ӘСКЕРИЛЕР 10 ОТБАСЫҒА КӨМЕК БЕРДІ

Шымкент қаласында орналасқан 10216 әскери бөлімінде "Біз біргеміз! атты акция басталды.

Індетке байланысты енгізілген төтенше жағдай халықтың әлеуметтік ахуалына айтарлықтай салқынын тигізуде. Оны жалақысынан, жұмыс орнынан айырылған азаматтардың жан-айқайынан көруге болады. Дегенмен, осы орайда мемлекеттің қамқорлығынан бөлек, қиналған жұртқа қол ұшын созып жатқан жаны жомарт азаматтардың да аз емес екенін айта кеткеніміз жөн. Мұндай қайырлы іске Шымкент қаласында орналасқан 10216 әскери бөлімінің қызметкерлері де ортақтасуды көздеп отыр. Таяуда бөлімге қарасты әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу бөлімінің ұйымдастыруымен «Біз біргеміз!» атты қайырымдылық акциясы басталды.

Жақында бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәбит Сыздықов пен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы Меруерт Жұбанова бір топ әскери қызметшілермен бірге қаладағы Әл-Фараби ауданында тұратын көмекке мұқтаж отбасыларды аралап, оларға азық-түлік себетін тапсырды. Акцияның алғашқы күні тұрмысы төмен 10 отбасыға көмек берілді. Алдағы күндері бұл тізім толыға түспек. Осы ретте мұндай ізгі шараны 10216 әскери бөліміне бағынысты жекелеген бөлімшелердің де жалғастырып жатқанын тілге тиек еткен жөн. Атап айтсақ, әскери қызметшілер Айша-бибі ауылы мен Шардара қаласында тұратын көп балалы отбасылар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға жәрдем көрсетіп, көңілдерін марқайтып қайтты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қиын сәтте қол ұшын созған әскери қызметшілерге олардың да алғысы шексіз екенін жүздерінен аңғардық.

                                                                                                                 Берік          ӘБЕНОВ,

                                                                              10216 әскери бөлімі тәрбие

                                                                                 саласының офицері, майор.

Пікір қалдырыңыз