Тойға шашылған жақсы, шашылмаған одан да жақсы!

Біздің қазақтың ең жақсы тілектерінің бірі – шашылсаң тойға шашыл! Расында, керемет тілек қой. Тойды кім жасайды? Қуанышы, шаттығы ернеуінен асып, төгіліп жатқан үй жасайды. Сонда бұл батаның, бұл тілектің түпкі мағынасы – шаттығың асып, төгіліп жатсын, қуанышың түгесілмесін дегенге келіп саймай ма?!
Аталарымыз неге «Шашылсаң – тойға шашыл!» деп бата береді?
Себебі...
Той жасау осы кешеге дейін екінің біріне арман болатын. Себебі, екінің бірі той жасай алмайтын. Төлегеннің «Бір тойым бар, болатыны сөзсіз менің» деп алғы күндерге ақ арманымен өршелене ұмтылуы, Мұқағалидың «Бір той жасап берер едім өзім -ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» деп налуы, Тұманбайдың «Баласына бір той жасап бере алмай, дүниеден өтіп кетті қанша адам?!» деп мұңға батуы көп нәрседен хабар беретіндей. Біраз әкенің баласын алдына алып отырып, «Құда қаласа, ертең дәу болғанында көкесі министрдің (немесе байдың, райкомның, совхоз деректірдің, болмағанда завферманың қызы деп оқысаңыз да болады) қызын алып беріп, дүркіретіп той жасайды» деген армандарының шет жағасын өзіміз де естіп өстік. Солардың біразының министрмен құда болмаса да, өз теңдерімен құда болып, той жасап, армандары орындалды, енді біразы баласының басын құрағанымен, қолдың қысқалығынан той жасап бере алмай, армандары арман күйінде кетті... Біраз үй бес-алты ұлдың не үлкеніне, не ең сүт кенжесіне той жасайтын. Соған тәубе қылатын. Ал, қыз ұзату дегеніңізге осы екі мыңыншы жылдарға дейін екінің бірінің жүрегі дауаламайтын. «Біз ырзашылығымызды бердік, елдің істегенін істеп, әкете берсін» дегенді талай ата-ана айтты. «Елдің істегенін істеп...» деп отырғандары алып қашып кете берсін дегені. Сорлы ата-ана қызын жек көріп отыр немесе құтыла алмай отыр ғой дейсіз бе, ырғалтып-жырғалтып, той жасап ұзатуға қол қысқа болушы еді ғой.
Сүндет тойды пәлен қыздан кейін зарығып ұл көрген ата-ана болмаса, ұлы бардың бәрі жасай бермейтін.
Бесік тойыңыз бес кемпірге шәй берумен бітетін. Қазір әскерде бірге қызмет атқарған досыңа «қайдасың?» деп телефон соқсаң, «Пәленше бесік той жасап жатыр еді, сонда отырмын» деген жауап аласың.
Бүгінде жұрт қырыққа толғанына да 200-300 адам шақырып, той беріп жүр ғой, кеше елуге, алпысқа, жетпіске толуға байланысты мерейтойлар ақын-жазушылар, әртістер, ғалымдар болмаса, былайша отбасылық деңгейде ғана аталып өтілетін.
Елге індет тиіп, карантин жарияланғанға дейін бүкіл қазақтың жұмысы той жасау және тойға бару болды. Және қандай тойлар десеңізші! Үйлену тойы, қыз ұзату тойы, сүндет той, бесік той, тілашар той, жұлдыз той, отыз жылдық, қырық жылдық, елу жылдық, алпыс жылдық, жетпіс жылдық, сексен жылдық, зейнеткерлікке шығу тойы... Апта бос емес. Бір күнде кейде үш-төрт тойға баруға тура келген. Сонда той қызығын көріп, береке тапсаң мақұл ғой, он-он бес минут отырасың да, қаланың екінші бір шетіндегі тойханада болып жатқан келесі тойға асығасың. Бармасаң ол да ренжиді, себебі, оның да саған өтісі бар. Мұнда келсең, о, тоба, жаңағы мұның алдындағы тойда ән салып тұрған әнші қыз мұнда да ән салып тұрады. Тура бағанағы өзің тыңдап кеткен ән...
Қысқасы, «Той десе қу бас домалайды» деген мақал ұмытылды. Құдай кешірсін, тойға қуанып бармайтын болдық, құдды жұмысқа бара жатқандай баратын болдық.
Сонымен, қазақтың тойы көбейгені – қазақтың байығанын білдіреді ме?
Иә, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде «жаңа қазақтар» пайда болды, қазақтың өз олигархтары пайда болды. Кеше «тойды помидор арзандаған соң жасаймын» деп есеп қылатын біраз адамның қорасына мал бітті. Мұны жоққа шығаруға болмас.
Дегенмен, қандастарымыздың басым көпшілігінің еңсесі көтеріліп кеткен жоқ. Неге? Себеп – жалғыз жалқаулықта ма?
Қазақтың кедейлігін оның жалқаулығынан көру – нағыз дұшпанның ісі. Қазір жалқау қазақ таппайсыз. Бүгінде болғысы келмей жүрген қазақ жоқ. «Болмаймын дейді қай кісі, болдырмайды Тәңірі ісі» болып тұр. Келесі жалақыға дейін ешкімнен қарыз алмай жетсеңіз, соның өзі үлкен олжа! Себебі, жалақы төмен, күнделікті тұтынатын тауарлар қымбат, өте қымбат. Жасырмайық, кедейшіліктің басты себебі – осы.
Осы себептен еш кем түспейтін тағы бір себебі – орынсыз шашылу. Бар болып тұрып той жасасаң мейлі, қарызданып, қауғаланып, шатың айрылып кете жаздап той жасаған не сән?! Не таптың, не ұттың? Көңілдегі медетің – «той өзін жапты» деген өлмеші қуанышың ба? Есесіне сіз қанша адамды қинап қойғаныңызды білесіз бе? Қазір адамдар той жасауды айтасыз, тойға бару үшін қарыз алатын жағдайға жетті. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, бір адам орташа есеппен 100 мың теңге (мұны да екінің бірі алмайды) жалақы алады делік. Оңтүстік жұрты әр тойға орташа есеппен 15 мың теңге тойана апарады. Бір айда ол үйлену тойы, қыз ұзату тойы, сүндет той, бесік той, қоныс той, тілашар той, жұлдыз той, мектепке бару тойы, қаптаған юбилей, кемі 7-8 тойға баруы керек. Өмір болған соң арасында қисайып қалатын ағайын-туыс, құда-жекжат бар. Оған да құр қол бара алмайды. Айналайын-ау, ана 100 мың теңгеден бала-шағаға 100 теңге қалмайды ғой. Сосын тойға бару үшін қарыз алмағанда не істейді?! Қарызға қарыз жамап жүрген адам қалай байиды? Байығанды айтасыз, бір-ақ күнде мәдениетті қайыршыға айналып шыға келмей ме?! Ал, бәріміз бай болсақ, бай болмасақ та үйге күнкөріске жеткілікті деңгейде табыс кіріп жатса, әңгіме басқа. Онда жаса, тойды! Онда бар, тойға! Ал, күніміз өкіметтен жәрдемге берілетін 21 мың теңгеге қарап отырып, 500 адам шақырып той жасау, асаба жалдау, әнші-биші жалдау, тойханаға төлеу, пәленбай лимузин жалдау, операторлар мен фотографтарға төлеу, қалыңдықтың киімін жалға алу... қалай ойлайсыздар, бұл кедейдің кесірлігі емес пе?! Құдай кесірді жақсы көре ме? Жақсы көрмеген соң Құдай кесірді байыта ма?!
Міне, кесірліктің үлкені – орынсыз шашылу екен. Аталарымыздың ұрпағына «Шашылсаң – тойға шашыл!» деп бата беруінің мәнісі – бүгін орынсыз шашылып, ертең тостағының түбін жалап отырсын деген ниеттен тумаған, керісінше, тойға шашылатындай дәулеті болсын деген ниеттен туса керек. Ал, дәулет құралу үшін ептеген есебің болуы керек емес пе?!
Р.S. Бүкіл әлемге келген індет қазаққа да оңай соқпады. Ұлтымыздың небір ұлағатты ұл-қыздарынан айрылып қалдық. Әрине, жаназаға емес, тойға барғанға не жетсін! Бірақ, той жасағанның жөні осы екен деп пайдасыз күпінудің, тым даңғазалыққа ұрынудың, «битін сығып, қанын жалап отырған Пәленше де той жасады, содан қай жерім кем?» деп жөнсіз тыраштанудың, оңды-солды орынсыз шашылудың заманы кетіп бара жатыр. Түсінген адамға, әрине. Кеше коронавирус пен пневмония қысып кеп бергенде бірлі-жарым адамның қуатты тамақ ішуге шамасы келмей қалғанын көз көрді. Солардың бірі осы жылдың басында ғана 350-дей адамға үстелді қайыстырып тұрып, той беріп еді...
Тойға шашылған жақсы, алайда, дәл қазір шашылмаған одан да жақсы болып тұр ғой. Ертең карантин бітеді, тойдың науқаны басталады. Той жасамас бұрын қалтадағы пұлымызды тағы бір санап алайық та. Жетсе жасайық, жетпесе... банкті байытпақшысыз ба, кімді байытпақшысыз? «Жұрт күледі» дейсіз бе? Ешкім де күлмейді! Бастысы, жастар бақытты болсын!
А.Бекназарұлы.