Бір үйдің қыздарындай...

Редакцияға жақын орналасқан Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында өтетін іс-шараларға жиі барып тұратынбыз. Кітапхана маманы Таңшолпан Имантаева біліктілігімен әдеби кештің мәнді де мағыналы өтуіне аянбай атсалысып жүреді. Кейін сұрастырып білсек, Таңшолпан жас болса да екі бірдей келінін қолында тәрбиелеп, абысындық міндетін адал атқарып жүрген бір әулеттің ұйытқысы да екен.
Бүгінде бір үйде бірнеше келін тұрмақ, екі келіннің бірге тұруы қиындап кеткен кез. Жастар ақ босаға аттай сала бөлек шығуға құмбыл болып жатады. Керісінше, түскен әулетіне «тастай батып, судай сіңіп», сол шаңырақтың тіршілігін дөңгелетіп әкететін Таңшолпандай саналы келіндер де жоқ емес. Шымкент қаласындағы «Асар» шағынауданында тұратын кейіпкерімізді оқырмандарға жақын таныстырып, оның кішіпейілдігі жас келіндерге сабақ болса деген едік.
«Менің әкем тоғыз ағайынды, үлкен шаңырақта өскен қызбын. Жолдасым да ата-әже тәлімін көрген, үлкен әулеттің ұлы. Қайын атам өмірден ертерек озған екен. Енем алты перзентін тәрбиелеп өсірген ардақты ана, бес ұл, бір қызы бар. Халқымызда «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген сөз бар. Бұл жағынан менің жолым болды. Алғаш келін болып түскенде жоғары оқу орнында оқитынмын, қаладағы үлкен қайнағам мен абысынымның қолында тұрдық. Екінші абысыным Қазығұрт ауданы, Қызылбұлақ ауылындағы енемнің қолында екен. Алғашқы үш жылда абысынымнан отбасылық өмірдің қыр-сырын әбден үйрендім. Жас болған соң тамақтың өзін дұрыс дайындай алмайтынмын. Абысыным еңбекке баулыды, балаларыма қарасты.
Үш жылдан кейін қайнағам үлкен үй салып алды да, біз жолдасым екеуміз балаларымызбен сол үйде қалдық. Қолымда бойдақ екі қайным болды, екеуі де қалада жұмыс істейтін. Қайнағам мен абысыным, яғни үйдің үлкендері көшіп кеткен соң біздің шаңырағымыз нағыз жастардың ордасына айналды. Туысқан қайныларым, өзімнің іні-сіңлілерім, қайынсіңлілерім біздің үйде тұрып, бірі оқуын оқып, енді бірі жұмысын істеп жүрді. Кішкентайымнан көпшіл ортада өскендіктен, кейде демалыс күндері олар ауылға кеткенде өзімізді жайсыз сезінетінбіз. Қалада өзіміз тұрғанда туысқандарымыздың пәтер жағалап жүргенін қаламадық. Кез келген туысымыздың ұл-қызы біздің үйден табылды. Ата-аналары да бізге сенім білдірді, тіпті бір үйде 10-15 адам болып тұратынбыз» дейді Таңшолпан.
Араға уақыт салып, бойдақ қайныларының үлкені үйленеді. Жас жұбайларды өздерімен бірге тұрсын деп шешіп, екі келін бір шаңырақ астында тіршілік ете бастады. Ал, кіші қайнысы үйленгенде «Бір адам сыйған жерге екіншісі де сыяды, пәтерге ақша жұмсағанша оны жинап, басқа әрекет жасасын» деп, кішкентай келінін де қасына алдырыпты. Міне, содан бері бірнеше жыл өтіп, Мамыровтар әулетінің үш келіні бір үйде тұрып жатыр.
– Біз де үлкен үй соғып, жаңа қонысқа көштік. Бірақ, бұрынғы үйде қалғысы келмеген келіндерімді өзіммен бірге көшіріп әкелдім. Бір-біріміздің жеке шаруамызға араласпаймыз, ал, үй шаруасын ақылдаса отырып бірге атқарамыз. Шүкір, екі келінім де бірінен кейін бірі сәбилі болып жатыр. Біріміз үлгермеген тірлікке екіншіміз қолғабыс етіп жатамыз. Балаларды да бөліп-жармай бірдей қараймыз. Мен көбіне жұмыстамын, үй тіршілігі мен балаларды қадағалап отырған келіндерім үйде. Үлкен келінім дәмді тағамдар даярлағанды ұнатса, кейінгісі қолынан бал тамған нағыз аспаз дерсіз, – дейді Таңшолпан.
Иә, «абысын тату болса ас көп» дегендей, тату келіндердің енесі де ауылдан жиі келіп тұрады. Бір үйдің қыздарындай жарасымды тіршілік етіп отырған келіндеріне ризалығын білдіріп, батасын беріп кетеді. «Ерлеріңді риза қылсаңдар мен ризамын» деген сөзді жиі айтады.
– Апамның бір жақсы қасиеті, кітап оқығанды жақсы көреді. Көктемгі карантин кезінде қалада болды. Сол кезде кітапханадан «Абай жолын», Шыңғыс Айтматов, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза сияқты жазушылардың кітаптарын апарып бердім. Соның бәрін оқып бітірді. Ол кісінің кітапқа осыншалықты құмар екенін білмеппін. Мен енемнің топырағынан жаралған келін екенмін, – деп риза кейіппен жымиған Таңшолпанға біз де дән риза болдық. «Қос келінім —қос қанатым» деп ағайындылар арасын жарастырып отырған Таңшолпандай келіндер көп болса деп тіледік.
Лаура ТАСТАНБЕК. Суретте: Таңшолпан Имантаева (оң жақтан бірінші) келіндерімен жаңа кітап жөнінде пікірлесуде.