Қаратаудың арқары

Еркiнбек ТҰРЫСОВ (Естелiк-эссе)
2. Ерке Бөрте – Шерхан романының «геройы»
«Шаян ауылы кішігірім қала сияқты. Ал, қала көшесін арқар қыдырып жүргенін көргендерің бар ма?»... Естен кетпес жетпісінші жылдардың бір көктемінде «Қазақстан пионері» газетінің кезекті нөмірінде және бүгінде миллион қолдар парақтайтын екінші сыныпқа арналған оқулығына басылған Шерханның балаларға арналған: «Бөрте, Зере және Нұржан» атты шағын әңгімесі осылай басталатын.
Иә, ол кез Бөртенің дөнен жасына толып, дағара мүйіз дабырайып, кербез де кердең басып жүрген кезі. Өткен күзде «Зере» атты құндыздай құлпырған сұлу мүсінді арқар тушасымен қосылғасын, тәртібі түзеліп, байсалды-бапты күйге түскен кезі.
«Тәртібі түзеліп» дейтінім: бұдан төрт жыл бұрын сонау алпыс тоғызыншы, әйгілі мешін жылының ала көктемінде, көктемгі көбік қарда жарық дүниеге көз ашып, ерні уызға енді тиген шағында, қапылыста енесінен адасып қолға түскен құралай біздің үйде қоңыр саулыққа телініп, алты жасар Нұржанмен бірге өскен тел-қозы барынша қиқар да, ерке-тентек еді. Нұржанға әлдекімнің даусы қаттырақ шыға қалса, дөп-дөңгелек мөлдіреген бота көздері от шаша шатынап, торсық шекесінен жаңа көріне бастаған кішкене мүйізін оңтайлап, шегіне беріп періп жіберуге даяр тұрар еді.
Ол жылы өзінің алпысыншы жылдардағы екіұдай сапарында ат басын бұрып, жас отауымызға тоқтап, келген Мұхтар ағаны қуанышпен қарсы алған «төменгі үйдің» алма бауының іші бейнебір зообақ сияқтанатын. Бау ішінде «Қиқу» атты тырна алшақ басып, қыдырып, анау, шеткері томар түбінде айналаны мізбақпай шолып, шынжырда «Көкжал» атты арлан бөлтірік, сол маңда, кішкене үйшігінде бармақтай күшіктерін емірене емізіп, үлкен ене-кірпі жататын. Осылардың айбарлы күзеткері сияқтанып алма ағашы томарының биігінде шоқтай жанған отты көздерін ашып-жұмып, таңдайын тақылдатып «Ұлдай» атты сұлу үкі отыратын.
Бөрте өсе келе өзі кекшіл, тентектікті көбейтті. Қыдырымпаз, көшешіл болды. Құнан жасына толып, көк-шомбал қос мүйіз шеңбер тартып, айбарлы ажары айқындала, кердең басып кез келген бағытына тартатын. Ең бір мойын бұрып барғыштайтын, емін-еркін бөлмелерін аралап, серуен құратын жері: – маңайдағы редакция кеңсесі мен айналары жарқыраған «Ақмарал» әмбебап дүкені, әнеу бір шетте балалар асыр салып шуласып жататын Ленин мектебінің спорт алаңы еді.
Сондағы іздейтіні малжайтын ақ қағаз, азуға салатын тәтті. Қала-берді ойнақ салып, доп қуған балалардың волейбол алаңы. Балалармен таласып аут кетіп ұшқан допты қуып, мүйізбен қағып, орғи секіріп, ойнақ салып жүргені.
Жаз күндері мекемеде есік ашық, мен отыратын редактор бөлмесіне іздеп келгенде алатын үлесі бір парақ қағаз болушы еді. Бір күні жауапты хатшы Дүйсенбаев Даниярбектің бөлмесіне кіріп, өзі жоқта жазу үстелі үстінде даяр жатқан бас мақала қолжазбасын тістеп, көшеге алып шығып, малжап сөлін сорып, жаяу жолға тастап кетіпті де, байқұс баланы әуреге салыпты.
Солай, Бөртенің үстінен арыз-шағым көбейді. Біркүні «Ақмарал» дүкені жақтан айқай шықты. «Ойбай, қырғын боп жатыр». Әлгі Бөрте барлық дүкенші қыздарды түгел сыртқа қуып шығыпты. Сөйтсе, Бөрте келіп, тәтті сұрапты. «Әй, кет!» деген екен біреуі. Оған Бөрте мүйізін кезеп, бір-ақ секіріп, лавкенің ішіне өтіпті. Жәшіктер толы қант, конфеттерді иіскеп, дәмділерін таңдап жүргені. Үстінен түстік.
Енді бір күні сондай айқай-шу көше жақтан естілді. Қырсық болғанда бұл жолы Бөрте газет-журналдарға толы дәу қара сөмкесін иыққа асып келе жатқан пошташы келіншекке кездесіпті. Әлгі сөмкедегіні тәтті деп ойласа керек. Бөрте қарсы келіп, сес көрсетіп, сөмкені жерге қоюды талап етіпті. Оны иіскеп, тәтті емесін білгесін ашуланып, сөмкенің бауын мүйізге іліп, аспанға атып жіберіпті де, газеттері шашылып бос қалған сөмкені бұрқылдата сүзіп жатқанын көрдік.
Сол жазда Бөртенің тентектігі шектен асты. Көңіл-қошы болмаса, іздегені бола қоймаса, қит еткенде қиқарлыққа басып жүрді.
Бір күні жолдан келсем, бәріне көмбіс, бәрін көтеретін Шырынкүл қатты ренжіп отыр: «Қарашы, әне, Бөртенің не істегенін?!» дейді асхана жақты көрсетіп. Ол кездегі сирек, аса бағалы «Юрюзань» тоңазытқышы есігі жаншылып, құлап жатыр. Мәселе айқын. Қарсаңда Нұржанның тоңазытқышты ашып, кәмпит алып бергенін көрген арқар ол жоқта өзі ашуға әрекеттеніп, ашуланып, ашылмаған есікті шегіне беріп, дәу мүйізбен қайқайта бір соғып, ешнәрсе болмағандай алшаң басып, кете барыпты.
Бөрте сотқарлықтың көкесін көп ұзамай тағы көрсетті. Ерке жануар бұл жолы үй ішін аралай жүріп, ішкі тыныс бөлмеге өтіпті. Сонда үлкен шифонер-шкафы есігіндегі тұтас үлкен айнадан өз суретін көріпті. Айнадағы суретін «өз тұмам» деп ойласа керек. Жақын барып иіскей беріпті де, айнаның суық бетінен осқырып, кері серпіліп, енді өзіне оқты көзін атқан. «Әдепсіз келінді» қуып жібермек болған. Ол шегіне түсіп, оқтай атылып кеп, өзіне қарсы ұмтылған. «Мұндары» бар пәрменімен періп кеп жіберген ғой. Қираған айна, опырылған есік. Жұмысты осылай тындырып, бау ішінде кердең басып, жайбарақат жайылып жүрген Бөртені көрдік. Бұл жай бізді қатты ойландырды. Мұншалықты қиқарлық пен сотқарлықтың себебі не?! Жалғыздық туа біткен ана сүтімен қанға сіңген өз табиғатын іздеп, аңсаудың, ақылды, тілсіз жануардың бізге, өктемшіл адам затына қарсы қойған талабының көрінісі ма екен, сірә?! Қалай десе де өкпе-назы көп Ғайып – Ереннің қасиетті түнгі еркін-еркелігін осылай алға тартса көтермеске не шара.
Көп ұзамай-ақ ерке-тентек Бөртенің мына қиқарлығын су сепкендей басып, мінезін жіптей етудің шебер дүние ретін өзі келтірді. Сол жылы күзде, осы Бөртемен тағдырлас сонау тау ішінде орманшы ауылында жалғыз, жабырқау күйде өсіп жатқан екі жасар Зөре атты арқардың сұлу тушасы келіп қосылды. Ол күні бұл екі ғашықтың көңіл-күйін сөзбен жеткізіп болмас. Тек оны батыс-шығыстың жауһар жырлары «Ләйлі-Мәжнүн», «Ромео-Джульеттасымен» салыстыруға болар. Айқасқан мойын, иілген бас, мөлтілдеген жасқа толы мөлдіреген мұңлы көздер...
Бөрте мен Зөре — арадан қыл өтпейтін сұлу жұп. Таңның атуы, күннің батуы жайсыз күндер, қара түндер, қақаған қыстың қарлы боранында бірінен-бірі қадым кетпей Шаянның шулы көшелері мен алаңдарында бірге жүріп, бір тұрды. Ит-құс, бөгде сыбыс естілген қатерлі шақта әр мезгіл зор дағара мүйізін сайлап, соққы беруге даяр Бөрте тұрды. Жаратқан жанды дүниенің бұл кереметі көргеннің көз жанарын сұлулықтың нұрлы шуағына толтырды.
Шерхан. Ел мен жер табиғатының сырлы әлеміне ғашық Шерхан бізге өлкені ұлпа қар басқан қалың қыс ортасында келді. Келген бетте ақ-мамық алма бауы ішінде жұбымен серуен құрған таудың кербез сұлуы – қос арқарды көрді. Таңғажайып табиғатқа таңдана зер салды.
Шерханның ол кез жастар журналы «Жалынды» басқара жүріп, Үкімет тапсырысымен «Жұмысшы табы» тақырыбына арнап «Қара маржан» романына кірісіп, Қаратауға келгіштеп жүрген кезі. Оңаша жай, ұзақ түн. Мен үшін жай, есепте жоқ, екінші кезектегі ел ішінің сөзі, адам мен табиғат қатысы, кешелері ата, әжелеріміз тұсында бастан кешкен қилы күндер бейнесі оған қызық. Таңдана, ойлана сұрайды.
– Осы мына Бөрте құлжаны, – дейді, бір шақта ойлана отырып Шерхан, – өзінің туған жеріне, тау ішіне апарып, өз жайына жіберсе қайтер еді?
– О, ол шешімі оңай сөз. Қолбала арқар адамды жау деп біле ме?! Оны күнде көріп жүргендей дос санап, тау кезген мылтықты мергеннің алдынан маңқайып қарсы шықпай ма? Талассыз тағдыр деген сол. Сол күннің кешінде оның анау ай шеңберлі алып мүйізі өткір балтамен шабылып, анау бота көздері мөлдіреген айқасқа басы қара қазанда бүлкілдеп қайнап жатарын бұл жануар қайдан білсін!
Шерхан үнсіз сұрланып, аз ойланып:
– Әй, рахымсыз, қатал өмір-ай! Мына керемет сұлу мүсінді қалайша қиып оққа байлайды екен?!
Әрине, Шерхан өзінше жан. Риясыз, таза көңіл. Құдайдың өмір үшін жаралған жазықсыз жан иесі неге өз мекенінде жүрмейді? – дейді ғой.
Бірақ, ата замандарынан ерлік пен мәрттіктің мәртебелі ісі болған мергеннің қияннан қол жеткізер олжасы анау, майда-мақпал елтірісі үшін бұл заманның бектері мен бегімдеріне «модаға» деп жалтылдаған жағасы мен қоқайма бөркі үшін жаңа түскен сан-мың төлдің терісін тірідей сылып, қынадай қырғаны үшін кеудесіне орден, жағасына жұлдыз таққан мақтангерлік жайымыз салыстыруға келе ме?!
Рас. Арқар тым азайды. Тянь-Шань мен Алатау, Алтай, Қаратаудың қол жетпес құз қияларында қалды. Ілуде жалт етіп, бір көрінеді, жарықтық. Сағындырып, талдырып, іздеген көзге оттай басылады жарықтық. Ал, бұдан көп жылдар бұрын біздің бала кезімізде қандай көп еді, шіркін!
Ол кезде қарусыз, әлсіз, аш, арық алғының түбірін қазып, күн көрелі күркелі ауыл сыртындағы Нұржаудың құз-қияларынан, етектегі елге топтанып қарап тұрушы еді. Таң сазымен кеш әлегінде ауыл жанындағы бұлақтан сусындап, таң біліне өрлей түсіп кетер еді.
Оның көптігі сондай, сол отызыншы жылдарда Қаратаудағы үй Сүңгінің орманшы бағбаны Қырықбай көкеміз үйіне мейманы келе қалғанда жеңгемізге: «Әйкош, қазаныңа суыңды құя бер. Мен мына кенелдікке кіріп шығайын» – дейді екен. Қырекеңнің кенелдігі, өзінің үй-іргесіндегі шағын ғана шұңғыл сай. Сондағы әр бұтаның түбінде дағара мүйізді қоңыр құлжалар жусап жатады екен. Бағындағы малындай болғаны ғой, әсте.
Бұл өлкеде арқардың көптігі болар, сол отызыншы жылдары Шығыс Қаратаудағы кедей шаруалы «Талдыбұлақ» колхозы егін орағы кезінде: «Колхозда мал басын үнемдеудің шарасы» – деп ауылдың қос мергені – Тен мен Төлен Мырзағұловтарды басқарма қаулысымен, «Қырманшыларға ыстық тамақ» үшін бір арқарға отыз «еңбек күн» жазып, қолдарына мылтық беріп, тауға шығарған екен.
Арқар болмысында текті де, киелі жануар. Оны ептінің ептісі, ұзақ күндер тау кезген, ерінбейтін, көрінбейтін мергеннің мергені ғана түсіруші еді. Жаратылыстың заңы сол, одан жануарлардың кеміген жері жоқ еді.
Мергеннің мергені. Киелі киік пен адам, мерген үндестігі – ол мына ғаламат дүниені өзі, мәңгілікке өлшеп берген өз заңы, өз жолының ұрпақтарға үрдіс-мұраға қалған қымбат қасиеті. Сан ғасырлар, мың жылдар ұлы мұхиттың ар жағында, ежелгі, ескі дүниеге беймәлім Преридің шалқар даласында, өздерінің сол ұлан даласындай телегей байлығы қисапсыз жабайы бизондарын аулап, еркін-ерке дәурен сүрген индустарды «браконьерсің» деп бір Құдайдан өзге кім жазғырыпты?!
Жазғырғаны не, «Құралайды көзге атқан» сұр мергендерін: адамзатта ерек туған ержүрек ұлдарымыз – деп мәртебесін көкке көтеріп, дәріптеген.
***
Толассыз Құдірет ісіне не шара?! Заман, адам өзгерді де, жеке- ауыз шітінің орнына, одан соң автомат келді. Бұрынғы ауылдың жаяу мергендерінің орнына Қаратау мен Алатауды айнала қоршаған өндірістік қалалардан моторлы көлік, вертолеттер мен жер-көктің арасын тінтіп, тірі жанды құтқармайтын қатігез ұрпақ келді.
Мың жылдар қаймағы бұзылмаған қасиетті Қаратаудың тас-талқан қиратылмаған қиясы, тесілмеген төбесі қалмай, жон-жота, қойын-қолтығы кешегі өткен «дамыған социалистік дәуірдің» қаптаған қалың малына толғанда «Ғайып-Ереннің» қасиетті түлігі қайда барып, пана тапсын?! Бөрте сол кең дүниесі тар болған қайырсыз қатал күндерде жылы шуақты түзден емес, үйден енесінің бауыры емес адамнан мейірім-пана іздеген өз тағдырының иесі еді.
Шерхан бізге мына заман Қаратаудың басына от қамшысын үйірген, мына ұшан даланың беті «Қазақстандық елу миллион» ұранымен қаптаған мал тұяғынан шаңға толған «Кеңестік патриотизмнің» өрлеп тұрған кезінде келді. Жас қаламгер шабыты шалқар шағында әуелгі қарымды еңбегі «Қара маржан» романын жазды. Жас жазушының ой-өрісіне от тастағандай Шерхан қонып жатқан қаңтардың қарлы таңында даладан айқай шықты. Өзге емес әр күні ерте тұратын Шырынкүлдің дауысы:
– Кетті, кетті! Қуып кетті! Арқарды ұйыққан бір топ ит қуып кетті! Қап, әттеген-ай! – деп көше жаққа қарап тұр.
Тез киініп, Шерхан екеуміз жаңа қарда сорғып жатқан ізге түсіп, көшені бойлап, ауыл сыртына шықтық. Қарасақ, Бөрте құлжа топталған көк төбеттерді жанын шығара қуып, қаңсылата сүзіп жүр. Зөренің жүзімдікке беттеген далада ізі жатыр, өзі жоқ. Із кеткен жаққа қарап тұрғанда иттерді быт-шытын шығара қуып тастап, екі көзі от шашып Бөрте келді. Сол сәтте ұзын жота үстінен шыбындай боп бір қарайған көрінді. Қарасақ, байқұс Зөре құстай ұшып, зымырап келеді екен. Ойласақ, бәрін бүлдірген осы Зөре. Үркек байқұс бұрыштан шұбап шыға кеп, арс еткен төбет даусынан үркіп, жан ұшыра қаша жөнелген ғой...
***
Қашанда қай кезеңде де шеберлік дүниесінің шегі жоқ. Қисынын тапса, жай ғана күнелкінің ісі шебер қолда өнер кереметіне айналады. Сол кешегі әңгіменің арқауы болған жас құралайдың адам анасы аясында, оның алты жасар Нұржанмен бірге тату өскен қолбала құлжа тағдыры жазушы романының «геройы» болар деп кім ойлапты.
Рас. Шерхан жазғанындай, Бөрте рахымсыз мерген оғына ұшқан жоқ. Оны білетін қалың жұртты қапыда, өкініште қалдырған жоқ. Әйтсе де оның Қаратау еліне аңыз боп тараған өз жолы, мұңды сыры, айта жүрер ізі қалды артында.
Шерхан романы жазылып, баспадан шығып жатқан сол жетпісінші жылдардың орта тұсында наурыздың соңғы күндері сұлу Зөре жарық дүниеге бір торсық шекелі толымды жас құралайын әкелді. Құрыштан құйғандай жас Бөртенің өзі. Кешегі кербез жұп ортасында ерке құралайдың қылығы қандай қызық еді. Жаңа құралған үйірдің сәнді де сырбаз шағы жыл соңына алғашқы ақшақарға ұласты. Туасы алып таулар мен құзар шыңдарға шығып, биіктікке жаралған жануарлар сол тауларын іздеп аңсайды ма екен?! Суық түскен боз қыраулы күндер де таң сазы, кеш алдында бір мезгіл төменгі сарай, гараж, оған жалғас асхананың төбе шатырына шығып, топтана қарап тұрып, айналаны сол биіктен шолып, құмар-құштарын басып жүрді.
Бір күні, ертеңгілік ел орнынан жаңа көтеріліп жатқанда үй сыртына іргелес Жанайбековтер ауласынан айқай шықты: «Зөре, Зөре!» – деген дауыстар естіліп жатты. Жүгіре шығып қараса, Зөре жоқ. Аталы-балалы қос Бөрте елере үркіп, үлкен үйдің төбе шатыры үстінде, ұшар биігінде тұр. Ал, Зөре байқұс үй іргесіне таяу көрші ауласында қалың өскен алма ағашының айыр ашасына қыл мойнынан ілігіп асылып қапты. Үркек жануар табан асты төменнен арс ете түскен ит даусынан шошып, төбе шатырдың мұзына тайғанап барыпты да, қалың ағаш бұтағына қарғыпты.
Зөренің қазасы Бөрте құлжаны естен тандырды. Ол мына кең дүниеде барар жер, басар тауын таппады. Бармаған жер, тінтімеген түпкір, шықпаған төбе қалмады. Ұзақ күндер алма бауында әр ағашын айналып, ыңырана-мекіреніп сандалды. Қанталаған бота көздерін мұң басты. Қос өкпелігі солықтап, от-оттап, суатқа қараудан қалды. Солай, екі аптадай өткенде қаңқасы арбиып, тұралап тұрып қалды да, бау ішіне түнемеген жайғаса жатқан жерінен қайта бас көтермеді. Шіркін, өмір, бір ғана адам зарында емес, жарық дүние қызығы жан сезімі таң шығындай таза текті жануар үшін де өз кезімен екен де!
Қос қорғаны, панасы, көз алдынан ғайып боп, жалғыз қалған жас Бөрте аз күн ата-енесін іздеп, мекіреніп, сандалып жүріп, Тәңірі салған жалғыздыққа көндікті. Енді ол қарайлар қара таппаған соң жан жұбатар достықты ежелден ата жауы ит баласынан іздепті. Күн ұзағы ата-енесі жүрген мекенжайы алма бауында қыдырып, сол жақта жусап, кешкі түнемеге құр бастырмада үй күзеткері Жолбарыс атты айбарлы овчарканың жанына барып, жатып жүрді.
Жолбарыс жас құлжаның жайын жан-сезімімен ұққандай, оны жылы бауырына алып, аяқ қиса жатып, бөгде ит-құс атаулыны маңайына жуытпай, оны қызғыштай қорып жүрді. Қараңғы, аязды түндерде бұлардың не күйде екенін білгелі бастырмаға барғанда Жолбарыстың бауырына тығылып, жайбарақат бырт-бырт күйсеп жатқан жас Бөртені көруші едік.
Осылай үш жыл өткенде, екінші Бөрте баяғы өз атасы сияқты кердең басқан кер құлжа боп өсті. Шаянның көшесін шарлап, еркелікпен шарықтап жүрді. Алыстан іздеп келер киношылар мен фототілшілер алдында белгілі өз ойынын ойнайтын, кейде мінсіз, кейде тілсіз, ерке-тентек актерға айналды.
Сол жылы күздің бір күні Шымкенттен «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы, белгілі аңшы-сері Бело-Церковский телефон шалып: «О, Ер-еке, саған бара жатырмын. Тауға шығып қайтайық» – дейді.
– Е, жарайды, күтеміз, – дегенмін. Арада бірер сәт өткен. Келсем, есік алдында ақ «Волга». Үйдің іші Александр Ивановичтің өзі қосылып шулаған күлкі:
– Ойбай қырғын болды. Анау Бөрте мына досымызды өлтіріп қоя жаздады, – дейді Шырынкүл күлкісіне булығып.
Оқиға түсінікті. Бас редактор келген бетте машинесінен түсе қалып, қолдағы фотоаппаратын оңтайлап, бау ішінде қарап тұрған Бөртеге бұқпалай жетіп барыпты. Бұған ашуланған Бөрте дәу мүйізін сайлап тұра ұмтылыпты. Жалт бұрылып, жан ұшыра тұра қашқан бас редакторды бөксерліктен келістіре бір сүзіп, «Волгасының» ішіне қуып тығыпты. Айқайға үйден жүгіре шыққан Шырынкүл арашалап, досымызды көлігінен түсіріп алыпты.
Жалғыздық мұңы Бөрте басындағы арылмас азап, жан қайғысына айналды. Кейде ол үлкен үйдің ұшар төбесіне шығып, кеудесін қырдан ескен самал желге тосып, сонау шығыс көкжиекте көрінген биік таулар өлкесіне ұзақ-ұзақ қарайтын болды. Арқаға аяздай батқан сол жалғыздықтың ендігі емі қайсы? Қой, болмыс, ата тегінен айырып, обалына қалмайық, жануардың деп, оны машинаға мінгізіп, ата-енесі Бөрте мен Зөре дүниеге келген Талдыбұлақ тауына, сондағы орманшы аға Қырқымбай кардонына тарттық.
– Ақыл болған. Жүрмін осында. Мынау бұлақ, анау Қаблиннің текше тасты құз-қиясы. Қына мен киікоты, алмұрт пен долана атасының асы ғой оның. Қайда барса да, еркін өзіне берейік! – деді Қырекең.
Бөрте солай, байырғы-бапты орманшы Қырқымбайдың ауылында қалды. Жіберген бетте жаңа ортаны жатырқап, жатсынбады. Жуас, текті қалпы, кардон бауы жанында көкмайса алаңқайда өзінше оқшау шығып, айналаға барлай көз жіберіп, біршама тұрды да, таудың гүл-шешекті жасыл көгіне жайбарақат жайылып қала берді.
Араға бірер ай салып барсақ, Бөрте атамекені таза тау табиғатында жалтылдай түлеп, өзгерген, мүсіні бұрынғыдан да биіктеп, етке толысып, ерен құлжа салтанатын құрған. Зор дағара мүйіздері күнге шағылып жарқырап, арғы беткейде бұлақ суына төнген текше тастар биігінде тұрғанын көрдік. Тымықта биікке өрлеп, анау топ алмұрт бұтасының саясында қазып алған жатағында, желді күндері ата-салтымен мына текшенің биігінде самалдайды екен.
Бұлақтан өтіп, өрлеп, жақын барғанымызда ақылды-текті жануар қарсы жүріп, қасымызға келді. Нұржанның қолын иіскеп, қалтадан шығарған бір түйір тәттіні ауызға салып, Шаянда өткен күндерін еске алғандай оған үйкеніп, жұмсақ сүзгілеп, ерке-наз көрсетіп тұрды. Сол жерде бізден қалмай төменге түсіп, өзі мініп келген (көріп өскен) тауға жүрдек «Газ-69» машинасына сүйкене айналып шықты. Осыны көрген Қырекең мен Бәтима: «Япырай, мына жануар Нұржанды да, мәшинесін де ұмытпаған, сағынып қалған екен-ау. Бұдан былай да, кешіктірмей келіп жүріңдер», – деп күлді.
Қонақжайлы ағамыздың ауылында жайлы тынығып, кіші бесін, екінтінің кезінде тысқа шықсақ, Бөрте арғы беткейге өрлеп, текшенің биігінде самалдап жатыр екен.
Бізді көріп, керіліп, орнынан тұрды. Біз оған қол бұлғап, қоштасып, жүріп кеттік. Тастақты тау жолымен зымырап бірер шақырымдай ауылдан ұзап кеткен едік. Кенет, рульде отырған Теңізбай: «Ойбай, қуып келеді! Бөрте қуып келеді»! – деп айқайлап жіберді.
Қарасақ, о, Құдірет-ай, Бөрте бұлақтан арғы қия беткейде бізбен жарыса, оқтай зымырап, ойнақтай шауып келеді екен. Амалсыз ошарыла тоқтадық. Бөрте үлкен бір іс тындырғандай бұлақтан секіріп өтіп қасымызға келді. Нұржан көзінің жасы тамшылап, пысығын тартып жылап тұр. Үнсіз, көзімізге жас келді. Кәйтсек керек?
— Бұл бізден қалмайды. Алып кетейік, – дейді Нұржан жыламсырап.
— Жоқ, болмайды. Жайлы өрісін бұзбайық! – деп машинаны кері бұрдық. Біздің қайта бұрылғанымызды көрген Бөрте қайтадан жортып, алдымызға түсті.
***
Бөрте сол жылы орманшылар ауылында қыстап шықты. Көктем, жаз бойы қарсыдағы Қаблан мен Талдының баурайы, қалың от, құзар тасты қиясын еркін жайлапты. Кей күндері кешкі суаттан кейін ауылға түспей, қайта өрлеп, арғы беттегі текшенің биігінде түнеп қалып жүріпті.
