Құжат жаңарды, жаза қатайды

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен жылы жағымды жаңалықтар да көп болды, қоғамды қасіретке ұшыратқан оқиғалар да аз болмады. Солардың ішіндегі ең ауыры – жас жеткіншектерді құрбанына айналдыратын, психологиялық ауытқуға ұшыраған педофилдердің азғындық іс-әрекеттерінің азаймауы дер едік. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, мұндай іс-әрекетке баратын азғындардың ақыл-ойының дамуында ақаулар болады. Соның әсерінен олардың интеллектуалдық деңгейі төмендеген  сайын құрбандары да жасара береді екен.

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде ішкі істер органдарының есебінде «педофил» санаты бойынша 1350 және «зорлаушы» санаты бойынша 2831 азғын тіркеуде тұр. Ал, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 1575 адам түзету мекемелерінде жазасын өтеуде. Сондай-ақ, министрдің бірінші орынбасары өз сөзінде соңғы уақытта ел аумағында адам зорлау оқиғалары жиілегенін және өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы алты жүзге жуық зорлық-зомбылық қылмысы тіркелгенін атап өтті.

Әрбір екіншісі үйде және жатақханаларда орын алатын мұндай қылмыстардың 77%-ын жәбірленушінің өз жақындары, яғни әкесі, өгей әкесі, туыстары, көршілері мен таныстары жасайды екен. Ал, қылмысты ашу азғындық әрекетке куәгер болмайтындықтан әрқашан қиындық тудыратын көрінеді.

Ар-ұятты жиып қойып, қу нәпсінің құлына айналғандардың жантүршіктірерлік әрекеттері жасөспірімдерден бөлек, басқа да адамдардың өміріне зиянын тигізуде. Оның дәлелі ретінде бір ғана Тараз қаласындағы мектептердің біріндегі әжетханада орын алған 7-сынып оқушысына жасалған зорлық әрекетін айтсақ та болады. Сол оқиғадан кейін аталған мектеп директорының орынбасары, пән мұғалімі, вахтер мен мектеп инспекторы өз қызметтеріне немқұрайлы қарағандықтары үшін жұмыстарынан қуылған.

Қатерлі проблемаға ерекше алаңдаған ел Президенті зорлық-зомбылық пен педофилия қылмысы үшін жазаны күшейтетін заңға қол қойды.

Осы уақытқа дейін зорлау орташа санаттағы қылмыстардың қатарында болған және қос тараптың ымыраға келуіне, істі сотқа жеткізбеуге мүмкіндік берілетін. Енді мұндай қылмыс бойынша екі тараптың мәміле жасасуына тыйым салынады. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа заң аясында жас балаға қатысты зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабы) 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жас балаларды өлтіргені үшін де осындай жаза тағайындалады және педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны және бұрмалағаны үшін айыпталушы (ҚК 416, 432, 434-баптары) жазаның ең жоғары мерзімі – 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар, көлікті «ащы суға» тойып алып айдайтын, жүйткіп келе жатып өзгелердің өміріне қауіп төндіретін жүргізушілер үшін де жаза күшейтілді. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, 2019 жылдың басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен елімізде мыңға жуық адам қаза тауып, түрлі жарақаттар алған. Енді жаңа заң бойынша мас күйінде осындай қылмыс жасаған адам 7-10 жыл аралығында абақтыға қамалып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талабы бойынша мас күйінде көлік айдағандар көлік жүргізу құқығынан 8 жылға дейін айырылып, 30 тәулікке дейін қамалады. Сондай- ақ, егер азамат жүргізуші куәлігінен айырылса да мас күйінде көлік рөліне отырса, оған өмір бойы көлік жүргізуге рұқсат етілмейді.

Одан бөлек, қоғамдағы тыныштықты сақтауға бағытталған жаңа заң жобасына «мал ұрлығы» деген бөлек бап енгізілді. Енді мал ұрлауды кәсіпке айналдырғандар, қасапшы, тасымалдаушы, жалған құжат жасайтындар мен базардағы алыпсатарларға қатысты қылмыстық істе «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Оларға заң жобасы бойынша қомақты айыппұл мен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал, ұрлық ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейінгі жаза тағайындалады. Сондай-ақ, аталған теріс әрекетке бірнеше рет барған қылмыскерді 10 жылға және қылмысты қылмыстық топпен жасаса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр.

Алдағы уақытта аталған заңдар аясында біз өмір сүріп отырған қоғам дұрыс жағына қарай түзеледі деген үміт те бар, сенім де бар. Бірақ, жаңа ережелер қабылданған сайын «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің түр-түрін ойлап табатын және заң күшейген сайын «сыйақыны» көбейтетін кей адамдар арасында «сыбайлас жемқорлық өрши түспей ме?» деген алаңдаушылық та жоқ емес.

Қалай десек те, қажетті заңдардың қабылдануы бұқараның қауіпсіздікке деген сенімін арттырып отыр. Ендігі мәселе осындай теріс қылықтарды жөнге салуы тиіс құқық қорғау мамандарының өздеріне байланысты.

 

Пікір қалдырыңыз