Текетірес екінші орынға сырғыды

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Әлемді әбден әбігерге салған коронавирус індеті жан-жағымызға мойын бұрғызбай қойғаны ақиқат. Бүгінде жағдай біршама реттеліп, тұрақтала бастаған сыңайлы. Италия, Грекия бастаған біраз ел карантин тәртібін жеңілдетті. Кейбірі қалыпты тіршілігін жалғастыруды бастады. Жалпы адамзат атаулыға қауіп төндірген сындарлы сәт бүкіләлемдік саясатқа да әсер етпей қалған жоқ. Мәселен, палестиндіктердің екі саяси күші – ФАТХ пен ХАМАС, сондай-ақ арабтар Израильмен уақытша болса да татуласқан. Мұндағы мақсат барлық түрлі саяси көзқарастарды уақытша ұмытып, індетті жеңіп шығу еді.

 

«Ғасыр мәмілесі» кімнің мүддесін көздейді?

Мәселе сойқан індетке, ауруға және олармен күресуге келіп тірелгенде барлық текетірес уақытша екінші орынға сырғиды екен. Бұл жерде әңгіме Израиль мен Палестинаның арақатынасы жайлы болып отыр. Тіпті, Израиль президенті Реувен Ривлин Палестина президенті Махмуд Аббасқа қоңырау шалып, коронавируспен күресте бірігуге шақырған. Індетке қарсы біріктірілген штаб та құрылыпты. Тек екі тараптың үйлесімді саясаты ғана аурудың одан әрі таралуын тежеуге мүмкіндік беретінін қос тарап та түсінеді.

Осы арада коронавирусқа байланысты Израиль «Ғасыр мәмілесін» жүзеге асыруды доғарады ма деген сауал өзінен-өзі туындайтыны анық. Бұған Палестина мемлекетінің Мәскеудегі елшісі Абдель Хафиз Нофаль былай жауап береді: «Қазіргі әлемдік дағдарыс тіпті технологиясы жағынан орасан зор жетістіктерге жеткен, дамыған Израиль мен АҚШ сияқты елдердің өзі бұл індетке қарсы тұра алмайтындығын айқын көрсетті. Сондықтан әлемдегі саяси және экономикалық ахуал коронавирустан кейін қатты өзгереді. Содан да шектен шыққан «Ғасыр мәмілесі» мен біздің территорияның бір бөлігін алуды көздеген Израильдің жоспары өткен шақта қалып қояды деп үміттенемін».

Осы «ғасыр мәмілесі» жайында былтыр Абдел Хафиз Нофаль: «Бұл – барлық халықаралық заңдардан, соның ішінде БҰҰ және басқа да ұйымдар шеңберіндегі алдыңғы американдық ұстанымнан ауытқу. Трамп әкімшілігі әлі күнге дейін мәміле ережелерін ашық жарияламады, бірақ біз үшін маңызды Иерусалим – мәртебесі, Палестина босқындарының қайтарылуы және заңсыз еврей қоныстарын жою мәселелері трамптық мәміледе шешілмейтіндігі белгілі. Ол бойынша Иерусалим–Израильдің астанасы. Бұл біз үшін өте қолайсыз. Біздің президент Махмуд Аббас айтқандай, Иерусалим саудаға салатын зат емес. Қазіргі уақытта АҚШ палестиналықтарға қаржылай көмектің барлығын тоқтатты. Американдықтар мұнымен қоймай, бізді қолдаушы елдерге де қысым көрсете бастады. Олардың да бізге көмектеспегенін қалайды» деген еді.

Айта кету керек, 70 жылдан астам уақытқа созылып келе жатқан Палестина–Израиль қақтығысын реттеуге Вашингтон ұсынған жоспар халықаралық қоғамдастықтың өте қарама-қайшы бағасын алды. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қолға алған «Ғасыр мәмілесі» деп аталған құжатты біреулер «байыпты ұсыныс» десе, өзгелері «тіпті жазылған сиясына да тұрмайды» деп күстәналады.

Ақ үйдің сайтында жарияланған 180 беттік құжат екі бөлімнен тұрады: экономикалық және саяси. Экономикалық аспектілер өткен жылдың жазында жарияланды, ал, саяси құрауыштың егжей-тегжейі тек биыл қаңтарда белгілі болды. Жоспар негізінде екі мемлекеттің бір-бірін мойындауы жатыр. Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауынан тұратын Палестина аумағын жылдам көлік қатынасымен байланыстыру ұсынылады, осылайша, Трамптың айтуынша, араб мемлекетінің аумағы екі есе ұлғаюы тиіс. Сонымен қатар, Америка көшбасшысы атап өткендей, АҚШ Иордан өзенінің батыс жағалауындағы басып алынған Палестина жерлеріндегі еврей қоныстарын заңды мойындауға, яғни осылайша 1967 жылдан кейін басып алынған жерлерді Израиль жері деп мойындауға ниетті. АҚШ президенті Twitter-дегі өзінің парақшасына «мәміле» дегенді білдіретін болашақ өзгерістер бейнеленген схемалық түрдегі картаны салды. Құжатта Иерусалим мәртебесіне ерекше назар аударылады: Вашингтон Шығыс Иерусалимді араб мемлекетінің астанасы деп тануды (Нетаньяхудің сөзі бойынша, әңгіме иерусалимдік Абу-Дис қаласы жайында болып отыр) және сонымен бір мезгілде бүкіл Иерусалимді Израильдің «бөлінбейтін астанасы» деп санауды ұсынады. Сондай-ақ, Вашингтон палестин аумағында еврей қоныстарын салу бағдарламасын төрт жыл тоқтата тұруды талап етеді. Осыны реттеуді қолдау ретінде 50 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция ұсынады.

 

Ауғанстан билігі саяси дағдарысқа нүкте қойды

2019 жылдың қыркүйек айында ауған елінде президенттік сайлау өткені мәлім. Оның қорытындысы бойынша Ашраф Ғани жеңіске жеткен. Ал, Абдулла Абдулла екінші орынға тоқтады. Бірақ, бұрынғы үкімет басшысы дауыс беру қолдан жасалғанын айтып, сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартты. Сөйтіп, екі саясаткер Ауғанстан президенті қызметіне кіріскенін білдіретін ұлықтау рәсімін қатар өткізген болатын. Енді міне, пандемия қатері екеуін де тәубесіне келтірген сыңайлы. Бірнеше айға созылған саяси дағдарыстан соң Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен елдің бұрынғы премьер-министрі Абдулла Абдулла билікті бөлу туралы келісімге келді. Ол бойынша президент қызметін ары қарай да Ашраф Ғани атқара береді. Ал, Абдулла мемлекет басшысымен бірдей үкіметтегі министрлердің тең жартысын тағайындау құқығына ие болды. «Президент Ғани мен Абдулла жаңа ғана саяси келісімге қол қойды» деп жазды ауған президентінің баспасөз хатшысы Седик Седикки өзінің Twitter парақшасында.

 

Башар Асадқа бәсекелес бар ма?

2021 жылы Сирияда президент сайлауы өтеді деп жоспарлануда. Соңғы сайлау 2014 жылы 3 маусымда өткен болатын. Сол кезде елдегі ауыр әскери-саяси ахуалға қарамастан, сайлауға іштегі және сырттағы азаматтары түгелге жуық қатысты. Өтініш білдірген 24 кандидаттың үшеуі іріктеуден өтіп, жеңісті 89 пайыз дауыс жинаған сол кездегі президент Башар Асад иеленген. Сириялық саясаттанушылар алдағы сайлауда да оның мүмкіндігі зор екенін, бәсекелес табылмайтынын айтуда. Ал, енді біреулер бұған күмәнмен қарайды. Ұлттық құндылықтарды қорғау қоры мамандарының айтуынша, елде белең алған жұмыссыздық пен сыбайлас жемқорлық салдарынан жұрттың сенімі азайып, Башар Асадтың рейтингі төмендеп барады. Респонденттердің тек 32 пайызы ғана оны жаңа мерзімге таңдауға дайын.

Республиканың көптеген провинцияларында соғыс қимылдарын аяқтағаннан кейін халық біртіндеп бейбіт өмірге орала бастады. Соған орай көп жыл бойы соғыстан, жоқшылықтан титықтаған азаматтардың сұраныстары да өсті. Аталмыш қордың басшысы Александр Мелькевичтің айтуынша, алдағы сайлауда да қолдағы билігінен айырылмауы үшін Асадқа көп жұмыстар атқару қажет. Оған елдің қазіргі премьер-министрі Имад Хамис бәсекелес болуы мүмкін. Оның тәжірибесі мол, ұзақ жылдар бойы энергетика мәселелерімен айналысқан. Соғыс кезінде ол Сирияға жаппай «блэкаутқа» кіруге мүмкіндік бермеді. Дегенмен, оны сыбайлас жемқорлыққа қатысты аяқтан шалуы ықтимал. Сондай-ақ, «Сирия ертең» оппозициялық қозғалысының басшысы Ахмад Джабра да САР басшысы лауазымына күресуге қабілетті. Джабраны Египет пен БАӘ-нің саяси күштері қолдайды. Әлеуетті кандидаттың Сауд Арабиясымен, Құрама Штаттармен, Ресеймен байланысы бар.

Асадтың сайлауда күшті бәсекелесі Сирия Араб армиясының генералы Сухейль әл-Хасан болуы мүмкін. Ол елдегі азаматтық қақтығыс кезінде сириялықтардың сенімі мен құрметін иеленді, 25-ші дивизияны басқарды. Егер ол Сирияның президенті лауазымына кандидаттар тізімінде болса, сайлаушылардың көбі оны міндетті түрде қолдайды. Оның кандидатурасын Ресей де қолдайды, себебі, Сухейль Мәскеумен жақсы қарым-қатынаста.

Сириялық оппозицияның тағы бір өкілі Абдурахман Мұстафа да Асадқа тәп-тәуір бәсекелес бола алады. Бүгінде Мұстафа Сирия Уақытша үкіметінің президенті қызметін атқарады. Этникалық түркімен. Мұстафа Түркияның қолдауына ие.

Сирияның бұрынғы премьер-министрі Рияд Хиджаб та республика басшысы қызметіне Башар Асадпен күресуге әбден күш жұмсайды. Ол бірнеше сириялық провинцияларда губернатор болды, елдің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Бүгінде Хиджаб оппозициясының мүшесі. Оның да мүмкіндігі зор деуге болады.

Сондай-ақ, Президент істері жөніндегі министр Мансур Аззамды да атап өткен жөн. Саясаткер Сирияны шетелдерге таныстырған, қызмет еткен жылдарында да жан-жақпен тығыз байланыстар орната білді. Аззам Сирияның Ресеймен ынтымақтастықты ұйымдастыру жөніндегі комитетінде әртүрлі салада жұмыс істеді.

Міне, көріп отырғанымыздай, Сирия президенттігіне бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан Башар Асад жаңа мерзімге қайта сайлану үшін айтарлықтай жұмыс істеуі керек. Ол үшін халықтың жоғалған сенімін қайтару қажет. Мақсатқа жету үшін елдегі жұмыссыздық пен сыбайлас жемқорлық проблемаларын қысқа мерзімде жою, сондай-ақ шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауы тиіс.

 

Пікір қалдырыңыз