Шардара ауданының әкімі Қайрат ЖОЛДЫБАЙ: «Туған өлкеңе қызмет көрсеткеннен асқан бақыт жоқ»

Шардара ауданының тізгінін 2019 жылдың шілде айында Қайрат Жолдыбай қолға алды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оны көпшілікке таныстыра келіп «Қайрат Жолдыбайұлы, іс-тәжірибесі жетерлік, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар күш-жігерін, білімін жұмсайды деп сенемін. Басты мақсат – Шардара қаласын аудан тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз, таза, көрікті де әсем қалаға айналдыру үшін жұмыс істеуі керек. Жаңадан тағайындалған аудан басшысына депутаттармен бірлесе отырып осы міндеттерді шешуді тапсырамын» деген болатын. Содан бері өткен бір жылға таяу уақыттың ішінде шағалалы өңірде бірталай шаруа атқарылды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық потенциалы өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, қай сала болмасын әлеуеті үлкен. Міне, осы потенциалдарды іс жүзіне асыруда қандай жұмыстар атқарылуда? Шардараны жұмақ мекенге айналдыру үшін тағы қандай істерді қолға алуға болады? Біз осы және басқа да сауалдарымызға жауап табу мақсатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбаймен сұхбаттасқан едік.

– Қайрат Жолдыбайұлы, 2020 жыл түрлі оқиғаларымен ерекшеленіп отыр. Өткен жыл қорытындысы бойынша есеп беру жұмыстары аяқтала салысымен әлемді алаңдатқан коронавирус індеті шықты, одан көрші Мақтаарал өңірін су басты. Мұның қай-қайсысы да елге оңай тиіп жатқан жоқ. Қат-қабат қарбаластармен жүргенде алғашқы жартыжылдықта түгесіліп келеді. Аудан өткен 5 айды қалай қорытындылады?

– Иә, көктем айы күтпеген оқиғалармен басталғанымен, жоспарлы жұмыстар тоқтап қалған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар, Президент пен Үкіметіміздің, облыс әкімінің тапсырмалары тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр.

2020 жылдың алғашқы тоқсанында жергілікті бюджетке жоспарланған 609,6 млн. теңгенің орнына 850,6 млн. теңге түсіп, жоспар 139,5 пайызға немесе 241,0 млн. теңгеге артық орындалды. Сол сияқты өнеркәсіп саласында оң өзгеріс қалыптасып келеді. Бүгінгі таңға осы салада 21 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Есепті мерзімде аудан кәсіпорындарында 3145,9 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, индекс 106,8%-ды құрады.

– Шардара ауданының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы саласы. Осы ретте көктемгі дала жұмыстарының қалай жүзеге асқаны жайлы айтып өтсеңіз. Жалпы, шардаралық шаруалардың көңіл-күйі қандай? Олар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің игілігін көріп жатыр ма?

– Биыл 59300 гектар суармалы жерді игердік. Қазіргі кезде 1000 гектар күздік бидай мен 15 гектар күздік пиязға қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 4458 гектар алқапқа жаңа жоңышқа, 600 гектарға көкөніс, 1660 гектарға жаздық арпа, 7380 гектарға бақша дақылдары, 2736 гектарға дәндік жүгері, 17600 гектарға мақта және 1410 гектарға күріш егілді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер бойынша айтар болсақ, егістік алқаптарына дәрі жеткізу жұмыстары да толыққанды атқарылуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3923 тонна селитра, 750 тонна аммофос, 550 тонна сульфат аммоний, 423 тонна карбамид таратылды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағада 3120 тонна жанар-жағармай бөлінді. Соның ішінде ақпан айында 780 тонна, наурызда 780 тонна, сәуір айында 910 тонна және мамыр айында 650 тонна жанармай жеткізілді. Бекеттерде жеңілдетілген бағада 160 теңгеден жанармай босатылды.

– Облыс әкімінің алқаптан бір жылда екі-үш рет өнім алу жөнінде тапсырмасы бар. Шағалалы өңірде осы шаруа қалай жүзеге асып жатыр?

– Облыс басшысының бұл тапсырмасы шаруалардың игілігі үшін жасалынып отыр. Яғни бір рет өнім алып болған соң сол жерді келер жылға дейін бос жатқызбай, тиімді пайдалануға тұрғындарды тартуымыз қажет. Облыс әкімінің қатысуымен Түркістан қаласындағы Шаға ауылдық округінде, Шардара ауданындағы «Тұрар» шаруа қожалығында, Келес ауданындағы «Ерболат» шаруа қожалығында семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Оған ауыл әкімдерімен қатар жер мамандары, ірі шаруа-фермерлік қожалық иелері қатысты. Қазіргі таңда біздің аудандағы ауыл округтеріне бір алқаптан екі-үш өнім алу тапсырмасы бойынша 72 тапсырма түсті. Бұл тапсырмалар рет-ретімен орындалып жатыр. Осы тапсырма бойынша 335,1 гектар алқапқа бірінші дақыл егілді. Мәселен, 139,5 гектарға бидай, 69 гектарға арпа, 98 гектарға бақша дақылдары, 20,2 гектарға көкөніс, 3 гектарға жүгері, 1,8 гектарға картоп егілген болса, солардың алды жиналып бола салысымен, екінші дақыл орналастырылды. Атап айтар болсақ, 52 гектарға маш, 7 гектарға көкөніс, 17,2 гектарға сүрлемдік жүгері, 14 гектарға бақша дақылдары, 11 гектарға жоңышқа, 10 гектарға күздік бидай, 1 гектарға картоп, жалпы алғанда 112,3 гектарға екінші дақыл егіліп отыр. Ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен есімі көпшілікке мәлім Юрий Анның «Тұрар» шаруа қожалығындағы ерте егілген пияз дақылы мен басқа да бақша өнімдері пісіп жатыр. Ендігі кезекте бұл шаруашылықтың диқандары екінші дақыл ретінде қызылша мен қырыққабат егуді жоспарлап отыр.

– Енді кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Соның ішіндегі «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Оның біріншісі жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың иелігіндегі балық өңдеу зауытының өндірісін кеңейту аясында қосымша балық өнімдерін өндіретін және балық майы мен жемін шығаратын цех құрылысының жұмысы жүргізілуде. Жобаның құны – 200 млн. теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталған кезде қосымша тағы да 40 адам жұмыспен қамтылмақ. Екінші – «Turan IT» ЖШС-нің блокчейн, дата центр жобасын іске асыру. Жоба құны 600 млн. теңгеден астам болып отырған бұл орталықтың жұмысы шілденің соңында аяқталады деп күтілуде. Үшінші жоба – жеке кәсіпкер Бауыржан Сариевтің Алатау батыр ауылдық округінен салынатын жем шығару кәсіпорны. 200 млн. теңгеге бағаланған бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 20 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жем шығаруға арналған құрал-жабдықтардың қаржысы алдын ала төленіп қойылған. Тағы бір тың жоба – Достық ауылдық округінен қауыннан қақ дайындауды қолға алмақпыз. Жобаның құны 500 млн. теңгені құрайды, 25 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Ол үшін германиялық «Alekxander Martz» компаниясынан арнайы құрал-жабдықтар алу үшін аванстық төлемдер жүргізіліп қойылды. Осы ретте мына мәселені баса айтып өтсем деймін. Біздің Шардара өңірінде қауын-қарбыз өнімдері көп егіледі. Кей жылдары бағаның төмен болуы салдарынан өнім рәсуа болып, егістік алқап басында қалады. Ала жаздайғы мехнат текке кетіп жатқанына ішің ашиды. Сол рәсуа болған бақша өнімдерін кәдеге жарату мәселесі біраздан бері көтеріліп келеді. Біз өңіріміздегі шаруалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, жан-жақты кеңестік. Кәсіпкер азаматтардың көзін жеткізе отырып, қауын өнімдерінен қақ дайындайтын зауыт ашуға келістік. Бұл кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 230 тонна. Осылайша, ендігі жерде бірде-бір қауын жерде қалмайды.

4 айдың ішінде шағын кәсіпкерлік саласында 10023 адам жұмыс істеді. 2,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тағы да 4 жоба іске асырылуда. Оның ішінде екінші деңгейлі банктермен субсиядиялау, кепілдендіру бойынша «Бәйтерек ББМ» ЖШС-інің айналым қаражатын толықтыру жүргізіліп жатыр. Гранттық қаржыландыру бойынша 2 жобаның құжаттары дайындалуда. Аудандағы кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында «Оңтүстік АИО» ЖШС-і және «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыруға 189 жобаның 921,1 млн. теңгеге құжаттары қабылданды. Олардың ішінде 182 жоба үшін 413,4 млн. теңге несие комитетінен мақұлданып, қаржыландырылды. Осы ретте айта кету керек, шаруаларды несиелендіру бойынша облыста Шардара ауданы бірінші орында тұр.

Сол сияқты, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қолжетімді несие алу үшін 43 жоба ұсынылды. Бүгінгі таңда 1 млрд. 253 млн. теңгеге 20 жобаның несие комитеті мақұлдады. Бұл жобалардың басым бөлігі мал, егін және балық шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысу бойынша да облыста І орынды иеленіп отырмыз.

– Құрылыс жұмыстарының қарқыны қай деңгейде?

– 2020 жылдың алғашқы тоқсанында құрылыс жұмыстарының көлемі 438,7 млн. теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 3 844 шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 102,9 %-ды құрап отыр. Қолға алынған құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестелерге сәйкес жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 377 млн. 110,3 мың теңгеге Шардара қаласындағы Астана көшесінің бойынан 4 қабатты, 40 пәтерлі үйдің құрылысы, 377 млн. 569,2 мың теңгеге қаладағы Әл-Фараби көшесінің бойынан 4 қабатты, 40 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен бірге, 866 млн. 293,8 мың теңгеге А.Иманов атындағы 300 орынды мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұлардан басқа, 2020-2022 жылдары аудан көлемінде біраз нысандарда құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Қала шетінде салынып жатқан жаңа құрылыс массивінде, яғни №4 шағынаудан аумағынан көпқабатты бірнеше тұрғын үй салынбақ. Қазір олардың жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Қазіргі күнде 4 қабатты, 40 пәтерлі 3 тұрғын үй нысандарының жобасына сараптама қорытындысы алынды.

– Ауданның өзекті мәселесінің бірі – тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту болса керек. Бүгінгі таңдағы газдандыру жұмысының барысы жайлы да айтып өтсеңіз.

– Елді мекендерді газдандыру жұмысы кезең-кезең бойынша жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін аудан бойынша Ұзын ата, Қазақстан, Целинное елді мекендерінің тұрғындары табиғи газ тұтынып отыр. 2019 жылы 5 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысы және «Шардара» №18 газ тарату стансасының құрылысы аяқталды. Ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталған 5 елді мекенді, яғни Қызылқұм, Сүткент, Ақ алтын, Егізқұм, Достық ауылдарын табиғи газға қосуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 5 елді мекенді табиғи газға қосу бойынша магистральды газ құбырларын газбен толтырудың шығынына аудандық бюджеттен 5 млн. 632,2 мың теңге қаралып, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ТӨФ-на аударылып берілді. Жалпы, аудан тұрғындарының 34 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылатын болады. Бұған қоса, алдағы күз айларында Көксу және Қоссейіт ауылдарын табиғи газға қосу күтілуде. Сол сияқты Шардара қаласын газдандыру жұмысы 4 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір бірінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Осы жобаға сәйкес қаладағы 4,2 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылмақ.

– Айдын маңындағы ауданда ауыз су тапшылығы жоқ па?

– Аудан бойынша 25 елді мекеннің 18-інде орталықтандырылған құбыр жүйесі бар. Оның ішінде 16 елді мекен тұрғындары 24 сағат құбыр суын тұтынуда. 7 елді мекенде мембранды модулді тазарту қондырғылары жұмыс істейді.

Шардара қаласы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы «Шардара қаласының ауыз су беру торабын қайта құру» жобасы әзірленді. Яғни аудан құрылғалы жұмыс істеп келе жатқан бас су торабын түбегейлі жаңартып, заманауи қондырғылармен жабдықтау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Облыс әкімі біздің бұл жобамызға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Биылғы ақпан айында ауданға жасаған іссапары кезінде Өмірзақ Естайұлы бас су торабын қайта құрылымдау үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлдіруді жоспарға енгізетінін айтып, қала тұрғындарын қуантып кеткен болатын. Қазір жоба дайын. Енді оған тиісті қаржы бөлінсе, бас су торабында ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Осы жобаның нәтижесінде заманауи үлгідегі тазарту қондырғылары арқылы қала халқы таза ауыз су тұтынады.

Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата, Алатау батыр, Целинный, Қызылқұм, Сүткент, Ақ алтын, Достық ауылдарында сағатына 1-1,5 текшеметр су тазартатын «Омега» қондырғылары тұрақты жұмыс істеп тұр.

Елбасының және Мемлекет басшысының, Үкіметіміз бен облыс әкімінің тапсырмаларын жүзеге асыру жолында жұмыла отырып жұмыс атқара беретін боламыз. Мен үшін туып-өскен жеріме қызмет жасаудан артық бақыт жоқ. Осындай мүмкіндік беріп отырған облыс басшысы Өмірзақ Естайұлының, аудан тұрғындарының сенімін ақтау үшін алдағы уақыттарда да аянбай еңбек етуге бар күш-жігерімді салатын боламын.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз