Мүрсейіт – алғашқы абайтанушы

Хакім Абай өзінің қара сөзінде «жылап туасың, кейіп өлесің» дейді. Расында да адам ғұмырында сол жылап туу мен кейіп өлудің аралығында қаншама тар жол, тайғақ кешіп, дүниеден өтеді. Тағдыр – біреу, айырмашылығы – бағыты мен жарлығында ғана.
Бір пенде жалғанды жалпағынан басып жүріп, өлшеулі күні бітерінде шарасы таусылып, аманат жанын қимаған күйі Раббысына тапсырса, бір пенде тірісінде айналасына шуағын шашып, адамзаттың игілігіне қызмет ете жүріп, дүниеде иманын бекемдеп, кәлимасын айтып, бақытты пенделердің санатына қосылған күйі бақидың сапарына аттанып кете барады. Сондай пенделердің қатарында мақсаты мен мұратына адал болған Мүрсейіт Бікіұлы тұр. Мүрсейітке қатысты бүгінге жеткен деректер там-тұм ғана. Алайда, семейлік ғалым Әсет Мырзақасым Мүрсейітке қатысты «Абайдың әдеби хатшысы» деген атаумен 2009 жылы құнды жинақты құрастырып шығарды. Бұдан өзге санаулы дүниелер жазылғаны болмаса, Мүрсейіт Бікіұлының қазақ әдебиетіндегі орны бізді толғандырмай қоймады.
2019 жылы ұлы Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасына Мүрсейіт қолжазбасының 1907 жылғы нұсқасына сүйеніп Абайтану тарихында тұңғыш рет транскрипция жасадық. Өте сұлу почеркімен жазылған қолжазбаға сүйеніп, тұлға туралы ойымды жазғым келді.
Биыл Абайдың дүниеге келгеніне 175 жыл болса, Мүрсейіт Бікіұлының туғанына 160 жыл. Шүкір, Абай шығармалары жоғары деңгейде дәріптелуде. Кезінде Мұхтар Әуезов «Абайтану» ғылымының негізін салып, оны бір жүйеге қойып кетті. Дәл осы «Абайтану» ғылымы Мүрсейіт болмағанда мүлде болмас па еді, Мүрсейіт болмағанда, оның ұлы Рахымбай болмағанда, Алаш жұрты Абайдың кім екенін нақ бүгінгідей тани алар ма еді, оны бір Құдай біледі. Қолдағы бар мағлұматтарға сүйене отырып Мүрсейіттің және ұрпақтарының ұлт руханиятына жасаған жақсылықтарын баяндауды жөн көрдік.
М.Бікіұлы 1860 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келіпті. Оның арғы тегі жайлы семейлік абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев: «Тобықты Мүрсейіттің жетінші атасы – Әнет баба. Әнет баба Абайдың жетінші атасы Әйтекпен бір туысады. Әнеттің бір ұлы – Байболат. Байболаттан – Бақай. Бақайдан – Тоққожа. Тоққожадан – Көбікен. Мүрсейіттің әкесі – Бікі осы Көбікеннің немересі. Ал, Әсет Медеуханұлы: «Көптеген зерттеу мақалалар мен естелік жазбаларда Мүрсейіттің әкесінің есімі Біке деп қате басылып жүр. Дұрысы – Бікі. Дала данасы, ғұлама ұстаз, ұлы билердің ұстазы Әнет баба – Мүрсейіттің жетінші атасы. Әнеттен тарайтын Шоманның үш баласы – Тікі, Бікі, Мікі. Мүрсейіт – осы Бікінің баласы» деген тың мәліметтерді келтіреді. Мүрсейіттің Әнет бабаның ұрпағы екендігін оқырманның бірі білсе, бірі біле бермес. Яғни Абайдың аталас туысы. Сол заманның көне көз, құйма құлақтары оны өте сауатты, биязы, боқтық сөз айтпайтын момын жан болған деседі. Мұхтар Әуезовтің деректеріне сүйенсек: «Мүрсейіттің өзі жас жағынан алғанда, Абайдан 10-15 жас кіші адам болған. Өмірі Абайдың өз қасында өткен емес, Абай ағайындарының бірнеше ауылдарында кезекпен бала оқытып жүрген» дейді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Абай шығармаларын жазардан бұрынғы уақытта молда Семейде үлкен қызметтерде жұмыс істеген екен, оязға тілмәш, яғни баспасөз хатшысы болған. Сол қызметте жүрген Мүрсейіт «Зағипа қыздың дауы» деген мәселеге араласып, істі әділ әрі Зағипаның ыңғайына шешіп берген деседі. Әрхам Ысқақовтың осы оқиға жайынан туған «Зағипа» атты дастанында:
Келісіп бұған би, болыс,
Мақұлдап оны хатшы орыс,
Шақыртып көпке естірді.
Сұрланған жүзі құбылып,
Ауызға жүрек тығылып,
Зағипаға ес кірді.
Қызғалдақтай қызарып,
Екі көзде нұр жанып,
Айтты алғыс Абай ағаға, – деген жолдардан қазақ қызының басына түскен тағдырлы сынақтың оң шешілгені анық аңғарылады. Зағипа қыздың дауы оң шешілгенімен, бұл Мүрсейіттің қызметіне кері әсер етіп, қызметінен босап, Өскеменге айдалып кетеді. Бұл жайлы абайтанушы ақсақал Мұздыбай Бейсенбаев былай дейді: «Мүрсейіт осы қызметінде жүргенде тағы бір жесір дауында қызға көмектесемін деп генерал-губернатордың мөрін оның келісімінсіз-ақ қағазға басып беріп, құтқарады. Кейіннен бұл ісі ұлық алдында әшкере болып, жазаға тартылып, Өскемен жағына үш жыл мерзімге жер аударылады. Сол жақта Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Көнек деген руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында молдалық құрып, бала оқытады. Айдау мерзімі біткеннен кейін Тобықты еліне қайта оралады». Иә, бұл кезде Мүрсейітті қазақ әдебиетінің алдында жауапты да һәм ұлы миссия күтіп тұрған еді. «Осы елдің Сапарғали, Баймүсілім деген қарияларының айтуынша, Мүрсейітті осы келген сапарынан бастап, Абай өзінің ауылына алғызып, балаларын оқытуды сеніп тапсырады. Абай өз балалары мен немерелері Мекайл, Зікайл, Уәсила, Ақилаға Мүрсейіттің жарапазан өлеңін жазып бергенін байқап: «Сен ақын екенсің, оның үстіне жазуың құсни көрінеді. Сен бүгіннен бастап менің барлық өлеңімді жинап жаза баста, қолақыңды өзім төлеп тұрам» дейді. Содан ел ортасынан жинап, жаза бастапты. Абай өлеңдері жазылған дәптерді қолқалап, қалаушылар көбейген соң, Абайдың рұқсаты бойынша еңбекақысын алып, жазып беретін болған екен. Мұндай көшірме дәптерлерді ұзатылған қыздар өздерімен бірге ала кету дәстүрге айналған. Абайдың Әбдірахманынан (Әбіштен) қалған жалғыз қыз – Рахила Бәстами Ысқақовқа тұрмысқа шыққанда, бір дәптер Абай өлеңін өзімен бірге ала кетіпті. Оны Мүрсейіт көшіріп жазған. Құлатай Ақбердин деген Абайдың туысы өз естелігінде былай дейді: «Мүрсейіт біздің ауылда бала оқытып жүргенде, Ақбердінің Өміртай деген баласы Абайдың өлеңдері жазылған екі қалың дәптерді одан сұрап әкеткен. Оны мен жақсы білем. Сол дәптердің біреуін Жақсыбай – Әбуали деген мұғалім 1930 жылдары бізден сұрап алып еді. Енді біреуін кім алғанын білмеймін».
Ұзатылған қызға дейін қолжазбаны бір данадан өздерімен әкетіп отырғаны – ұлы ақынның ел ішіндегі беделі мен құрметін көрсетсе керек-ті. Адам баласының тағдыры жұмбақ әрі өте қызық. Алланың берген қиындығының артында бір сый жатады деген екен хадисте. Сол жұмбақ тағдыр барлығын бейне бір алдын ала орайластырып қойғандай. Мүрсейіт бір бейбақ қыздың ісіне араша түспегенде, одан Өскеменге айдауға жіберіліп, одан қайта Тобықты еліне оралмағанда, Мүрсейіт қолжазбасы һәм Абайтану, қара сөздер мен өлеңдер, жалпы алтынға бергісіз жақұт дүниелер бізге жетер ме еді, жетпес пе еді?! Шынтуайтын айтқанда, Мүрсейіт молда болмағанда Абайдың жарыққа шығу, шықпауы неғайбыл екені әмбеге аян. Әрине, бәрі бір Аллаға мәлім! Әйтсе де марқұм Абай көзі тірісінде-ақ жастардың арасында өте абыройлы болған екен. Осындай биік абыройға кенелуіне де Мүрсейіттің еңбегі орасан. Бұл туралы Әлкей Марғұлан «Абайдың қолжазба мұралары» мақаласында: «Абай қолжазба мұраларының біздің әдебиетшілердің жақсы білетіні Мүрсейіттің қолжазбасы, не онан кейінгі көшірмелері. Бұны, Абай өлеңін толық қамтыған, аса бағалы, негізгі бұлақ көзі деуге болады. Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі, үлкен кітапханада сақталмай, ауылда, сандық ішінде сақталып келген. Сандық түбінде жатқан сирек қолжазбалардың көбі бізге жетпей, көшпелі тұрмыстың жағдайында жоғалып отырғаны зерттеуші ғалымдарға бұрыннан мәлім. Егер Мүрсейіт қолжазбасының тағдыры тап осындай болса, онда Абай ақынды жарыққа шығару тіпті қиын болар еді» деп Мүрсейіт молданың жақсылығын ерекше атап өтеді. Сол кездің жастарына оп-оңай көшіріп беріп отыратыны Бікі баласының өте сауаттылығы мен терең білімділігін аңғартса керек.
Соңғы кездері қарапайым оқырмандардан Мүрсейіт қолжазбаларын түпнұсқа деп танылмайтындығын жиі естіп жүрміз. Тіпті, бұл пікірді кейбір абайтанушылардың да қостайтыны бар. Алайда, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Абай Құнанбаев атты монографиясында: «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мүрсейіт Бікіұлының еңбегін айрықша атап өту керек. Бұл адам Абай тәрбиесін, үлгісін дұрыс ұғынуы бойынша, ескі діншіл молдалыққа берілмей, Абайдың өзге достары сияқты, өздігімен ізденіп, орысша да оқыған. Жазуы аса анық, шебер болғандықтан және өзі Абай сөздерін оның халқына ұқыптылықпен көшіріп таратуды өмірлік мақсат-міндеті етіп алды. Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз – сол Мүрсейіттің көшірмелері. Өйткені, Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмай, жоғалып кеткен. Тек бір ғана «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген жалғыз бөлек қара сөзінен басқа қолжазба болмағандықтан, Абайдың өз заманындағы оның шығармаларын көшіре бастаған Мүрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз. 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы осы Мүрсейіттің қолжазбасына сүйенудің негізінде ұлы ақынның жинағын Петербургтен тұңғыш рет баспадан шығарған болатын. Бұл қазақ әдебиеті мен абайтану ғылымының ең үлкен жетістігі болған еді. Алайда, жинақтың баспа бетін көруі оңайға түскен жоқ. Бұл жайлы Әрхам Ысқақов естелігінде: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз деп, оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Біріншісін тұтас екі бетке жазғызып, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді, Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады. Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша перевот ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Ленинградқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп, қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты» дейді. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов пен Абайдың інісі Кәкітайлар Абайдың тұңғыш жинағын осындай тауқыметпен жарыққа шығарды. Ал, Мүрсейіт молданың ерекшелігі – бірнеше адам жабылып жүріп жасаған жұмысты бір өзі жасауында. Абай елінде әрбір қыз ұзатыларда молданың қолжазбасын өз жасауымен қоса алып кетуі, одан бөлек соның әрбіріне еш михнатсыз, кедергісіз ақын шығармаларын көшіріп беруі Бікі баласының ғылыми көкжиегінің кеңдігін айқын аңғартса керек. Өйткені, Мүрсейіт сол кездің «баспаханасы» еді. Бұл туралы Әуезов мақаласында: «Мүрсейіт молда – Абай ауылында бала оқытқан кісі. 1916 жылға шейін Абайдың өлеңін көшіріп, ұқыптап жинап жүрген. Өйткені, сол уақыттың «баспаханасы» Мүрсейіт болды, соңғы кезде 7-8 молда көшірген. Мұның өзі кәсіпке айналды. Көшіргенде бір кітап үшін бір қойдың құнындай ақы алатын болған көшірушілер – ақындар елдің талантты жастары. Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда бір данасын ала кететін. Бұл қазақ жастарының арасында Абайдың қандай бағалы болғандығын көрсетеді» дейді.
Ұлы ақын өз заманының жастарының білімді болуына қатты мән берген. Жазған дүниелерін Мүрсейітке көшіртіп балалардың сауатын ашып, сабақ беруді өз мойнына алған деседі. Бұл туралы Мағауияның қызы Уәсила өз естелігінде: «Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орындарымыздан тұрдық, әкем айнала қарады да, «отырыңдар» деді. Біз отырып жайғасқан соң, молдаға қарап: балаларға мына бір кітап әкелдім, осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бір-бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт, – деді. Біз қуанып кеттік, әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көп көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені, бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар келіп көшіріп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді» деп Уәсила көзімен көрген жайларды баян етеді.
Уәсиланың бұл жерде айтып отырған молдасы ол сөз жоқ Мүрсейіт екені даусыз. Осы орайда айта кететін нәрсе, молда ұлы ақынды көзі тірісінде-ақ қолжазбаларымен айналасындағыларға мойындатып отырғанын байқауға болады. Абай дүниеден өткен соң Кәкітай Петербургтен 1909 жылы ақынның толық жинағын басып шығарғанда, ол жинаққа Абайдың сыршыл өлеңі мен қара сөздердің енбей қалғандығын Әуезов өз мақалаларында айтып өткен. Ал, Мүрсейіт болса Абай не жазып не қойғандығын түгелімен хатқа түсіріп отырды. Әсіресе, қара сөздердің жазылуы оңайға соқпаған. Қара сөздердің ішінде кездесіп отыратын Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің өте сауатты көшірілуі де оңай шаруа емес. Солай бола тұра Мүрсейіт мұның барлығын жалғыз өзі атқарды. Осы тұста «Әуезовтің арманын» тілге тиек ете кеткенді жөн көріп отырмыз. Кеңестік кезеңнің қысымына түссе де Мұқаң Абайдың 1933 жылы толық жинағын қайта құрастырып, 1909 жылғы жинаққа енбеген дүниелерді қайта жарыққа шығарды. Алайда, бұл жинаққа ұлы ақын шығармаларына елеулі өзгерістер еніп кетті. Біз қазір қазақша қотармада оқып жүрген 27-ші қара сөз «Сократ Хакимнің сөзі», 37-ші қара сөз «Насихат», 38-ші қара сөз «Китаб тасдиқ» атты тақырыптарынан ажырап қалды. Солардың ішінде: біздің ғылыми объектіміз болған Абай қара сөздерінің қатарына кірмейтін, шағатай тілінде жазған ғылыми шығармасы «Китаб тасдиқ» қазақша тәржімамен жарық көрді. Иә, мұндай өзгеріс жасауға Мұқаң лажсыздан барды. Бірақ, Әуезовтің арманы мүлде басқа еді. Бұл туралы семейлік абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев Абайдың Тұрағұлдан туған қызы Ақиламен кездескендегі әңгімесін былай деп жазады: «...осы арада тағы бір ой келеді. Әсіресе, кеңес дәуірінде Абай жинақтары аз басылған жоқ, тираждары да мол болды. Енді 150 жылдық тойға дейін Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі сонда жарқырап шығар еді. Бір әңгімесінде Турағұлдың қызы Ақила, (1990 ж. қайтыс болған): – Мұқаңмен бір кездесіп әңгімелескенімде сөзден-сөз шығып, Мүрсейіт туралы айтқанда: «Мүрсейіт қолжазбасы бойынша бөлек Абайдың жинағын құрастыру ойда болып еді, оның моллалығы пәле болды ғой деп айтқаны есімде», – дейді. Міне, Мұқаңның арманы. Өкінішке қарай, ол мақсатына солақай саясат мүмкіндік берген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, Мүрсейіттің осы күнге дейін сақталып келген үш қолжазбасы бар. Оған ғалымдар 1905, 1907, 1910 жылдары жазылған деп баға берді. Ал, шын мәнінде бұл қолжазбалар бір емес, бірнешеу болған деген деректер бар. Өйткені, молда мұны көзі тірісінде қаншама жасқа, ұзатылатын қыздарға дейін жазып бергенін ескерсек, көптеген қолжазбалар бар деген сөз расқа айналады. Мұны Мұқаң да растайды: «Абайдың өз жанынан жазған өлеңдерінен 1909 жылғы баспада шыққаны – 4309 жол болды. Ал, Мүрсейітте бар дегенге келсек, оның қолжазбасы біреу емес, әлденешеу болған». Ал, енді осы Мүрсейіттен қалған үш қолжазба бізге қалай жетті? Оның тарихы қандай, – деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Мүрсейіттің 1905, 1907, 1910 жылдары жазған қолжазбаларының тағдыры өте ауыр болған, тіпті қуғын көрген. Әдетте біз Абайтану саласында Мұхтар Омарханұлы мен Шәкәрім сынды тұлғалардың қажырлы еңбек сіңіргенін көп айтамыз. Жоғарыда келтіргеніміздей, Мұхтар Әуезов «Мүрсейіт шығармасы асыл нұсқа» десе, Әлкей Марғұлан «Мүрсейіт болмаса, Абай шығармаларының жарық көруі қиын болар еді» деп қазақ абайтану ғылымында Бікіұлының қолжазбаларына ерекше баға береді. Сонымен біз ауызға алып жүрген Мүрсейіт Бікіұлының тағдыры қиын туындыларының бізге қалай жеткенін оқырман қауымның бірі білсе, бірі білмес. Бұл жайында Мүрсейіт молданың Мүфтибек Рахымбай атты немересі өзінің естелігінде: «Мен Мүрсейіттің атақонысы Абай туған Қасқабұлақтың теріскейіндегі Шолпан деген жерде туыппын. Мүрсейіттің 6 ұл, 1 қызы болыпты. Үлкені Рахымбек (Төлти) одан Тоқтар, Тоқтардан Ақлия деген жалғыз қыз Семейдің Шар стансасында тұрады. Одан кейінгі Рахымберлі, Тілеубек, Мұхамедрахым, Рахманбек пен Зейнеп атты қызынан ұрпақ жоқ. Біздің әкеміз Рахымбайдан (Қисық) Мықтыбек екеуіміз. Інімнің әйелі Олжай ішінде өскен, ата руы – көтібақ Сіләтайқызы Мәйке». Дәл осы Мүфтибек Мүрсейіт молданың Рахымбай атты ұлынан туған. Рахымбайды ел-жұрт бірбеткей, тура мінезді, өткірлігі мен шыншылдығы үшін «Қисық» деп атап кеткен деседі. Бұл Рахымбайдың Абайға және қазақ ұлтына жасаған ұшан-теңіз жақсылығы бар екенін айтпақпыз, бұл жайында Мүфтибек атаның естелігіне көз жүгіртелік: «1932 жылы халық барынан айырылып, жаппай аштыққа ұшырағанда, Шолпандағы қоражай, салулы төсек, салқын үй, қасиетті атақонысты тастап, шешем Мағрипа екеуі менен кейінгі Нұритдин, Нәзипа деген екі бауырымды алып, Ақшоқы, Тақырбұлақ арқылы Қарауылға бет түзепті. Мен ол кезде 5 жаста, аяғыммен жүре алады екенмін. Кішкентай екі бауырымды аштан бұралған ата-анам өздері алып жүре алмай, Тақырбұлақта шала өлік күйінде беттерін әрең дегенде таспен жабуға шамалары келіпті. Кейін ес жиып, етек жауып дегендей ел қатарына қосылғанда патефоннан Кененнің «Базарым-ау, Назарым-ау» әнін естігенде әкем бұлаудай болып жылаушы еді. Сөйтсем, менен кейінгі екі баласының тірі өлік қайғысы шерін қозғайды екен. Әкем хат танымай-ақ, қиындық тауқыметімен сан рет бетпе-бет келсе де, ашаршылықпен ауып бара жатса да, әкесінің қолжазбасын Шолпандағы шешесі Ажардың қабірінің бас жағына су өтпейтін затқа орап, көміп кетіпті. Зұлмат жылдар өтіп, халық өз қоныс аймақтарына орала бастаған кезде, әкем де Қасқабұлаққа келіп, колхозға мүше болады. Қай жылы екенін тап басып айта алмаймын, сол кезде Мұхтардың арнайы тапсырмасымен Алматыдан әкеммен жерлес, ескі замандас руы Көтібақ Сармұрзаның Ғайсасы келіп, Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған. Әкем Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған атамның қолжазбасын Ғайса арқылы Алматыдағы Мұхтарға жөнелтіпті».
Міне, тар заманның қапасынан аман шыққан Абай мұрасы біздің заманға осындай жолдар арқылы жетті. Егер де Рахымбай болмағанда, Мүрсейіт қолжазбасы мен Абай хакімнің ұлы мұралары осы күнге жетпеуі де бек мүмкін еді ғой! Тағы бір қызықты мағлұмат – қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Рахымбай Мүрсейітұлы Кәкітайдың ұлы Билалдан көп озбырлық көрген деген деректерді кездестірдік. Жоғарыда айтылған семейлік журналист Ғайса Сармурзиннің естелігіне сүйенсек, Билал Кәкітайұлы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаның өліміне себепші болған деседі. Бұл туралы естелікте: «Егер сіз сол Билал болыстың зорлығы мен озбырлығын білгіңіз келсе, Мұхаңның 1921 жылы басылып шыққан «Қорғансыздың күнін» оқысаңыз да үстінен түсер едіңіз. Өйткені, сол әңгімедегі Күшікпай кезегінде сорлы соқыр кемпірдің басынан кешірген қайғы-қасіретін одан бірнеше жыл бұрын естіген едім. Кейінгі кезде, көп жылдан соң мен Мұхаңа: – Сіздің «Қорғансыздың күнінде» жазған болысыңыз Билал емес пе? – дегенімде, ол кісі: – Иә, ол соның прототипі болатын, – деген еді. Міне, нақ осы жолдарда Билалдың бүкіл адамгершілік образы толық ашылып тұрғандай. Ал, Мүрсейіттің Рахымбайына келер болсақ, ол Билалдың жалшылығында жүрген. Болыстың қамшысына жегіліп, қар төсеніп, мұз жастанып Билалдың малын баққан екен. Болыс бірде Рахымбайға «иттің баласы» деп қатты тіл тигізсе керек. Бұл сөзге шыдамаған Мүрсейіттің ұлы: «Қарағым Билал! Неге мені иттің баласы дейсіз? Менің әкем кісі емес, ит пе еді? Өз әкең Кәкітай Абайдың кітабын сонау Петерборға барып зорға шығарғанда, менің әкем сол жарықтықтың өлеңдерін өз қолымен жазып, тамам жұртқа, алдымен өздеріңе таратқан Мүрсейіт емес пе еді?» дейді.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Мүрсейіт ұрпақтарының да, бізге жеткен туындысының да тағдыры қилы да күрделі болған. Біз тақырыбымызда атап өткендей, Мүрсейіт Бікіұлы Абай Құнанбайұлының шығармаларын тұңғыш хатқа түсіруші. Сондықтан бұл кісі қазақ әдебиетінен жоғары орын алып, «тұңғыш абайтанушы» ретінде дәріптелуі керек. Қилы заманның асыра сілтеуімен алысып жүріп, бір ғылыми-зерттеу институты жасайтын жұмысты қазақ әдебиеті мен Абайтану тарихында Мүрсейіт Бікіұлының бір өзі жасаған болатын. Ұлы ақынның 175 жылдығымен қатар биыл Мүрсейіт Бікіұлының дүниеге келгеніне 160 жыл толады екен. Дана Абайдың сөзімен айтқанда, өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамзаттың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың дегендей, сол адамзаттың қарызы үшін еңбек етіп, ұлылардың еленуіне себепші болған тұлғаларымызды ел ұмытпасын, керісінше ұлықтасын деген ниет қой біздікі!
Әзімхан ИСАБЕК, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс магистранты.