Ана жүрегі

Таушағаның терең қойнауын мекен еткен қос үйдің жоғары жағындағы бастырмалы ақшаңқан киіз үй сиыршы Қасымбектікі де, екіншісі көмекшісі Бозымбайға тиесілі.

Қасымбек орта бойлы, қараторы жігіт, жасы жиырма бестен асқан. Шаруа жайына шаққан, мығым жігіт. Келіншегі Райхан үй тірлігіне пысық, артық-ауыз сөзі жоқ. Айзат, Нұрзат деген екі баласы бар. Үшінші перзентіне аяғы ауыр.

Күн арқан бойы көтерілген кез. Бозымбай таңғы шайына енді отыра бергенде, тыста жүрген келіншегі Айсұлу үйге ентіге кірді:

– Бозым, Райхан әпке толғатып жатыр! Ағалақтағы Баймұратқа барасың ба? Көлік табу керек, – деді аптыға.

Бозымбай асығыс киімін іздей бастады. Ағалаққа астындағы жарау атымен төтелей шапқан Бозымбай әп-сәтте таудың аңғарынан шығып, жазыққа жеткенде Баймұрат бір шаруасымен орталыққа жүргелі тұр екен. Орталық ауруханаға жеткенде қос қапталын қысқан толғақтан есінен айырылған Райхан жансақтау бөліміне жеткізілді. Абырой болғанда дәрігерлер аман-есен босандырып, дүниеге ұл әкелді.

Қасымбек мән-жайды Айсұлудан есітіп, екі көзі орталықтан келетін қара жолға елеңдеп қараумен болды. Есейіп қалған балалары да анасы кеткен орталықтан қуанышты хабар келетінінен үмітті еді.

Дәл сол күні көрші Ынтымақ ауылындағы Өндірбайдың үйіне қаладан меймандар келген. Олар Өнекеңнің 60 жылдығын мерекелеп жатқан еді. Той үстінде қаладан келген Асылдың жұбайы Раушанның толғағы қысса болар ма?!

Осылай Раушан мен Райхан бір палатада бөбектерін бауырына қысып отырды. Алланың бергеніне шүкірлік етісті. Түн баласы медбикелер нәрестелерді аналарына әкеліп, әлсін-әлсін емізіп тұрды. Арада апта өткенде Асыл Раушан мен нәрестесін алып кетуге келді. Раушан мен Райхан айналасы апта ішінде бір-біріне бауыр басып, бұрыннан таныс-біліс құрбыдай сырласып үлгерген еді. Бірі таудың қиян түкпірінен, бірі қаладан. Өмірі жолы түспеген қияндағы ауылда дүниеге сәби әкелу бақытын нәсіп етті. Райхан мен Раушан бір-бірімен қимай қоштасты.

Асыл мен Раушан шаңырақтарына жеткен соң, бірнеше күн өткенде немересін қолына алған Айман апа «мына бала перзентханада ауысып кеткен жоқ па, мына неменің түсі мен түрі біздің тұқымға келіңкіремейді ме, қалай?» деп күдік алғанымен ұлы мен келініне ештеңе білдірмеген еді.

Алайда, бірнеше күн өткенде көңіліндегі күдігін келініне айтқан. Раушан «Апа, қайдағыны айтасыз. Мен босанған күннен өзім емізіп келемін. Нағашы апамнан аумай қалған қоңыр өңдінің өзі ғой» деді бөбегін мейірлене иіскеп.

Асыл мен Раушанның Бексұлтаны, Қасымбек пен Райханның Дәулетжаны топырақ шашып ойнайтын жасқа да жеткен.

Түс әлетінде сиыр ауылға жотадан құлдилап шетел көлігі түсті. Қаладан ат арытып келген Асыл мен Раушан, аналары Айман, кішкене сәбиі Бексұлтан екен. Қуанысқан құрбылардың құшағы айқаса кетті. Асыл мен Қасымбек перзентханада танысқан. Олар да бұрыннан таныс адамдардай арқа-жарқа болысты. Қой сойылып, қазанға ет салынды. Әңгімені Айман апа бастады. Мәселенің мәнін түсінген Қасымбек пен Райхан «нәрестелер ауысып кетіпті» деген сөзді естігенде әрі-сәрі күй кешті. Қасымбек пен Райхан Раушанның қолындағы Бексұлтанға, Асыл мен Раушан Дәулетжанға қарағыштап, көздерін жасқа шылады. Осылайша өз нәрестелерімен табысқан қос ата-ана бір жағынан қуанышты болса, екіншіден, бүйректері мен өкпе-бауырларын біреу жұлып әкеткендей күй кешті. Қасымбек пен Райхан Дәулетжанын шығарып салып, түн баласы орталарына Бексұлтанын алып жатып көздерін іле алмады. Түн ауа Бексұлтан туған анасына көнбей, төсін емген шешесін іздеп шырылдап жылай берді...

Ертеңіне кешке дейін Бексұлтан қолды-аяққа тұрмай бақырып жылап, өксіп егілгенде Райханның ет жүрегі езілуге айналды.

– Қасеке, сенің жағдайыңды да түсінемін. Маған да оңай емес, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзентім. Бұл Жаратушының ісі шығар. Баланы босқа жылата-жылата ауыртып алармыз. Жылай бергеннен кіндігі де көтеріліп қалыпты. Қайда жүрсе де аман болсын. Сырттай тілеулес болып жүреміз. Бұлардың не кінәсі бар? Тағдырдың басқа салғанынан қашып құтыла алмаспыз. Бексұлтанды ата-анасына тапсырып, Дәулетжанды алып қайтыңыз. Мен осы байламға келдім, – деді Райхан өксігі мен қабағындағы мұңды жасырып.

Асыл мен Раушанның да отбасы осы жағдайды бастан кешкен еді. Барлық іске өзін кінәлі санаған Айман әже «Айналайындар, елдің тыныштығы, балалардың бақытынан асқан бақыт жоқ. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы шығар. Баланың обалына қалармыз, ата-анасына тапсырыңдар» деген. Осылай Асыл мен Раушан да жолға шыққан. Олар дәл жолдың ортасында кездесті...

Бір жолы Бексұлтан мектеп қабырғасында жүргенде кластас балалардың бірімен шекісіп қалады. Сотқар бала «Сені мамаң перзентханада ауыстырып алыпты. Сен ол үйдің баласы емессің» деді кегін алмақ болып. Бексұлтан үйге жылап келді. Анасы «Бекжанжан, оны кім айтып жүр? Сен біздің баламызсың, нағашы атаңа тартып туғансың» деп ұлын жұбатты. Алайда, бұл сөз Бексұлтанның жүрегінде қалып қойды...

Арада талай жыл өткен. Бір жолы аудан орталығындағы жаңадан салынатын аурухананың құрылысына жұмысшылар қабылдап жатқанын естіген Бексұлтан осында келген. Құрылысшы жігіттердің бірі «Бексұлтан, осындағы бір жігіт сенен аумайды. Тіпті сөзі, жүріс-тұрысы саған қатты ұқсайды» деген.

Арада көп уақыт өтпей жол бойында көлігі бұзылып тұрған бір жігітті көріп, кідірген. Назар салып қараса, көлігі бұзылып тұрған жігіт өзінен аумайды. Бұл не құдірет! Осындай кездесуден соң Бексұлтанның жұмысқа құлықсыздығы, сәл нәрсеге қит етіп ашулана салатын оғаш қылықтары байқала бастады. Мұны байқаған Раушан ана ұзақ ойласа келе Қасымбек пен Райханның үйіне барып, екі баланы таныстыруды, сөйтіп екі отбасы туыстығын бекемдей түсуді ойлады.

Жүрек шіркіннің сезбейтіні жоқ, үйге кірген бойда анасын таныған Бексұлтан көздері жасаурап, Райханға қарай берді. Райханның тұла бойы ток соққандай дір етіп, жүрегі шаншып кеткендей сәл теңселіп барып бойын түзеп алды. Өз-өзіне келген соң:

– Раушан, мен сендердің неге келгендеріңді түсіндім. Ешнәрсе де айтпа! Балалардың өзі шешсін. Ең бастысы, екеуі де дін аман, ел сыйлар жақсы азамат болып өскендеріне ризамын. Алла осылардың өмір жасын ұзақ етсін, – деді жаулығының ұшымен көзін сүртіп.

Олар осылай табысты. Арада жылдар сырғып өтті. Ұл-қыз өсті. Бексұлтан мен Дәулетжан ел ағалары атанды. Дәулетжан туған анасы қайтыс болғанда басына топырақ салады.

Бір жолы әнші, сазгер Тоқтар Серіков ел аралап жүргенде осы әңгімені өз құлағымен естіп, алғашқыда таңданыс білдірсе керек. Кейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Қаракет» хабарын жүргізетін журналист Бейсен Құранбек бауырымызға хабарласады. Телеарнаның түсірілім тобы кейіпкерлерімізге жолығады.

Міне, осылай қайта табысқан олар бір-бірімен жілік ұстасып, бауыр атанды.

Шіркін, ана жүрегі-ай десеңші! Бауыр басқан анасын қимай жылаған баласының бірер күндік өксігін көргісі келмейтін олар осындай қадамға барды. Бірін-бірі білмейтін екі рулы жігіттер бауыр болды. Бұл – қазағымның кеңпейілділігінің, жомарттығының, имандылығының бір көрінісі.

Әйткенмен, мені екі ананың балаға деген сүйіспеншіліктері ойландыра береді. Екі-үш күн ғана еді ғой. Сосын өз анасына бауыр басып кетер ме еді...

Ана жүрегі! Не деген нәзік едің?!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз