«Біз емтихан тапсырамыз» дейді Беларусь президенті Александр Лукашенко

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Беларусь парламенті өкілдерінің палатасы елдегі президент сайлауын 9 тамызға белгіледі. Заңға сай, Беларусь елінде сайлау президент өкілеттігінің аяқталуына екі ай қалғанда өтуі тиіс.

9,5 миллион халқы бар Беларусь елін Александр Лукашенко 1994 жылдан бері басқарып келеді. Ол бес рет президент болып сайланды. 2004 жылы референдум өтіп, онда президенттің сайлауға түсуіне шектеу алынып тасталған болатын. Алайда, ЕҚЫҰ мен ЕО елдері Беларусьтегі соңғы бірнеше Президент сайлауын заңды деп танымады, ал, Лукашенконың өзін әлемде «Еуропаның соңғы диктаторы» деп атайды.

Биыл Беларусьтағы Президент сайлауы 6000-ға жуық сайлау учаскесінде өтеді. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, елден тысқары аймақта президенттікке кандидаттар үшін 44 учаскеде дауыс беріледі. Санаторийлерде демалушылар және ауруханада емделушілер үшін 231 учаске құрылған. Ал, әскерде 13 учаске бар. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелігіне кандидаттар ұсыну 21 маусымда аяқталады.

Беларусь президенті бес жыл мерзімге сайланады, соңғы сайлау 2015 жылдың қазанында өтті. Лукашенконың өзі бұрын «президенттік сайлау 2020 жылы өтуі тиіс. Елімізде қандай жағдай болса да, заңға қатаң сәйкестікте, белгіленген мерзімде өтеді» дегенді айтқан.

2019 жылдың күзіндегі Парламент сайлауынан кейін Лукашенко 25 жылдан астам уақыт бойы билік тұтқасын ұстап отырғанына қарамастан, президенттік сайлауға тағы қатысатынын мәлімдеді. «Осы сайлауда өз кандидатурамды ұсынамын, бірақ егер сіздердің маған деген қарсылықтарыңызды сезінетін болсам, қатты алаңдайтыным анық, бірақ сонда да менің кандидатурамды сайлауда ғана қабылдамай тастай аласыздар» деген еді ол.

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты биыл Беларусьта президент сайлауы бұрынғы сайлаулардан өзгеше, ерекше ережелер бойынша өтуі ықтимал. Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина атап өтті. Оның айтуынша, облыстық, аудандық, қалалық атқарушы комитеттердің отырыстары бақылаушыларсыз және партия мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінсіз өтпек. Белоруссиядағы сайлауға халықаралық сарапшылардың келе алмай қалу мүмкіндігі де жоғары. Мұнан бөлек, сайлаушыларға демалыс орындарынан да дауыс беруге қолайлы барлық мүмкіндіктер жасалады. Алайда, елдегі маңызды шараға «Беларусь Халық майданы» және «Әділ әлем» оппозициялық партиялары қатыспаймыз деп отыр.

«Пандемия жағдайында сайлау науқанын өткізу жауапсыз әрі қауіпті әрекет. Басқа еуропалық елдер ауруға шалдыққан науқастарының саны аз болғанына қарамастан, сайлауды кейінге қалдыруға негізделген шешім қабылдап жатқанда, қазіргі Беларусь билігі, керісінше, науқанды болжанғаннан бұрын бастап кетті» десті олар. Сондай-ақ, олар Беларусь демократиялық ұйымдарының басқа көшбасшылары мен белсенділерін де президенттікке өз кандидаттарын ұсынбауға және пандемия жағдайында сайлау науқанына қатыспауға шақырды. Айта кету керек, бүгінде Беларусьта коронавирусқа шалдыққандар саны 55 мыңнан асып кетті.

Бұрын «Еркіндік үшін», «Белоруссиялық христиан демократиясы», Біріккен азаматтық партия және белоруссиялық социал-демократиялық партиясы бірыңғай кандидатты ұсыну мүмкін еместігі туралы мәлімдеген еді. «Біз, Беларусь Республикасы президенттігіне демократиялық күштерден бірыңғай кандидат ұсыну рәсіміне қатысушылар, коронавирус эпидемиясының өршуі жағдайында сайлауды жариялау мен өткізуге жол берілмейтінін мәлімдейміз. Қалыптасқан жағдайда праймеризге салынған барлық процедураларды жүзеге асыру және бірыңғай кандидатты анықтау мүмкін емес екенін мойындаймыз» делінген хабарламада. Сондай-ақ, бұл партиялар сайлауды мейлінше кейінірек өткізуге шақырды.

Президенттікке үміткерлердің есімдері 5-14 шілде аралығында белгілі болады. Мерзімінен бұрын дауыс беру 4-8 тамыз аралығында өтеді. Сайлау қорытындыларын ОСК 19 тамыздан кешіктірмей беруі тиіс. Екінші тур, егер қажет болса, жоспар бойынша 23 тамыздан кешіктірмей өтуі тиіс.

1994 жылы ел басшысы лауазымына алғаш рет сайланған кезінде Александр Лукашенко: «Есіңізде болсын, халық арасында билік – Құдайдан деген бар. Ал, Құдайды құрметтеу керек!» деген болатын. Биыл алтыншы рет дауысқа түскелі отырған Лукашенконың бастамашыл тобын тіркеу үшін Ортсайлауком құжаттарды қабылдады.

ОСК басшысы Лидия Ермошина қазіргі президенттің бастамашыл тобына 11 мыңға жуық адам кіргенін хабарлады.

Оппозиялық саясаткер Лебедько қазіргі президенттің билікті жекешелендіріп алғанын айтады. Сол себепті оппозиция оған еш қарсылық көрсете алмайды. Бұл жөнінде ол: «Шын мәнінде Белоруссиядағы парламент деген не? Бұл Лукашенко әкімшілігінің бөлімі, онда келісімшартпен тағайындалған 110 депутат отыр. Тіпті, Конституцияға қайшы келсе де, өзіндік себептермен олармен арада болған келісімшартты кесіп тастай алады.

Елдегі сот билігі де Александр Лукашенконың әкімшілік бөлімі, себебі барлық судьяларды Лукашенконың жеке өзі тағайындайды. Билік бір қолға жекешелендірілген кезде онымен күресу өте қиын. Бізде МҚК қызметкерлері 10 мыңнан астам, ал, Лукашенконың қауіпсіздік қызметінде 6 мыңнан астам адам бар. Бұл, әрине, милиция, армия, ішкі әскерлер, салық құрылымы және тағы басқаларды қоспағанда. Бізде оннан астам құрылымға жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу, яғни шенеуніктерді, оппозицияшыларды бақылау, қадағалау құқығы берілген. Мұны жете бағаламауға болмайды» дейді Лебедько.

Авторитарлық билік өте күшті. Егер осы күшке қаржылық-экономикалық тәуелділікті қоссақ, адамдардың 80 пайызы жалақы, зейнетақы, жәрдемақыны Лукашенконың өзінен алатындығын білдіреді. Ал, бұл билікті жұдырығында ұстау ресурсына жатады.

Осы тұста Беларусь президенті Александр Лукашенко кім болды, билікке қалай келді деген сауалға қысқаша жауап іздеп көрелік. Оның балалық шағы қиын жағдайда өтіпті. Анасы екеуі Могилев облысындағы ауылда тұрған. Анасы 20 жылдан астам сауыншы болып жұмыс істеді. Мектептен соң Могилев педагогикалық университетін қызыл дипломмен бітірген Саша кейінірек Беларусь ауыл шаруашылығы академиясында білім алады. Білетіндер оның алдына қойған мақсатына ұмтылғыш, тапқыр, қабілетті болғанын айтады. Студент кезінде ерік-жігерінің мықтылығы арқасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. 1987 жылы Шклов ауданындағы «Городец» кеңшарына директор болып тағайындалады. Ал, 1990 жылы Лукашенко Жоғарғы Кеңеске депутат болды. Одан соң, 1993 жылы А.Лукашенко Беларусьтың Жоғарғы Кеңесінде құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясын басқарады. Әрекеттерінің айтарлықтай пайдасы болмаса да, депутат шенеуніктерге қырғидай тиісті. Содан да болар, жұрт оны тыңдай бастады. Себебі, ол кез келген тақырыпта сөйлей беретін шешен еді. Оның сөздерінде «әділдік», «жемқорларды жазалау», «биліктің қитұрқылығын ашу» сияқты мәлімдемелер жиі кездесетін.

1994 жылы Беларусь халқы аса қиын жағдайды бастан өткерді, сондықтан олар өздерін қорғай алатын, елде тәртіп орнатуға қабілетті тұлғаны іздеді. Сол бір кезеңде түкпірдегі бір ауылдан келген Саша Лукашенко оларға өте қарапайым, батыл жігіт болып көрінді. Беларусьтар елдегі ескі жүйені бұзып, ахуалды реттейтін қабілетке ие осы жігіт деп жас Лукашенкодан көп үміт күтті. Сол жылы 24 шілдеде Беларусьтың тұңғыш президенті Конституцияға қолын қойып, өз өмірінде алғашқы рет елге ант берген. Ол өз сөзінде Авраам Линкольннің «Демократия — халық пен халық үшін таңдаған халық үкіметі» деген сөзін келтірді. Және Беларусьтегі жалғыз диктатура тек заңның диктатурасы болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Бүгінде Беларусь халқы Лукашенкодан биліктен кетуді сұрайды. Қыспаққа алған індетке қарамастан сайлауға қатысатын Лукашенконың оппозициялық қарсыластарына қол жинау үшін жүздеген адам митингке шықты. Олар тәуекелсіз бостандық жоқтығын ұғынды. Қазіргі уақытта 15 кандидат президенттікке үміткер ретінде тіркелді. «Біз билікті, президентті ауыстырғымыз келеді. Бір адамның елді 26 жыл билеуі халықты шаршатты. Жұрт кедейліктен қажып бітті. Лукашенко кетсін!» десті пикетке жиналғандар. Бетперде таққандарымен, олардың арақашықтық ережесін сақтауларына мүмкіндік болған жоқ. Минскіге өзге қалалардан ағылып келгендер қаншама?! Алайда, оппозициялық күштердің басын біріктіру оңайға соқпай отыр. Бірі сайлауға бойкот жарияласа, енді біреулері коронавирусқа қарамастан жүз мыңдаған қол жинауға кірісіп кетті. Саясаттанушы Анна Канопацкая өз командасымен 120 мың адамның қолын жинай алатынына сенімді. Парламенттің бұрынғы депутаты пандемия өзгерістерге жетуді көксеген беларусьтықтарға кедергі жасай алмайды деген ойда. Ал, «Еркіндік үшін» қозғалысының төрағасы Юрий Губаревич мұндай сәтте сайлау өткізу қылмысқа бара-бар деп есептейді. Оппозициялық саясаткер сайлау мерзімі кейінге шегерілгенін қалайды.

Александр Григорьевич Лукашенко мемлекет басшысын сайлау халық үшін нағыз емтихан екенін мәлімдеді. Беларусь көшбасшысы «Біз емтихан тапсырамыз. Бірақ біз, барлық мемлекеттік билік жүйесі мемлекетті басқару қабілетін көрсетуіміз керек» деді. Президент қым-қуыт тірліктен сайлау науқанын қадағаламайтынын жеткізді, алайда, елде проблемалар көп екенін біледі. Осы шараны лайықты өткізу үшін мемлекет басшысы митингтерге және басқаларға алаңдамай, нақтылыққа назар аудару керектігін айтты. Дегенмен, елдегі саяси ахуал ушығып тұр. Қол жинау басталғанға дейін танымал оппозициялық саясаткерлердің бірі Николай Статкевич ұсталды. Митингіге қатысушылар сондай-ақ, блогер Сергей Тихоновскийдің де ұсталғанына наразы. Жақтастары оның арандатушылықтың салдарынан ұсталғанын айтады.

Беларусь мемлекеттік бақылау комитеті «Белгазпромбанк» базасында ұйымдасқан қылмыстық топ құрылды деп есептейді. Жуырда, 12 маусым күні Беларусь мемлекеттік бақылау комитетінің қаржылық тергеу департаменті (ҚДДД) «Белгазпромбанк» басқармасының бұрынғы басшысы Виктор Бабариконың заңсыз қызметке қатысы бар екенін мәлімдеді. Бабарико – алдағы сайлауда президенттік лауазымға үміткер, ол банкті 20 жылға жуық басқарған. Сайлаудағы тағы бір мықты қарсылас Светлана Купрееваны МҚК үйінен ұстап әкеткен. Оларды ресми түрде санкцияланбаған наразылық акцияларына қатысты деп айыптап отыр. Бірақ, тұтқындаудың нақты себебі, билік пен арнайы қызметтер олар адамдарды тамыз айындағы президент сайлауы алдында жаппай наразылық акциясына шығарады деп қауіптенеді. Беларусь құқық қорғау қауымдастығы биліктен президенттік науқанға қатысатын адамдарға қысым көрсетуді және қорқытуды тоқтатуды талап еткен мәлімдеме жасады.

Енді Беларусьта халық күткендей билік ауыса ма, жоқ па, оны алдағы уақытта көретін боламыз.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз