Отандық өнім — әлемнің 11 елінде!

Шымкент қаласының шаруалары жыл басынан бері жалпы құны 73,6  млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 11 еліне экспорттаған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығы экспортының дамығаны байқалады. Атап өтсек, 2019 жылы 65,5 млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері Шымкенттен шетел нарығына шығарылған. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары мәлім етті.

Шымкенттен шыққан өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Қытайға жөнелтілген. Атап айтқанда, 72,3 тонна ірі қара мал еті, 12,7 тонна қой еті, 10,1 тонна бал, 19,5 тонна өңделген балық сыртқы нарыққа шығарылған. Сондай-ақ, 25,2 мың тонна картоп, пияздың – 45,3, қырыққабаттың – 20, көкөністің – 558, жеміс-жидектің 406,5 тоннасы жоғарыда аталған елдерге сатылған. Одан бөлек, 78,2 мың тонна бидай, 4,5 мың тонна арпа, 390 тонна дәнді дақылдар, 6,1 мың тонна майлы дақылдар, 110,6 мың тонна ұн, 19,2 мың тонна өсімдік майы, 986,1 тонна макарон өнімдері мен 74,5 тонна нан, кондитер өнімдері экспортталған. Соның нәтижесінде бірінші жартыжылдықтағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14,7 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артып отыр. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің өсу қарқыны бойынша Шымкент қаласы республика бойынша бірінші орында тұр.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз