Ұстаз – ұлы тұлға!

Әлемде барша адамзат баласы мойындап, бас иетін қасиетті мамандық иелері бар. Мұғалімдік – басқа салаларға қарағанда ізгілікті, ыждаһаттылықты, сабырлылықты көбірек талап ететін мамандықтардың бірі. Ұстаз – қаншама ұлы адамдардың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізген ұлылық иесі. Себебі, мұғалімнің басты міндеті – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беретіндігінде. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» десе, Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына молынан дарытып, адамгершілік бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздардың еңбегі зор.

Расында, мәселеге тереңірек қарасақ әрбір ұлы тұлға ұстаздары жайында міндетті түрде қанатты сөздерімен алғыстарын білдірген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп шексіз құрметтеген екен. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты. Арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер, парасатты қоғам қайраткерлері бәрі де бір адамға – ұстазға қарыздар.

Бүгінде білім беру жүйесінде біршама өзгерістер болғаны бәрімізге мәлім. Әлемге белгілі барша жұртты түгелімен уайымға салған індет бізден де айналып өтпеді. Қауіптің беті бірте-бірте қайтып келеді. Дәл осы қиын сәтте еңбегі еленуге тиісті бірден бір маман – ұстаз. Қашанда болашақтың қамын ойлайтын ардақты ұстаздарымыз бұл қиындықты да еңсере білді. Олар шәкірттерін бүгінде қашықтан оқытуда. Болашақтың қамы деп, таза еңбектің нанын жеп, күн демей, түн демей ізденісте жүрген ұстаздардың да еңбек демалысына, балалардың жазғы каникулға шығатын уақыты келіп жетті. Менің мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаныма биыл 53 жыл болыпты. Мектеп – кеме, білім – теңіз дегендей, ұстаздарым мені тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бойыма сынақтарға сынбайтын қайсар мінез дарытып, үлкен өмір жолына бейімдеп ұшырды. Әлі күнге дейін ұстаздарымды есімнен шығарған емеспін. Бүгінде аяулы ана, немерелерім мен шөберелерімнің ортасында мейірімге бөленген ардақты әжемін. Қазіргі таңдағы ахуалға байланысты немерелерімнің ұстаздарына ерекше алғыс айтқым келеді. Ой түйіп, осы мақаланы жазуыма да себепкер болған осы кісілер. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сөз ретін пайдалана отырып, білім-инновация лицейі ұжымын, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Умербаева Рамзия Фатовнаны, мұғалімдері Малгаздарова Жамал Естайқызын, Сенкібаева Алмагүл Төлеуқазықызын ерекше құттықтағым келеді. Ғалым да, шахтер де, басқалар да бас иетін ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнайтын барша қазақ халқының ұлағатты ұстаздарының ерен еңбектеріне басымды иіп, алғысымды білдіремін.

Айман ОМАР, зейнеткер. Нұр–Сұлтан қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз