Ұлы дала – менің тағдырым

«Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас». Мақал.

Ираннан келген қандасымыз Әмин айтады: «Мен Иранда дүниеге келдім. Көзімді ашқаннан адамдар арасындағы, әсіресе, жергілікті ұлт пен тағдыр тәлкегіне ұшыраған біз сияқты бөгде жамағаттар қарым-қатынасындағы теңсіздікті көріп өстім. Ата-анамыз отбасында қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтындықтан менің де тілім ана тілінде ұшталды.

Мектеп жасында жергілікті тілді жете меңгермегендіктен мұғалімдер мен сыныптас балалардың мазағына ұшырадық. Көрген келемежіміз еттен өтіп, сүйекке жеткенде көз жасымды көл етіп: «Әке, маған жастайымнан парсы тілін үйреткендеріңізде қазіргідей қор болмас едім» дейтінмін. Ол: «Балам, сен қазақсың. Сондықтан өз тілің – қазақ тілін білуің қажет. Әке өлгенде артындағы ұрпағына үйі, жері, малы, домбырасы мұра болып қалады. Ал, алдыңғы ұрпақ кейінгі ұрпағына тілді, ана тілін мұра етіп қалдырады. Тілі бар халықтың тарихы, салт-дәстүрі, ділі мен діні, яғни сол халықтың ата-бабадан желі тартқан қадір-қасиеті сақталады. Тілін жоғалтқан халықтың өзі де жоғалады. Саналы түрде өзіне-өзі қол жұмсайды. Шариғатта өзін-өзі өлімге қиған адамға жаназа оқылмайды, жаназасыз өлім – аяушылық, қимастық тудырмайтын, жоқтау айтылмайтын өлім» деп жауап берді.

Ол кезде әкемнің терең мағыналы сөзіне мән бермедім. Жергілікті балалардан себепсіз зорлық көріп, ата-анамызға шағынып келгенде: «Балам, шаңыраққа қарамайсың ба, төр солардікі, жергілікті иттің құйрығы қайқы келетінін білмейсің-ау, сорлы бала» дейтін әкем. Бала кезімізде өзімізге асқар таудай көрінетін ата-анамыздың әлгіндей жұмбақ сөздерін, ақымызды әперуге дәрменсіздік танытатынын түсінбедік. Ержете келе мүшкіл халіміздің, шарасыздығымыздың басты себебі табан астындағы басып жүрген топырақтың біздікі еместігінде екендігін түсіндік.

Әке-шешем бесіктен белім шықпай жатып туған халқымның тілімен, құлақ құрышын қандыратын ән-күйімен сусындатты. Сонау алыста менің де атамекенім барын, ақпейіл де адал, дарқан қазақ деген халқым барын санама сіңірді. Олар: «Тағдыр солай болған соң амал қанша, туған жерден айырып, талай таудан асырып, тауқымет таттырып жат елден бір-ақ шығарды бізді» дейтін анам мұңайып.

«Әке жолын өзіме-ақ қалдыр, балам. Өз соқпағыңды тап. Өзіңнің үйіріңді ізде. «У ішсең – руыңмен» деген» дейтін әкем. «Жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Есің барда, еліңді тап. Біз секілді өміріңді өкінішпен өткізбе» дейтін әке-шешем.

«Қай жерде менің елім? Ол ел қалай аталады?» деген сұрағыма:

– Қазақ елі! Қазақстан деп аталады, – деген жауап естимін.

– Қазақстан қай жерде орналасқан?

– Атырау мен Алтайдың арасы қазақтың алтын бесік атамекені!

– Атырау мен Алтай Иран географиясында жоқ қой. Ол қай жер?

– Қытай мен Ресейдің арасындағы ұлан-ғайыр өлке – Қазақ елі.

– Әке, ешқашан «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін естімедім?

Е-е, балам, – деді әкем ауыр күрсініп, – өкінішке қарай, ол бүгінде Ресейдің қарамағында.

– Бейшара болған ата-анам-ау, өз қолы өз аузына жетпеген, бөгде жамағатқа кіріптар халқымыздың бесік жыры мен әндерін, тілі мен ділін маған несіне үйретумен келесіңдер онда, одан да...

– Не айтайын дегеніңді білем, балам, – деді әкем сөзімді бөліп, – одан да парсының тілі мен ділін неге үйретпедіңдер демекшісің ғой. Сен қазақсың, сондықтан өз халқыңның күйін күйлеп, жырын жырлағаныңды мақұл көрдік. Батыр да ержүрек халқың тұрғанда өз шаңырағын көтерер, үмітсіз шайтан деген. Сонда әлгі біз үйреткен дүниелер кәдеге асады әлі. Көр де тұр!

Кейде анамнан ел жайында айтып беруін өтінетінмін. Ол мұндайда әжімді жүзі жадырап, сөнуге айналған жанары ұшқындап: «Қазекемнің ұшы-қиырсыз дарқан даласының шүйгін де кұнарлы шөбін айтсайшы! Оған қоңданған малдың майлы еті аузыңа салдырмайды-ау, салдырмайды. Исі мұрын жаратын жусаны қандай керемет! Әлемнің төрт бұрышын шарласаң да таппайсың ондай жұпар иісті. Көктемде қызғалдақтың көптігі сонша, алыстан көз салған адамға Жер-ана төсі алаулап өртеніп жатқан секілденеді. Не жазығымыздың барын білмеймін, Жаратқанның қаһарына ұшырап, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Алайда, туған жердей жер жәннатын көрмедік. Енді көрмеймізде-ау» дейтін көкірегі қарс айрылып, анам жарықтық.

Әкем сәждеге басын қойған сайын:

«О-о, Жаратқан ием, жамбасымды туған топыраққа тигізе гөр» деп жалына мінәжат ететін.

Ата-анамның маған айтқан өсиетінің алтын арқауы – «Туған жерсіз көкірек – жүрексіз бос кеуде, туған жұртсыз адам – кұр сүлде».

Бала күннен ата-анам арқылы берілген тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, атажұртқа деген сүйіспеншілік жүрек түкпірінде ұялап, қиялыма қанат бітірді. Қазақ еліне деген махаббатым оң-солымды таныған сайын еселеніп арта түсті. Өмірдің бар мән-мағынасын, нәрі мен мазмұнын «Қазақ елі» деген сөзбен байланыстырдым. «Мен қазақ деген халықтың перзентімін, сондықтан өз жұртыма қосылуым керек» деп шештім. Таршылық та болар, қиыншылық та кездесер, өз халқым не көрсе, соны көрермін. Ең бастысы, жат жерде жүріп көрінген біреудің «ей, монгол» деп кемсіткен, қорлаған сөзін естімейтін боламын.

Осылайша үзеңгіге аяқ салып, атқа отырғаныммен, барар соқпағымды таппай дал болып жүргенде теледидардан Қазақ елінің егеменді ел болғаны жайында хабар естідік. Сол күнгі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Өлгеніміз тірілді! О, Жасаған, жоғалтқанымыз табылды» деп дауыс салып жыласын кемпір-шал.

– Ау, бұларың қалай? Қайта қуанбайсыңдар ма қазағымыздың жеке шаңырақ көтергеніне, қызықсыңдар ма?

– Ұлы атаң мен әжең арманда боп жетпей кеткен күн туды, байғұс балам. Айымыз оңынан, күніміз солынан туған күн! Өмір бақи отырсақ ойымыздан, ұйықтасақ түсімізден шықпайтын бостандық таңы атты. Қорқыныш пен қуаныш бірдей деген, бұл қуаныш жасы.

Бүгін өлсек те арманымыз жоқ. Енді біздің де іздеріміз, сұрарымыз бар. Жаратқанның мұнысына шүкір, – деп кемсеңдеп көз жастарын көл етсін мұңлықтар.

Қуаныш құйыны саябыр тапқан шақта әкем:

– Ал, балам, біз тағдыр тәлкегіне ұшырап, бөгде елде, жат жерде түтін түтетіп, тіршілік тауқыметін тарттық. Еш жерде көсегеміз көгерген жоқ. Әркімге көзтүрткі болып, күнкөрістің күйкі тірлігін бастан кешірдік. Еңсе көтеріп өмір сүрмедік. Өйткені, шаңырақ біздікі емес, басқанікі болды. Сен әлі жассың, бар өмірің алдыңда. Өз жұртың егемендік алды. Енді есің барда еліңді тап. Атажұртыңда тамыр жайып, түтін түтеткенің жөн. Өмір бойы тырнақтап жиған азын-аулақ қаражатым кәдеңе жарар. Түтінің түзу шығып, жағдайың түзелсе, бізге елдің бір уыс топырағын бұйыртарсың, одан басқа арманымыз жоқ біздің, – деді.

Сол күннен бастап атажұртқа ат басын бұруға бел будым. Жылға жақын құжаттарымды дайындап, уһ дегенде Қазақ еліне баруға рұқсат алдым.

– Жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! Ел-жұртқа бізден дұғай сәлем айта бар, – деп шығарып салды әке-шешем.

Қоштасар сәтте олар сабырлы болып көрінуге тырысты. Бала кездерінде амалсыздан көз жазып қалған атамекендеріне аттанғанымды сезініп, көңілдерінің астан-кестен болып жатқандығын жасаураған жанарлары хабардар етіп тұр. Ұлы мұратқа қол созып бара жатқан перзентіне деген ата-ананың лезде шарпып өтетін, лып етпе қимастық сезімі еді бұл. Менің де ішкі дүнием бозборан. Алда не күтіп тұр? Жанашырларым көздері жаутаңдап қалып барады. Алайда, екі жақты да сабырға шақырып, тәуекелге бел байлатып тұрған – атажұртқа деген сағыныш пен үкілі үміт.

Тегеран-Шымкент бағытына ұшатын ұшаққа құжаттарды ресімдеу басталды. Кезекте тұрғанымда бір топ иран жігіті дабырлай келіп:

– Ей, монгол, сен билетіңді бізден кейін ресімдерсің, – деп қолжүгімді лақтырып, өзімді кимелей ығыстырып жіберді. Дарақыларға не қайрат көрсетпекпін? «Жалғыздың үні шықпас» деген. Біз секілді бөгде жұрттың сөзін сөйлеп, қол ұшын берер пенде жоқтығын бесіктен беліміз шыққаннан көріп, көндігіп өскенбіз. Амалсыздан көрсеткен қорлығына күйініп, өзімнің қорғансыздығыма ұнжырғам түсіп, кезектің соңына барып тұрдым. Әкемнің: «Балам, шаңыраққа қара, төр солардікі...» деген сөзі есіме түсті. «Бірер сағаттан соң мен де өз шаңырағыма барамын. Менің де өз атамекеніме табаным тиер» деген ой бойыма еселей қуат құйып, жігерімді жаныды. Жаңа ғана көрген қиянатқа қарсылық көрсетпегеніме, құлдық, көмпістік танытқаныма өкіндім!

Жолаушылар ұшу алаңына шықтық. Сонадайдан бауырына «КАZАКНSТАN» деп жазылған ақ қанатты ақ ұшақ көзіме оттай басылды. Қуанғаннан жүрегім кеудеме сыймай аттай тулады. «Менің егеменді елімнің, атажұртымның ақ қанатты ақ ұшағы!» деймін іштей. Кеудемді қуаныш кернеп, төбем көкке жетті! Мұндай күйді басынан кешірмеген адам қайдан білсін?

Ұшаққа енгенім сол, радиодан баяу ғана әсем ән шырқалып тұр екен. Жастайымнан сіңісті болған таныс саз. Туған елін, өскен жерін сағынғанда анамның салатын әнін жазбай таныдым. Оркестрмен сүйемелденген халық әні ерекше мақаммен құбылады. Онсыз да шарықтаған көңілімді желпінтіп, қиялыма қанат бітірді. Жат жерде жүрсе де, халқымның құлақ құрышын қандырар сұлу ырғақ, әсем әуенін бойыма сіңірген асыл анамның ұлттық өнерге адалдығына іштей тәнті болдым. «Өз шыңында қалықтамай, өлексе жеген құзғындардың арасында жүрген қыран – қыран емес. Өз халқының әнін салмаған адам – адам емес» дейтін анам.

Ұшақ салонын тәтті қиялға бөлеген сұлу әуен үзілді. Сәл үнсіздіктен соң қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұшқалы тұрған ұшақтың бағыт-бағдары, жолаушыларға қызмет көрсететін ұжым жайында мәлімет берілді радиодан. Ұлы тілдердің қатарында менің де ана тілім үзеңгілес тұрғанына масаттанып, жан-жағыма қораздана көз тастадым.

Жат елде жүрсе де ата-бабадан жалғасқан желі үзілмесін деп ана тілінің қадір-қасиетін танытқан ата-анамның ұлттық рухына риза болдым. «Олар маған тіл ұстартқандағы мақсаты күндердің күнінде кәдесіне жаратар, ұлттық қасиеті мен тек өзіне тән қазақи ерекшелігінен мақрұм болып қалмасын деп үйреткен екен-ау» деп ойлаймын бүгінде.

Ақ қанатты ақ ұшақтың үстіндегі көтеріңкі көңіл-күйдің көрігі егеменді елімнің шарапаты екенін жан дүнием елжірей сезінеді. «Жат жерде дүниеге келген бір перзентің ұшып келеді, Атамекен! Қалай қабылдар екенсің, Атажұрт! Әуелі қабылдар ма екенсің мені? Жоқ әлде...», – үміт оты бір жанып, бір сөнеді.

Әрі-сәрі ой үстінде отырғанда ұшақ радиосынан: «Қымбатты жолаушылар, ұшақ Шымкентке қонуға бет алды. Қауіпсіздік белдіктерін тағуларыңызды сұранамыз» деп үш тілде хабарлады. Шамы самсаған қаланы көру үшін терезеге үңілдім. Жылт еткен от көзге түсер емес. Бір кезде ұшақ дөңгелегі жерге тиді. Ұшақтың дөңгелегі жерге тиюі мұң екен, шаттық сезім тамыр-тамырымды қуалай жөнелді. Жұдырықтай жүрегім кеудемді соққылап, бостандық сұрағандай. Бұл алай-дүлей ненің әсері? Ұлы ата-бабамның сайын даласына алғаш рет табан тіреген қуанышының әсері ме?

«Армысың, Атамекенім мен Атажұртым. Менің әке-шешемнің исі бұрқыраған жусаныңды құмарта иіскеуді аңсаған, ақыретте бір уыс топырағың бұйыруын армандаған, қасиеті Жер-ана!» дедім тебірене.

Жат жерде қалған ата-анамның туған елі, өскен жері жайында айтқан өсиеті мен көрсеткен өнегесі есіме түсті. Қазақ елі мен дарқан даласын сүюді бала жастан көкейіме құйған, көкіректерін туған жеріне деген сүйіспеншілік кернеген шерменде әке-шешемнің бөгде елде қалып қойғаны есіме түсіп, бір сәт қамығып қалдым.

Ұшақ дөңгелегі Шымкент әуежайына тиюі мұң екен, Тегеранда тайраңдаған жігіттерді әлдебір күштің мысы басқандай даурықпа қалжың, оспадар қылық, дарақы күлкілері сап тыйылды. Бір-бірімен сыбырласа үн қатысып, мүләйім күйге түсті де қалды. Әкемнің: «Балам, шаңыраққа қара, төр солардікі» дегенінің мәнін түсіндім. Бұл жердегі шаңырақ та, төр де – қазақтікі. Мұнда көргенсіздік көрсетуге, шектен шығуға болмайтынын біледі олар.

Өмір деген қоштасу мен көрісуден тұрады. Қоштасу адамды мұңға бөлесе, көрісу қуанышқа кенейді. Жолаушылар қарсы алған туған-туысқандарымен қауышып, мәз-мейрам болып жатыр. Мені шығарып салушылар болғанымен, күтіп алушы болмады. Әлгіндегі қуаныш бірте-бірте сейіліп, «Атажұртта мені не сыбаға күтіп тұр, қол ұшын берер пенде жоқ, тағдырым не болмақ?» деген ой қамықтырғандай болды. Әр жерде өлеусіреген шамдар да үміт отын тұтандыруға пәрмені жетпей, күтушілер залына жайғастым. Әлгі ирандық жігіттер де атар таңды осында күтпек тәрізді. Баяғы дарақылық ізім-қайым, сыбыр-күбір мүсәпір күйге түскен. «Өз жеріме табаным тигенде мен неге қамығамын? Неге жабырқауым керек?» деген буырқанған ой көңілдегі күдікті сейілтіп жіберді. Сәттілік те, сәтсіздік те кездесер алдымнан. Алайда, мен өз шаңырағымның астында тіршілік етуге келдім емес пе? Өз төрімде...

– Құрметті жолаушылар, – деген полицейдің сөзі ойымды бөліп жіберді. – Араларыңызда қазақтар бар ма?

– Бар, аға, – дедім әлдебір жасқаншақтық бойымды билеп, – мен қазақпын, көке.

– Жүктеріңді алып, бері шық, – деді бірден даусы жылып. Даусы жылыды ма, жоқ әлде маған солай көрінді ме, әйтеуір жүрегім жылылықты сезгендей.

Жап-қарық бөлмеге бастап келген жігіт ағасы кұжаттарымды тексеріп болып:

– Ал, Әмин бауырым, атамекеніңе келуіңмен құттықтаймын! Түбегейлі оралдың ба, жоқ әлде алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан көптің бірі сияқты нәпақа теруге келдің бе?

– Атажұртымның басы болмасам да, сайының тасы болайын деп келдім, көке!

– Сайының тасы болайын деп келдім де. Онда жарадың! – Бетіме таңдана қарап тұрды да, – шетте жүрсең де қазақшаға ағып тұрсың ғой, бауырым, – деді.

Сол сәтте ағаның соншалықты разы болғанын түсінбедім. Сөйтсем атамекенде туылып, атажұрттың ортасында өссе де ана тілінен мақрұм қалған қандастарымыздың бар екенін кейін білдім ғой.

– Көке, мені не Құдай ұрыпты, ана тілін білмей? Шет жерде туылсам да, анамның бесік жырын естіп өстім.

– Солай де, бесік жырын естіп өстім де. Ал, атажұртыңа келуіңмен тағы да құттықтаймын, бауырым! – деп мейірлене қолымды қысты.

«Бауырым» деген сөзді естігенде тұла бойым шамырқанып, сөзбен айтып жеткізгісіз күйге түстім. Тамағыма бір түйін кептеліп, не жауап қатарымды білмей, тұтылдым да қалдым. Қуаныш жасы кірпігіме ілініп барып, төмен қарай домалай жөнелді.

«Қабылдады... жат жерден келген бір перзентін Атажұрт қабылдады» дедім іштей ет-бауырым елжірей тебіреніп.

Күнделік дәптерден. Қазақ елінің сонау тәй-тәй басқан сәби шағында, қиыншылықтар шаш-етектен болса да егемендіктің тәтті дәмін татқан кезінде келген Әмин бүгінде жүздеген жанға жұмыс орнын ашып, тасы өрге домалаған білікті кәсіпкер. Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында сауда нүктелері бар. Миллиондап табыс салығын төлеп, атажұртының гүлденуіне үлесін қосып келеді. Қазақтың қара көз аруымен шаңырақ көтеріп, үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл-қыз өсіріп отыр.

Кейде мен Әминнен: «Бақыт деген не?» деп сұраймын. Ол:

– Мен үшін бақыттың үш түрі бар. Біріншісі, табаныңның астында өзіңнің туған жерің болып, дүниенің төрт бұрышына емін-еркін көз жібергенге не жетсін. Екіншісі – қайталанбас, тек өзіне тән салт-дәстүрі бар Атажұртыңның болуы. Үшінші, одан басқа да бақыттар.

Күнделік дәптерден. Ұлы далам болмаса, ақ қанатты, ақ ұшақтың бүйіріне жазылған «КАZАКНSТАN» атты ел болмас еді.

Ұлан-ғайыр жерім болмаса, алтын кірпікті күн астында қалықтаған қыранды көк байрағым болмас еді. Сайын далам болмаса, қазағым аузы болса да тілсіз, даусы болса да үнсіз, мәңгүрттенген тобырға айналар еді.

Ұлы далам болмаса...

Амангелді досым айтып еді. Аспирантурамды ойдағыдай қорғап, көңіл жайланып, елге қайтуға әуежайға келдім. Алматы-Шымкент бағытына ұшатын ұшаққа құжаттарды ресімдеуге әлі екі сағат уақыт бар. Күту залындағы бос орынға жайғастым. Ой үстінде отырғанымда қасыма жайғасқан әкелі-балалы жолаушылардың қымбат бағалы иіс суының жұпар исі айналаны алып кетті. Ине-жіптен жаңа шыққандай, соңғы модамен киінген. Қазанның қақпағының жоқтығын пайдаланып, халық байлығынан молырақ қарпып қалған азулының бірі болса керек, түр-тұрпатынан хандық пен паңдықтың, байлық пен барлықтың лебі еседі. Үлкен майға пісірілген бауырсақтай борпиған саусағында көзді сақина, кішісінің мойнында жуан алтын алқа.

Әкелі-балалы ата-бабадан мирас болған ана тілінде емес, өзге тілде сөйлесіп отыр. Қағынан жеріген, мәңгүрттенген жандар. Сөз ауандарынан байқағаным, әкесі ұлын Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен Англияның ең беделді оқу орнының біріне аттандырмақшы. Әкесі ұлына шетелдегі өмір жайында, ағылшындардың тұрмыс-тіршілігі, ділі жайында әңгімелей келіп соңында: «Шетелде білім алған өзіңдей жастар – Қазақстанның болашағы» деді. Сонда ішімнен «Ата-бабадан берілген бүкіл қасиеттен жұрдай мәңгүрттенген жандар Қазақ елінің болашағы болса, жарыған екенбіз» дедім күйіне.

Осы кезде әуежай радиосынан Ұлан-Батор-Алматы бағытындағы ұшақтың қонғанын, Моңғолиядан келген қандастарымызды қарсы алушылардың ұшу-қону алаңына өтулерін өтінген хабарландыру естілді.

Елге ел, жерге жер қосылып жатса шаттанбайтын қазақ бола ма, сірә! Күту залында отырғандар қопарыла алаңға қарай лап қойды. Жас жігіттің сүйемелдеуімен ақ киімді, сақал-шашы аппақ қудай, пайғамбар сипатты қария траптан ақырын түсіп, қос қолын көкке жайып жіберіп біраз тұрды да, етпеттей кетіп, жерге маңдайын төсеп, екі-үш рет сүйіп-сүйіп алды. Елі мен жерін сүйген батыр бабалардан жалғасқан алтын арқауды бойында сақтаған ақ киімді, ақ сақалды пайғамбар сипатты қарияның туып- өскен жеріне деген осынау ілтипаты тот баса бастаған жан дүниемнің астан-кестеңін шығарды. Біз неге туған жерді осы қариядай сүймейміз? Неге қадірлемейміз? Неге?..

– Смотри, папа, этот старик дурак что ли, грязную землю целует, – деген дауысқа жалт қарасам, шетелге оқуға бара жатқан «қазақ елінің болашағы» екен. Әкесі:

– Сынок, они оралманы, – деді. Үнінен кемсітушілік, «надан ғой» деген пиғыл аңғарылды.

Қазақтың бір уыс топырағын армандап келген қарттың жан дүниесін өз ұлтының қадір-қасиетінен, салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен қол үзген, мәңгүрттенген жандар қайдан ұқсын?! Қайдан...

Біздің болашақ... қайдам қалай боларын? Қайдам...

Күнделік дәптерден. «Енді қандай арманың бар?» – деп сұрағанымда Әмин:

– Өркениетті елден келген әрбір қонақ: «Шіркін, қазақтар адамзаттың озық технологияларын игерген, алайда, ешбір халыққа ұқсамайтын өзгеше құндылықтары мен өз мәдениеті бар ұлағатты ұлт екен» дегізетіндей деңгейге жеткен халық болсақ, – деген еді.

Бегман ЫСҚАҚ, ЖОО үздік оқытушысы.

Пікір қалдырыңыз