ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛА БІЛЕЙІК

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты жарияланған мәлімдемесімен таныстық. Бірінші кезекте халқымызға асқан сабырлық, өз денсаулығымызға деген зор жауапкершілік, қоғамдық ортаға деген кең түсіністік қажет.

«Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу. Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр» деп мәлімдемеде Президенттің өзі атап өткеніндей, Қазақстан халқының амандығы бірінші кезекте жолға қойылып отыр.

Әлемді жайлаған короновирус індетіне байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдайға Созақ ауданы да төтеннен келген тажалмен күндіз-түні күресуде. Созақ ауданына Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Тараз қалаларынан келетін, кіретін үлкен негізгі жолдарға тосқауыл қойылып, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері тарапынан күндіз-түні ауысымды кезекшілік қойылған. Ауданға кірген автокөліктер мен жеке азаматтар жіті тексерулерден өтуде. Аудан дәрігерлері мен полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбектеріне аудан жұртшылығы ризашылық білдіруде. Тосқауыл бекетінде тұрған топтар аудан орталығындағы төтенше жағдай жөніндегі штабпен сәт сайын тығыз байланыста хабарласып отыр. Десе де, аудан жұртшылығына айтарымыз: ескертіліп жатқан төтенше жағдайдың тиісті талаптарын сақтап, үйлерінен шықпауларын сұраймыз. Қиындықтар кетеді. Ең бастысы сол қиындықпен қосыла өміріміз кетіп қалмасын. Президент айтып кеткеніндей,  «Береке басы – бірлікте» десек, жұрт болып жұдырықтай жұмыла білсек, жолдан жолығар кез келген қиындықты жеңеміз!» дегім келеді.

 

Қабылбек ЕСПЕНБЕТОВ,

Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз