Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ «Сүйем сені, Ш...»

Композитор Әсет Бейсеуовтің рухына арнаймын. Автор.
Қоңыр көйлек, қоңыр шалбарлы ақсары жігіт Төлен купеде жалғыз. Әрегіректе, Түркістанның вокзалында жолықтырған әскерде бірге болған досы Жүсіп вагон жағалаған зағип қайыршының сырнайын тыңдап отыр.
Төлен алабажақ ойдан арылар емес, әнеугіде Алматыдан іздеп келген сары орамалды қара қызбен арадағы махаббат бұдан былай елеңдетпейтін сияқтанса да, қазіргі сапары тағы бұлыңғыр: жөндеп танысып үлгермеген қыздың соңынан бейтаныс елге келеді.
Пойыз Түркістанның базаршыл кербез келіншегіндей көп шайқатылып, жиі демалады. Тоқтаған сайын дорбалы, қапшықты, бала жетектеген жұрт қаптап, лезде гу-гуін ертіп жоқ болады. Үлкен шаһарлар маңындағы жол бойы елінің таксиі – пошташы жүк пойызының сиқы ежелден осы.
– Қай бекет?
– Есігіңді өзім ашамын, саспа! – деді Жүсіп дөңбекшіген өзбек жолсерікке.
Бұлар бекет жарығынан ұзағырақта түсіпті. Пойыз дабысы заматта тынып, қосалқы жолдағы вагондардың меңіреу нобайы қарауытады.
– Бағана сырыңды естігеннен путейіс Айдаболды көздегенмін. – Қоңқақ мұрын, қызыл шырайлы, шымыр да шаққан Жүсіптің төрт жылдан бері алғаш жолығуы. – Түркістаннан Арысқа дейінгі жолда механикпін ғой, бәрі тамыр. Анау-мынау десе шақ еткізіп шәпкесін теріс кигізіп, пақ еткізіп, мұрнына жұдырықтай қан қатырам. Ал, сен іздеген Сара қыздың үйі әріде, мектептің қасында.
Төленнің жүрегі алғаш рет дүрс-дүрс соқты. Олар теміржол жағалық еңселі баракқа тақай, суық тиген құрлы даусы қарлығыңқы күшік риза еместігін ұзақ мәлімдеп, үй айналды. Есік жай тықылға пысқырмаған соң Жүсіп барабанша тоқылдатты.
– Бұл кім? Бейуақта, түнделетіп? – деген әйелдің бәсең даусы мен шылапшынның салдыр-гүлдірі қатар естілді.
– Мен!
– Жөндеп айт?
– Мен!
– Ойбай-ау, сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Өйтсең, байымды оятам?!
– Ө, бала-шағаңды...?! – Жүсіп кеңк-кеңк күлді. – Немене, ана дәу қараң тұншықтырып тастаған ба? Бұл – Жүсіп мырза!
Есік ашылып, дәліздің жарығы жағылды, екеуі үйге кіріп диванға жайғасты. Екі қарадомалақтың ыстықтағаннан, иә жайсыз жатады, тепкіштеп ысырған көрпе астынан қара сирақтары, бөкселері жалтырайды. Шеткергі дөңнің отағасы екені даусыз.
– Айдабол, тұр, кісі келді! Айдабол дейм? – Монтиған әйелдің манағы таныс даусы.
Иығынан қаққан соң көрпенің шеті ашылып, отағасының кішігірім картоп сиятындай мұрнының тесігі үңірейіп, соңынан тот басқан темірдей қызылсарғыш, добалдай жүндес аяғын «тамашаға» тастап, қорылын жалғады.
– Ұйқыдан өлген бе, диюың? – деді Жүсіп.
Төлен Айдаболмен таңертеңгі шай үстінде танысты (талтақ аяқтың үстіндегі алпамса дене – қазандай бас, келсап қолдар киноға таптырмайтын кейіпкер). Отыздың екінші жартысындағы жігіт, жуынып кірген Жүсіпке алақандай көзін ашып:
– Еу, тентек, жайша жүрмісің? Жолдасың кім? – деді.
– Бойдақ бос жүре ме? Шақ еткізіп шәпкесін теріс кигізіп, пақ еткізіп мұрнына жұдырықтай қан қатырып, жортқан да.
Әйел мырс етіп, жеңімен мұрнын сүртті.
– Жолдасым – божбан, туысқаның. Әскерлік дос. Оқу тауысқан. Инженер.
– Інім болды! – Гүржиген денесімен «дию» лып етіп, шалбарының түймелерін түймелеп, көйлегін киді.
Жүсіптен шаруаға қаныққан соң, Айдабол жадырап салды:
– Қыз деп Сараны айт! Екі аяқтының сұлуы. Алмауыт. Мектептен мазалаушы еді, қазір жер қайысады. Түгел тойда. Түске таман шырттай киініп барамыз, көреміз.
– Cараларды техникөмнен жақында зауытты көрсетуге апарған екен, сонда көріп танысыпты.
«Өмір осындай адамдармен қымбат» деп бәтуелі әңгімеден Төленнің көңілі шарқ ұрды. Олар тойда Сарамен амандасты. Қыз Төленге әуелі бейқам, кейін «бұл қайдан жүр?» деген сықылды жалт қарады. Сөйлесудің орайы жоқ еді. Қайтар жол, дүкен тұсы Айдабол: «Мұрны имек құс – тоятсыз болмас, Жүсіпке ымдайын» дегенше болмай Төлен ұмтылып, дүкеннен арақ, шампан алды. Баракқа оралып, дастарқан жайыла:
– Төленнің мақсаты – оңашада жақсылап сөйлесу. Келешегін жастар өзі біледі, – деді Жүсіп.
– Қыз дүйсенбіге дейін үйінен шықпайды. Ертең – оттық. Ауыл алақандай, сырт адам назарда болады, – деді Айдабол. – Туасы сен, інім, қатырып хат жаз. Жұмысқа түсетін сияқтысың. Келер сенбіге жеңгең өзі жауабын алып қояды. Қыз кетәрі емес. Сездім.
Қолына қалам ұстай Төленнің сөзі қиындау қиысып, соңын «Болашаққа ертеңгі күндер куә болсынға» ілген. «Жігітің болса оны айт» деуге қолы бармады.
Сенбіде, 17-бекеттегі Жүсіпке телефон соғып шақыратын болып, Төлен түс ауа пойызға шығып кетті.
* * *
Уағдалы сенбіде Төлен Түркістаннан 87-пойызға мінді. Вагон іші дуылдаған студент екен. Жастық шақ думаны елегізітіп, Төленнің құлағының түбіндегі дегдіген қорғасынды балқытпаққа әуре.
– Мандолина шертетінің бар ма?! Түстіктің жігіттерінде мандолина тартпайтыны жоқ.
Төлен елеңдеп, тыңдаушы қатарына қосылды. Жастардың әні толастамады, Төленнің қан тамырлары солқылдап, былтыр ғана қоштасқан күндер жарқылдап, сағыныш оятты. Қарсы алдында төрт қыз тізіледі. Ұшқындаған мойыл көз, жұқа көйлекті түрткен қос «ғажайып», жұмыр тізе төменге қарай сыр ұрлап, қиғаштай құлаған толық балтырдың біріне шектеліп қарауға дауаламайды. Әлден уақ қыздар жалғыз қара бөлініп «Алтынымға» салғанда, Төленнің көңілі самғап ұшты. Көркем гимнастшы қыздың лентасындай керіліп, жазылып, толқындаған әуен өнебойын баурайды. Былтыр ғана қоштасқан Алматы, студенттік кез..., иә, бұл – сары орамалды қара қыздың сүйікті әні еді.
– Түсетін бар ма? Бес минөт тоқтайды! – Жолсеріктің айқайы табанын тыз еткізіп, Төлен ата жөнелді.
Пойыз қозғалып барады. «Алтыным» үзілер емес. «Нағып соншалық ыстық?». Төлен тұнжырап, ойға қалды. Көз ұшынан тамсантып, қалықтап, анда-санда құламада жарқ ететін ырғақтан емес; ә дегеннен қамшы басатын асау әуеннен де аулақ. Мұның жаны бөлек.
Ұзаған пойыз соңынан Төлен жанұшырай елбіреп жапандүзге әлдекім тастап кеткен құрлы, жалғызсырап тұрды.
* * *
– Иә, төрем, шауып жүріп жатырсыңдар?! Апа-көкемізге сәлем айттың ба?
Қолды-аяққа тұрмай жүгірген әйел тысқа ұзап, даусы бәсеңси Төлен қойнынан коньяк суырғанда, отағасының басы селтең етіп:
– Қате...ен? Уа...а...а...а, інімнің базарлығын қара? Төрлет, батыр! Қате...ен, тездетіп шайыңды қайнат! Жүсіпті шақырайын збондап, – деп кетпендей алақанын ысқылады.
Ерлі-зайыпты қай-қайдағыны еске алысады. Мұның бәрі зор қуаныштың басы ыспатты үйлесіп, бой балқытады. Сөз арасында кесеге қанқызыл шараптан құйып, қағып тастай Айдаболдың әңгімесі екпін алды.
– Бұ жер станса атанғанмен үлкен ел. Төңірек отар-отар қой, той-томалақ. Әттең, сапқоздың жастары түгел қырықтықта. Қыз деген сонда. Кілең дембелше, екі беті нарттай бала шұбыртатыннан. Мен де істегем сапқозда. Айтысып дегендей... Қойшы соны?! Тиыш, ұйқың қанатын жұмысқа не жетсін?! Бәрібір сапқоздың бас қосқан жерінен қалмайм. Дәулер қойдың семізін маған таңдатады. Апарып, сойып, жіліктеп беріп, сыбағаммен үйіме қайқаямын.
Сыртта, шәуілдеген күшікті балағаттап Жүсіптің даусы естілгенде, есікті қапырыққа тұншыққан Төлен ашты.
– Амандықтан бұрын, дию, жауабыңды айт? – деді ол табалдырықтан аттай.
– Уа, Жүке, төрлет, деміңді бас! Ішіңе ел қонсын дә?!
–Ақырақтама! Жауап? Жауап деймін, саған?
Жүсіп сүліктей қадалғасын, өңкиген Айдабол жер шұқып, үй іші заматта суық тартты. Бала жылады.
– Жүке, жеңгең екеуміз, ары ойлап, бері ойлап... Төлен бауырым жастар қырықтықтан оралғасын неғылса... Үйіне жігіт қондырған, өйтті-бүйтті дейді.
– Мынау не сандырақтайды? – Жүсіптің көзі алайды.
– Сен біздің жағдайға қарас. Ертең тілін тауып, Сараны ап қашып кетсе, күніміз не болады?! Сараның бастық әкесі, қыздан дәмелі ел бізді түтіп жемей ме?
– Сен, пасық нәлетке біз қыз қашыр дедік пе?
Бұдан кейінгі айқай, кесе-шәйнектің салдыр-гүлдірін Төлен сыртта тұрып естіді.
– Төке? – деді Жүсіп ізінше шыға келіп. – Жүр. Мына тоқтаған пойызға ілігейік. Амал жоқ, Бейсенге барам!
* * *
Екі жігіт енді терістікке қарай заулаған жүк пойызы вагонының жайдақ баспалдағында. Мақпал самал шаштарын дудыратып, омырауынан көйлегін кеулейді. Қою түн, жыпырлаған жұлдыз. Айқыш-ұйқыш дала жолындағы жалғыз-жарым мәшине жарығы, ибалы қыр қызындай жанарын жарқ еткізіп, тез жасырады. Ол Төленге бақытын талмай іздеген жалынды жүрекке ұқсайды; алысқан ойларына дауылдатқан пойыз дабылы қосылады. Манағы жүдеу көрініс ұмыт. Асылы таңертеңгі студент жастар сағыныш атты сезімін оятып, қуаныштарынан тамызық сыйлапты: көкірегін толқын ұрады.
– Мен өмірімде екі рет ғашық болдым, – деді Төлен дауыстай. – Ара-арасында сұмдық қасірет шектім.
– Төлен, қамықпа. Сара қыз бәрін ұмыттырады.
Ол мезет Төлен Сара қызды емес, сары орамалды қаракөз қызбен баян таппаған махаббатын ойлап тұрған.
– Сүймеген біреуге үйлене салу ақылға сыймайды. Ол – сенің бұрын да біреуді шын сүйгеніңнің жалғандығы. Солай емес пе, Жүсіп?! Өміріңнің қоңырауы, сүйген қызыңа үйленіп кетсең ғана ғұмыр бойына сылдырап, жаманға жолықсаң, тым-тырыс жабығыңқы тоғайға ұқсайтын шығар.
– Сара сендей жігітке тұрмысқа шықса арманы жоқ, – деді Жүсіп бас шайқап. – Болмаса менің қарындасымды ал. Оныншыны жаңа бітірді. Тіке үйге барамыз. Көндірем, көнеді.
– ?
– Әйтпесе бүкіл Шәуілдірдің қызын таңдатамын. Бір қызына ғашық етіп, қоспай жібермеймін.
Төлен: «Е, Алла, тағы да бір пәк сезіміңді қи?!» деп досын иығынан қысты. Даладан манағы жарықты іздейді. Пойыз қарқыны үдеген.
– Бұл пойыз 37-ге тоқтамайды, тежегішті басамын.
Төлен ауыз ашуға үлгермей вагон дөңгелектері шиқылдап барып, тасқараңғыда жойқын сарыл сап тыйылды. Мұндай өрескел тәртіп бұзушылық мәшиніске үйреншікті құбылыс: пойыз артынша қайта қозғалды.
Жапан дүз. Екі үй қарауытады. Үрген ит жоқ. Жүсіп шеткергі үйдің есігін төмпешке алды. Түн түндігін қаққан жайсыз дыбыс.
– Жүсіп сабаз, сенбісің? – Жас жігіттің қоңыр даусымен қоса меткей есік ашылды. – Отгоннан жаңа келгем. Аманбысың? Жағдай қалай?
– Жағдай аттай! Шақ еткізіп шәпкесін теріс кигізіп, пақ еткізіп мұрнына жұдырықтай қан қатырып, жортқан, – деді Жүсіп. – Қай тамға кіреміз?
Әзілмен күлісіп, амандық-саулық сұрасып, бет-қол шайысқанда, сұңғақ бойлы, бидай өңді келіншек кірді:
– Түркістанға барғыштап жүр деп естігенбіз, қыз ап қашып келді ме десек?!
– Ол рас, Тұрсын. Қазірде қаланың қызы ауылға, ауылдың қызы далаға қашады. Бірақ, мен қаншама тентек атансам да сендердей комсомол тойын жасаймын. Түркістаннан Арысқа дейінгі теміржол бойындағы елді түгел шақырамын.
Бейсен мен Тұрсынның мұнан екі жыл бұрынғы тойының суретін көрсетіп, Жүсіп жыр ғып айтады. Дастарқан үсті лезде ірімшік, құрт, айран, қызылкүрең тапа нан сықылды дала тағамына толды. Сүт қосқан екі кесе шай ішкенде, Жүсіп төрдегі оюлы алашаға ілулі мандолинаны алып «Айтжан-айға» басты.
........................................
Ойнамайсың, күлмейсің,
Жоқ па сенің сүйгенің?!
Айтжан-ай, Айтжан-ай!
Айтжан біздің туысқан-ай!
Тұрсын оның қолынан тартып, екеуі дөңгелене билей жөнеді.
– Төлен? Ұялма, өз үйіңдей сезін. – Өте бауырмал, маңызды жігіт Бейсен іш тартып сөйлейді. – Мен шопанмын. Тұрсын бекеттің деспешірі. Тұңғышымыз әнеу, ұйқыны соғады. Отанымыз осы. Жүсіп – өзіміздің Жүсіп.
Тұрсын үш жігітті де аяқ биге шақырып, шаршатып, Төленнің көңілі тасыды.
...Төсекке бастары тигенде Жүсіп сыбырлап: «Бейсен Сараның туысқан ағасы болады» деп лезде қорылға басты. Ертесіне Төленнің қызбен таяуда ғана танысқанын естіген Тұрсын: «Не деген жақсы әңгіме?!» деп жүрегі алып ұшса, Бейсен байыппен сөйледі.
– Дұрыс. Алайда, туыс демесең қыз бөтен адам. Махаббат – менмен. Бір-бірін жаратқан күнде біздің үй жолығу отауы болсын, – деді. – Жол аңдыған, адам салушы көп деп естігем. Төлен, сен қазір хат жазып бер, біз Жүсіп екеуміз матасекліммен қолына беріп, шайын ішіп қайтайық.
Түс ауып барады. Мидай даланы қақ жарып теміржол жатыр. Көкпеңбек аспанда өкпесіз сейілдеген қос ақшарбы бұлт қалқиды. Айнала ебелек, жусан, ақ шаңдақ тақыры аралас паң дала. Оқта-текте жерді солқылдатып пойыз өтеді. Сол мезет бұл екі үйден бірен-саран адам қараңдайды, жұмыс үстіндегісі қындарына қыстыратын емес. Төлен жігіттерді әудемжерден тосып жүр. Оның оқу бітіргелі алғашқы түзге шығуы еді, төңіректі ыстық құштарлықпен шолады, далаға ынтызар. Ыңылдап ән салады. Қызығы: «Сүйген жар» дегенде, тек қана баяғы ғашықтары, қуанышты сәттер жаңғырады... Жүсіп пен Бейсен түс ауа көрінді. Жүсіп: «Сара жымың-жымың етеді, сені танимын, жауабын жазам деді. Жүрегім жарыла жаздады» дейді. Алғашқы сәттіліктен Төлен де балаша қуанып, екеуін кезек құшақтады. Бейсен қойнынан шампан шығарды.
Аздан соң пойызға мінген Төленнің көңілінде талай нұрлы серпін тулап, келер сенбіге асыққан.
* * *
Пісенделі күні Түркістаннан үшінші мәрте пойызға мінген Төлен айрықша дегдар сезінді. Зауытта ол басқаратын цех өткен айда жоспарды асыра орындап, Қызыл ту, ақшалай сыйлық алды. Қазір вагон жағаласа, студенттік қимас досына жолығатындай көңілі алып-ұшады.
«Е, Алла, сапарымды оңғара көр?» деп тілейді.
Әңгімеге, әсіресе, ұзаққа баратын жолаушы құмар. «Жол болсын?», «Онда пәленше дегенді білесіз бе?», «Қала үлкен білмедім» десе, «Қара жігіт, науша? Әйелі балықтай сары келіншек, екі ұл, екі қызы бар?» деп тәптіштейді. Ел арқа- жарқа, «шалыс ұйқас» адамның өзі оңай табысады. Мақта тыққан қанардай әйел: «Осылардың тыным таппайтыны-ай?!» деп ары-бері өткен сарбаздарға тиіседі. Сәлден кейін әлгі әйелдің өзі қорылдап, мұрнымен жалықпай ысқырады. Сондай қамсыз уақ сырнай үні шиқ етіп, Төленді селк еткізген. Ол зағып қайыршыны жазбай таныды. Бұрнағы таныстығынан елегізіп, бек қуанды. Ортадан биік, арық кісі соңыра Төленнің купесіне кеп, адам жоқ деп тұжырағандай үнсіз жамбас қойып, маңдайының терін сүртті, қара тақиясындағы тиындарды бетінен сипап, қалталарына ажыратып сала бастады. Төлен екі күміс тастай:
– Рахмет. Арысқа таядық па екен? – деді қолы қалтырап.
– Көке, алда әлі Темір бар?!
– Шырағым, бұл соңғы он үшінші вагон шығар?
– Иә, – деді Төлен мейлінше жұмсақ. – Көке, шаршамасаңыз, тартыңызшы?
– Сендерге жастардың әні керек.
Ол қайтып сұратпай «Арыстың жағасын» бастап, неше түрлі әннің басын шалып, әлденуақ көне сырнай құрдан-құр пысылдап, уһілдеп келіп: «А...а...л...тыным, алтыны...м..м...» деді. Төленнің тұла бойы түршікті. «Қайта-қайта көлденеңдеп, бұл ән не дейді?». Қайыршы иегін сүйеп, тартып отыр, тартып отыр... Төлен тағы тиын тастап, бекетінен түсіп қалды.
«Теңіз болып шайқалады, Алтыным...».
Пойыз ұзап барады. «Алтыным» қарлығады, күрсінеді... Ол әнеукүнгі студенттерді сағынды, мұңын шаққысы келді. Сары орамалды қара қызға, барша сүйген қыздарына дұғай сәлемімді жеткізсе деді. Будақ-будақ өкінішке суғарылған сағыныштың тереңдегі шырыны іліседі...
«Теңіз болып шайқалады, Алтыным...».
...Иә, «Алтыным» тіл қатуы мұң, ең ыстық шақтағы іңкәр бейне жалт етіп: «Мен ғой, мен ғой?» дегенде сілейіп, ойыңнан жаңылып, заматта арбаласың. Келесі жол аяулы елес жүзін айқара ашып: «Иә, бұл мен. Танымай тұрмысың? Сол күндер қандай ғажап еді?!» деп назданып, күлімдей, бойың балбырап, ішің солқ-солқ етеді. Үшінші-төртінші жол ғашығың жалғаннан артық қалпында, салқар іңкәрлігімен баяғыша құшағыңа орала беріп: «Амал не, амал не? Тағдыр солай, қош, қош, сүйіктім?!» деп, күрт ажырап, нұр сипатымен қайта жақындап, жүрек мұңын сарқа:
«Алтыным, алтыным...» деп төгіп-төгіп жібереді. Ішек-бауырыңды үзіп: «Кетті-ау, ақыры?» дегенде, тағы зымырай егіліп жетіп: «Қош бол, қош бол... арманда кеткен арманым?!» деп жанары жасқа толы қалпы, өңі-түсін аңғартпай – елес құрлы шалқар дүниеге сіңіп бара жатады...
Төлен мәңгіріп ұзақ тұрып, мұнан былай жанын жылатар сиқыр «Алтынымды» айтпауға бекінді. Және аяқ астынан 33-бекетте күтуге уағдаласқан жігіттерге соқпай, дәл қазір, тура Сараның өзіне жолығуға бекінді.
Бұдан кейін Төленнің көз алдынан түрлі көріністер жалт-жұлт етіп ауысып жатты: таныс үйлер, ашық аспан, бет-жүзін көрген бойда ұмытқан адамдар, сапқоз басқармасының үйінен тапқан Сара қыз, Сараның күлімсіреп: «Жүсіп пен Бейсенге әзер ұқтырғаны, құда түсіп қойғаны, жігітінің ана екінші қабатта отырғаны», мұның бас иіп қоштасқаны, одан соң ілбіп, ауыл іргесінен аққан Арысқа барғаны, арғы беттен екі жас қыз дауыстап: «Тәте? Қайықты жеткізіп беріңізші?» дегені, біреуінің аса сүйкімділігі, екі жағаға керілген «тросқа» бекітілген ескі катерді тартып, еріккен қыздарды ары-бері сейілдеткені, алақаны ауырғаны... бәрі-бәрі босаған ішектің үніндей еді...
Аққан алып суға бірауық қарап отырып, Төлен қайтуды ойлаған мезет «Тәте?» деген дауыс естіді. «Мені аржаққа өткізіп жіберіңізші?». Манағы қыздардың «көз тартқан» сиқырлысы кітап қолтықтап оралған екен. Төлен жамалына тағы бір мәрте көз жүгіртпекке қайықтың әр жерін шұқылап, тұрып алды. Кенет қыз: «Тәте, сіз кімнің үйіне келдіңіз?» деді. Дауыстан Төленнің тұлабойы «дүрр» етіп: «Өзімнің үйіме» деді. «Сіз бұл жерде тұрмайсыз». «Оны қайдан білдің?». Екеуі қосқабат жымиды. Шамасы сегізінші сыныптың қызы. «Білем». Күлкі әркімге жарасады, бірақ бұл қыз, етегі жаңа еріген қар арасынан аршылған жерге наурыз шуағымен өсіп, самал тербеген нәзік бәйшешек еді. «Сізді өмір бойы көрмегем». «Сен ақылды қыз екенсің, мен Кентауда тұрамын». «Кентауда? – Қыз күнге бұрылған пістенің табағындай жайнап кетті. – Менің әпкем Кентауда оқиды». «Кім ол?». «Сара». «Сара?». Төленге керемет хикая енді басталатындай сергіді. «Сенің есімің кім?». «Гүлсара». «Гүлсара? Тамаша есім!». «Әпкемді танисыз ба?». «Жо. Сен менің мұнда тұрмайтынымды қайдан білдің?». Гүлсара жымиған қалпы, иығын бүлк еткізді. «Немене, бұл ауылда мендей сұлу жігіт жоқ па?». Төлен өзінің арсыздығына таң. Қыз езуін жимай, жігіттің бойына көз жүгіртіп, бетін басты. «Гүлсара, мен қазір Кентауға қайтып бара жатырмын, бір-бірімізді қайтып көреміз бе, көрмейміз бе?! Шыныңды айтшы, мен қандай жігітпін?». Гүлсара құлпырып, қос алақанымен тағы да бетін басты. «Айта салшы?». Қыз алабұртқан жүзінен қолын алмайды. «Сараның жігіті бар ма?». «Ол айтпайды. Шақыр деп балдар кейде мені, кейде інімді жұмсайды». «Сара жақсы қыз ба?». «Иә. Ол әжемнің қызы, мен көкемнің қызымын». «Сен қаншадасың, Гүлсара?». «Он бесте». «Мен сенен сегіз жас үлкен екенмін». «Менің папам мамамнан он жас үлкен». «Онда менің сені алып қашуыма болады ғой?». Гүлсара қып-қызыл болып кетіп: «Мен әлі кішкентаймын» деді. «Дәу болсаң, қашайық десем, менімен қашасың ба?». Гүлсара қысыла бұртиып, тіл қатты: «Мен тоғызды бітірем, сосын не Шымкентке, не Кентауға оқимын». «Сен бәрібір бойжеткесін тұрмысқа шығасың ғой? Мектеп бітіргесін сені алып қашсам қайтеді?». Гүлсара тағы бетін басып тұр. «Алдымен әпкем Сара тұрмысқа шығуы керек». Төлен біраз жерге барғанын сезіп, ішінен «осындай сөзді сары орамалды қара қызға да, Сараға да айтпап едім. Күнәмді кеш, Алла? Бағымды аша көр?» деп орнынан қозғалды. «Гүлсара? Атымды сұрама, осы кездесуді есіңе сақта, ешкімге айтпа, сырға берік бол. Тоғыздан кейін сені алып кетем. Мақұл ма?». Гүлсара жүзінде нұр ойнап, қайықтың ана басына ығысты... Айырылысарда қол бұлғасқанымен, Төлен «табан тіреп» қайтып артына қарамады.
Ол таныс бекетте теміржол шпалдарын тақ-тұқ санап, үшеу-төртеуінен бірден секіріп ойнап, пойыз күткен-тұғын. Ешнәрсе ойлағасы келмеді, толықсыған көңіл күйін бүлдіруден қорықты. Ыңылдап ән салған бет: «Теңіз болып шайқалады, Алтыным...» оралып, кілт тоқтады. Қастары түйіліп, тағы бастап, тағы кідірді. «Апырмау, бұл қалай? «Алтыным» – өткеннің деп емес, бүгіннің қимасы деп бұлқынады!». Төлен құдды өте қымбат жанның электро-магниті бар нәзік саусақтарын алақанына салып: «Теңіз болып шайқалады Алтыным» (жүз жыл іздеген ғашығым сен екенсің ғой) деп тебіреніп, жан жүрегімен шалқыта жөнеді... «Не деген тәтті ән?!». Сара ма, Гүлсара ма, баяғы сары орамалды қыз ба: кім екенін ол айырмады, әйтеуір бостандыққа шыққандай күллі сағынышын, ынтызарын кең жазира далада айтуға асығып, енді жол жағалап жүре берді, жүре берді. Содан келесі бекетке дейін жаяулағанын, сол қашықтықты қалай өткенін аңдамады...
Ол кешкұрым терістікке қарата жүйткіген пойызда, желкемге кеуде тосып тұрып, 37-бекетте мұны күнұзақ тосқан Жүсіп пен Бейсенді, баласын қөтерген Тұрсынды көрді. Қуана қол бұлғап: «Сендер нағыз жігіт екенсіңдер! Сендерді сүйемін! Cені сүйем, Шәуілдір! Сен бақытты елсің; хош бол, әзірге! Кім біледі, мен тағы келермін?! Бәлкім көп келермін?! Құдай біледі...» деп оң қолын жүрегіне қойып бара жатты. «Төленнің жолы болған сияқты» деп Жүсіп секіреді.
197…жылдар.
Жазушыдан:
«Өмірде болған әңгіме белгілі себеппен жинақтарыма енбеген. Екі жыл бұрын, астанадағы бір қызықшылықта үй иесі қонақтарды таныстыра бастай, бейтаныс адам маған жалт қарады. Кейін оның есімі аталды..., сүйтіп, қырық бес жылдан кейін (ешқандай әскерде бірге болмаған) бас кейіпкердің бірі Жүсіп Жартыбаевпен кездесейін. Жетпістен асқан Жүсіп баяғыша өткір: Нұра жағасынан үй салып жатыр, жылқы ұстайды; қыздары тұрмыста, әке жолын қуған ұлы теміржолда инженер».
АЙНАЛДЫМ, АНА ТІЛІМ!
Айналдым құдіретіңнен, Ана тілім,
Туабітті бойымда жаратылдың.
Бесікке алғаш анам бөлегенде,
әлдиін естіп, тыныш таң атырдым.
Айналдым кереметіңнен, Ана тілім,
Алдына құлдыраңдап баратынмын.
Айналып, еміреніп қарап әжем
Қызық көріп жүретін бала тілін.
Қымбатым, қазынамсың, Ана тілім,
Жұртқа айтар базынамсың, Ана тілім.
Тал бесік пен жер бесік арасында
Өлең боп жазыларсың, Ана тілім.
Жолыңда жаным құрбан, Ана тілім,
Қайырылмауын тіледім қанатыңның.
Адал болса өскелең ұрпақ саған,
Мен білемін жұлдызы жанатынын.
Есейсін бала біткен сүйіп сені,
Көсілсін дана біткен сүйіп сені.
Жау мен дауға тоқтау сап, туған тілім,
Тұғырыңнан таймашы биіктегі!
Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.
АБАЙ ҮЛГІСІ
Абайдың сөзі қандай, əні қандай,
Ақыл, ой кəусарының дəмі балдай.
Махаббат қызығы мол жылдар легі
Бойыңа күш-қуат боп дарығандай.
Кіршіксіз көңіл сыры, күйі қандай,
Жаныңа іңкəр сезім құйылғандай.
Айқабақ Əйгерімдей арулардың
Күлімдеп қиғаш қасы қиылғандай.
Мұра боп артта қалған жыры қанша,
Елім деп өтті-ау көзі жұмылғанша.
Жүрекке түрлі-түрлі ой салатын
Жұп-жұмыр шумақтарда ұғым қанша?!
Арнаған əні əсем Тоғжанына,
Өмірдің салмай ма мың толғамына.
Жігітте арман бар ма Абай болып,
Тілегін айта білсе жан-жарына...
ДАЛА ЗАҢЫ
Іздедім жырдың тұлпарын,
Қолға алып шабыт құрығын.
Гүлдерін терген қырқаның
Өркенді елдің ұлымын.
Ордасы думан жыр-əннің,
Сырыңды өмір, бүкпеші?!
Қанаты бар менде қыранның,
Биіктіктің нүктесі!
Ниетім – адал, жүз – жарқын,
Кешемін күйін бапкердің.
Айшықты ойлар із салсын,
Ақ парағына дəптердің.
От шашсын сезім жаныма,
Құралайдың нəркез көзіндей.
Айна боп əр кез арыма,
Жарқырай берсін көз ілмей.
Даланың қатал заңы бар,
Жігерін ердің шыңдаған.
Шежіре дастан жазылар,
Кейіпкер оған пір бабам!
Тəлімі көп қой тарихтың,
Ала-алсақ зерттеп саралап...
Азаттық жолы халықтың,
Ұрпаққа үлгі, ұлағат!
Бағы артсын мəңгі даламның,
Көгінде тұрсын күн күліп.
Жүрегіне барлық адамның,
Ұясын салсын Ізгілік!
Мыңжан ҚАЗЫБЕК.
Созақ ауданы.
АБАЙҒА АРНАУ
Ұлы Абай – ақыл-ойдың теңізі,
Еңбектері – даналықтың негізі.
Қазағының ертеңіне елеңдеп,
Жазып кеткен өлең-жырды ең ізгі.
Қазығындай ар-ұяттың, сананың,
Сан ғасырлық сөзін айтқан дананың.
Ұлағатты ұялатып жырына,
Ұлы ақыны болды ұлы даланың!
Абай – сезім әлемінің шынары,
Ойы ұшқыр, қырандайын қырағы.
Сәуле шашқан тіршілікке сөздері,
Жан мен тәннің адастырмас шырағы.
Әр өлеңін жүрегіңе танытқын.
Жолын іздер қараңғыдан жарықтың.
Мәңгіліктің жырын жазған ұлы Абай,
Парасатты кемеңгері халықтың.
Өлең жазды өршіл рухы өлмеген,
Жан дауасы, жүректерді тербеген.
Көкжиегі әлемінің Абайдың,
Жасай берер мәңгілікке елменен.
Өлең жазып, ойын әр кез баптаған.
Ұрпақтары жырын мәңгі жаттаған.
Жарқыраған жұлдыз жырын өшірмей,
Қазақ халқы жүрегінде сақтаған.
Аманкүл ИСАҚҰЛҚЫЗЫ, еңбек ардагері. Шымкент қаласы.