Ұлттық құндылықтар – жастар кәдесiне!

Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды терең сіңіре отырып, оларға өнегелі тәрбие беру басты мақсатымыз. Біз бүгінгі күні өткеннің ғибратты тәлімін қазіргі талғам-таныммен сабақтастырып, жас жеткіншектердің ой-өрісін дамытуға, байытуға бет алып келеміз.

Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының тәрбиелік мәні зор. Жастарымызды туған жерін, елін, Отанын сүйіп құрметтей білуге, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды үйреніп, іске асыруға баулып, олардың мейірімді, адал, иманды әрі батыр, шыныққан, шымыр болып өсулеріне күш салуымыз қажет.

Біз осы мәселелер төңірегінде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай ТӨРЕБЕКОВпен әңгімелескен едік. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Бейсенбай Тасболатұлы, жастарға білім ұяларында, клуб, кітапханаларда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын түсіндіріп, насихаттау бағытында ауданда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Елбасының аталған бағдарламалық мақалаларында ұлтымыздың өткені мен бүгіні терең қамтылған. Бұл аса маңызды құжат ұлт болып ұйысуымыздың алтын қазығы, баянды болашағымыздың айқын бағдарламасы десек артық айтқанымыз емес. Осы бағдарламалық мақалалардың мән-мазмұнын жас ұрпаққа терең түсіндіру мақсатында әртүрлі форматта көптеген іс-шаралар өткізілуде. Үлкенді-кішілі іс-шаралардың ішкі маңызы, мазмұндық қуаты жастардың ой-санасын рухани жаңғыртуға бағытталды. Ең алдымен олардың туған жерінің қадыр-қасиетін ұғынуына, өздері туып-өскен өңірдің тыныс-тіршілігін терең танып-білулеріне айрықша мән берілуде. Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бірлік» ауылдық округіндегі трактор тіркемелерін шығаратын «СХМ-Сервис» ЖШС орталығына саяхат жасалды. Аталмыш шараға округтегі 40-қа жуық жұмыссыз жас пен кәсіпкерлік саласына, өндірістік кәсіпорынға қызығушылық білдірген азаматтар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Өз идеясының халыққа тиімді екенін дәлелдеп, мемлекеттің қайтарымсыз 225 млн. теңге грантын жеңіп алған кәсіпкер Нұрлан Нұрбеков бүгінде 10 тоннаға дейін мақта шикізатын тиеп, өздігінен төгуге арналған тіркемелерді шығаратын өндіріс орнын ашқан. Ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы бөлшектерді жөндеу, қайта жасақтау жұмыстарын да жүргізеді. Аудан жастары сондай-ақ Еңбекші ауылдық округі, Жайлыбаев ауылындағы «Ғибрат-Құрылыс» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Шолпан Дүйсенбинаның өз қаржысы есебінен 110 млн. теңгеге салынған зауыт жылына 4000 дана темірбетон құбырларын шығара алады. Бүгінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізіп отырған аталмыш зауытта 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Экскурсияға қатысушылар Қазақ КСР-нің 40 жылдығы елді мекенінде орналасқан «Cotton makta» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Бүгінде аталмыш зауытта 60-қа тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Абдужалил Боев басшылығындағы зауыт алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, өнімділік қуатын арттырмақ.

Бізде мақта өндіретін 6 кәсіпорын бар. Солардың ішіндегі мақта талшығын терең өңдейтін іргелі өндіріс орындарының бірі – «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты. Мақта шикізатын қайта өңдеу салаларына қызығушылық танытып жүрген 30-ға тарта жасты зауыт басшылығы мақта өсіру мен қайта өңдеудің қыр-сырларымен таныстырды.

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың пайдалы екендігі жастарға кеңінен түсіндірілуде. Әрбір елді мекендерде көшпелі семинарлар өткізіліп, мемлекеттік білім беру бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Серпін–2050», «Болашақ», «Әлем білім» үкіметаралық келісім бойынша гранттар, студенттер мен оқытушыларға арналған «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша жастарға ақыл-кеңестер берілуде.

– Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу бағытында аудан мектептерінде қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Ауданда 56 мектеп бар, оның 55-і жалпы орта, 1-еуі негізгі орта мектеп. Оқу-тәрбие ісімен 3997 педагог айналысады. Білім ордаларында 27 108 оқушы білім алуда. Аудан бойынша мектепке дейінгі мекемелердің саны – 107. Оның 96-сы балабақша, 11-і шағын орталық. Барлығында 8555 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Атам қазақ айтқандай, тәрбие отбасы, ошақ қасынан басталады. Отбасында ата-ананың тәрбиесін көрген ұл мен қыздың ертеңі жаман болмайды. «Білім мен тәрбие егіз» десек те, тәрбиенің алатын орны ерекше. Білім ошақтарында баланың тәрбиесіне қатысты іс-шаралар, ата- аналармен өткізген жиындар, кеңестер мәнді де мағыналы болуы шарт. «Адалдық сағатында» зиялы қауым өкілдерінен, ардагерлер кеңесінен, кәсіпкерлер тарапынан өкілдер қатыстырылып, тәрбие сағаты өткізіледі.

«Отбасы – тәрбие басы, мектеп – тәрбие жаршысы» деген тақырыпта бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Білім ошақтарында екінші тоқсанның алғашқы сабағы «Парасаттылық» сабағынан басталды. Бұл жерде де зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, кәсіпкерлер қатыстырылып, тәрбие сағаттары өтті. Аудан әкімі Б.Асановтың ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу, келеңсіз оқиғаларды болдырмау, құқықбұзушылықтардың жолын кесу, анықтау және оны болдырмау, білім беру мекемелерінде ақша жинауды тоқтату, бұзақылық жасау деректерін түпкілікті жою мақсатында жұмыс тобы құрылып, жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде.

Бүгінгі таңда білім ошақтарында үштік одақтың, яғни ата-ана, мектеп, шәкірт арасындағы жұмыстарға баса назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Ата-ана – сынып жетекші – оқушы қарым-қатынасын нығайту – басты назарымызда. Жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша мектеп психологтары мен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тарапынан жұмысты жандандыруға баса мән берудеміз. Жасыратыны жоқ, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылдың 9 айының өзінде оқушылар арасында қылмыстың да, суицидтің де көп болуы ойланарлық мәселе. Мектептердегі тәрбие саласы бойынша жұмыс істейтін мамандардың жұмысында кемшіліктер аз емес. Балаларды сыныптан тыс үйірме жұмыстарына, пәндік үйірмелер мен спорт секцияларына тарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Бұл маңызды жұмыстар өкінішке қарай, қағаз жүзінде қалып жатыр.

– Қазіргі кезде түрлі діни ағымдар қоғамға қауіп төндіруде. Теріс пиғылды діни ағымдарға және діни экстремизмге тосқауыл қою үшін қандай іс-әрекеттер жасалуда?

– Аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның іс-әрекеттер алгоритміне сәйкес 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жетілдірілуде.

Аталған бағдарламаның мақсаты мен міндетін іске асыру бойынша діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтайтын адамдар санын азайту мақсатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы және аудан әкімі тараптарымен екі жақты жеке кездесу желілік кестесі бекітілді. Соған сәйкес «Діни мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары Б.Шаймерден мен Д.Амановтың қатысуымен 10 деструктивті діни ағым ұстанушы азаматтың жұмыс орындарына және үйлеріне барып жеке кездесулер өткізілді. Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу және теріс бағыттағы діни ағымдарға жол бермеу жөнінде оқу орындарында студент-жастармен, кенттер мен ауылдық округтердің елді мекендерінде тұрғындармен өткізілетін үгіт-насихат кездесулерінің кестесі бекітілді. Аудан тұрғындары мен жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, кереғар діни ағымдардың зияндылығын түсіндіру мақсатында 2019 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында «Қоғам және жастар» тақырыбында кездесулер өткізілсе, республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен «Мақтаарал аграрлық» колледжі, «Мақтаарал» Мәдениет үйі және «Абдуләкім» орталық мешітінде аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, оған 500-ге жуық адам қамтылды. Сонымен қатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, «SANUR TV» телеарнасы және «Мақтаарал» қоғамдық-саяси газеттері мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде діни қатынастар мен радикалды көріністерге нөлдік төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған мақалалар жарияланды. Одан бөлек, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «SANUR TV» телеарнасы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мақтаарал ауданының «Абдуләкім» орталық мешіті арасында 3 жақты меморандум түзілді. «Дін мен қоғам» бағдарламасы ашылып, жыл басынан бері «Адал кәсіп», «Исламдағы бауырмалшылдық негіздері», «Қажылық», «Ислам дінінің кемелділігі», «Отанға қызмет – ұлы міндет» атты тақырыптарда 9 телебағдарламада көрсетілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

1 пікір

Пікір қалдырыңыз