ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ ЕНГІЗІЛДІ

Кезектен тыс аттестациялау барысында барлық қызметкерлер бекітілген нормативті тапсыру арқылы қайта іріктелетін болады және де өз ісінің шебері, үздік деп танылғандары ғана қызметтерін әрі қарай жалғастыра алады.
Технологиялардың
дамыған заманында қауіпсіздік шараларын күшейтудің маңызы зор. Былтыр Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ішкі істер министрлігін реформалау жөнінде 2019-2021
жылдарға арналған Жол картасы әзірленген болатын. Онда адамдардың құқық
қорғау органдарына жүгінуін жеңілдету үшін полицияның кейбір қызметтерін
сервистік үлгіге көшіру көзделген. Осының арқасында Қазақстанның барлық аймағы,
оның ішінде алыс ауылдар да толықтай қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен
қамтамасыз етілмек. Бұл ең алдымен қылмыстың алдын алуға, сонымен бірге полиция
қызметкерінің қарапайым халықпен еркін қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік
береді.
Қазір Қазақстанда 76 мың тәртіп сақшысы болса,
оның 16 мыңы күзет саласында еңбек етеді. Қалғаны ел ішіндегі тәртіпті сақтауға
атсалысып жүр. Реформа аясында полицейлердің санын қысқарту арқылы үнемделген
қаржыны жалақы, баспана мәселелерін шешу көзделген.
Кезектен тыс аттестациялау барысында барлық
қызметкерлер бекітілген нормативті тапсыру арқылы қайта іріктелетін болады және
де өз ісінің шебері, үздік деп танылғандары ғана қызметтерін әрі қарай
жалғастыра алады. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттырып, қызметкердің өзін өзі
ұдайы жетілдіріп отыруына көмектеспек. Осыған орай Б.Момышұлы атындағы оқу
оралығында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өзгерістерге сәйкес, жаңа
білім беру жүйесі қайта түзілді. Елбасының тапсырмасымен полиция
қызметкерінің жаңа стандарты бекітіліп, полиция академиясы арқылы кадрлар
дайындау және іріктеу тәртібіне өзгертулер енгізілді. Соған сай оқу процесіне жаңа сабақтар қосылды.
Қазіргі таңда құқық қорғау қызметіне қабылданатын үміткер ең алдымен полиция
қызметкерін даярлайтын оқу орындарында білімін жетілдіруі тиіс. Қазіргі таңда оқу
орталығында екінші ауысым тыңдаушылары жаңа үлгіде білім алып жатыр. Олар жан-жақтылық,
шапшаңдық, жинақылық, салқынқандылық сынды қабілеттерді жетілдіру
мақсатында халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтары, туристік полиция құрылымы, сервистік жүйе арқылы жұмыс
жасау, заманауи технологияларды қызмет барысында пайдалану сынды жұмыстарға машықтануда.
Кадр саясатын оңтайлы
жүргізу үшін білікті маманның жан-жақты болуы – қазіргі заман талабы. Сол
себепті теориялық білімді тәжірибеде пайдаланудың маңызы зор. Тыңдаушылар тек
оқу орталығында ғана емес, құқықтық
тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да
органдармен бірлесе отырып сабақтар өтуде. Мұндағы мақсат - полицияның ашықтығын қамтамасыз ету және
тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасаудың жаңа форматы, яғни халықтық кеңселерде
жұмыс істеу қабілетін арттыру. Сондай-ақ, халыққа қызмет етуге тиіс болашақ құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық
бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес және
оның алдын алу шаралары, қылмыстық жазалар және әкімшілік жазалауды орындау, төтенше
жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
азаматтық қорғанысты ұйымдастыру сынды міндеттерді меңгереді.
Ішкі істер органдары өз ішінде бірқатар құрылымдарға бөлінеді. Осыған
байланысты құқық қорғау саласын таңдаған болашақ офицерлер полиция,
қылмыстық-атқару жүйесі, әскери-тергеу органдары, Қазақстан
Республикасының Ұлттық ұланы, азаматтық қорғау органдары туралы толыққанды
ақпарат алып, алдағы қызметінің қыр-сырымен танысады. Тыңдаушы алдағы уақытта
ішкі істер саласының қай бағытында қызмет атқаратынын, қызығушылығына қарай сол
салаға қатысты қажетті білім алады. Яғни тыңдаушы өзінің кім болатындығын, қай
салада қызмет ететіндігін анықтайды деген сөз.
Кез келген маманның бойында жан-жақтылық пен іскерлік қасиеттің болғаны
абзал. Сондықтан оқу орталығындағы оқу процесінде ішкі істер органы
қызметкерлерінің кәсібилігіне, біліктілігіне, адамгершілік пен моральдық келбетіне жоғары
талаптар қойылады. Жаңа бағдарлама бойынша тәжірибелік сабақтардың саны артып,
оқытушылар бағыт-бағдар беруші деңгейде жұмыс атқаруда. Яғни тыңдаушы берілген
мәселеге орай өз тұжырымын шығару үшін өздігінше ізденіп, мысалдар келтіруі
қажет. Ол үшін оқу орталығында оқу процесіне қажетті барлық жағдай жасалған
және білікті оқытушылар әр тыңдаушының қабілетіне қарай әдіс-тәсілдерді қолдана
біледі.
«Арнайы пәндер» циклының оқытушысы,
полиция аға лейтенанты.