Хафиза ХАСЕНҚЫЗЫ: «Біздің үйде «жоқ» деген сөз айтылмайды»

Таяуда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ОҚМПИ-дың профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Әмір Мұсақұловтың шаңырағына бас сұқтық. Әдеттегідей ғалымның жары Хафиза апа аңқылдап есік ашты. Сосын «бүгін Әмір қызмет еткен оқу орнында студенттермен кездесу болды. Көңілім толқып, кеудемді қуаныш кернеп, өзгеше күй кештім. Апыр-ай, жақсы адамның соңында қалып, ол жайында тағлымды естеліктер айтып, көптің құрметіне бөленіп жүргеннің өзі де бір ғанибет екен ғой» деп әңгімесін бастап кетті.
– Қазақ «Жақсылармен жанастыр, жамандардан адастыр» деп бекер айтпайды. Әмірдің тіршілігінде жақсылармен жанасып жүрді. Мен танығалы маңайында кіл марғасқалар, мейірімді, аузын ашса жүрегі көрінетін ақеділ адамдар жүрді. «Диірменде туған тышқан тарсыл-гүрсілден қорықпайды» деген бар. Біздің тағдырымыз соғыстан кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келген соң онша-мұнша қиындықтан қорықпадық. Ол кезде төрт құбыласы түгел кім бар дейсің?! Бірінің әкесі, бірінің аға-көкесі соғыстан қайтпаған. Көбінің көңілі жарым. Соғыстың қайғысы біздің де жүрегімізді езіп жіберді. Жоралғы үшін жымиғанымызбен, жүрекпен, көзбен күле алмадық. Кірпігімізде кірбің сіресіп тұратын. Сол бір мейірімге мұқтаждық та есікке елеңдетіп, келгеннің бәріне бауырмал болуға баулыған шығар…
Әбекең алғаш жұмысқа орналасқан жылдары пединститутта жазушы Мұхтар Әуезовпен студенттердің кездесуі болды. Ол кезде шешем Нұрғанша үйде еді. Анам жазушымен ауылдас болатын. Шешем өскен ауылдан Мұхтар Әуезовтің үйі бір-екі дөң әрірек тұрыпты. Соны білген соң Әбекең анамды ертіп апарайын деп қолқалап қоймады. Нағашы атам «халық жауы» болып ұсталып кеткен ғой. Шешем «Кесірім тиіп кетер, қой!» деп тыйып тастады да, артынан «Тобықтының қай кемпірін тани берсін» деп әзілге айналдыра салды. Сол Мұхтар Әуезов келмеді демесеңіз, пединститутқа Алматыдан келген ғалымдар мен қаламгерлердің бәрі біздің үйден дәм татты.
1967 жылдың қысында үйге ғалым Ісмет Кеңесбаев келді. Әбекең қонақ күтетінімізді айтқанда «апыр- ай, Әмір, академиктерге қалай тамақ істеймін?» деппін. Жастық қой. «Қорықпа, ет ас!» деді Әбекең. Қазан-ошақтың басында жүріп, әңгіменің көбіне қаныға қоймадым. Бірақ, шет-жағасын құлағым шалғанның өзінде олар ұдайы елдің жайын сөз етіп отыратын. Біздің үйдегі дастарқан басында да пединституттағы кітапханада кітап қорының аздығын айтып қынжылғаны есімде.
Әмірдің кандидаттық диссертациясының тақырыбы – Әбділда Тәжібаевтың поэзиясы еді. Ол диссертациясын 1970 жылы қазан айында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ақынның көз алдында қорғады. Әбділда ағаның Әмірге көңілі толса керек, Шымкентке әр келгенінде үйге бас сұқпай кетпейтін. Ең алғаш ол кісі шаңырағымызға әйелі Сара апа екеуі келді. Есіктен еніп, үстелге жайғасқанша «менің екі қамқоршым бар. Бірі – анау Сара, бірі – мынау таяқ. Бұл екеуінен айрылсам омақаса құлаймын» деп әзілдей кірді. Таныстығымыз осындай әдемі әзілмен, жылы сөзбен басталған соң ба, көрген сайын Әбділда атамыз көзіме жылы ұшырайтын. Жарықтық, әр әңгімесінде анасын мысал етіп, аузынан тастамаушы еді.
Сол жылдары Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов туралы қаңқу сөздер көбейе бастаған. Сөз төркіні соған ойысқанда «не керек таласып? Мұхтар – Мұхтар, Сәбит – Сәбит қой! Әркімнің өз орны, өз жолы бар. Екеуінің айтысуына жорық болсын! Ұл-қыз өрбітіп отыр, олары балаға жұғыс болмай ма? Өмір өтіп барады ғой…» деді күрсініп. Ол ақын-жазушылардың, адамдардың арасындағы бақталастықты сөкет көретін. Мен Әбділда ақынның осы қасиетін кейін келгенінде де бірнеше рет байқадым. Әбділда атаның қызы осы өңірде оқыды, тұрмыс құрды. Перзентінің қуанышына келген сайын біз де арқа-жарқа боп, жақсы адаммен жүздесіп, бір жасап қалушы едік. Өкінішке қарай, үй ішімізбен ол кісімен суретке түсуді де ойламаппыз.
Әліге дейін есімнен кетпейді, бірде кештетіп Әбділда ата Алматыдан қоңырау шалды. Қызы ұл босаныпты. «Балам, немерелі болдым! Атын cендердің құрметтеріңе Әмір қойдым» деді. Естігенде жүрегім елжіреп, көзімнен қуаныштың ыстық жасы ыршып түсті. Сол Әмір Қарақұлов қазір Мәскеуде белгілі кинорежиссер.
Бірде Әзілхан Нұршайықов ағамыз үйге келді. Мен Семейдің тумасымын. Соны естігенде «Әмірдің үйіне келдім бе десем, қарындасымның үйіне келіппін ғой» деп қағытты. Айтуынша, соғыстан келген ескі шинелімен оқуға құжат тапсырып, сол жерде жары Халимамен танысыпты. «Алған жарың жақсы болса дүние де жарық көрінеді екен-ау» дейтін. Кім білсін, әйел заты болған соң осындай сөздері көбірек көкейімде қалып қойған шығар» дейді Хафиза апа.
Бұл үй – Тұманбай Молдағалиев, Әди Шәріпов, Кеңес Нұрпейісов, Зәки Ахметов, Қажым Жұмалиев түскен үй. Әмір ата мен Хафиза апа осы атпалдай азаматтардың бәрін пединституттың салып берген екі бөлмелі пәтерінде күткен. «Бірде академик Сейіт Қасқабасов Әмірден амандық сұрасып болған соң «мынау пединституттың салып берген үйі ме?» деді. Әбекең «пед-институт салып берген үй. Шүкір, үйім құтты, бала-шағам өсіп жатыр» деп жауап берді. Сондағы академиктің Әмірге сүйсіне қарағаны әлі көз алдымнан кетпейді.
Тағы бірде Әбекең үйге Асқар Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Болат Тайжан, Тимур Сүлейменовті ертіп әкелді. Асқар жарықтық бір суретінің артына «Ағаға зарлы қазақ ем, Әбеке сізді соған баладым» деп екі тармақ өлең жолдарын жазып әкеліпті. Әмірімді аға тұтқаны ғой. «Қазақ есейгенде, Абай ескіреді» дейтін Асқар. Қазақ оқып-тоқып, Абай армандағандай күн туса ғана ұлы ақынның ұғынықты бола бастайтынын ишаралағаны ғой деп шамалайтынмын. Шіркін, Асқар, солай қысқа бір сөйлеммен ғана тұтас ойды төге салатын.
Құтты шаңырағымызда кімдер болмады… Солардың бәрі біздің тура жолдан таймауымыз үшін бағдаршам болды. Әбекең абыроймен қызмет атқарса, соның бір себебі осындай ұлтжанды азаматтармен қатар жүргенінің де арқасы. Үш балам жақсылардың сөзін тыңдап өсті. Қонақтар қайтқан соң Әмір: «Ал, Хафиза, енді мынау үшеуін қонақ қыл! Бұлар қонақтың сөзін, ойын бағып, өздерін көркем ұстады ғой» дейтін. Бұл біздің келесі қонаққа жасалатын тағы бір дайындығымыз еді.
Біз студент кезімізде таныстық. Алматыда оқыған үш жылымызда екеуміз бірге бармаған театр жоқ. Дүние жүзіне қазақты танытқан екі адам болса, соның бірі – Мұхтар Әуезов, бірі – Күләш Байсейітова болатын. Біз сол Күләштің әндерін тыңдап, Шәкен Айманов ойнаған спектакльдерді де бірге көрдік. Хадиша Бөкеева, Серке Қожамқұлов секілді таланттардың өнеріне бірге қол соқтық. Осындай жақсы жерлерге жетектеп апаратын Әмірдің үйленген соң көшеден жалғыз келмеуі, кіл жақсыларды қолтықтап үйге әкелуі маған үйреншікті жәйт көрінетін. Ал, олардың ризашылығын алуды мен міндетім деп санайтынмын.
Қазақтың пейілі кең. Пейілі кең болған соң Құдай шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын сайын даланы берген ғой. Ендеше, неге қазақ әйелдерінің пейілі тар болуы керек? Әбекең Асқар бастаған бес адамды үйге әкелгенде дастарқанға қоятын түгім жоқ еді. Күліп қарсы алып, бір жапырақ етті бесеуіне асып бердім. Мәз-мейрам боп кетті. Асқар содан кейін үйге жүз рет келген шығар. Оның әр келуі біз үшін үлкен қуаныш болатын. Осындай жақсы күндердің куәсі болған соң балаларыма «жоқ деген сөз жоғалып кетуге апарады» деп отырамын. Олар да соған үйренген. Жоқ болса, «ертең айлық аламыз ғой» дейді. Бұл үйде Әмір екеуміз отасқалы «жоқ» деген сөз айтылған емес. Қазір баяғыдай көшеден бір жақсыны қолтықтап кіріп келетін Әмір жоқ. Сонда да ағайынға шақырмай барып тұрам, шақыртпай олар да үйге келуге үйір» деп қарт ана сөзін аяқтады.
Әмір ата мен Хафиза апа алпыс екі жыл отандасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген, қазақтың талай тарландарын қонақ қылған құтты қарашаңыраққа бас сұғу бақыты бізге де бұйырыпты-ау… Қош айтысып, сыртқа шыққанда бұл үй әдепкі келгендегідей емес, көшедегі көп үйлерден көзге де, көңілге де ерек көрініп тұрды.
Мақпал Төребек, «Ońtústik Qazaqstan».