Қыркүйектің ортасы арқардың үйір құрап, топтанар кезі. Жас тушалар мен толысқан үйір құлжалардан бөлек ол кез күз күйегі алдында дамылсыз кезіп, биіктерден бой көрсетеді. Жақпар тасты құз-қияларды жағалайды. Сондай күндердің бірінде әлдеқалай Бөртенің барын сезгендей, бастаушы құлжасы жоқ шағын үйір кеш алдында Талдының құзар биігінен ылдиға көз тігіп ұзақ тұрыпты. Оларға әр күні таң сазы, кеш алды мимырт шақта сол биіктен ылди өлкені шолып, қарауыл қараудан танбапты.
– Бір күні, – дейді Қырекеңнің үлкен ұлы бүгінде сақа орманшы Шымырбек, – әлгі үйір, өздері бесеу, алдын қазықтай қара-қоңыр, сарыаяқ ту ешкісі бастап, сонау биіктен төмен түсіп, Бөрте мекендеген текшенің сыртына тым жақындап келді. Бұлардан хабар бергендей маңайдағы қарағаш бұтағынан ұшып-қонып, сауысқан шықылықтады. Сол кезде бір жаңалық сезгендей текшенің түкпірінде жайғасып, самалдап жатқан кербез Бөрте керіліп орнынан тұрды. Ол бір сәт маңғаз қозғалып, ылдиға қарап тұрды да, кенет зор тұлғасын серіппедей жиып, қол ұсыным биік, қына басқан тарғыл тасқа бір-ақ қарғыды. Шіркін, Бөртенің сол бір сәттегі ғажайып мүсін-келбетін көрсеңіз! Абажадай ай мүйізі жарқырап, құлындай құлпырған сұлу тұлға өзінен не бары әудем жерде үркердей топтанған шоқ үйірге мізбақпай ақтарыла қарап тұрды.
Мына керемет көріністен көз алу мүмкін емес-ті. Біз үй-ішіміз түгел, есік алды баспалдаққа үймелеп, қос айналы дүрбіні кезектесе қолға алып қарап, бұлардың әр-қимыл әрекетін байқаумен болдық.
Әлгі үйір бір арбаушы сиқыр, төмен түспей, көз қытықтап, жыбыршып, бір орында әсем биін ұзақ биледі. Мына көрініске есі кете елтіген құлжа әлдебір шақта орнынан жай қозғалып, біртіндеп биіктегі арқар үйіріне жақындай берді. Ал, анау сиқыршы үйір болса, біртіндеп өрлей түсті. Оны, көз ашқалы мұндай қызық дүние кереметін көрмеген аңғал құлжаны өз бауырына үйіре тартып, бізден алысқа, адам аясынан жырақ тартып әкете берді.
Талдының зау биігіне шыққан арқарлар ортасында Бөрте ел мен ен табиғат шегі, құзардың ұшар төбесінде топтанып ұзақ тұрыпты. Ол күні, әсте, Бөрте ортасы – адамдар қауымын қиып тастап кете алмайтын сияқты. Жабайылар ортасына түсіп қалған Бөрте ертесіне, одан кейін де бірнеше күн әлгі үйірін тастап, ертелі-кеш Талдының шомбыл шоқысынан бой көрсетіп, тіпті бір жолы анау текше сыртына төмендеп, ауылға жақын келіпті. Бірақ, ауылдан сескенген үйір кері серпіле қашқанда, ел жаққа қарап аңтарылып, ұзақ тұрыпты да, ақыры жаңа бауыр басқан жабайы үйірінің соңынан бірте-бірте биіктеп кете барыпты. Сол қыркүйектің соңы, соңғы рет тау биігінен асқаннан кейін Бөрте қайтып оралмапты.
Содан бері жылдар өтті. Соңында сұлу аңыз, таусылмас сыр қалдырып, тұл табиғат құшағына қайта оралған кербез, сұлу, ерке Бөртенің бейнесі көз алдымыздан кетпеді. Мергеннің оғынан, бөрінің көзінен аман болса, қаншама өріс өргізіп, қаншама жер басып, таулар асқан да шығар, ерке Бөрте, Шерхан романының «геройы».