Ол туралы Оралхан очерк жазып еді...

«Мен өнер адамы болуды армандайтынмын. Жатсам-тұрсам ойымнан шықпайтын. Көзімді жұмсам болды, шаршы топтың ортасында ән салып тұрғандай немесе билеп жүргендей сезінетінмін. Көзімді жұмсам болды, алыстан сағымдай бұлдыраған арманым жақындай, тіпті өзімді әппақ дүниеде әппақ құсқа мініп ұшып жүргендей сезінетінмін. Бірақ, қиялдау бар да, қиялдың жүзеге асуы бар-ды».
Бұл – арманшыл қыз Әсемгүлдің ой өрімдері... Иә, бұл жолдар кітапсүйер қауымға жақсы таныс.
Бұл – Алтайдың ақиығы атанған қайталанбас талант иесі, атақты жазушы Оралхан Бөкейдің «Мен сені көп іздедім» атты очеркінің кейіпкерінің монологы, оның риясыз ақ армандары... «Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын»... деген Оралхан Бөкей замандасы Әсемгүлдің еңбекқорлығын ғана емес, оның ішкі әлеміне бойлап, көкейіндегі ой орамдарын да, көзқарасын да, арман-мақсатын да шынайы жеткізді.
Жоғарыда айтылған очерк кейіпкері Әсемгүл Рсымбетова Түлкібас ауданы, Шұқырбұлақ ауылында тұрады. Бүгінде фамилиясы Өскенбаева. Төркіні әлі де Кершетаста. Кезінде озат сауыншы болып, 20 жасында облыстық комсомол конференциясына делегат болып сайланған. Соның арқасында әйгілі жазушының кейіпкері болған ол бүгінде 70 жастағы аяулы әже. Кезінде құрбыларымен бірге күніне 15-20 сиыр сауып, жоспарды асыра орындаған озат сауыншы лайықты құрметке де бөленді. Кітапқұмар ару сауыншылықтан соң Түлкібас ауданындағы Антоновка ауылында (қазіргі Кершетас ауылы) кітапханашы боп қызмет істеген. Жазушы Оралхан Бөкей мен Мұхтар Шаханов қызды екінші рет іздеп келгенде облыстық комсомол комитетінің хатшысы Табанды Әжібековтің Әсемгүлдің қазір сиыр саумайтынын, кітапханашы екендігін, мәдениет институтына оқуға түсуге дайындалып жүргенін айтады. Өкініштісі сол, олар екінші рет жолыға алмаған.
Әсемгүл апамыз «Очерк 1970 жылы «Лениншіл жас» газетіне шыққанда ерекше толқып, қуандым. Құрбыларымның алдында мақтаныш сезімі болғанын жасырмаймын. Оралхан Бөкей туралы айтсам, жазушы есімде қарапайым, керемет жан ретінде қалды. Өзім ашылып сөйлесе бермейтін томаға тұйық едім. Ол кісінің жан дүниеңнің сырын дөп басып тауып, әңгімеге тарта білетін шеберлігінің арқасы шығар, арманымды айтып, біраз ақтарылдым. Басында көп сөйлемей, сараң жауап беріп, қашқақтасам да, қазақы ибаға балап, асықпай күтті. Иә, екінші рет жолыға алмадық. Оған менің ұяңдығым себеп болды. «Мақтана беретіндей не тындырдым сонша? Басқа құрбыларымнан қай жерім артық?» деген ой мені жазушыға жолықтырмады.
Газетке жарияланған очерк маған кәдімгідей қанат бітірді. Бірақ, өмірде барлығы өзіміз қиялдағандай бола бермейді ғой. Өмірдің сан соқпақты жолдарымен әрқайсысымыз әр тарапқа кете барамыз. Өзім армандағандай әнші, мәдениет қызметкері бола алмадым. Оқуға түсе алмай қалған соң, ауылда бұйырған жұмысымды істеп жүргенде Тынысбек атаң алып қашты. Ол кісі менің қоғамдық жұмыстарға араласуыма үзілді-кесілді қарсы болды. Мен екі енемді бағып, баталарын алдым. Бірі 100 жасқа, екіншісі 90 жасқа келіп, өмірден озды. Біраз жыл консерві зауытында жұмыс істедім. Жұмыстың бәрін қойып, үйде отырып, отағасының тапқанын жаратып, алты баланы тәрбиелеп, қам-қарекеттерін жасадым. Кейін колхозда енемнің орнында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Жиын-тойда «әу» деп ән шырқап қоятыным бар әлі де. Әсем табиғат аясында, тау баурайында жанымыз рахаттана ән салатын кездерді жылы сезіммен есіме аламын. Бүгінде 6 ұл-қызымнан 15 немере сүйіп отырмын. Қосағым былтыр қайтты. Құдайға шүкір, балаларымның қызықшылығына бөленіп, тілеулерін тілеп отырмын» дейді жайдары қалыппен.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпепті». Қараторы, келісті өңіне, нұрлы көздеріне қарап отырып, 50 жыл бұрынғы Әсемгүлдің, жазушының кейіпкері болған сап-салмақты, қазақтың сүп-сүйкімді аруын көз алдыма елестеттім. Әсемгүл апай арманын арқалап, сахналарда ән шырқап кетпесе де, бір отбасының берекесін ұйыстырған отанасы, тәрбиелі ұрпақтарымен мақтанатын сүйікті әже болды. Бұдан артық қандай бақыт керек?!
Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.