АБАЙ деген ардақты ат!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың 175 жылдығы, сөз жоқ, бүкілхалақтық, тіпті бүкіләлемдік мереке. Осыған орай республикамыздан тыс жерлерде де ұлы ойшылдың мерейтойына арналған түрлі іс-шаралар кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Әсілі, бұған қуанбауға бола ма?
Өз елімізде де атқарылып жатқан шаруалардың, ұлы ақынды асқақтату жолындағы іс-шаралардың жоспарлы жүзеге асып жатқанына да бек ризамыз. Алайда...
Бүгінде Абай хақындағы қандай да бір жиынға бара қалсаңыз, теледидарды қосып, ол туралы хабарды тыңдай қалсаңыз пәленбай ұрпақтың құлағы үйреніп, әбден еті өліп кеткен «Құнанбаев» деген тегі алдыңыздан шыға келеді. Тіпті, кейбір мерзімді басылымдар да осылай жазудан арыла алмай жүр.
«Онда тұрған не бар?» дейсіз ғой. Құнанбайдың ұлы екені ақиқат қой. Алайда, Абай Абай болғалы осы фамилиядан арылған емес. «Әкесінен бас тартып, не көрініпті?» дегелі отырсыз-ау. Келісеміз. Бірақ, кешегі кеңестік өкіметтің ықпалынан шыға алмай, «ов», «ев»-тің жал-құйрығынан мықтап ұстап, арылмаушылығымызға не себеп? Әлде қызыл империяның ықпалынан әлі де шыға алмай келеміз бе? Жоқ, ықпалынан шығыппыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздегі зиялы қауым өкілдері жаппай «ов» пен «ев»-тен арыла бастады. Сонда Құнанбаевтың «ев»-ін алатын кім? Осындайда ойлаймыз ғой, хакім Абай тірі болса «Жігіттер», «евті» етке қосып жеп қойыңдар. Мен, Өскенбайтегі, Құнанбай ұлымын» деп наз айтпас па еді! Рас, тап осылай айтар еді. Өйткені, оның ең жақын бауыры өмірден Шәкәрім Құдайбердіұлы болып өтті емес пе?
Кешегі кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заманда тайсалмастан қазақы фамилиядан арылмаған екі-үш адамды бүкіл қазақ біледі. Олар – Әлкей Марғұлан мен Бауыржан Момышұлы, Шоқыр Бөлтекұлы, Әсілхан Оспанұлы секілді біртуар ерлер болатын. Қан майданда оқ пен оттың ортасында жүргенде де батыр Баукең «Момышұлы» деген тегінен бас тартпаған. Оған орыс генералының өзі «Момышев» дегенде мойын бұрмағаны дәлел. Ал, «Момышұлы» дегенде ықылас танытқан. Осының өзі жас ұрпаққа үлкен сабақ емес пе?
Осыдан келіп ой туындайды. Кісінің қай ұлттың өкілі екенін фамилиясына қарап-ақ ажыратуға болады. Мәселен, мына Грузия мен Армения халықтарына қараңыз. Олар әлімсақтан өз салт-дәстүрлеріне берік. Мәдениеттері мәуелі. Георгадзе, Палиашвили, Джугашвили десе, е, грузин болды ғой дейсіз. Бабаджанян, Микоян десе, е, армян болды ғой деп. Қандас әзірбайжан халқы Мирзо Тұрсынзаде, Самед Вургун деп тегін түгендейді. Ал, ол «Тұрсынов» десе ше? Онда төлқұжатының «ұлты» деген сызығына амалсыз үңілесіз. Ким, Хван, Хан, Тен, Цой десе, кәрістер еске түседі. Кешегі Кеңес Одағының құрамында болған Балтық жағалауындағы латыш, эстон, литвалықтар да «ов» пен «ев»-ке жоламады.
Тәуелдігімізді алғаш мойындаған, өзіміз туыс санайтын Түркияны алайық. Басы Кемал Ататүріктен бастап, өз салт-дәстүрлерімен өмір сүріп келеді. Бұлардан бөлек, француз, ағылшын, неміс, испан, қытай, португал, итальяндықтарды да фамилияларына қарап ажырата аласыз.
Япырай, міне, Абайдың өзі шәрбетіне сусындаған Шығыстың Физули, Низами, Рудаки, Омар Хайям, Фирдоуси сынды ғұламалары да өз тектеріндегі ерекшеліктерін сақтап өтті емес пе?
Ендеше, біз де Құнанбаев деп қойыртпақтағанды қоялық. Құнанбайұлы десек, тілімізді ешкім кесіп алмайды. Әрі-беріден соң Алатаудай асқақ Абайды дүние жүзі халықтары таниды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Мәскеуге табанымыз тиді. Қазақстан Республикасының елшілігі орналасқан Чистопрудный бульварында Абайдың еңселі ескерткіші тұр. Әрі-бері өткен мәскеуліктерден «мына ескерткіштегі кісі кім?» деп сұрадық. Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «дед Абай» деп жауап береді. Кезінде бізді бұратана халық көріп келген орыстар да ұлы ақынды мойындап тұр ғой.
Абай деген ардақты ат! «Абай» десек, жер шарындағы көзі қарақты әрбір адам «қай Абай?» деп сұрамайды. Олай болса, біз де Абай деп қана қоялық. Ұлы ақынның 150 жылдығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай туралы сөз» деген үлкен еңбек жазды. Елбасы «Абай Құнанбаев» деп жазса, қаламы жүрмей қалған жоқ. Елбасы Абайдың ұлылығын таныды, мойындады.
Біз де таниық, мойындайық. Өзге жұртты да мойындатайық.