ЕНДІ КӘСІП ТЕ, КӘСІПКЕР ДЕ ӨЗГЕРЕДІ

Сондықтан олардың арасында шығынға ұшырағандар, кәсібі тоқырап, тоқтағандар көп.

Карантиннің салдарынан орта және шағын кәсіптер құлдырады. Бұл қиындық кәсіпкерлерді де айналып өткен жоқ. Сауда саласында жүргендердің бәрі интернетпен жұмыс жасауды біледі деуге болмайды. Сондықтан олардың арасында шығынға ұшырағандар, кәсібі тоқырап, тоқтағандар көп.

Президенттің бүгінгі Жолдауын демімізді ішке тартып тыңдадық. «Не айтар екен?» деген алаңдаушылық та болды. Алайда, Мемлекет басшысының: «Келесі жылдың барысында шағын және орта бизнес қызметінің жаңа құқықтық базасын әзірлеуді тапсырамын. Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымның кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендер жұмысына кедергі келтіру жағдайы мемлекетке қарсы өте ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек» деген сөзі жігерімізді жаныды. Оған қоса бизнес үшін айналымдағы қаржыны толықтыру бағдарламасының 2021 жылға дейін ұзартылып, ауқымы кеңейтілетіні көңілге медеу болды. 

Қазіргі дағдарыстық жағдай бәріміздің еңсемізді түсірді. Табыс азайды. Кәсіпкерлердің дені шығынға ұшырады.  Бірақ Президенттің Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзін мысал етуі, бізді ынтымақпен, мемлекеттің ықпалымен бұл кезеңді де артқа тастайтынымызға сендірді.

Бұл біздің елдегі ғана емес, әлемдегі жағдай. Сондықтан індет тудырған дағдарысқа қарсы тұрып, тоқтаусыз жұмыс істеу арқылы ғана бұл күндерді артқа тастаймыз деп ойлаймын. Заман өзгерді, адам да өзгеретін, кәсіпті де жүргізудің жаңаша тәсілдерін, тетіктерін пайдалану керек. Енді кәсіп те, кәсіпкер де өзгеретін уақыт келді.

 

Инара НАМАЗБАЕВА,

 Түркістан облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кәсіпкер.

Пікір қалдырыңыз