«КҮНІНЕ 200 ҚОҢЫРАУҒА ЖАУАП БЕРЕМІЗ»

Төтенше жағдай жарияланғалы бері 80576 тұрғынға онлайн түрде көмек берілген екен.

Түркістан қалалық халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін ерлі-зайыпты Барлыбаевтарды шаһар жұртшылығы жақсы таниды. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор екі жасқа жергілікті тұрғындар сапалы жұмыстары үшін жиі ризашылықтарын білдіріп жатады. Төтенше жағдайға байланысты қазір екеуі де қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Олардың айтуынша, мұның қызмет сапасына ешқандай кері әсері жоқ көрінеді.

-Күніне бізге 150-200 қоңырау түседі. Көпшілігі мемлекет тарапынан бөлініп жатқан 42500 теңгелік көмек, мемлекеттік қызметтерді үйде алу үшін мобильдік базаға тіркелу, электронды қолтаңба алудың жолдарын сұрайды. Кей кездері дөрекілік танытып, жұмысқа қатысы жоқ сұрақтар да қояды. Әрине, ондай кезде сабырлылыққа иек артамыз. Бір қуанарлығы, қызметіміз үшін алғыс айтатындар көп. Қолымыз қалт еткенде бала-шағаға көңіл бөлеміз, -дейді отағасы.

Айта кетейік, төтенше жағдай жарияланғалы бері 80576 тұрғынға онлайн түрде көмек берілген екен. Оның 51450-іне телефон арқылы қызмет көрсетілсе, қалғаны бейнебайланыс арқылы жүзеге асқан. Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» қарасты Call-орталықтарда бүгінде 2366 маман қызмет көрсетеді. Оның 128-і облыстағы 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейтуге жұмылдырылған. Олардың 68-і үйден ұялы телефоны арқылы кеңес берсе, 60 қызметкер бейнеқоңырау арқылы қызмет көрсетеді. Төтенше жағдайға байланысты 1414 байланыс орталығына қоңырау шалатындар санының еселеп артқанын айта кеткен жөн. Мәселен, бұған дейін орталыққа күніне 500-600 мың азаматтан қоңырау түсетін болса, қазір бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға жеткен.

Д.ЖҮСІПОВ.

Пікір қалдырыңыз