Махаббат күнін тойлау соншалықты маңызды ма?

Жастардың «Валентин күнін» тойлауы осыдан он шақты жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарындағы ең өзекті тақырыптардың бірі болды. «Валентин күні» аталып өтілмесін» деудің басты себебі – бұл «мерекенің» арғы-бергі тарихы ұлт руханиятына жат-тұғын.

Оған мектептерде, оқу орындарында ашық хат алмасу, елімізде тіркелетін қылмыстар мен ерте жүктілік көрсеткішінің күрт көтерілуі қосылды. Соған қарамастан бұл мейрамды атап өтетіндер азаймады. Сондықтан 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Дархан Мыңбай «Валентинді» ұмыту үшін махаббат күнін 15 cәуірде – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні етіп атап өтуді ұсынды.

Ал, 2011 жылдан бастап бұл күн елімізде Ғашықтар күні деп аталып өтіле бастады. Жалпы, осы күнді атап өту соншалықты маңызды ма? Бұған жастар не дейді екен? Тыңдалық.

 

Амалбек ӨМІРТАЙ, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы:

– Әлемде махаббат тақырыбын жырламаған ақын-жазушы, суретші, мүсінші, композитор кемде-кем. Мәселе – махаббатты қалай сезінуде! Ақын Қадыр Мырза Әли айтпақшы, бұл махаббат қызыңа, еріңе сын. Алайда, махаббаттың үлкені елге, анаға, бауырға, жарға, балаға деген сүйіспеншілік екенін жас өскіннің санасына сіңіре алсақ, соның өзі аз олжа емес. Себебі, сезімнің салдарынан отбасы құрмай жатып от басып, ар-ұяттың шеңберінен шығып кетіп жататын жайттар әлі де көп.

Ал, ол жолда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Анды – Қарақыз» секілді жыр-дастандарды, ондағы адал махаббат жайын насихаттай білсек, одан ұтарымыз көп болмақ. Сондықтан мәңгілік тақырыпты түсіндіруге жыл он екі айдың бір күнін арнайы бөлсек, оны жақсы мақсатта қолдансақ, ең құрығанда Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқуға мұрындық болсақ, мейрамның миссиясы орындалды деген сөз.

 

Марал ЖҰМАГЕЛДІ, журналист:

– Жақындарымызға күн сайын көңіл бөліп, жақсы сөз айту керек екендігін білеміз. Ал, жан сырымызды жайып салуға келгенде қысылып тұратынымыз рас енді. Тіпті, анасына да өзінің біреуді жақсы көретінін айта алмайтындар бар. Мереке деген кейбіреулерге жылына бір рет болса да сол олқылықтың орнын толтыруға себеп болар еді. Егер осындай ниетпен ол күнді жақсы әрекет үшін атап өтсе, несі айып?! Алайда, кешеге дейін «Валентин» күнінің қоғамға келтіріп жатқан кесірі жайлы айтып келдік. Мына Ғашықтар күнінің де тойланатын күні басқа болғанмен форматы сол мейрам. Сондықтан мен Абай атамыздың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл!» дегеніне қосыламын. Меніңше, махаббатты жеткізуге арнайы күннің, тілдің керегі шамалы. Ол білдірмей-ақ білініп, көрсетпей-ақ көрініп тұратын сезім.

 

Әлімжан ӘЛІШЕР, жас ақын:

– Әр ұлттың өзінің дәстүрімен үйлесім тауып тұрса, мұндай мереке керек шығар. Үлкен махаббатқа апаратын тура жол отбасы болуы керек екені, ақ некемен, ардан аттамай құрылған шаңырақтың берік болатыны ғашықтық хикаялары аңызға айналған жандардың өмірі арқылы айтылса, ақын-жазушылардың махаббат туралы шоқтығы биік шығармалары кеңінен насихатталса, жастар бір-біріне сыйлық беріп, сый көрсетіп жатса, оның еш сөкеттігі жоқ. Қазіргі жастар, яғни менің замандастарым, төрт мұхит, алты құрлықты ғаламтор арқылы түгел барлап, зерттеп, зерделеп отырады. Сондықтан шектеп, тыйым салғаннан гөрі дұрыс бағыт-бағдар беріп, махаббат күні арқылы махаббаттың қадірін арттырған дұрыс сияқты.

Сұхбаттасқан Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

Пікір қалдырыңыз