Қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».
Шымкент
қаласындағы Көрме орталығында «Дәстүрлі қолөнерді қолдайық!» атты қолөнер
шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани
жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және хакім Абай Құнанбайұлының 175
жылдық мерейтойына орай өткізілген шараға Шымкент қаласы мен Түркістан
облысынан 40-тан аса қолөнер шеберлері қатысып, жасаған бұйымдарымен
таныстырды. Қазылар алқасы қолөнер шеберлерінің туындыларын бағалап, үздіктерді
анықтады.
– Халықтық
өнерді насихаттау, рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, өскелең
ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Сондықтан әдеттегідей қолөнер шеберлерін
жинап, көпшілікті төл өнерімізбен таныстырып, жастардың ұлттық өнерге деген
қызығушылығын оятуды жөн санадық, – деді Шымкент қалалық суретшілер одағының
төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов.
Шымкент қаласы
бойынша рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева мен
«Отырар» әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова қазақтың
сырмағы, құрағы, ою-өрнегі көздің жауын алатын жауһары екенін тілге тиек етіп,
ұлттық бұйымдарды қолданысқа енгізетін, тұрмыста кәдеге жарататын кез әлдеқашан
жеткенін айтты.
Көрмеде өз
өнерлерін ортаға салғандардың арасынан бас жүлдені Бибіажар Симова қанжығасына
байлаcа, 1-орынды Ынтымақ Гаухарбек жеңіп алды. Жүлделі 2-орын Айжан Абдуллаева
мен Құттықыз Палахатқа, 3-орын Талғат Жиренбаев пен Оқушылар сарайының
шеберлеріне бұйырды.
Көрме-жәрмеңке
барысында Шымкент қалалық мәдениет үйі мен Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық
қазақ драма театрының ұжымы концерттік бағдарламаларын ұсынды.