірегей оқу орны. Біздің басты мақсат – еңбек нарығының сұранысына сәйкес, заман талабына сай білімді де білікті мамандар даярлау. Университет қазіргі таңда педагогикалық, техникалық және экономикалық бағытта мамандар даярлайды. Оқу орнында қазір 3 факультет, 9 кафедра жұмыс істейді. 36 мамандық бойынша бакалаврлар, 18 мамандық бойынша магистранттар, 4 мамандық бойынша докторанттар білім алады. Әрбір оқу ордасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – бітірген түлектердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыдан алғанда бізде жақсы нәтижелер бар. Әсіресе, біздің педагогикалық және техникалық мамандықтар сұранысқа ие екенін баса айтқым келеді. Жалпы, бізде шешілмеген мәселе жоқ. Тек ынта мен талап болса, барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

– Бір сұхбатыңызда сайлаушылар көңілінен шығу, олардың аманатын орындау менің депутат ретіндегі басты міндетім деген екенсіз. Халық сенімін арқалаудың салмағы қандай?

– Бойыңдағы намысың, ұятың, жауапкершілігің – халық сенімін ақтауға осы қасиеттер көмектеседі. Сайлаушылармен жиі кездесіп, елді мекендерді аралап, тыныс-тіршілігінен хабардар болып жүрсең, проблемалардың шешілуі де оңай болады. Ал, қызметтен қолың босамай, халықпен арадағы байланыс нашарлай түссе, көңілің де пәсейіп, мазасыз күй кешесің. Себебі, халық сенімі әрбір депутатқа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Айта кеткен жөн, келесі шақырылатын депутаттар округ бойынша емес, партиялық тізім бойынша сайланады. Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына сол партиядан сайланған барлық депутаттық корпус жауапты. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламасымен жете танысып, оған ұсыныстар енгізуде сайлаушылар белсенді болуы керек. Өйткені, халықтың аманатын орындау жеке депутатқа емес, тұтастай партияға жүктеледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Жарияланым ақысы кандидаттың жеке есепшотынан төленді.

 

 

Пікір қалдырыңыз