Шәкәрiмнiң ар ғылымы – Абайдың толық адам iлiмiнiң жалғасы

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы, ғалым, «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері.

Шәкәрім ұстанған ар ғылымының түп-төркіні де Абайдың толық адам ілімінің дәстүрлік жалғасы деп ұғынамыз. Себебі, Абай «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» Шәкәрімге тікелей әсер еткенін Шәкәрімнің өзі мойындап: «Абай марқұм болған соң содан ғибрат алып, мен адамдықтың жолын қуғаным жөн деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып білім жолына түстім» деп өмірлік мақсатын анықтап алғанын жазатыны бар.

Абай тапсырмасы бойынша Шәкәрімнің шежіре жинап, арнайы еңбек жазуға даярланып, көп жылдық уақытын осы салаға жұмсауының нәтижесі Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деп аталатын кітабын жариялауға алып келді.

Жалпы, Шәкәрімнің ар ғылымы Абайдың толық адам ілімінің дәстүрлі жалғасы деп отырғанымның себебі, Абай үйінде апта сайын өтетін әр саладан әңгіме-дүкен құратын әдеби кешке тікелей байланысты. Әр кеште Абай айтатын әңгіме-дүкенге үзбей қатысқан Шәкәрім рухани дүниетанымы мен білімі шыңдалып, шарболаттай қайралып, ағасының шежіре тарихы жайлы ойлары мен толық адам туралы ой-толғаныстарына ерекше қанығып өсті. Абайдың жантану, толық адам ілімінен кейін осы жолдағы Шәкәрім ізденістері бос кетпей елеулі жемісін берді. Оның жантану мен толық адам іліміне мән бере зерттеуінің нәтижесі «Үш анық» еңбегінде, әсіресе, поэзиясында басымырақ сөз болатын жан сырын танып-білу, құпия сырына қанығу туралы ізденістің бос кетпегендігінен көрінеді. Біз Шәкәрім бойынан Абай дәстүрінің өміршеңдігін дамыта түскен бірегей озық шәкіртіне айналған рухани құбылысты көреміз. Шәкәрім өзі өмір кешкен заман ағымындағы әділетсіздікке ой жіберген сыншыл ақынға айналды. Осындай бірегей ізденіс жолына құлай берілген Шәкәрім өзі ғұмыр кешкен заманның мұңын сезінгендей «Мен адамнан таза ақыл таба алмадым» деп өмірден түңілгендей болатын тұстары бар. Себебі, өнер-ғылымды дамытушы отаршыл Еуропаның адамшылық жолдан қол үзген қанды қасап ойран салған әрекетін бүкіл саналы адамзат атынан айыптай қарап:

Еуропа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ хайуандықтан осы кезде, – деп, тіпті олар еуроцентристік жалған идеясын жамылып, отарланған елдерді рухани қысымға алып, өздерін текті нәсілденбіз деп рухани қысым салғанына орай «мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ» деп өткір сынға алатыны бар.

Адамзат баласының ғылым жолындағы табысын соғыс құралын жетілдіруге жұмсап, әскери техника, биологиялық құралдар жасап, адамшылық жолынан теріс айналып, суық ақылдың жолына түсуі себепті:

Жиырмасыншы ғасырдың адамынан

Анық таза бір елді көре алмадым, – деген ой байламына келуден көрегендігі анық көрінеді. Қазіргі Ресей мен АҚШ-тың, еуропалықтардың өзара жарысының бүгінгі барлық мақсаты халықты қынадай қыратын атом қаруын, тіпті, биологиялық, лазерлік қаруды жетілдіре түсу жарысындағы әрекеттері өз көрінісін анық беріп отыр емес пе?

Ресей 49 түрлі түрік ұлысының 47-сін жаулап алып, әсіресе, жері мол қазақ пен ноғайға жоспарлы түрде геноцидтік саясат ұстанып, ашаршылықты қолдан жасап, қазақ халқын аштықпен қырып салу саясатын саналы түрде жүргізді. Ноғайларды түгелдей жойды. 2 миллион ноғайдан 90 мыңдайы ғана қалды.

XVI ғасырда орыстар 4 миллион болса, ноғай мен қырым татарлары да 4 миллион еді (Қырым. Симферополь, 1930). 1916 жылы 6 миллион 100 мыңға жеткен қазақ халқы екінші дүниежүзілік соғысқа араласқанда 1 миллион 900 мың адаммен қатысты. Сонда 25 жыл ішінде қазақ 4 миллион 100 мың адамынан айырылды. Ел билеуге «сексеуіл тәсілін» қолдану арқылы қазақтың мінез-құлқын бұзды. Мұны Абай мен Шәкәрім өз көздерімен көріп өсті. Халықтың ұлттық менталитеті сыр бере бастады. Тұрмысы тозып, рухани жағынан өзгеріп, орыстандыру саясаты халықты рухани азғындыққа ұшыратты. Мұны көріп-біліп отырған Абай мен Шәкәрім туған халқының жан дүниесін жаңғыртып, рухани ділін тазарту үшін құтылар жол іздеді. Сондағы тапқан амалдары толық адам ілімі мен ар ғылымы арқылы мінез-құлқын, ділін, жан дүниесін жаңартудың жолына түсті. Бұл әрекеттің көрінісін М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ: «Ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсатын жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы арманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп, өзгертпек болады» деп Абайдың неліктен мораль философиясына, яғни толық адам іліміне араласа беретін себебін ашып көрсететіні бар. Ал, Шәкәрім болса Абайдың толық адам ілімін дәстүр ретінде жалғастыра дамытып, ол ілімнің негізін ар ғылымы ретінде танып, «ар ғылымы оқылса» деп армандайды.

Шәкәрім ұждан мәселесіне айрықша назар аударған. Ұжданды адам жанының тілегі, қалауы ретінде таныстырады. Себебі, жан жоғарылайтын, өлмейтін, бұзылмайтын, қайта уақыт өткен сайын толысып, нұрланатын, іштей түлеп толысатын рухани құбылыс болғандықтан, адам жанын танып-білу, сырын ашу үшін жантану ілімін ғылыми зерттеу нысанасына алу – қажеттілік. Сопы Абдолла Әшәридің «Шариғат – тән, тарихат – жүрек, ақиқат – жан» деп анықтама беруінде астарлы сыр жатыр.

Ақиқатты (жан сырын іздеген) Шәкәрімнің түпиені:

Жаралыс басы қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де, мейлі бір мән де,

Сол қуатпен бол таныс.

Дүниені сол жаратқан,  – деп ой қорытуы терең пәлсапалық ой-толғанысында жантану іліміне шешуші құбылыс ретінде мән беруінде Шәкәрім дүниетанымының өзекті желісі жатуы себепті:

Хақиқатты білмек болсаң,

Алдыменен жанды біл, – деп ұрандата жырлауында жанды танып білудегі дүниетанымының терең түрде ашыла түсетін құбылысты көре аламыз.

Ар ғылымы жайында Шәкәрім дүниетанымының өзекті желісі мен шешуші ой-қорытындысы – ұждан болуы себепті «...Адамға ынсап, әділет, мейір үшеуі қосылып, ұждан деген ұғым шығады... Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды... Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сеніп істесе, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды... Адамзат ұлын бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – осы мұсылман жолы сияқты» («Үш анық», Алматы, 1991. 5-9 бб), – деп өзіндік ой-байламын жасайды. Яғни ұждан танымы арқылы болашақ жастарды мінез-құлық жағынан тәрбиелеуді мақсат еткен Шәкәрім ой-танымын ұстанған, «ар ғылымы оқылса» деген ой-арманын ұстанумен өмірден өтті.

Қазіргі мәдениетті деген еуропалықтар білімді, ғылымды ел болса да, ізгілік, адамгершілік жолынан тайды. Мақсаты – адамды қырып, қару-жарақ түрін көбейтіп, әлемге ойран салып, қыспаққа алу. Яғни ғылым табысын суық ақылдың жолына салудан таймай отыр. Дүниетанымды затшылдық тұрғыдан қабылдауы себепті Мағжан Жұмабаевтың «Еуропа иманды, жанды танып білуде адасуда» деген пікірі шындыққа айналуда.

Адамзатты суық ақылға негізделген саясат сақтай алмайды, керісінше нұрлы ақылға негізделген толық адам ілімі мен ар ғылымы ғана сақтай алады. Осы себепті жас буынды адамгершілік жолында қалыптастыру үшін бүкіл оқу орындарында Абайдың толық адам ілімі мен Шәкәрімнің ар ғылымын оқыту – басты міндетке айналғанын сезіп, оны жаңа дүниетаным, яғни Ұлы Сана танымы тұрғысынан оқыту міндетіне тіреліп отырмыз. Адамзатты шамадан тыс қынадай қыратын атом қарулары сақтай алмады. Адамзатты Абай мен Шәкәрімнің толық адам ілімі мен ар ғылымы сақтай алатынын түсінетін уақыт жетті. Біз осы ілімді жоғары оқу орындары мен орта мектепте оқыту жолын бостан-босқа мақсат етіп отырған жоқпыз. Рухани қажеттілікті анық танып, көз жеткізген соң рухани мақсатқа айналдыруды нысанаға алып отырмыз. Бұл – алыс арман емес, орындалатын ізгілікті арман. Білім және ғылым министрлігі ұғына алса, ертең-ақ жүзеге асатын мүмкіндік!

Абай ой-танымының болмысы, оның табиғи болмысының негізі бүгінде квантты физиктер ашып отырған Ұлы Сана жолымен үйлес келіп жатыр. Сондықтан бүгіннен бастап  абайтану, шәкәрімтану, мағжантанудың жаңа дүниетаным ретінде қойылуын уақыт талап етуде.

Абай дүниетанымы өз заманы үшін де, біздің заманымыз үшін де озық ой-танымның ұшар шыңы деп білеміз. Себебі, бұл қайталанбас рухани құбылыс екеніне көзіміз жете түсуі – Абай дүниетанымының озық әрі енді өзіміз ұстанатын мәні терең адастырмас темірқазық жұлдызына айналып отыруы – біздің жаңа дүниетаным жолына түсуіміздің бұлжымас айғағындай.

Міне, Абай таратып отырған толық адам ілімінің іргетасы – ақыл, әділет, рақымды оқырман терең танып, бойына құштарлана сіңіріп, біліп, орнықтырмай толық адам қалпына келе алмайды. Өзін жаман мінез-құлықтан арылтып, өзін-өзі рухани жағынан жаңартып, толыспай толық адам деңгейіне жете алмайды. Абайда толық адам өнегесі Әбдірахман бейнесі арқылы суреттелетінін еске алу керек.

Толық адам ілімі – өзін саналы түрде құштарлана арман қуған әрбір жастың бойына тез қонатын күрделі рухани құбылыс. Әрбір жеке адамды толық адам ілімі бойынша жаңғырту арқылы бүкіл қазақты рухани жағынан монолитті халыққа айналдыра алмаймыз. Мақсат – Абайдың толық адам ілімі арқылы қазіргі қазақ жастарын рухани монолитті қалыпқа түсіру. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолдану ғана ұлы мақсаттарға жетелейді.

Абай мен Шәкәрім жантану іліміне шешуші түрде мән бергендіктен де Шәкәрім:

Хақиқатты білмек болсаң,

Алдыменен жанды біл, – деп жантану іліміне ерекше көңіл бөліп, өмір бойы зерттеу нысанасына алуында терең де күрделі мағына жатыр. Осы себепті қазіргі жас буын жаңа дүниетаным тұрғысынан Абай мен Шәкәрімнің жантану туралы ізденісінен хабардар болу үшін бұл мәселе туралы Абай мен Шәкәрімнің жантану жолындағы дүниетанымын қысқаша түрде болса да таныстыра кетудің реті бар деп білеміз. Себебі, психология, философия пәндерін оқыған кезде алдымен жантанудан ғылыми тұрғыдан хабарың болмаса, бүгінгі замандағы жаңа дүниетаным сырына бойлай алмайсың.

Абай, Шәкәрім, Мағжан мұрасындағы рухани тұтастық немесе жантану ілімі жайында деген тақырыпқа оқырман назарын аудару қажетті құбылысқа айналуда. Бұларды терең танып-білмесек жантану ілімінен бейхабар болып қаламыз.

 

Пікір қалдырыңыз